- 08 мам. 2020 00:00
- 177
Хулаку қырушы
Хулаку қырушы деген бір заман болған. Сонда бұл Хулаку қосын тартып, Ферғана заманын харап қылған. Сол жүрісінде бір шаһарды барып қамап тосады екен:
— Елші жіберсін маған! — дейді екен. Елші келсе:
— Мені бұл жерге кім ап келді? — дейді екен. Елші:
— Сізді бұл жерге Құдай әмірі ап келді, — дейді екен.
— Ендеше, сол Құдай: «Сені өлтір де, елін қыр!» деп ап келді, — деп, елшіні өлтіріп, елін қыра бастайды екен.
Бұхарай Шәріфке барып түсіпті, елшілікке баруға жан шықпапты, жан тәтті ғой. Сол уақытта имам Қазы хан он екі жасар бала күні екен:
— Елшілікке мен барайын. Маған бір нар беріңдер мінуіме, екі зор кебеже теңдеп беріңдер, бір зор теке өңгертіңдер! — депті.
Нарға мініпті, екі кебежені теңдепті, текені алдына өңгеріпті. Қозы қарап жүрген балалардай қаңғып, Хулакуге барып, қарсы алдында нардан түспей тұрыпты.
— Не ғып жүрген баласың? — дегенде,
— Елшілікке келдім, — депті.
— Еліңнің кәтталары қайда? — дегенде,
— Елімізде нардан кәтта ешкім табылмады, — депті.
— Қарны жуан, құрсағы құшақ билері қайда? — дегенде,
— Кебежеден қарынды табылмады, — депті.
— Ақсақалы қайда? — дегенде,
— Мынадан сақалы артық кім бар дейсіз? — депті.
— Тіл білетұғын, жауап берерлік жаны қайда? — дегенде,
— Мен тіл білсем керек, жауап берсем керек! — депті.
— Жарайды, олай болса, мені бұл жерге кім ап келді? — дегенде,
— Сізді бұл жерге біздің бұзылған пейіліміз ап келді.Құдайымыздың қыл дегенін қылмадық, Пайғамбарымыз-дың әмірін алмадық! Ұрлық, зорлық, өтірік — үшеуі бізді биледі. Сонан соң: «оларға билеткенше, өзім барып билейін!» деп сіз келдіңіз. Біздің қылығымыз орынсыз, сіздің келуіңіз орынды жұмыс, — депті.
Хулаку жауабына риза болып:
— Балам, қалағаныңды ал! — дегенде,
— Бір өгіздің терісінің аумағындай жер берсеңіз болады, — дегенде,
— Бердім, балам, бар жеріңді өлшеп ала ғой, қалғаны да маған жарар! — депті.
Бала аман келген соң, халық-жұрт қуаныпты. Алған қолқасын айтқан соң:
— Ай, бәрекелді! — деп, күйініште болыпты. — Тым болмаса, сондай хан: «Қалағаныңды ал!» деп, өзі айтып тұрғанда, бүтіл Бұхараның үштен бірін сұрасаң еді! — деп.
— Жоқ, олай демеңдер, «Бір балаға мұнша жер немене керек?» десе, онда мен не демекпін? Бір дәу өгізді сойыңдар! Құдай тәбәрік отғылы. Хазірет Мұса кәлималла заманында сасқан, дағдарған жұртқа: «Ан тазе ахжұф абқырат» демеді ме? Соның терісінен таспа қылып, үзбестен шар айналдыра тіліңдер! Сол таспаның жеткен жерін маған байлар. Хан ғой, екі сөйлемес, уағдасынан аса алмас, — деген соң, жалма-жан жиылған көп бір дәумет өгізді сойып, терісін үзбестен таспа қылып, тартқан екен: күллі Бұхараны орауға жетті дейді.
Сөйтіп, Бұхарай Шә ріп Хулакуден аман қалған екен.
Мұның артынан Әмір Темір Көреген сол таспаның планымен (шүленімен) қорған соқтырыпты. Сол қорған төрт бұрышты да емес, дөп-дөңгелек те емес, таспа планымен жүргізілген: қиқы-жиқы. Имам Қазы ханның өзін даруаза Мазар Шәріпке жақын жол бойына қойып, басына мешіт, медресе салды рып, басына шынар ағашын ектіріпті. Екі соқыр түбінде отырады. Бұл күнде ол зат Шәріпті «Сахып Бұхара» дейді. Бұхарай Шәріптің әмірі ол кісінің тұсынан өткенде, аттан түсіп жаяулап өтеді.