- 08 мам. 2020 00:00
- 201
Байшегір баба (ІІІ нұсқа)
Әмір Темір бір елді жаулауға шығар алдында Түркістанға келуді, оның қасиетті топырағының бір уысын орамалына түйіп алуды әдетке айналдырған. Сол дағдысы бойынша Түркістанға келіп, қасындағы жан серік ақылмандарын жинап әңгімелескен. Жорық жайын сөз еткенде сарай ақыны Кермани:
—Уа, хан ием, тағы да жорыққа аттанғалы отырсыз. Ананы жесір, баланы жетім етіп, көз жастарын көлдей ағызып, қайғы-қасыретке душар етуді қоятын кезіңіз болды емес пе? Адам қаны су емес қой, қанша жас қыршынынан қиылды. Солардың бәрінің айтқанымызға көндіріп, айдауымызға жүргіземіз деп жүргенде біздің елді бөтен жұрттың шауып, ойрандамасына кім кепіл? Мұны да ойлаңыз,—деген. Оның соңғы сөзі қанішер ханды терең ойға шомдырған. «Бәсе, сөйтсе қайтеміз? Осы мен халыққа қандай жақсылық жасадым?»—деген ой оралған. Аз үнсіздіктен кейін:
—Ал, не істе дейсің маған?—деп Керманиге қараған.
—Сәулетті ауылдар, көрнекті қалалар, кесенелер сал. Ол өзіңе орнатқан мәңгілік ескерткіш болып қалады. Ел көріп, жұрт көріп, мұны кім салдырған демей ме? Сонда сенің атың аталады.
—Жөн сөз, орынды пікір екен бұл. Ойланып-толғана келіп, әлемде теңдесі жоқ кесене салуды жөн көрді. Осы ойын айтып, «кімге кесене салған жөн?» деген сауал қойды. Кермани іркілместен «Ахметке» деді. Мұнда үш Ахмет жерленген. Біреуі—ел билеген хан. Екіншісі— әскер басы. Ал үшіншісі—ислам дінінің уағыздаушысы. Ана екеуінің зиратына келіп құран оқып жатқан ешкім жоқ. Ал Қожа Ахметке келіп, зиратының басына түнеп, тәу етушілер көп. Жазған хикматтарының елге тарап кеткені қашан? «Қожа Ахметтің басына кесене тұрғызсам, өз беделім де артпай ма, менің жағымсыз істерімді жуып-шайып кетпей ме?» Мұндай шешімге келуіне және бір себеп өзін жарық дүниеге келтірген анасы Сақыпжамал осы кесене алдына жерленген. Мұнда келгендер шешесіне де құран бағыштар. Ой-санасын баурап алған осы сезім Әмір Темірді кесене салуға құлшындырды. өз қарауындағы елдердегі құрылыс салудың қас шеберлерін жинап, құрылыс материалдарын дайындатып, іске кірісті. Зәулім, алып ғимараттың қабырғасы қаланып, күмбезін орнатамыз деп отырғанда бір ғажайып күштің түнде тас-талқанын шығарғанын ертеңгісін көріп, қайран қалды. Кесене қабырғасы қаланып, күмбезін орнатар кезде осы жайт тағы қайталанды. Халықты жинап, мұның себебін, не істеу керектігін сұрады. Сонда Байшегір деген жігіт:
—Маған түнде әруақтарым аян берді. Ахмет Ясауи— Арыстан баптың шәкірті. Арыстан бап—Алла тағаланың сүйіктісі Мұхаммед пайғамбарымның сенімді серігі, сырлас, сыйлас досы емес пе. Кесенені алдымен Арыстан бапқа салмай, оның шәкіртіне салып жатқаны қалай?—деп ренжіді.
Байшегір сөзіне Әмір Темір иланды.
—Шынында да солай екен-ау өзі. Мен қателесіппін, кешір, Алла, күнәмді,—деп Тәңірге жалбарынды. Мұндағы жүріп жатқан құрылысты тоқтаттырып, Арыстан бап кесенесін тұрғызуға кірісіпті. Содан соң Ахмет Ясауи кесенесін салуды қолға алды. ол бастаған игі істі ұрпақтары жалғастырып, тәмамдады. Байшегірдің ақылына, көріпкелдігіне тәнті болған хан:
—Не тілегіңіз бар?—деп сұрағанда:
—Менің сүйегім осы кесене ішіне жерленуін сұраймын,— деген. Әмір Темір жұрт көзінше:
—Бердім тілегіңді. Бұдан былай сенің атың «Байшегір баба» аталсын!—деген.