Ине ұшындағы өмір
(хикаят)
1
Дүниені бар бояуымен сезіну — адамның аса бақытты кезеңі. Кейінгі кезде сол бояу солғын тартып, мына тіршілік дәмі таңдайына кермек татып бара жатқандай. Жасыл бояуды сезінбейді, жүрегі лоблып құсқысы келеді.
Айбар Арыстанұлы кеңсенің төрт қабырғасына қамалып, тапжылмай отырып, ой ішінен ой тергелі үш сағатқа жуықтады. Жуықта жағалауына малтып шыға алатын емес. Әйнектің арғы жағында жамырасқан жандар. Жеңіл мәшине сынапша сырғып өтеді. Әрәдік дауыстап тілдескен кісі үні, бала күлкісі естіледі. Ерте көктемнің әтір иісі сезіле қоймаған кез. Бүгін күн ерекше терезе әйнегі терлей бастаған. Кәрі үйеңкі құрысын жазған кісідей әрәдік сықырлай теңселген кезде бұтағына қонған суық торғай жерге тас боп сырғып түседі. Бір құшақ шуақ үстелінің үстінде құйынға ұқсап дөңгеленеді.
Қанша отырғаны белгісіз. Күн қызарып екіндіге ойысты. Зәулім үйдің шатырына сіңіп бара жатты. Батар күнді көрсе Айбардың мұңға бататын бала күнгі әдеті. Бойын басқан зіл салмақты сілкіп тастап түрегелді, қара саны ұйып қалыпты, миына мың сан ине шаншылғандай сезілді. Тәлтіректей жүріп есіктің оң қапталына ілген шарайнаға тақады. Қызыл күннің кенересі шағылып, айна беті алау өртше лаулады. Көзіне үйреншікті мойыл қара шашты, жазық маңдай, қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, жанары шоқша жанып тұратын сұлу бозбала шалынады ғой, деп ойлаған. Тұла бойы дір ете түсті. Айна бетіндегі алау ерттің ішінен ұйпа-тұйпасы шыққан, ұсқынсыздау жігіт шығып келе жатты. Құдайым-ау, мынау шынымен өзім бе!? Айбар Арыстанұлы ма? Көзінің етегі көгіс тартып, жүзінен нұры тайып, бейне, «Жо-ға!.. Қоя тұрыңдар!.. Көмуге асықпаңдар!..» деп табыттан тұрып кеткен арыған әруақ, құр қауқар, сүлесоқ сұлба секілді ме.
Қыр мұрнының ұшы аппақ, бор жаққандай. Қою қасы ғана сол күйінде. Айнаның бетін алақанымен сипап жіберіп және үңілген. Батып бара жатқан күннің қан-қызыл бояуы бозғыл тартып, сұйыла түсті. Түтеген ақ түтек топырақ, көшкен құмның арасынан шыққан, адасқан, арыған жолаушыға ұқсайтындай. Есіне еріксіз оралды.
Мана әлгіде бөксесі бұлтиып, жанары жайнаған хатшы қыз бұрынғыдай бұратылып, әтір иісі әбден сіңген кеудесін дірілдетіп қарсы алдында көп тұрмады.
— Түріңіз не боп кеткен? — деді.
Сөзі бетіне салқын су шашып жібергендей әсер етті. «Түріме не болыпты соншама» деп ойлаған.
Бұрынғы бет қаратпайтын мінезіне салып, шарт ашуланып, хатшы қызды бөлмесінен қуып шығарып жібергісі келді. Өзін-өзі тежеді. Бойын зілбатпан салмақ басып, еңсесі езіліп осыншама омалғаны өзіне ыңғайсыз сезілді. Креслосын сықыр еткізіп ытырыла көтерілді.
— Не болыпты түріме?
— Білмеймін, Айбар Арыстанұлы, әйтеуір осыдан ай, апта бұрынғы бозбалаға мүлде ұқсамайсыз. Қаймақ қатқан шай әкелейін бе, әлде...
— Қажеті жоқ, бара бер, — деді салқын ғана.
Сұлу бикеш бейне кісіні назарынан ұғатын бармен секілді, бастығы жанарымен мегзеп: «Есікті ішінен жап!.. көз алдымда тыр жалаңаш қазір шешін!..» десе, сол заматында-ақ ләм демей, үндемей орындауға әзір. Бұл жолы бастығының зілдей суық үнінен, әсіресе, ұйпа-тұйпасы шыққан ұсқынсыз түрінен шошынды. Тық-тық басып, бөксесін билете, ұршықша үйіріп шығып жөнелді.
Айбарды белгісіз үрей меңдеді.
«Не болып барамын» деп іштей мүжілді. Түріме не болған?.. Ауырып жүрмін бе, әлде ойнап жүріп от басып алдым ба? Шындығында айнадағы Айбар жиырманың сегізіне шыққан, тепсе темір үзетін, үлкен бизнес орталығының компьютердің құлағында ойнайтын қызметкеріне мүлде ұқсамайды. Жанарының оты азайып, бетінің қызылы тарап, бозғыл тарта бастапты. Үй іргесінде, күн көзі тимей өскен шөп секілді құп-қу, жел үп етсе лып етіп ұшып жоғалардай. Оң қолын білегіне дейін жалаңаштап алақанын аударып-төңкерді, көк тамыры баттиып көрінбей, ет пен терінің арасында жасырына түскендей, әзер шалынады, бармағын басып еді, тамыр соғысы білінбеді.
Көзінің астындағы көгіс шеңберге не жорық деп іштей шошынды.
Маңдай тұсыма ғайыптан әлдеқандай көлеңке түскендей ме, әлде әжім сызығы ма!
Қалың ойдан арыла алмай, айналып келіп креслоға сылқ отырды. Сол бүйірдегі компьютердің тетігін тауып, іске қосты. Жаңа бағдарламаны оп-оңай тауып алды. Аздап еліге түсіп, қисынды, қисынсыз сызбалардың ішінен көгін, жасылын бөліп шығарды. Көк шеңбер — бизнес орталығының қаржы салымының үлесі, жасыл шеңбер — таза табыс көзі, сол шеңберді қызыл сызбамен бірқалыпты даму үлесіне салып еселеген сайын жасыл шеңбер кішірейіп, көк шеңбер ұлғая берді. Көк шеңберді үздіксіз ұлғайту — банкротқа әкеліп соғады. Қызыл сызбаны үздіксіз жетілдіріп, кіріс пен шығыстың пайызын бірде алма-кезек ұлғайтып, келесіде кішірейте түсіп біразға дейін қадалды. Самай тамыры лып-лып соғып, көз жанарының оты азайды. Хатшы қыздың әлгідегі: «Түріңіз не боп кеткен?» — деген сөзі санасынан жуылмай, есінен тандырды. Сұқ саусағы дірілдеді. Компьютер тетігін басты.
Кеңседе жападан-жалғыз омалып отырғанда кеш түсіпті, қас қарайып, қызметкерлер тарап кетіпті. Әлгідегі сөзден кейін өкпеледі ме, хатшы қыз зытып жоғалған. Әйнектен сыртқа көз салған. Терезе алдындағы кәрі үйеңкі қарауыта ұлғаяды, не деген мықтылық десеңізші! Тастақ аулаға тамырын терең жіберіп, қаншама қыс пен көктемді, жаз бен күзді бойынан өткеріп тәкаппар тұрысы ғажап. Ойлап отырса — бұл үйеңкі кешегі ызғысқан, атыс-шабысы мол талай төңкерісті өткерді, әр үйдің отын өшіріп, қазанын төңкерген зұлмат заманын да көрді... кешегі алдынан жан баласы өтпейтін Сталин дүрбелеңін, берідегі жуан жұдырығымен ауаны түйгіштеп «кускинь мать!» — деп кіжініп сөйлеген Хрущев, жазылған парақты қолынан сусытып әзер оқыған Брежнев, сосынғы тәуелсіз ел боп ес жию кезеңін бастан кешірді. Несіне жасырады. Ай, қанша мықты болса да көп ұзамас, осымен мына үйеңкінің бықпырты біткен шығар, көп ұзамай өзегін құрт кеулеп, өрт шалып құлататын болар деген өмір жолаушылары — адамдардың көбі тоз-тозы шығып жоғалып жатты. Бүгін бар кісі ертең жоқ. Кәрі үйеңкі болса қақайып әлі тұр. Не деген мықтылық, өмірге құштарлық деп бұл көкең іштей таң қалады баяғы. Осы ағаштың қасында мына біздер құр әншейін жел айдаған қаңбақ, қаңсыған қурай секілдіміз. Бәле қайда — бассаң аяқ астында, андыздаған пәле, вирус, сырқат, өкпек жел, бәрі-бәрі пенделердің аяғын шалып омақастырып келеді, омақастыра бермекші.
Несіне жасырады, бүгін ертеңгісін қызметіне келе жатып орталық емханаға соғып, таныс дәрігеріне көрінген. Таныс дәрігер әуелде нақа жеті атасын көргендей құшақ жая қарсы алғанымен, қан қысымын өлшеп, көз жанарына қадалып қараған соң-ақ, маздаған шоққа су сепкендей бықсып сала берді. Ұзын төсекке жантайта жатқызып, буынын, еркектік шәуетін мұқият қарап шықты, тамақ, қолтық бездерін шошымады ма деп қолғап киген саусағымен басып көрді. Бір мезетте басын көтеріп, үстелінің үстінде әлденені ұзақ жазды, қаламының сиясы сарқылды. Айбар қалтасынан алтын қарындаш алып берді. Бір мезетте дәрігердің үні көмескі естілді. «Қаныңызды тексеруге тапсырамыз!.. Өйтпесе болмайды!.. Бой-басыңызды бес батпан салмақ езіп, жер тартып тұрғандай сезілмейді ме?»
«Кейінгі аптаның жүзінде бойымды жер тартып тұрғандай, еңсем еш көтерілмей-ақ қойғаны».
«Сіздей қаржысы көп келісті жігіттің түнгі шеруі, серілік сапары үзілмейтін болар».
«Жаңа жылдан кейін екі-үш мәрте сұлу бикеш, алғыр бозбала, дос-жарандарым қолқалап қоймаған соң түнгі казиноға, мейрамханаға барып көңіл көтергенімді қалай бүгіп қалайын».
«Белгісіз бикештермен жыныстық қатынасқа түсіп пе едіңіз, тура айтқаныма кешірім сұраймын, әрине».
«Сақтық шараларын ұмытқан жоқ секілді едім, қайдан білейін, желең жүріп жын ұрып қалмаса».
Дәрігер жігіт үнсіз-түнсіз үңіліп тағы да сүйкектетіп көп жазды. Сол екі арада аузы-басын ақ дәкемен тұмшалаған екі медбике келіп, білегін жалаңаштап, көк тамырынан қан алды. Білегін жалаңаштап жатып көк тамырға шаншылған ине ізін көріп, іркіліп қалды. Ыммен мегзеп дәрігерге көрсетті. Дәрігер ләм демеді. Айбардың көңіліне қарады ма, қолын сермелеп, әлгі бикелерге: «Тезірек бітіріңдер, болыңдар!..» — деп дегбірін ала түсті. Аузы-мұрнын тұмшалаған медбикелер ісін тамамдап, ізін сұйылтты. Айбар мең-зең қалпы киіне бастады. Тамағына кептеліп келіп қалған ащы сөзді ірке алмады.
— Сонда қалай? Менен бір нәрсе жасырып тұрсың ба, бауырым? Қауіпті дерт пе мендегі?
— Әзірге айта алмаймыз. Сәрсенбі күні келіңіз, кең отырып сөйлеселік, Айбар Арыстанұлы!
— Маған жабысқан қатерлі вирус па сонда, ашып айтсаңшы, бауырым!
«Қатерлі» деген сөзді қылғынып барып әзер айтты. Ащы дәрі жұтқан секілді. Өңгесі есінде жоқ. Дүние шыркөбелек айналып, аяқ-қолын аспаннан келтіріп бара жатқан секілденді. Жүрек соғысы жиіледі. Орнынан тұрып жүре берді. «Мақұл келейін, сәрсенбіге», — деді. Қазақ ырымшыл халық, сәрсенбі — сәтті күн деп жатады. Айбардың әкесі әлде сапарға шықса, әлде облыс әкімінің алдына барып есеп беремін десе де сәрсенбіні таңдайтын. Бұл заманда бастық айтты — заң. Заңды орындап қана жаға аласың. Сол заңның қатпар, қалтарысына үңіліп, дін аман шығып кетер жол іздеген әрісі облыс, берісі ауданға белгілі, беделді заңгер осы Айбардың әкесі — Арыстан болатын.
Арыстан кейінгі жиырма жыл көлемінде шалғайдағы ауданның прокуроры болып істеді, ерте тұрып, кеш жатты. Ақша орнына көбіне абырой жинады. Кейін егеменді ел болып, тәуелсіздік алғалы бері «өз білгенім осы ғой» деп жалпиып жатып алмай, ата заңды қабылдау кезінде де пікірін жазып жіберді. «Қылмыстық кодекске» қосымшалар, түсініктеме, толықтырулар енгізуге ат салысты. Әсіресе кейінгі бес жыл көлемінде есімі зиялы қауымды елең еткізді. Аудан түгілі облыс көлемінде аса ауыр қылмыс көтерілсе — Арыстан ағамызға жүгінелік, сол кісі тығырықтан шығатын жол табады десті, телефон шалып, осы бір шаруаны қалай қыламыз деп ақыл сұраушылар көбейді. Ел-елден жолаушылап жетіп, алдынан әділет табатын таныс, білістері үзілмеді. «Әділеттің ақ жолы Арыстан ғой», — десті. Сол атышулы заңгер, аудан прокуроры, абыройлы азаматтың маңдайына басқан, алақанына салған жалғыз перзенті осы — Айбар еді.
Жүзіне жел тигізбей, басқан ізін қисық демей, мәпелеп есіріп мектеп табалдырығынан аттаған кезде дүркіретіп үлкен той жасады. Абырой болғанда бір нәрседен беті қайтпаған Айбар алғыр боп өсті, мектепті алтын медальмен бітірді. Мына заман қағынды, дамыған социализмнен қайыра капитализмге топ ете түстік, қалтаң томпақ болмаса кісі қайырылып сәлем бермейді деген оймен әр тарапты болжағыш әке жалғыз ұлын ең сапалы оқу жүйесі — Болашаққа берді. Қалың конкурстан Айбары сүрінбей өтті. Ұлыбритания астанасы Лондонға жолдама алды. Сол жазда қуаныштан тасыған әкесі жиған-тергенін шашып екінші мәрте үлкен той жасады. Облыс әкімінің өзі әдейілеп келіп дастарқан басында ұзақ толғап сөз сөйледі. Сосынғы шетелге сапар, Лондоннан ат шаптырым жердегі Кембридж университетінен дәріс алу, ағылшын тілінің қилы қалтарыс, құпиясына сүңгу — ол өзі «Мың бір түннің» әңгімесіндей әрі ұзақ, әрі қызық хикаят.
2
Айбар сенбі күні ұйқыдан кештеу тұрған.
Астананың ауа райы бұлыңғыр. Орталықтан жұмыс мекемесі несиеге сатып әперген қуыршақтай екі бөлмелі үйінде отыр. Кеше ғана жолдастары көшіріп әкеліп кіргізген. «Көшіргенде» не — қос шабадан киім-кешек, жұмыс орны сатып әперген масаты тысты ұзын диван, шағын үстел, төрт орындық қана бар. Әлгі үстелді ас ішер кезде асханаға көшіреді, жұмыс істеп, қағаз жазатын уақытта төргі, жұмыс бөлмесіне әкеледі. Басы артық зат болмаған соң, жапсарлас екі бөлме хан сарайы секілді, дағарадай болып сезіледі екен.
Олай-бұлай жүгіріп, отырып-тұрып жеңіл жаттығу жасап алды. Алыс шалғайдағы әкем мен шешеме қала орталығынан қуыршақтай келісті екі бөлмелі үй алғанымды телефон шалып, айтсам ғой, қалай қуанар еді. Ата-анасын асытып-тасытып қуанту үшін, өткен айларда «бастығым үй сатып алуға несие босатты», «үй іздеп жатырмыз», «екі бөлмелі кірпіш үй сатып алдық» деп алдын-ала айтпаған еді. Барын ішіне бүгіп, осы күнге сары майдай сақтап келген. Құда қаласа бүгін кешке телефон шалып, бәрін-бәрін жайып салады.
Ауызғы үйдегі телефон шыр етті. Қыз дауысы. Аса жұмсақ, жұғымды үнді естігені осы. «Ие, менмін», — деді күмілжіңкіреп. Әлгі сым ұшындағы қыз сыңқ етіп күлді. «Танымай қалдың ба, Айбар?! Бизнес орталығының бақандай белім бастығы, Астананың орталығынан ойып тұрып екі бөлмелі үй алған бағдарламашы!.. Бастықтың сүйіктісі біздей бейбақты неғылсын!..» деп кәдімгідей бастырмалатып барады. Бұл күмілжи түсіп: «Танымай тұрмын!» — деді.
Әлгі жұмсақ жұғымды үн күрт сынып: «Аяулым боламын, «Ая» дейді құрбыларым... қызметтеспін... көрші бөлмеде отырамын; талай әзіл-қалжыңмен қауқылдасып түскі шай ішпеуші ме едік!..»
«Иә, иә, енді есіме түсті, бірер мәрте мейрамханада ұшырасып биге шақырғанмын».
«Телефоныңды кеше жүгіңді көшіріскен Сәрсеннен алғам, не шаруа тындырып жатыр екен деп сөйлесе салғаным ғой».
«Аяулым ештеңе істеп жатқаным жоқ, таңғы шайымды ішпекшімін».
Бекер болды деп іштей қобалжып ернін тістелеген Айбар, телефон тұтқасын құлағынан алмаған күйі, «Аяулым» деп қыз есімін әдемі ырғақ, сазбен айтпауым керек еді. Сайтан алғыр қыз есімін бекер бабына келтіріп айттым. Бар пәле қыздың атын аялап айтудан басталды.
Аяулым: Кездессек қайтеді, күн сенбі бүгін.
Айбар: Білмеймін, ыңғайсыз болмаса.
Аяулым: Менде қарақат тосабы бар, аламын да қазір жетемін, тек тұрағыңды айтып жібер!
Айбар: Сәресіге шақырғаным ұят шығар, әзірлігім жоқ, тоңазытқышты аптаның аяғында алармын деп жоспарлағам.
Аяулым: Түк те қысылма! Бойдақ, еркек қос жігітке қоятын кінә жоқ. Жақсы, көп ұзамай жетемін!
Телефон тұтқасын қойып жатып, Айбардың ойы онға бөлінді. Қызуы көтерілгендей болды. Аздап көңілі қобалжи түсіп, іштей лүпілдеп: «Мына қыз тым еркін екен, кеңседе екі-үш мәрте сыпайы сәлемдесіп, «келе қалыңыз»» деп шақырған соң, түскі шайды қосыла ішкені болмаса, сыр бөліспеген еді, қалай болғаны бұл?» — деп бозбала іштей қобалжулы. Әлде қазіргі бойжеткен бикештердің еркін, ерке мінезі осы ма, әлде сопақша жүзді, қыр мұрынды, үстіңгі ернінің ұшында тарыдай қалы бар, күлген кезде бетінің сүт шұқыры біліне қоятын көрікті қыздың өз ойлағаны бар ма.
Есік қоңырауы шыр етті.
Кіріп келе жатқан Аяулымның күлген кезде сүт шұқыры ойылып, қыр мұрыны әнтек көтеріле түскені. Аршыған жүгері собығындай ақшыл тістерін ақситып күлгені ішіне шоқ түсірді. Дегбірі қалмай қыздың қолындағы қалтаны алып, күрткесін іліп, бәйек болып зыр жүгірді-ай. Жылдам жетіп келе қалғанына қарағанда қыз осы маңнан телефон шалған секілді.
Сұрағысы келді де, өзін-өзі іштей іркіп қалды.
— Кешегі көшіріскен жігіттерден қалған шарап бар, аздап ауыз тиеміз бе, — деді Айбар абайсызда от басып алмайын деген адамша ақырын ғана.
Қыз күлім қағып басын изеді де, ләм демеді.
— Ал, қане, бұл үйде шарап құятын бокал жоқ, әкелерімізге ұқсап кесемен көрелік ендеше.
Аяулымның ерін ұшындағы тарыдай мең соншама сүйкімді көрінгені. Аппақ қардай қаланған тістері ақсиып күлгені ішін өртеді.
— Дәмі жақсы екен, сенің саулығың үшін алып қоялық, — деп Айбар екінші кесені көтерді. Аш қарынға ішкен шарап асқазанын, жүйке тамырын қыздырып ала жөнелді.
Енді байқаса сөйлеп отырған өзі, шарап құйып, бойжеткенді икеміне алып «алып қоялық, шай алайық!..» деп ұсыныс енгізетін өзі. Қыз осы табалдырықтан аттағалы ләм деп тіл қатпапты. Не десе — соған көніп, көздері күлімдеп, бетінің сүт шұқыры білініп, ерін ұшындағы меңі бірде қашықтап, бірде жақындап тартып тұрғанын қарашы. Лездің арасында жанары арбалып қалды.
Құшағына алып шие ернінен үздіксіз үзіле ұзақ сүйді. Әлден уақытта қыз көзін жұмған күйі әлсіз күбірлеп: «Ауырттың», — деді. Қуыршақтай сүйкімді қызды лып еткізіп көтеріп алды. Басы айнала түссін, еркіме оңай көнсін деп ойлады ма, вальс ойнағандай қызды құшағына көмген күйі бірер айналды. Алқын, жұлқын умаждап ұзынша диванға әкелді, сылқ еткізіп сұлата салды.
Періштедей пәк Аяулым ырқыма оп-оңай көне кетеді деп еш ойламапты. Тұла бойын құштарлық оты қыздырып, дүние шыр көбелек айналғандай сезілді.
Тар төсектің үстінде бал еріннің сөлін сорып серейіп жата берер ме еді.
Аяулым үстіндегі киімшең жігітті ысырып тастап, ышқына ұмтылды. «Өртеніп барам!» — деді. Жалма-жан шешіне бастады. Салбырайып тұрған бұған: «Су әкелші!» — деді. Айбар сүріне жығылып ас үйге өткен. Кесе ішіндегі шарапты шайып тастап, шүмектен су ағызды. Жартысын жолай шайқап төгіп, жатар бөлмеге енгенде өз көзіне өзі сенбеді, жүрегі атқақтап аузына сыймай барады. Үлбіреген бәденді сұлу тырдай жалаңаш, аппақ болып сұлап жатыр.
Жігіт еңкейді.
Төңкерілген кеседей дөңгеленген анарын иіскеп еріксіз елтіді.
Айбар бала кезінде көшкен қойшыларға ілесіп Қызылқұмның шөліне шыққан. Қиыры көз жеткісіз білеуленген құм. Теңіз толқынына ұқсап, бірінен ассаң, келесісі көлденеңдеп, ындыныңды кептіріп, адымыңды тұсайды. Дәрменіңді тауысады. Шөл қысады. Қиянда көрінген мөлдіреген көлге жетем деумен жолаушы бейбақ адымын санап басып ілби түседі. Ілгерілей береді. Шекесінен күн өтеді. Сүмек боп терлейді. Шөлге шығандап шығып, қаталап, үздігіп өліп қала жаздаған сол бір күндер көз алдына қайта елестегені.
Ындыны кепкені — жон арқасынан тер су боп ағыпты.
Шағыл баурайына тырмысқаны — қыз анарын уысына толтырып, қырға шыққандай өңмеңдей ұмтылып, төсіне төсін тигізіп ұзақ умаждағаны.
Құлағына қыздың әлсіз үні жетеді. Бейне шағыл құмның арғы жағынан жаңғырып естілгендей.
«Жапалағым... жаным...»
Бір мезет талықсып жатып көзі ілініп кетіпті. Тар төсекке қалай сыйғаны белгісіз. Шөл іші, сары сағым елестеуін қойып, бейне, жап-жасыл жиекке аяқ іліктіріпті. Сайраған құс, белуардан шөп, тас бұлақ былдырлап ағып жатыр. Алақанымен көсіп алып ұрттағысы келеді, уысындағы су ерніне жетпей төгіліп кетеді. Тастай суға еңкейеді, аузы жетпейді. Осы менің түсім бе, әлде өңім бе деп шашыраған қиялын жинап алып, жанарын ашқан еді. Бөлме іші қараңғы секілді. Терезе пердесін кім тұтқаны, бөлме есігін қалай жапқаны қаперінде жоқ. Аяулым үстіне мініп алып, тізерлей тебініп отыр екен.
Қыз анары үлкейіп көрінеді.
Бұрын-соңғы көрмеген рахат жұмақтың ішіне еніп кеттім бе деп қиялдаған.
Аяулым садақша бүгіліп тыныш жатқан шәукетін тілімен түртіп оятты. От қанжары қатайғанын күтті. Сәлден соң бөксесін лып еткізіп от қанжардың үстіне отырды.
Қыз денесіне сіңіп бара жатқан от қанжардың күші қандай! Сіңе түсті.
От қанжармен құйрық майды кеселеп тураған қасапшыға ұқсады.
«Жапалағым!.. жаным!..»
Бір мезет күйіп-жанып итектеген қыз ышқына дауыстап түрегеліп кетті. От қанжар қынабынан шығып, жалаңаштанды. Ауыртып алдым ба деп ойлады. Неге бұлай аяқталды? Тапқа қойған, қорғасындай балқыған бұла денесі суитын емес. Дір-дір етіп сұлап жатқан.
«Жапалағым! Мында келші, жаным!»
Қыз төсек үстінен төңкеріліп түсіпті. Қос тізерлеп, садақша иіліп, етпетінен сұлай жатыпты. Бөксесі төңкеріліп аппақ мұзтау секілді мұнартады. Айбар түк түсінбей дал. Сүмірейіп басын көтерген.
«Жапалағым! Жаным!» деген әлсіз үн гүрілдеген толқынның арғы жағынан естіледі. Мұншалық белсенді қайықшы болам деп ойлаған жоқ еді. Қайығы төңкеріліп, кенет қарық боп суға кетті. Осы мезет от қанжары әншейін ғана әлжуазға айналды. Тік ішек арқылы жыныстық қатынасынан құмары қанған бойкүйез бойжеткен сылқ құлады. Еденде тыпыр етпей ұзақ жатты. Кірпігі әзер қимылдады.
Бұл не сонда?
Махаббат па, құштарлық па?
Бір көрген қызбен осынша ұятсыз, арсыз жалаңаш құмарлыққа барғаны әлде азабы, әлде тозағы, лездің арасында арбауға түскен торғайдай осынша тыпырлағаным қалай деп диван үстінде Айбар ұзақ жатып ойға шомды. Қалай болған бұл? Осынша әдемі, көрікті қыздың, қазақша айтса — он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткеннің бір кездескен еркекке соншалық оттай ыстық ессіз құмарлықпен құлағаны несі? Өз әрекетін құптау керек пе, әлде даттау керек пе? Кешке кездесуге уәде байласып қойған қалыңдығы Жансаяға не бетімен көрінбекші. Жансая өзге қыздай емес, рентген сәулесі секілді бір қарағаннан-ақ ішіңдегіні тоқып, біліп ала қояды. Одан еш сыр жасыра алмайсың. Мұның үстіне бұрын жыныстық қатынас туралы кітап, журналдан оқып білгені болмаса, соншалық белсенді болып көрмеген бұл бейбақ бір күннің ішінде осыншалық күнәға белшеден батармын деп, сірә, ойлапты ма! Ойламақ түгілі түсіне кірмеген істер емес пе әлгі! Ауыр, азапты сезім, санасын егеуше егеп, түк тыншытпады. Жанын жегідей жеп азапқа салғаны.
Әлден уақытта арық аруақтай, саудыраған қаңқадай болып ербиіп түрегелді, жуынатын бөлмеге енді. Ыстық суды мол ағызып, ұзақ ысқылап жуынды. Түкті орамалмен сүртінді. Есікті сырт ашып әлгідегі ойраны шыққан, майдан даласына айналған бөлмеге енген.
Жан баласы жоқ. Ерін ұшында әдемі меңі бар, қыр мұрынды, ашаң жүзді, селді ерінді бойжеткен киініп кетіп қалыпты. Қоштаспай ізім-ғайып жоғалғаны несі деп іштей таңырқады. Сыртқы есікке тақады. Тұтқасын ұстап ішке қарай тарта ашып, алаңшаға, басқыш үстіне жіті көз салып еді. Ешкім көрінбеді. Есікті тарс жауып, ілгегін салды.
Сағатына қарап еді, шошып кетті. Жансаямен уәде байласқан мерзімге жарты-ақ сағат қалыпты: Рентген сәулесі секілді айрықша білгір, өткір, сойыл жанарлы Жансаясы, нақсүйері мұны сынай-міней жолын күтіп қарап тұрғандай елестегені. Момақаны, монтиған мүскін жаны, бозторғайдай үркек сезімталы, бейкүнә періштесі болған оқиғаны біліп қана қойса неғылғаны. О, тоба! Сақтай гөр өзің, қызмет деп, жаңа бағдарлама деп, қажырын қайрап, жігерін жалдап, өмірден өз орнын табуға ұмтылып өкпесі өшкен бейнетқорыңды!.. Бейнетімді желге ұшыра көрмеші, жаратқан ие!
Айбар жылдам киініп, айнаға қарауға мұршасы болмай, дегбірі қашып, үйден көшеге бір-ақ атылды.
3
Қалыңдығы күтетін жерге жарты сағаттай кешігіп жетті. Бетіне жан баласын қаратпайтын тәкаппар сұлу Жансая бұрын уәделескен мезгілден он минут кешіксе — күтпей, кетіп қалатын. Апта бойы өкпелеп әуреге салатын. Таң қалғаны, үлкен жарнама жиегінде қаракөл елтірісінен тіккен мойыл қара тонға орана түсіп тапжылмай күтіпті. Арсалаңдап жетіп келген Айбарға тұнжырап ұзақ қарады. Жігіттің жүзінен оты шықты. Аяғының басына түкірді. «Кешір, Жансая, кеше кеш жатып, үй шаруасына айналып жүріп қалыппын, неге екенін білмеймін, басым мең-зең...» — деп әр сөздің басын бір құрап қыз алдында құрақ ұшты-ай. Жансая ләм деген жоқ, тұнжыраған күйі тон жағасына иегін сіңіріп тұра берді. Айбар тұз жалағандай сезінді өзін. Қыздың жіңішке, қылдай қасы, алақан аумағындай ғана аппақ жүзі жыныс тоғай арасындағы, бейне, ну шалғын арасынан ойылып шыға келген мөлдір көлге ұқсайтын терең жанары қараған сайын жан таптырмай жібереді. Жігітті әуел баста өзіне тартқан, ғашық еткен осынау тұнба көл — тұнжыраған жанары еді.
Осыншалық терең жанарды ешқашан, ешкімнен ұшыратпаған еді.
Адамның, әсіресе қыз баланың көзінде осыншалық сыр, мұң, сөз, бояу болады деп ойламаған.
Алғаш рет тұнба көлге ұқсаған осынау жанарға қарай-қарай, үңіле-үңіле... «ішіне бір сүңгіп шықсам-ау» деп армандаған.
Тұңғыш рет сол тұнжыраған тұңғиық жанардың жиегіне ернін тигізіп, сүйіп алған мезетте өзіне-өзі ие бола алмай талып қала жаздаған.
— Сен мәңгілік менікісің! — деген. Сол сөз, сол әсер арада қанша уақыт өтсе де санасынан еш кетер емес. Қыз көзіне қараудан тоймайды. Тұнжыраған мойыл қара жанардың жиегіне шоқ боп жанған ернін тигізсе болды — талып қала жаздайды. Не құдіретінің барын өзі де білмейді.
Бұл жолы да қыздың көз жанарынан сүйіп алғысы келіп ұмтыла берген. Жансая шегініп кетті.
Айбардың жан әлемі жел үрлегендей еді. Айдалада жападан-жалғыз қалғандай сезінді.
Қала жарнамасының оты жанып, маңайы шикіл, күлгін түске бояп құбыла жымыңдады.
— Үйге жүр, — деді Жансая күбір етіп, — әкем, анам «көреміз, батамызды береміз» деп шақырып жатыр. Айтқандарына аптадан асқан, олай-бұлай түрлі сылтау айтып, болмайдыға салып, бұлқынып көріп едім, тегі жанымды тығырыққа тіреп, безектетіп жіберді. «Бүгін қайтсең де ертіп кел» деді.
Мына сөз Айбарға төбеден тас түскендей әсер етті. Қазақ салтына қалай болған сонда? Алыстағы ауданға телефон шалып, заңның түбін тескен, қылмыстық кодекстің түсініктемесін жазамын деп не қилы силлогизмді езіп ішкен заңгер әкеге мән-жайды түсіндіріп, осылай да осылай, анамды алып Астанаға келіп қайтсаңыздар!.. Үй алып жатырмын, тағы бір маңызды жаңалығым бар!., деп алдарына жайып салмақшы еді. Ақылдасып алмақ болатын. Сосын барып жайлап, аяңдап, жөн-жосық осылай, құда болу ниетіміз бар дегізіп қалыңдығының үйіне жіберіп алмақшы еді.
Қалыңдығы оңай жердің қызы емес. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда бірге оқыды демесе, Қырдың қызғалдағындай болып дәп осы қалада өскен, орысша тәрбиеленген, білдей министрдің орынбасарының қызы. Отбасындағы үш қыздың ең кішісі, кенжесі. Үлкен әпкесі Мәскеуде оқып жүріп, Алманиядан келген неміс жігітімен танысып, көңіл қосып, ата-анасынан рұқсат сұрамай, оқу бітіре салып, «шүу, қарақұйрық» деп Кельн деген қалаға тайып тұрыпты. Сонда жүріп қызметке тұрыпты, перзент сүйіпті. Өкпесі қара қазандай болып теріс қарап кеткен әке-шешесі арада төрт жыл өткесін барып, немеремізді көріп қайталық десіп, бір аптаға Алманияға ат ізін салып қайтқан. Екінші әпкесі осында Еуразия университетінің тарих факультетінде оқып жүріп, бұл да сол әпкесінің жолын қуып, ата-енесіне айтпай, кәріс жігітімен көңіл қосыпты. Әлгі жігіт Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан зат апарып сатады дей ме, әлде Оңтүстік Кореядан зат әкеліп сатады дей ме, анық-қанығын түптеп білмейді, әйтеуір сау сиырдың жапасы емес, қалтасы томпақ кәсіп иесі көрінеді. Көк қағазды шытырлатып жүріп қазақ қызын икеміне көндіріпті. «Кәріс жігітке тұрмысқа шығамын» дегенді естіген күні министрдің орынбасары жұмысқа шықпай, қан қысымы көтеріліп, дәрігер шақыртып жатып қалыпты. Апта емделіп оңалыпты. Әйтсе де күйеу баласы қарапайым, іскер, пысық, тыңғылықты мінез иесі екен, йә-шайға қарамастан, қалыңдығының үйіне сып етіп еніп, «әке-шеше» деп құлдыраңдай жүгіріп, кілемін қағып, сынған үстелін бүтіндеп, базардан көкөніс әкеліп... қолды-аяққа тұрмай жүгіргенде бар ғой... пәлен деуге мұршасы келмей, қатал әке, мейірбан шеше жағасын ұстап, тәубаға келіпті. «Мейлі енді, өздерің бақытты болсаңдар бопты», — деп батасын беріп, қала шетінен ұядай үш бөлмелі үй сатып әперіпті.
Баз бірде, қажып сөйлегенде былай дейді екен министрдің орынбасары:
«Ойхой, дүние-ай, алақанға салып әлпештеп өсірген қыздарымыздың бірі — неміс, бірі -кәріс жігітіне кетті, құда-жекжат болып, құйрық-бауыр жесіп, сырласып, тізелесіп отыратын жібі түзу бір қазақ бұйырмады-ау маған!» — деп күрсінгенде көкірегінен көк жалын шығады дейтұғын. Кім біледі, өтірік пе, шын ба, әйтеуір Жансаямен сөйлесіп жүргенде осы бір сөздерді құлағы шалып қалғандай еді.
— Үйге баралық, — деді Жансая күбір етіп.
Ойы онға бөлінген Айбар қапелімде не дерін білмей, састы.
— Биыл көктем ерте шығатын секілді, — деді.
Жансая тұнжыр жанарын жалт еткізді. Көше бойындағы жарнама мың сан құбылып өшіп-жанып түрленді. Сағат тілі кешкі жеті жарымды көрсетті. Қойын-қонышты кеулеп ызғырық жел көтерілді.
— Қайдан білейін... Әкемді елден шақыртып, алдымен сол кісіні жіберген жөн бе еді.
— Қайтсең де ертіп кел деді!
Жансаяның үні қатқыл шықты. Амал жоқ, көнді. Жолай гүл сататын дүкенге бұрылып алқызыл, алсары раушан гүлін араластырып десте оратып алды. Тіркесіп, ұшқасып қайра көшеге шықты. Қар қылаулай бастапты. «Такси ұстаймыз ба енді!» — деп Айбар қорбаң қағып қол көтере бергені сол, Жансая сыңқ күліп: «Қажеті жоқ, — деді, — үйіміздің іргесінде тұрмыз». Бұрыннан бері жарнама түбінде қшырасып, тілдесіп, тіркесіп жүргендегі зәулім үйдің өзі — министрдің орынбасарының отбасы орын тепкен мекен-жай болып шықты. Іштей қысылды.
Не дерін білмей, солбырайған қалпы, қыз соңынан ілесіп, сыртқы есіктен енді, лифтіге отырды, зәулім үйдің бесінші қабатындағы алаңға келіп түсті. Жансая қоңырау шалды. Ұршықтай үйірілген қызметші қыз есік ашты. Қолындағы гүлді қай жерге қоярын білмей, сүмек боп терлеп, күйбеңдеп, аяқ киімін шешіп жатқан мезет—кейуана көрінді. Анасы Жансаяның өзі ме деп қаласың. Ашық, анық дауыспен амандық-саулық сұрасты.
Төргі бөлмеге өткізді. Айбар сасып жүріп, қолындағы гүлін әлі ешкімге ұсынбапты. Кең есіктен ішке аттап, аспалы шамы жарқырап, көз жауын алған жиһазға толы бөлмеге енгенде барып, қолындағы гүлін оңдап, жоғары көтере түсіп, қыздың шешесіне ұсынды. Кейуана соншама тәкаппар ма, әлде аңғал кісі ме, гүлді ортадағы үстел үстіне сұлата салды. Үй халаты сусылдап келіп төсек шетіне тізе бүкті. «Әкеңді министр шұғыл шақыртып әкетті, — деді, — қысылмай жоғары шық, балам, мында отыр, кездесіп, сөйлесіп жүргенің қандай жігіт, көрейін, тілдесейін, ертіп кел деген өзім едім».
Ұршықтай үйірілген қызметші қыз күлім қаға жүріп үлкен дастарқанға шай жабдығын жасады.
Жансая шешінуге өз бөлмесіне кетті білем, жуықта шыға қоймады. Кейуана мен Айбар қонақ бөлмеде екеуден-екеу қалды. Қонақ бөлмесін тыныштық кернеді. Кесе, шәйнектің сылдыры бұзады. Жансаяның шешесі толық денесін жеңіл қозғап үстел үстіндегі тәттілерді жігіт алдына қарай ысырды, «шай іш, қысылма!» — деді. Біраз уақыт өткен соң барып үнсіздікті Айбар бұзды.
— Саушылығыңыз қалай?
Екі кесені ыстық-ыстық сораптаған кейуана кеудесін шалқақ ұстап тілге келді.
«Саушылық құдайдан, балам. Үш қыз тәрбиеледім, немере көрдім, шүкіршілік бәріне. Елдің алды болғанымыз жоқ, көштің соңында да қалмадық. Баяғыда бір елдің сөзін ұстаған, кетпеніне береке дарыған диқан әкем айтып отырушы еді: жүрегінде шүкіршілігі бар адам қартаймайды, әрі бұзылмайды деп. Бардың малын қызғанбай, жоқшылық келгенде жерге қарамай, адал еңбегіне, тамшылаған маңдай теріне қол артып тоқсанның жетеуіне келіп бақи жалғанға аттанды. Қиналсам, жаза бассам жарықтық түсіме енеді. Қабағын қалың жауып: «Қызым-ау, бұл неғылғаның!» — дейді. Көшелі әңгімеге түсіп кеткеніме кешір әрине. Бүгінгі жастар я болады, я болмайды деген тоқ-тоқ келте сөзбен өмір сүреді. Біздің ұзын сөзімізді құлағына іле бермейді. Жансая қызым бір төбе, өзге перзенттерім бір төбе. Тұйық, жабулы қазандай біртоға болып өсті. «Болашақ» бағдарламасы бойынша бір жылдай бірге оқыпсың, сөйлесіпсің, шалғайда жүріп ауылдан барған сәлем-сауқатты бөлісіп жепсің. Өзге ата-аналарға ұқсап көп мыжып: «Қызымды қолыңа қондырсаң — қадіріне жетер ме едің? Не бөліп берер едің?» — деп көлденең пікір айтып, сөзді созбаймын. Әкесі бірбеткей морт кісі, әуелгі тілдесуге қатынаспағанын іштей құп көріп отырмын. Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын айтып салып қарап отыратын бейбақ. Басшылары сол мінезін бетіне салық қылатын көрінеді. Жә, бірді айтып, бірге кетемін. «Көзімнің ағы мен қарасындай қара торғайым еді, өмірлік боламын, алақаныма салып өтемін» деп ант-су іш деп те қинамаймын. Шын сүйетін болсаң — қадіріне жетерсің, ұшып-қонып жүрген көбелекке ұқсасаң — көптің бірі болып быж-тыж болмашы тіршілік өткерерсің. Жалғыз-ақ сауал қоямын. Соған жауап берші, балам», — деді кейуана суып қалған шайын қызметші қызға ұсынып жатып.
Мына сөзді естіген Айбардың іші мұздағандай сезілді.
— Бақыт дегенді қалай ұғасың? — деді әлден уақытта.
Айбар қылғындырып тұрған галстугін босатты.
— Ағылшынша, орысшаға төселіп, күніге сол тілмен сөйлескенге қалып алып қалғанбыз, қазақшам жетпей жатса — кешірерсіз, апа, — деді, — бақыт деген үлкен сөз ғой. Әркімге әрқалай келеді. Біреу күнделікті қарны тойып жүрсе — бақыттымын деп ойлайды, келесі әдемі жарым, жылы баспанам, екі-үш ұрпағым болса — жетеді, бақыт деген сол деп ұғады; біреудің бақыты — тойып секірсе, дос-жаранның алдында мақтанып жүрсе; келесі кісі — алдына үлкен бір істі меже ғып қойып, соған жетсем деп өмір бойына өліп-өшеді, күресіп еткені бақыт, біреуге күйіп-жанған жар төсегі қуаныш, біреуге уайымсыз, қайғысыз өткізген күндері дәтке қуат. Мың кісінің бақыты да мың түрлі. Өз басыма келер болсам, жалпы аңғырт адаммын, бәрін ішіме түйіп жинаймын. Көп ойланып, көп тоқығанды тәуір көремін. Жасымда кітапханадан шықпай, балаларға ілеспей, өзіммен-өзім болып отырғанымды көріп әкем «философ» дейді екен. Философ болып трактат жазғаным жоқ, кітап шығарған емеспін, осы күнге дейін елге барсам ауылдастарымның аузындағы сөзі — философ. Жарқылдап жүруім кем. Жұрт күлген нәрсеге күле қоймаймын, өзгелер елп етіп ермек еткен қызыққа еліге қоймаймын. Өзімше теріс жайылған тентекпін. Кей-кейде, қолым босаған кезде жатып ойлаймын: осы мен мамандықты дұрыс таңдамадым ба деп, ойымды кестелеп қағазға түсіріп отырсам ғой деп қиялдаймын. Бағдарламашы деген не тәйірі! Компьютердің қырық қатпар құпиясына еніп алып, жоқ пәле сызбаларды салыстырып, елеп-екшеп, бір санды өзгертсе — сол сызба сан құбыларын алдын-ала сезіп, мүлгіп, мөлиіп отыру маңдайыма жазған ба деп мұңаямын. Осы мұң, өз-өзіме, бұл ісіме қанағат қылмау — түбі мені бір жерде омақастырар-ау деп іштей қауіп қыламын.
«Түсінікті, — деді кейуана, — шай алып отыр. Қызымның мінезі де тұйық еді, екі тұйық қосылып, ақпайтын, арнасын таппайтын өмір көлшігіне айналып тынбасаңдар неғылсын!»
«Жаманға жорымаңыз, апа, жаспыз, білгір маманбыз, жолымыз болады-ақ деп ойлаймын».
— «Қаныңның тобы қалай?»
— «І-ші топ».
— «Апырмай, осыншалық ыстық қанмен бүгінге дейін бір нәрсені бүлдірмей, от қойып жібермей, я үйленбей қалай шыдап жүргенсің? Жә, жетер!.. Көңіліңе алма, бірді айтып бірге кетемін. Үлкейген кісі күдікшіл келеді. Жансая, жаным, қайда жүрсің? Қонағың жалғызсырап қалмасын. Қасына келсеңші!»
Шешесінің шақырған дауысын естіп бөлмесінен Жансая шықты.
Аты затына сай, күлмеңдеген періштесі, бұлт арасынан шыққан ай секілденіп жарқ ете түскені. Сервантты ашып ішінен шөлмек шарап алды. Хрусталь бокал таңдады. Қызметші қыз әлгі шөлмекті лып еткізіп ашып, сыңғыр, сылдыр еткен бокалдарға құя бастады. Әтір иісі бұрқырады. Кейуана кісі қан қызыл шарапты қолына алды. Аздап қобалжулы секілді.
— Бақтарың ашылсын, бір Алла жар болсын! — деді үні дірілдеп.
Бокал сыңғыры бөлмені көміп кетті. Кермек дәм өзегін жылытып, көңілін көтерді. Айбар екінші бокалды да сарқып ішті. Неге екені белгісіз, үшінші бокалға қол созған кезде аздап жүрегі көтерілді. Күндізгі,өз үйіндегі оқиға ойына сап оралды.Төңкерілген аппақ қардай бөксе, торғай ұясындай қызыл жарақат, от қанжар елестеді. «Бекер болды» деп ойлады, жүрегінің қалауы, айрықша жақсы көретін асылы, бары, қолына құс қып қондырғалы жүрген қалыңдығы — Жансаяның қасында бөтен, күнәлі пиғыл ойламауы керек еді! Сайтан алғыр, сайтан азғырды ма, кім біледі, көз алдына шөл ішінде кенезесі кеуіп, терлеп-тепшіп ілгері ұмтылған сайын табаны тайып өңмеңдеген... өліп-өшкен... құм төсіне өрмелеген жолаушы бейбақ көлденеңдеген. Қыздың төсі соншама жұмсақ болар деп кім ойлаған. Осынша өліп-өшіп дәрмені бітіп өңмеңдермін деп қашан болжаған. Сөлді еріннің дәмі кермек. Кермек шарапқа қосылып жүрегін шайқағаны. Шыдай алмай, шарабын төгіп-шашып үстелге қоя салып, ғафу өтініп, қол шаятын бөлмеге жедел өтті. Әзер жетті. Есікті ішінен іліп, жылы суды сарылдата ағызып, маңдайын төсеп ал кеп лоқсы, ал кеп лоқсы!..
Аш өзегі қопарылғандай сезіліп лоқсып жатыр, лоқсып жатыр.
Жансаяның тұнжыраған терең жанары ту сыртынан төніп қарап тұрған сыңайлы.
4
Айбар қызметіне жедел еніп, сырт киімін шешіне салып компьютерге отырған. Қажетті файлды оп-оңай тапты. Жұмысқа келе жатқанда ойына сап ете түскен әдістемені айналдырып, үйіріп әкеліп, бұрынғы әзір сызбаның ішіне енгізіп еді. Үйіріліп үйлесе қалғаны. Енді қажетті сандарды логарифм кестесі бойынша сызбаға салып, нәтижесін жүйелей түсуге құлшынды. Табыла кеткен әдістеме жұмысқа деген шабытын шақырды. Саусағы саусағына жұқпай клавишті тере түскені сол, телефон зың етті. Ойын бөлмеген күйі құлағына көтерді.
— Тыңдап тұрмын.
Таныс дәрігердің дауысы.
— Айбар Арыстанұлы, уақыт тауып емханаға соға кетпес пе екенсіз.
Айбардың ашуы бұрқ етті.
— Көкешім, айтарыңды телефонмен-ақ айта бер, жаңа бағдарлама жүйесін тендерге әзірлеп жатырмын, министр біздің бұлтағымызды қаламайды, қас-қағым сәт қымбат!
— Келіп кеткеніңіз жөн болар еді.
— Дүние төңкеріліп бара ма? Не бүлінді соншама?
— Есіңізде ме, апта бұрын алдыма келіп қан тапсырғаныңыз, әлде ұмытып үлгергенсіз бе?!
— Иә, есімде, тапсырғанмын...
— Соған байланысты шұғыл шақырып отырмын. Келіп кеткеніңіз жөн. «Бағдарлама», «министр», «тендер» күте тұрады, адам өмірінен қымбат емес, — деді де ашу шақырған дәрігер телефонды сарт еткізіп қоя салды. Бұрын мұндай мінез көрсетпейтін момақан, мәнжубас дәрігердің аяқ астынан мойнын ішіне алып мөңкуі тегін болмас. Байқамай жүріп от басып алды ма, әлде астам сөйлеп дәрігердің шамына тиді ме.
Қолы жұмысқа жүрмей қойды. Файлды алмастырып шатаса берді. Ойы онға бөлініп, шеке тамыры лып-лып соғып сазарып отырған сол, хатшы қыз еніп: «Бастық шақырып жатыр», — деді. Креслодан ұмтыла тұрып, ұзын дәлізді көктей өтіп, бизнес орталығының Президентіне келді. Ұсынған орындыққа отырмады, қазықтай қақшиып тұра берді. Президент көзінен көзілдірігін алмаған күйі түрегелді, бетпе-бет, қарсыласа келіп кідірген.
«Бір сөзге келмей бөлім бастығы еттім, тіліңе, біліміңе сендім. Жарты жылда орталықтың орынбасары болдың. Астанадан үй сатып әпердім. Астыңда шетелдік мәшине, алдыңда хатшы қыз, ұялы телефон, ішіп-жемің, киімің, іссапарың орталық мойнында, ең биік жалақы тағайындадым», — деп көзәйнегін алмаған күйі зілдене сөйледі. Дауыл көтерілер алдындағы теңіз бетіне ұқсап тереңін, түбін көрсетпеді. Тынысын алып бірауық кідірді. Көзімен көзін ұстады. Жасыл әйнектің арғы жағынан сілеусін жанарын көргендей тітіркенді, ішіне алай-түлей дүмпу енді.
«Кейінгі онкүндікте ісіңнен ешқандай нәтиже көрмедім: «енгізіп жатырмын», «жаңалық аштым», «Жапондық әдіске көштім» дейсің, ештемеге көзім жетіп, көңілім сенген жоқ. Әзірге жалпылама сөз ғана!»
«Жылдық есепті жаңа бағдарлама пайызына түсіргенім есіңізден шықты ма?»
«Жо-жо-оқ! Ол ісіңді құптаймын, қолдаймын, нәтижесінде екі есепшіні босатып, жалақыңа үнемдедік, жылдық есепті апта бұрын бітірдік. Әйтсе де соңғы кезде не істеп жүргеніңді білмеймін: кешқұрым қала шетіндегі мейрамханаға барады дей ме, құмар ойынына салынады дей ме, қызойнаққа кет әрі емес дей ме, әйтеуір ерсілеу сөзді құлағым шалады?!»
Айбар қарсы алдынан терең ор кезіккендей қорқақсоқтап қалды. Жүзіне ду-ду қан тепті. Қапелімде не дерін білмеді, үндемеді. Мүләйім күйге енді.
«Жел тұрмаса — шөптің басы қимылдамайды, байқа, бала! от басып қалма!.. бір сөзді екі қайталамайтынымды білесің!»
Президенттің әр сөзі шекесіне нұқып шерткендей жайсыз әсер етті. Бөлмеден еңсесі түсіп, езіліп шықты.
Кабинетіне лып еніп, кресло арқалығына іліп кеткен костюмін алды, жүре киінді. Хатшы қыз алдын орағандай болып, қызыл пәпкесін ашып әлдебір қағаздарға қол қойғызды. Қыз еңкейген мезетте тырсылдаған тор көз көйлегінің кеуде тұсы қалталанып, дөңгеленген қос анары төңкеріліп түскендей. Саусағын салып сипап алғысы келді. Сайтан алғыр, осынша үлкен кеуде болады екен-ау, деп іштей таң қалды. Сауын сиырындай осылар кеудесін қалай үлкейтеді екен. Сылап-сипап күнделікті массаж жасай ма, әлде бұларға беймәлім қосымша қорек қолдана ма. Белі үзіліп түсердей жіңішке, сымға тартқандай солқылдаған сұлудың қос анары соншалық үлкен болар деп кім ойлаған. Тіфә, тіфә!.. сайтан алғыр, жолдан тайғызатын, адамды азғыратын осындайлар ғой. Жанарын тартып ала қойды.
— Дәрігерге кеттім. Сағат он екіде келемін, — деді Айбар шегіншектеп шығып бара жатып.
Ұзын залдың етегінен жүзі таныс сұлба керінді. Жылдам басып жанынан өте шықпақшы еді. Жүрегі құрғыр бұлқынып қалғаны, таныс сұлба дегені — жеңіл плащ киген, самайын бұйралап, бұрымын он тарау етіп өрген, қасы, көзін сүрмелеген Аяулым екен. Бойжеткен тақала беріп кідірді, сыңғырлай күлді. «Танымай қалдың ба, Айбар!» — деді. Қос қолын сілке алдына созып, жүзінен күлкі шуағы шашыла төгіліп көзімен көзін ұстады, саусағымен саусағын қармады. «Неге танымайын, сені басқамен шатастыру мүмкін емес!» — деді Айбар. Қыздың сүйрік саусақтары алақанын аялай түскендей. «Ауырттың», — деді Аяулым ақырын ғана иегін әнтек көтеріп, жанарын жартылай жұмып. «Жұрт жүретін жолдан былай кетейікші», — деді Айбар. «Ендеше есік алдына шығарып салайын», — деді Аяулым. Жігіт жүрегі және лоблыды. Жанында тық-тық басып келе жатқан бойжеткен лебінен жалын еседі, мейірі мол ма, әлде сиқыры бар ма, кім біледі, қалай жанаса кетті -солай денесі ду-ду қызып, қызуы көтеріліп, мең-зең халге түсетіні қызық.
Осы қазір ойына келгенін алқынып айта алмай әлек. Есік алдына шығып, көлеңке секілді ілесіп келе жатқан қызға кілт бұрылып: «Ал, қош!» — демекші еді, қапелімде аузына сөз түспеді. Аула бұрышына қаңтарып қойған жеңіл жүйрігіне келді, кілтін ашып ішіне енді. Аяулым мәшиненің алдынан айналып оң бүйірге жетіп үлгеріпті. «Есікті аша қал», — деп белгі береді. Кабина есігін ашты, бойжеткен жеңіл жүйрікке сып етіп енді. «Бұл не қылғаның, Ая? Терезеден Президент қарап тұрса қайтпексің?..» «Оқасы жоқ, көше айнала бере түсіріп кет, кешікпеймін... күдік келтірмеймін...»
Жеңіл жүйрікті дүр еткізіп оталдырып, орнынан қозғалды, сынапша сырғып ауладан шықты. Үлкен көшеге тұмсық тіреді.
— Кідірші, — деді қыз, — қасыңда сәл отырсам жетеді, түсіп қаламын қазір.
Сол қолының сүйрік саусақтары тұла бойын тінткілеп, сыйпап, төменгі жаққа жылжи ойысып барады. Бойжеткеннің төңкерілген аппақ саны көз жауын алады. Абыройын қашан ашып үлгергені белгісіз. Деміне демі араласты, бетіне беті тиді. Сүйрік саусақ жағалағаннан-жағалап, сырғанай сыйпалап, жігіт шалбарының түймесін ағытып үлгерді, ауын ашты. Неткен жылдамдық десеңші! Есінен адасып не болғанын білмепті. Мысық пырылындай мотор өшіп тынды.
— Рахаттан! Өртеніп барам!.. Қазір түсіп қалам!.. — дейді аяулым жалын шарпыған үнмен. Көше жиегінде, тапа-тал түсте, мәшине ішінде... ұят болды-ау өзі деп іштей толқыған жігіт не істерін білмей дал.
— Жапалағым!.. Жабығып жатыр ғой өзі!..
«Осы қызды көрсем-ақ тілім күрмеліп, ойым онға бөлініп, өзімді-өзім билей алмай делқұлы халге түсетінім қалай енді!.. Маған бұйырған ақыл-ойға сиятын махаббат, сүйіспеншілік шарты, құштарлық шарқы осы болғаны ма, сірә!..»
— Жапалағым!.. Жаным!..
Арғы бір алыстан оянған түйсігі. «Жетер! — деді, — көп ойнаған от басады, Аяулым, ал, қош, кешке, мейрамханада кездескенше... өзің білетін жерде... түнеукүні биге шақырып, көңіл көтерген мейрамханада!.. Кешкі тоғызда!» Деді де қызды үстінен әзер ажыратып, еріксіз итермелеп, ысырмалап, мәшинеден түсіріп жіберді. Есікті жапты. Моторға жан бітті. Жылдамдықты барынша басты.
Сумаң қағып кең көшеге шыққаны сол. Жүрегі аптығып, қаны тасып басына шапшыған сыңайлы. Құлақ шекесі шыңылдайды. Әрәдік көзінің алды қарауытып кетеді. Мәшине рулінен айрылып қала жаздайды, «Сайтан алғыр, — деп ішінен қан түкіреді, — төзімім осыншалық осал ма еді? Тапа-тал түсте тонауға түскендей әлгі мықынды қыздың ерік күшімді, мінезімді оп-оңай билеп алғаны қалай. Әлде әлгі неменің басқаша сиқыры, сипаты бар ма?.. кісінің ерік күшін қоймай билеп әкететін әзәзіл болады деуші еді, жолымды тосқан, сор боп жабысқан, күнәға белшеден батырған сайтанның сапалағы сол болмасын! «Жапалағым!» деп (қайдан тауып алды десеңші!) ыңырсыған әлсіз үнді құлағым шалса болды, дегбірім қалмай, сол қыздың сүйрік саусағын, үлпілдеген денесін, ұшы қызарған төңкерілген кеседей қос анарын, аппақ құлама жардай аппақ бөксесін көзім шалса-ақ өз-өзімді ұстай алмай, отқа түсер көбелектей ойнақтап, жалбақтап, еңкеңдеп, тар үңгірде түлкі соққан аңшыдай түртіншектеп, тұзды моншаға түскен кісіше сүмек боп терлеп, әтір иісіне елтіп есеңгіреп, ыстық құшаққа көміліп өлер ме ем.
5
Қала шетіндегі емханаға лезде жетіп үлгерді. Жеңіл мәшинесін кідіртті, шойын қақпаны сықырлата ашып табалдырықтан аттап ішке енді. Емен есікті итеріп кең дәлізге кірді. Нафталин, йод иісі аңқыған, ақ халат киген медбикелердің жүрісі жылдам, қағып кете жаздайды. Жедел басып таныс дәрігердің есігін қақты. Ар жағынан: «Кіріңіз!» — деген дауыс шықты. Айбар самаладай жарық бөлмеге еніп, дәрігер нұсқаған орындыққа тізе бүгіп, өз-өзіне келе алмай, ентігін басқан болып терезеден сыртқа қарады. Жас құралпы өзінен сәл үлкендеу дәрігер мұның жүзіне тесіліп ұзақ қарады, әлдене шаруамен күйбеңдеген медбикені шығарып жіберді.
— Шалбарыңыздың түймесін салыңыз, — деді зілсіз ғана, — оқасы жоқ, асығып жүріп түймелеуді ұмытып кеткенсіз ғой. Бәріміз де асыққанбыз, шалбар түймесін салуды ұмытқанбыз... Бір күнгідей болмай өте шығады әлі... Айбар Арыстанұлы, нәтиже жақсы емес, қазақта ауруын жасырған өледі деген сөз бар. Қалай, қандай жағдайда жұқтырғаныңызды бір құдайым біледі, сізде иммуножетіспеушілік синдромы бар. Түсінесіз бе, ішкі сарайыңызға еніп алып иммуножетіспеушілік туғызатын вирусты таптық.
Айбар сілейіп отырған күйі қалды. Орындығының астындағы жер жылжып кеткендей сезілді. Басы тасқа тиген бекіре балық алды-артын болжай алмай, судың тұнығы қайсы, тереңі қайдан... бағдарынан жаңылып беталды лағады деуші еді. Соған ұқсады. Көрінбейтін нүктеге қадалған күйі ұзақ сілейіп отыра берер ме еді, дәрігердің жұдырығын аузына кептеп жөтелгені, епедейсіз еніп келе жатқан семіз медбикені қолын сермелеп бөлмеден шығарып жібергені — күлкісін келтіргені. Күліп не болыпты! Суық жымиды да қойды. Дәрігердің қолындағы ұзынша диаграмма сызылған ащы ішек секілді қатырма қағаз айдаһар жыланды елестетті. Ақырын сыбырлап қана: «Бәлкім, қателескен боларсыз, өзге кісінің саулық нәтижесімен алмасып кетті ме, бәлкім», — деді Айбар. Шипагер ұстарамен қырғызған сопақша қауын іспетті басын шайқады: «Қателесу мүмкін емес, өзім барып екі мәрте тексерттім». Бөлмені құлаққа ұрған танадай тағы үнсіздік кернеді. Жаз айында, ата-анасын, туған жерін сағынған Айбар бастығынан бір жеті рұқсат сұрап шалғайдағы аулына, аудан орталығына барып қайтқан. Сол тұста әкесі елді шулатқан аса бір ауыр қылмыстық іске қатысты үкімді бұзып, сот құзырына қайта жіберіпті. «Іс қаралады» деген соң, ашық сотқа қатынасып тыңдап көрейінші деп бұл көкең жікжапар жалынып қоймай қолқалаған. Әкесіне ілесіп сотқа қатынасқан. Не көрді дейсіз ғой! Екі жақтан куәлар сөйлеп, қорғаушы мен айыптаушы алма-кезек тіл безесіп кешке дейін ошарылған. Кісі өлтірген қылмыскер бәрін мойындаған. Әйтсе де кісі өлтіруге итермелеген себеп пен оған жетелеген салдардың астарын ашамын деп қорғаушы әбден шаршады. Тап бейне Кизеветердің логикасынан оқыған силлогизм сипаты секілді, Кай -адам, адам болғандықтан ажалдан қашып құтыла алмайды, ал, ажалы жеткен адам қылмыскердің пышағы болмағанда әлі де тіршілік етіп жүре бере ме еді. Силлогизмге салсақ Кайдың өлімі заңды, ажалы жеткен адамның аяқ астынан өлуі — заңсыз, өйткені ол Кай емес, өйткені ол қылмыскердің пышағынан көз жұмды. Айбар осылай силлогизм шартын салыстырып отырғанда сот үкім оқыды: қылмыскер ату жазасына кесілді деді. Үкім естілген мезет екі қызыл жағалының ортасында мелиіп отырған қылмыскерге жалт қараған: бейбақ неме сілейіп отыр. Ажалдың аларын сезген кісінің есі кіресілі-шығасылы, табаны жерге тимей кетеді деген рас білем, екі милиционер екі жағынан қолтықтап алып жөнегенде аяғы жерге әр жерден тиіп, желп-желп етіп кете барды. Ту сыртынан көз салған Айбар сілейген күйі қалды. Сол баяғы соттағы суық суретке, екі аяғы жерге тимей бара жатқан, өлім жазасына кесілген қылмыскерге ұқсап кеткенім де деп ойлаған.
Үні оқыс, қатқыл шықты.
— Маған жабысқан не пәле ол?
Дәрігер салмақты қолын мұның иығына салды.
— Түсіндіріп берейін, — деді ұстарамен қырғызған басын сол қолымен кесілте сипап, — сіздің бойыңыздағы, дәлірек айтсақ қаныңыздағы белоктық иммуножетіспеушілік. Түрлі ішкі-тысқы залалды, кесапат нәрселерге аттандап қарсы шығатын иммундардың жойыла бастағаны. Жойып жатқан ВИЧ инфекциясы. Әлгі инфекция өз дамуының бірнеше сатысынан өтіп барып, адам ағзасын бордай тоздырып тынады. 1-ші сатыны-инкубациялық кезең деп атайды. Вирус енген күннен бастап 2-3 аптадан бірнеше айға созылады. Денеде көзге көрінбейтін сұрапыл шайқас жүріп жатыр деген сөз бұл. Бұл саты кезінде инфекция, сонымен бірге қандағы антитело байқала қоймайды. Әйтсе де ВИЧ-пен залалданған адам басқа кісіні де залалдауы әбден мүмкін. 2-ші саты үш кезеңге бөлінеді. 1-ші кезеңде дененің қызуы көтеріледі, таңдай, жұтқыншақ қабынады, жөтел пайда болады, денеде бөртпе шыға бастайды, қолтық, мойын, шап бездері шошынады. 2-ші кезеңде денеде ВИЧ-тің антителасы пайда болып, қорғаушы, өңдеуші, жасампаз қан түйіршіктерін әлгі зиянкестер жалмап жей бастайды. 3-ші кезеңде сілекей, сөл түйіндері қабынады. Әйтсе де кісінің жұмыс және жыныстық қатынас белсенділігі сақталады. 3-ші сатыда кісінің салмағы күрт азаяды, түсініксіз іш өтеді, дененің қызуы көтеріледі, ішкі ағзалар бірінен соң бірі істен шыға бастайды. Ең соңында СПИД-тің дамуына айналады. Ал, енді СПИД дегеніңіз ажалдың апан ауызы. ВИЧ инфекциясының соңғы сатысына жеткенде адам организмі сұмдық әлсіреп, жел үп етсе — ұшып жөнелетін қаңбақ секілденеді, ыстыққа да, суыққа да төзе алмайды. Тозығы жеткен тамдай бір шетін жамасаң, бейне, келесі шеті опырылып құлай бастайды. Мысалға, күрт ісік, Капоша саркомасы, өкпенің қабынуы, орталық жүйке жүйесінің істен шығуы - сол иммуножетіспеушілік нәтижесінен. Қазақы тілмен түсіндірер болсақ: адам ағзасы мың, миллиондап тіршілік сатысын құрайтын, өмір өрмегін дамылсыз тоқумен айналысатын вирус пен бактериялар болады, олар өмір үшін күресін бір минут те тоқтатпайды. Әлгі денеге енген белоктық антитело — қосылыстар, бейне, жәһіл жалмауызға ұқсап жаңағы вирус пен бактерияларды жалмап, жұтып бейтараптап қыра бастайды. Ағзаны іштен ірітеді. Антителоның қан құрамынан табылуы ВИЧ-пен зақымданғанның белгісі. Сіздің қан құрамыңыздан белоктық антитело қосылыстары табылып отыр.
Дәрігердің байыппен, ежіктеп айтып шыққан сөзінің мазмұны — сіз өміріңізде оңбай қателік жіберіпсіз, сол қателігіңіз үшін көктегі жаратқан ие көп ұзамай тіршіліктің таразы басына келіп, аманат қып тапсырған жанын өзіне қайтарып беруіңізді сұрайды деген үкім естілді. Сонда қалай? Тіршіліктің уыз дәмі, сүйіспеншіліктің қан қыздырғаны, дүниені ұмытқызып, есті алған ләззатты шағы түгесіліп біткені ме!.. Қарсы алдымда мұнартып көрінген асқар ала тау секілді арман асуына тырмысамын, қайтсем де өз биігіме қол артамын, өз несібемді тауып жеймін деген әдемі үміттің тасқа түскен құмыраша күл-паршасы шығып құрығаны ма!? Бар болғаны осы-ақ па? Көрдім, үйрендім, таптым, құштым, сүйдім, жирендім, сезіндім, тұшындым дегені шолақ тайдың құйрығындай шолтаң етіп шыға келгені ме? Жаратқан ие жас құрақтай жетіліп, желкілдеп, өмір туын желбірете бастаған мұның жанын алуға асықпай-ақ, анау көршідегі тоқсаннан асып селкілдеп, күшік ертіп серуендеп жүретін сөйлемпаз кемпірді, мына ертеңгісінен қоқсық контейнерін тінткілеп ас-ауқаттың қалдығын іздеп жанталасқан қаңғыны, аузына ащы су тисе адамшылық кейіптен ауысып айуанға айналып, отбасының берекесін алып, әйелін, сәбилерін күніге шырқыратып сабайтын маскүнем әкені жағаласа қайтеді!.. Өмірге қажетсіз, тіршілік етуді «ұйықтасам, ішсем, жесем» деп қана ұғатын кембағалдар, кеңкелестер толып жатыр емес пе!
Таныс дәрігер өзін-өзі әлденеге кінәлі санағандай, жазбаларынан көз алмай, жанарын алып қашып әлдебір рецепті сүйкектетіп жаза бастады.
— Бауырым, шыныңды айтшы, ешқандай үміт жоқ па?—деді Айбар ауа жетпегендей тұншығып, — бала емеспін, ашығын айтшы!
— Әлгіде түсіндірдім емес пе. Ағзаңызда айқас жүріп жатыр.
— Жеңіс қай жағына шешілмекші?
— Оны уақыт көрсетеді, Айбар Арыстанұлы. Отырыңыз, құйрық басыңыз. Соншама сұмдық көргендей шошына бермей, мына дәрі-дәрмекті қабылдай бастаңыз, дәрі қабылдайтын кесте жасап алыңыз. Жо-ға, кідіре тұрыңызшы, — деп ащы ішекше шұбалған нәтиже қағазының орауын жазып, әлдебір химиялық формуланың тұсына қарындашын қадай түсіп, леп белгісін қойды, — осынау сан әлі де үмітке табан тіреуге болады дейді. Антитело құрамын ажырататын лазерлік зерттеуге тапсырып көремін. Лазерлік зерттеу антителоның өсу қарқыны бәсең, белоктің құрамы әзірге жеті пайыздан аспайды деп көрсетсе — онда айымыз оңынан туды дей бер, күшті вирус егуді бастаймыз.
Дәрігердің бір сөзін түсінсе, келесі айтқаны санасына сіңбей дал. Мейлі де. Үмітсіз — сайтан ғана. Тіршілік үшін жанталаса күресіп, жанын жалдап, барын базарлап өмір жағалауына ұмтылып шаршамай-ақ, тағдыр жазуына мойынсұна салар еді, тұнжыраған жанары тастұма секілді сүйкімді қалыңдығы Жансаяны, түн ұйқысын төрт бөліп, бетіне жел тигізбей өсірген сүйікті анасын, «барым да, базарым да, өмір сүріп жүрген заманым да өзіңсің» деп отыратын ақжүрек адал әкесін қайда, қалай зарлатып тастап кетеді!
— Айбар Арыстанұлы, соңыма ілесіңіз, мұнда жүріңіз, — дейді дәрігер бұйыра сөйлеп. Көзге көрінбейтін бұйдалы жіппен жетелеген ботадай етіп түкпірдегі бос бөлмеге енгізді. Кебеже қарын үстел жиегіне отырғызды. Бір бума қағаз, қарындаш әкелді. — Сыртыңыздан жауып кетемін. Ешкім келіп ойыңызды бөлмейді. Тыныш отырып ВИЧ вирусын қалай, қандай жағдайда жұқтырғаныңызды қағазға түсіріңіз. Тәртіп солай. Бүге-шігесіне дейін қалдырмай, жадыңыздың қалтарыс, қуысына тінте үңіліп түгел жазыңыз. Құпияны сақтауға уәде беремін. Баланың ойыншығы емес, бас кететін жағдай бұл!
Осыны айтқан дәрігер шегіншектеп шығып кетуге айналды. Айбар өкпесіне ауа жетпегендей тұншығып, «аһ» деп айқай салды.
— Абақты ма бұл!
— Өмір деген абақты, бауырым.
— Есікті неге құлыптап кетпексің?
— Тәртіп солай, бауырым.
Деді де бөлмеден жылыстап шығып, есікті сыртынан сырт жауып кілттеді. Аңырайған төрт қабырға ішінде бұл көкең жападан-жалғыз қалды. Алдындағы қарындашты қолына алып қарш-қарш кемірді. Аяғының басына түкірді.
Шынымен, түкпірлеп ойласа, бұл құбыжық қалай жұғып жүр өзі. Қай жерден от басып алды. Еңсесін салып, үлкен үстелді жерге сіңіріп жіберердей, етпетінен түсіп, көрінбейтін нүктеге қадалып жатып алды. Қос қолымен самайын сықты. Кәдуілгі кино көргендей, көз алдынан лента өткізгендей, соңғы айдағы тіршілігін, Астанаға келгелі бергі жүріс-тұрысын, қара, ақ, алқызыл, сары бояулы өмір суреттерін сырылдатып көз алдынан өткере берді, өткере берді.
Алқызыл бояулы көрініс ысабында қала шетіндегі сейіл, серуені елестеді. Баяғыда мектепте бірге оқыған Бейсен есімді жолдасы ұшырасқан, осында Астанада, құрылыста істейді екен. Кездескеннен желпіне сөйлеп: «Ақша пішен, құрылыста бригадир болып істеймін, қорғаныс министрлігінің ғимаратын салып, аяқтауға қалдық», — деді. «Әйда, кездескенімізді атап өтелік, сен көрмеген қызойнаққа апарамын», — деді. Дегбірін алып, делебесін қоздырып, қас қарая Есіл жағасындағы жер үйге алып келді. Мұнысы несі? Мені маскүнемге ұқсатып жүр ме деп іштей кіділеніп, қырсығып кежегесі кері тартып бәкене жер үйге енеді.
Қаңылтыр пеш гүрілдеп жанады, қуырдақ қуырып, шай әзірлеп екі бойжеткен зыр жүгіреді, пеш қызуына жүзі өртеніп, піскен алмадай қызарған қыз бетінен сүйіп алғысы келеді. Сұңғақ бойлы, аққұба жүзді, қасы-көзі қиылған қыз өзін «Айгүлмін» деп таныстырды. Бәкене бойлы, төсі мен бөксесі шығыңқы, тығыншықтай сарысы «Алма боламын» деп күлмең қақты. Алма десе — дегендей, бүйрек беті қызарып, бөлмеден бөлмеге домаланып бір тынбайды. Шай ішіліп, шарап шүпілдеген бокалдар бірінен соң бірі босай бастаған кезде есікті сарт-сұрт ұрып еңгезердей жігіт енді. Кавказ халқына келетін қалың қасты, қоңқақ мұрын, мардымсыған, маңғаз неме өзін «есімім Жұма» деп таныстырды. «Жұма намазында бас құрап отырмыз», — деп Бейсен қарқылдап кеп күледі. Жұманың қойны-қонышы сылдыр, сыңғыр етеді, нақа тар бөлмеге гастрономды көшіріп келгендей сезінеді, шөлмек, шұбалған шұжық, консерві, саңырауқұлақ қалбырын шығарып жатыр... шығарып жатыр... Айбардың шараптан басы айналды. Жұма ақсия күледі, мұның құлағына ернін тақап сыбыр етеді: «Айгүл сұлу тезірек қызып қалсын деп шарабына меңдуана қосып жіберген едім, байқамай бокалды алмастырып алғансың ғой, — дейді ырқ-ырқ күліп, — нешауа, айылыңды жима, қызға көңілің шапса — төсек бөлісеміз!» Бір қараса, Бейсен досы Алманы құшағына қысып алып көтеріп төргі бөлмеге жөнеле берді. Меңдуана дегені есті алып, есірік етер пәле ме, қайдағысы қозып, тым тақалып отырған Айгүлдің аяғына аяғы тиіп кетіп еді, қыз жанары боталап қоя берді. Апыл-ғұпыл тұра келіп, аш белінен құшақтап, бұл көкең де төрге өрледі. Бойжеткен «кет әрі!» демеді. Ас үстелін бағып қалған Жұма шіркін әрдік өз-өзінен қарқылдай күледі. Қасы-көзі қиылған, мүсінді, сүйкімді Айгүлді жертөсекке сұлатып салып, құшырлана өбіп, өңмеңдей ұмтылғаны сол — бойжеткен кеудесінен итеріп сәл кідіртті. «Қуыққапты ки!» — деп қолына ұстатты, бұрын мұндайға үйренбеген шәуеті сылқ құлады. Ары-бері бойжеткеннің анарынан, тамағынан аймалап сүйді, от еріннің ыстығынан майша балқып еріді, түк өнбеді. Жатып-жатып ербиіп түрегелді. Шағын шымылдықтың ішінде, темір керуетте ләззатқа беріліп жатқан Бейсеннің бабы келгені соншалық, темір керует зар илейді-ай, зар үніне қыз күйлейді, ақырында керуеттің іші түсіп, шымылдық жыртылып, әлгілердің қырғын майданы кинодағыдай көлденеңдеді. Айбардың жүрегі көтерілді. Қазан-аяқ басында өз-өзінен жынды адамша қарқылдап күліп отырған Жұма түсі бұзылып келген Айгүлді, жертөсектен томсырайып түрегелген Айбарды көріп, мән-жайды айтпай-ақ түсінді. «Қамықпа досым, — деді бұл көкеңді бауырына қысып, — жағдайды қазір-ақ түзетеміз, мына шприцтегі аздаған морфий, шеңбер бойынша екі-үш тамшыдан салып шығамыз, сағат бойы шапсаң да қыз үстінен түспейтін шабандоз болып шыға келесің!..» Алғашында үркіп, шегіншектеп, шприцке жоламады. Мұның көзінше білегін түрініп, көк тамырға инені лып енгізіп, дәріні әуелі өзі қабылдады, «саламысыңдар?» — деп сұраулы көзбен бұларға жаутаңдады. «Ұрыста не тұрыс бар», — деп Айгүл шыбықтай солқылдаған аппақ білегін Жұманың көз алдына көлденең тосты. Кавказ халқына келетін сұсты жігіт қыздың көк тамырын дәл тауып, шприцті лып енгізді. Ендігі кезек Айбарға тірелді. «Қалай досым, салғызасың ба, әлде, белсіз, әтек болған күйіңше қаласың ба?» — дейді қарқылдай күліп. Әлгі сөзі естіген бұл көкеңнің қарадай жыны қызды, оның үстіне жігіттің «сағат бойы шабатын шабандоз боласың» деген сөзі құлағынан жуылмай делебесін қоздырды. Көйлегінің жеңін түрініп, білегін созды. Жұманың сырт дегізетін айтып болмас ептілігіне қайран қалды. Одан арғысы еміс-еміс есінде... жүрегі жұлқынғандай болып алқымына тығылып, әрі-беріден жон арқасы су боп терлеп... Айгүлдің «бойкүйез көңілдессің!.. талтайып жата бересің!..» деп шапалақтап жібергені... Жұманың пеш қасында қуырдақ жеп отырып қарқылдап күлгені... Алма қыздың үстінде лыпасы жоқ, далаға тырдай жалаңаш қашқаны, Бейсен досының шалбарының бір балағын сұғынып, бір балағын сұғына алмай, ойбайын салып қызды қуалағаны...
Әлде қала шетіндегі казинода карта ойнап отырып желіккені есінен шықты ма. Орталық алаңшада бірі кәріс, бірі қазақ екі қыз жұптасып билеп жүрген. Әсіресе қазақ қызының үстіңгі ерін етегіндегі тарыдай меңі қызықтырды, жанарын арбап желіктірді. Картасын тастай салып алаңшаға шықты. Билеп жүрген қыздарды ажыратып, тілге келді, меңі бар бойжеткенді биге икемдеді.
Тап қазіргідей көз алдында.
Қыздың аяқ басуы, денесін тік, тәкаппар ұстауы соншалық сұлу, қараған кісіні арбай тартады. Есінде қалғаны. «Осынша сұлу жүрісті қалай үйренген, әлде балет бишісі ме» деп іштей таңырқаған. Ерін жиегіндегі тарыдай меңі сұмдық жарасады.
— Есіміңді Меңсұлу десем қателесе қоймаспын», — деп биге икемдей берді. Белі үзіліп түсердей, тегі.
— Таба алмадыңыз. Есімі Ая, ата-анам «Аяулым» деп қойыпты».
— Ағаларың әрдайым аяп, алақанға салып, үлпілдетіп ұстасын деген болар».
— Аяңыз мені, ағатай!»
— Әлі бейбастық жасап бүлдіре қойғаным жоқ, қарындасым».
— Ішіп-жеп қадала қалған көзіңізден қорқамын, ағатай».
Саз нәшіне балқи еріп тербетіле билегені ерекше. Үлпілдеген үкідей. Саусағына саусағы тиген кезде өз-өзінен үгітіліп түсердей. Кеудесін шалқақ ұстап, аяғын кезек тастап, теңіз толқынындай шайқалады. Шайқалған сайын жонынан су төгілмес бозжорға елестейді, мықыны әрәдік дір-дір етеді. Сөзі де, өзі де нәзік, сезімтал, сергек сұлудың саусағын ұстап қасында жүрудің өзі жұмақтың есігін ашқандай әсерге бөледі. Кім біледі. Елпектеп, өпектеп, отқа түсер көбелекше желпілдеп дүниені ұмытып саз ырғағымен таңға дейін билер ме еді, қыз жанарын жалт еткізді. «Аяңыз, ағатай, шаршадым», — деді. Бұл артықтау кеткенін жаңа сезді, сонысын жуып-шайғысы келген сыңай танытып: «Жүрші, Ая, аздап сусын ішелік», — деп барға шақырды. Қыз қымсынбады, ілесіп бардың биік ернеуіне асылды. Осы мезет бармен жігіт қуысынан атқып шығып: «Мында оңаша бөлме бар, кіріңіздер!.. қысылмаңыздар!.. әрі жылы, әрі сырт көзден таса», — деп жік-жапар бола қалды. Желімше жабысқан қай пәле бұл деп тіксінген. Ая сұлу айылын жияр емес, бұрыннан таныс-біліс пе, әлде еркінше жайлап үйренген мекені ме, оншасын бағамдап білмеді, «несі бар, барайық», — деп оңаша бөлмеге еркінси енді. Қуыршақтай ғып жасаулап қойған бөлме бос болмады, әлгідегі кәріс қыз найза балтырын айқастырып, темекісін шаншылтып отыр, көк түтін қолқасын қапты. «Сора салыңыз, жөтел жоғалады», — деп кәріс қыз сидиған сигарасын ұсынады, бұл қысылады, қолқалап қоймаған соң қолын созады. Ұзын сигараны сорғаны сол, ішіне сумаң қағып жіңішке жылан өткендей сезілді, жан тері шығып, қақылдап жөтелді. Басы зырқылдай зеңгіп, көз алды кілегейленіп одан арғысы есінде жоқ, әйтеуір кәріс қыз бен Ая «іш» десе — ішіпті, «құш» десе — құшыпты, басының қайда, аяғының қайда қалғанын ұмытып жығылып тұрыпты, тұрып жығылыпты, жалаңаш құштарлық көліне тұншыға жаздап малтып жүзіпті.
Осы оқиғаларды тәспінің тасындай тізіп хатқа түсірді, түс ауа дәрігер жігіттің қолына қолжазбасын тапсырды, ешкіммен, ешқандай жағдайда жыныстық қатынас жасамауға серт етіп қолхат жазып берді. Екі-үш күн ете қайыра соғып лазерлік зерттеуге түсетін болып келісті.
Аурухана есігінен намазшамның көлеңкесіне ұқсап ұзара сорайып құр қауқар шықты.
6
Шалғай ауданның орталығына Қызылорда-Астана жүйрік поезы таң алдында келетін. Аудандық прокурор Арыстан: «Балама барып қайтамын!.. үй алыпты, қызметке тұрыпты, құтты болсын айтамын, министрдің қызымен уәдесі бар көрінеді. Осы жолы қайтсем де құдалардың алдынан өтіп, сөз байласып қайтамын», — деп үлкен үмітпен артынып-тартынып стансаға үйіліп жеткен кезде, шығарып салушылар легі шағын вокзалға сыймай кетті. Қасында талақша жабысқан бәйбішесі бір елі қалмайды, жіті басып, жүк көтерген, билет әкелген жігіттерге қайта-қайта жарлық жасап, нақа бір алыс қажылық сапарға бара жатқандай «аһ, құдайлап» дауысы еш сембейді. Жұбайына зілдене сөйлейді. «Осы біз қуырған қырғауыл салған қорапты ұмытып кеткен жоқпыз ба, отағасы?» «Қауынқақ қайда, ойбай, қауынқақ!..» «Ау, дардай басыммен сенің қораптарыңды түгендеп жүрсем, мына жұрт Арыстанды жын иектепті, айбатты арыстан емес, мысық боп үлгеріпті деп келемеж қылмайды ма, бәйбіше! Қауынқақ, қырғауылыңды өзің түгенде — түгендесең?!» «Алда ғана ештеңеге ебі жоқ қонжық секілді сүлейім-ай, Астанаға бәрі таңсық, онда көкөніс шөптен басқа тіске басар ештеме жоқ дейді». Әсемай шешенің уайымы тіптен бөтен, жалғыз ұлының жабдығына, ас-ауқатына деп артынып алған қораптары аядай перронға сыймай, одан қалса түкпірдегі шағын стансаға үш-ақ минөт аялдайтын жүйрік поезға сығыстырып салып үлгереді ме, жоқ па ол дағы мазалайды.
Жолаушыларды алыс жолға шығарыса келген аудан әкімінің бірінші орынбасары прокурор құрдасын қолтықтап алыпты.«Арыстанеке, түнеукүні балаңыздың табақтай суретін республикалық газеттің бірінші бетіне көргем, — дейді май жұтқандай тамағы қарлыға сөйлеп,
— Айбарыңыздың атағы дүрілдеп тұр ғой бұл күнде». Арыстанның бостекі мақтанбайтын сыпайы, сері мінезі алабөтен. «Жұлдызы жанып тұрса — тегін адам еместігі шығар, үш тілде еркін сөйлейді, компьютердің құлағында ойнайды, тіфә, тіфә, тіл-көзден аман болса бір жерден шығады деп ойлаймын». «Арыстан-еке, былай жүріп тілдесейікші... Сізде ұл, бізде қыз бар дегендей, құйрық-бауыр жесіп құда болып қойсақ, айымыз оңынан туар ма еді, балалардың бағы ашылар, бәлкім». Шөлмек коньягін, тіске басар қазы-қартасын сөмкесінен шығарып жол ашар жасауға бейімделген қызметші жігітті қолымен жасқап кідіртті. «Сәл кідіре тұршы, көкешім, жылқының майын жылтыңдатпай! Арыстан-еке, Айбар балаңыз Астананың ортасынан ойып тұрып үй алды деп естідім бе, қызметі бір саты жоғарылапты, құтты болсын!.. Арыстан-еке, жалақысы мардымсыз деп мемлекеттік қызметке барудан бас тартыпты деп естідім бе?..» Арыстан шөлмегін жылтыңдатқан қызметші жігітті аяп кетті. «Құйсаң — құйшы, шырағым! Оншалық анық-қанығын білмедім, жұрттың бәрі жарғақ құлағы жастыққа тимейтін тыңшыға айналып кеткен бе, елорда жақтан сыбдыр еткен дыбысты сезіп-біліп отырады, қарап отырып қайран қаламын», — дейді Арыстан прокурор. «Тілеулес жандар жақсылықты елден бұрын естиді, іштей тасып шүкір-шүкір деп қуанып жүреді, оның несі айып, Арыстан-еке, — деп әкім жігіт жолашарға деп құйылған рюмкені көтере берді, — Айбар қарағыма сәлем айтыңыз! Жолыңыз болсын! Жылы хабарды асыға күтеміз, сізде ұл, бізде қыз бар дегендей, қазан аузы жоғары деп үміттенеміз!..» Осы сөзді айтып әкім жігіт коньякті көтеріп қойды. Арыстан-екең ерін ұшын тигізді де рюмкені қызметші жігіттің қолына ұстатты. «Жақпайды, әтасына нәлет, ай, бауырыма бүйіше қадалады!»
Осы мезет жердің еңбегін тесіп жіберетіндей болып дүрілдеп үлкен локомотив сүйреткен көгілдір поезд стансаға келіп кірді. Бейуақта болғасын ба, ортадағы бірер вагонның есігі әзер ашылды. Кондуктор шала ұйқылы: «Әй, осынша халық мінесіңдер ме? Менде орын жоқ! Облыс орталығынан сақтап келе жатқан екі СВ бар, өңгесі бос емес!» — деп бет бақтыратын емес. «Бұлардың бәрі шығарып салушылар», — деп Арыстан прокурор билетін көрсетіп, баспалдаққа аяғын салып, ішке етті. «Ауданның шөпке шығарының бәрі жүр ғой өріп. Ай, осынша кісі вагонымды қиратып кетер!.. ай, осынша қорапты салып жатырсыңдар, жүк вагоны емес бұл, әйда!» Ұрыста не тұрыс бар дегендей, әбжіл, қарулы жігіттер көгендегі қозыдай қаптаған қораптарды лездің арасында лып-лып салып, кондуктордың ойбайын құлағына қыстырмай, ысырмалап, ығыстырып, арасында прокурордың бәйбішесі Әсемайды көтеріп салып жөнелтті де жіберді. Заржақ кондуктордың үні сап тыйылды. Әлгідегі епті жігіт о байғұстың қолына көк қағазды қыстыра қойғанын сырт көз сезбеді. Поезд дүр сілкініп қозғала берді. Түкпірдегі аудан орталығын түн түңлігі бүркеді.
Екпін алып солқылдай жөңкілген составтың іші ұйқы құшағында екен. Кондуктор купенің есігін ашып, қаптаған қалың қораптарды тасып, біраз қол ұшын берген. Кеудесі сырылдап ентігіп қалды. «Астанаға көшіп барасыңдар ма, осыншама жүкпен?» — деп таң қалады баяғы. Әсемай кейуана қуырған қырғауыл, қауынқақ салған қораптарды таппай жүрген: «Қайдағы көші-қон! Онда ұлымыз тұрады, дөкей қызметкер, үй алған, бұл сәлем-сауқатымыз апара жатқан», — дейді өз-өзінен күйгелектеніп. Кондуктор жұдырығын аузына кептеп қақылдап жөтеледі: «Балаңыз үйлеген бе еді?» «Үйленбесе құда түсейін деп пе едің, басы жас, оқуын былтыр бітірген, бұйырған бір шүйкебас табылар!» — деп даурығады.
Жұбайы Арыстан сырт киімін шешіп, тоқыма спорт киімін киіп ақшаңқан төсекке жантая кеткен. Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Лездің арасында алдына келген қызылкүрең шайға лимон турап салып, ыстықтай ұрттап, терісі кеңіді білем.
— Ертеңгісін Айбарға телефон шалып ұстай алмадым, шаруасы шаш етектен бе қайдам, хатшы қыз ескертіп айтамын деп уәдесін берді. Ал, бәйбіше, шай ішіп өрекпіген көңіліңді бас қорабың түгенделсе.
— Әдірем қалғыр, көрінген көлденең көк аттының аузына түсетін сөзі «балаң үйленген бе еді», деп тікенекше қадалады. Үйленбесе - үйленер! Айбаржанның басы бос жүргені жұрттың қабырғасына батып болды әбден. Жаңа әлгіде қолпаштап шығарып салған әкімнің орынбасары тегін жүрген жоқ, алды-артыңды орап әне бір үйінде өтпей отырған қызын Айбаржаныма бұйыртпақшы. «Мақұл, құда болдым» деген сөз аузыңнан шықсыншы, бар жиғанын поезға теңселдіріп артып, қызын Астанаға өзі-ақ апарып тастамақшы.
— Қызы тәуір ме өзінің, шешесі қараторының әдемісі, жөн білетін жан.
— Әдірам қал-ай, үй шаруасына жоқ па, қызын қашан көрсең кітаптан бас алмай отырады. Баламның мойнына мініп алып, бес-алты жылда егіз қозыдай нәрестені шұбыртып табарына шүбәм қалмайды. Мықыны кең көрінді.
Арыстан-екең әйеліне ала көзімен қарады.
— Өткен сенбіде облыста жиналыста болғам. Облыс әкімі төбемді көре салып, сәлемімді алып, үзіліс кезінде артқы бөлмедегі сәрілік шайға шақырып шыр айналып жақын тартып барады. «Әлде өсіргелі жүр ме, әлде елорда жақтан министр бірдеме деді ме» деп ішімнен өрекпіп қоям. Шай ішілді, үзіліс тамамдалды. Облыс басшысы асығатын емес: «Арсеке, ұлыңыз Астанада болашақ бағдарламасының бәйгесінің алдын бермей тұр деп естідім, құтты болсын!» — дейді іші ерігендей жылыұшырап, елжіреп. Сыр бермеймін баяғы.
— Әдірам қал-ай! Облыс әкімінің үйелмелі-сүйелмелі үш қызы бар деп естігем. Үлкені күйеуден қайтып келіпті, нәрестемен үйінде отыр. Ортаншысы Астанада Еуразия университетінде оқитын көрінеді, апта сайын облысқа, үйіне ұшақпен ұшып келіп тұратын көрінеді. Кіші қызы мектепте оқиды. Арғы аңғары, көмекей бүлкілі қайтсе де Айбаржанды арбап шырмап алмақ.
Арыстан суып қалған шайын қылқ-қылқ жұтты.
— Солай ма еді. Жазған басым облысқа шақырғалы оқталды ма, әлде министрлігінен қоңырау түсті ме деп тұлыпқа иіп жүр екем. Түннің бір уағы болып қалды, демалайық.
Осы сөзбен басын жастыққа қойған Арыстан көпке дейін көз іле алмады. Қиялы алыс-жақынды шарлады. Бұл домалақ дүние поезд дөңгелегіне ұқсап зырлағаннан-зырлап не болып барады, қай бағытқа апарады өзі деп іштей сауал қояды. Мына қазақтың ойлағаны есеп, қайтсем үлкеннің көзіне түсемін, қайтсем қалтамды томпайтамын деп өліп-өшіп жүргені. Әлде капитализм қоғамына, нарық базарына аяғы салбырап топ ете түскен кездегі жан шығып, ес кеткендей халі осы ма. Адал тапқан наным бұйырсын, ырзығымды маңдай теріммен теріп жейін деп жүрген кісі некен-саяқ. Бәрі — аларман. Біреу біреудің алдын орасам дейді, біреу айламды асырсам дейді, енді келесі кісі сырт көзге момақан, іші монтаны қалыппен-ақ екі-ақ рет жүріп, екі жеп биге шықсам дейді. Адал еңбегіне сеніп әділет аулынан табан аудармай жүрген мына Арыстан-екеңнің қалай қосақ арасында құрып кетпей жүргені белгісіз, я, жоғары жақта ет жақын бауыры жоқ, я, алыс-беріс мінезден тағы ада, жұрт қатарлы жан бағып жүргеніне тегі қайран. Баяғыда баласы аупартком төрге шығушы еді, енді ана Айбаржаны шет елден оқу бітіріп келіп, үлкендердің, іскерлердің көзіне түсіп, тасы өрге домалаған сайын өзінің де қалпағы қоқырайып, төр жаққа өтетінді шығарды. Ел құлағы елу. Бәрінің аңдығаны — кімнің іргесі берік, кімнің қолы ұзын, қадамын бағады, қабағын аңдиды. Адам бәрін біліп тумайды, көре-көре, жүре бара көсем болады. Енді міне елудің сегізіне шығып, алпыс деген бір аяңдаса жететін биік төбенің басы, соған тырмысып жетіп алсам, алды-артымды болжасам, ақылдың аулына ат шалдырып өзіне бұйырған тіршілік таразысын құрып қойып, не тындырдым?.. Қалай жүріп өттім?.. Бұрысым көп пе, әлде дұрысым көп пе?.. — деп өлшеп-пішіп алуды құп көріп жүрген.
Дүрсілдеген поезд жүрісі жүрегінің ырғағына қосылып еш ұштығы таусылып болмайтын қиялдың жетегіне жіпсіз байлады. Ой-хо-о-ой, дүние деген! Жігіт жасында қандай өткелден өтпеді, нешеме қақтығысты өткерді; ауком бюросында сәл жіберген қателігі үшін «партбилетті үстелге қой!.. коммунист емессің енді!..» — деген бірінші хатшының суық сөзінен кейін жиналыстан сүлеленіп шығып, үйіне барып асылып қалған колхоз төрағасын көрді; жоғары кеңес депутаттығына селодағы беті қызыл, көзі ойнақшыған қызды «күрішші, сауыншы» деген құжатпен қоймай жүріп сайлатып алып, екінші әйеліндей ғып ұстаған аудан басшысын біледі; қолдан жасаған қуыршақ озаттың орден алғанын жуысты; қайта құру, ашығын айту саясаты дүрілдеп тұрған кезде облыс басшысын сынаймын деп алты ай қызметсіз қалғаны жүрегінен еш жуылмайды; «Желтоқсан» партиясына мүше боламын деп салпаңқұлақ үндеместердің соңынан көлеңкеше ілескенін сезеді; айтты-айтпады, жақсылық ұзақ тұрмайды, жамандық әр кез тозбайды, бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды, деп ақын айтқандай, соның бәрін көріп, біліп, тұшынып өткенге жетпейді. Әйтпесе жоғарыда айтқан колхоз төрағасына ұқсап «партбилеттен айрылдым, қарабетпін, енді маған жарық дүние жоқ» деп асылып қалса қайтер еді. Депутат қызды тоқалындай етіп ұстаған бірінші хатшы әлдеқашан жүрегі ұстап бақи жалғанға аттанған. Тек жүрсең — тоқ жүресің дегендей, тым лапылдап маздап жанбай, өзгелер күйінген, кейіген нәрсеге ағынан жарылмай, бықсып жанып, жанып бықсып, жауынды күнгі қойшының қоламтасындай өшіп қалмауға тырысып баққаны ғанибет енді. Бірде алдынан кісі өткізбейтін, бет қаратпайтын өр мінезді бірінші хатшы жедел шақырып алып ескерту жасағаны есінде. Ұрысқан, я, кейіген жоқ, үнсіз түйіліп отырып-отырып былай деді:
«Жастар арасында нашақорлық ұлғайып барады, СПИД деген пәле жер түбіндегі осы ауданға да жетіпті, қимылыңыз баяу, қаталдау болыңыз, бетінен қалқымаңыз деп бірер мәрте ескерткенім есіңізде. Сіз бықсып жанған қоламта, су отын секілдісіз, түтініңіз көз ашытады, жылуын сезе алмаймын».
«Жолдас, бірінші хатшы, ауыр айттыңыз, менің жұмысым көңіліңізге толмаса босатыңыз, ұсыныс беріңіз, осындай қызметті көрші ауданнан-ақ тауып аламын», — деді де орнынан лып көтеріліп басшының алдынан суырылып шығып жөнелді. Хатшымен арадағы түсініспестік, кикілжің көп ұзамай ұмытылды. Әйтсе де әлгі сөз өмір бойы жадында мықтап жатталып қалды. «Бықсып жанған қоламта, су отын секілдісіз, түтініңіз көзді ашытады» деді-ау әлгі неме деп талайға дейін ой теңізіне малтып, шыға алмай жүрді. Қиял қанатында тербетіліп, поездың қалыпты ырғағымен теңселіп жатып талығып, көзі ілініп кетіпті.
Купенің қарсы сәкісінде жайғасқан Әсемай кейуана күні бойғы сүркіл жүгірістен, ел кешкендей сәлем-сауқаттың қораптарын түгендеумен әбден сілесі қашып бітіп шаршаған екен. Басы жастыққа тиісімен ұйқы құшағына шым батты, тастай қатты.
Көгілдір поезд далиған шел даланы жасыл жіппен кектеген инеге ұқсады. Көне қала Түркістанға таң бозында ілікті. Вокзал маңындағы мешіт мұнарасына шығып азан шақырған молданың азынаған үнін естімеді, оғаштау түс керді.
Әсемай кейуана азынаған жел етінде, үлкен перронның жиегінде үстіндегі плащының етегі делдиіп поезд күтіп тұр екен дейді. «Кейуана, соншама неге ерте шықтыңыз? Сіз күткен поездың келуіне әлі бір сағат бар», — деген кезекшінің сөзін құлағына ілмеді. Бойы тоңазып, қалш-қалш тітіреп, жалаңаш алаң үстінде жападан-жалғыз тұра берді, әлден уақытта ызғырық желден жаурағанын сезді, иегі-иегіне тимей қалшылдап барады. Вокзал кезекшісі жанына және тақады: «Кейуана, ішке кіріңіз, бұл түріңізбен суыққа ұшып өлесіз, — деді есіркеп-мүсіркей, — күтіп тұрғаныңыз күйеуіңіз бе, кейуана?»
— Жоқ, тағатым таусылып баламды, құлыншағымды күтіп жүрмін, шетелде үлкен оқуды тамамдап қайтып келе жатқан беті. Әбден сағындым өзін, ойыма түссе — өзімді-өзім қоярға жер таппаймын. Маңдайы жарқырап қашан қарасы көрінер екен қарағымның!»
«Түсінікті, түсінікті, кейуана. Ананың көңілі балада, баланың кеңілі далада деген осы дағы. Айтпады демеңіз, екпеңізге суық тигізіп алсаңыз жауап бермеймін, қаңтардың ызғырығы кісіні сау қоймайды, қағып түсіреді».
«Сонау жер шетінде жылтыраған жарығымның поезы ма, қалқам, жанарым жасаурап еш көре алатын емеспін!» — дейді дегбірі таусылған шеше байғұс.
«Сол, сол, — дейді вокзал кезекшісі қатқыл үнмен дауыстап, — апырмай қарқыны тым күшті, вокзалға аялдамай зу етіп ете шығар ма екен, уақыт кестесі әлі дұрыстап белгіленбеген жүйрік поездың құйғытып, жер танабын қуырып екпіндеуі тым жайсыз ғой, тегі!»
Вокзал кезекшісі бекер уайым етпепті, жер шетінен арқырап, зырқырап келе жатқан жүйрік поезд вокзал тұсында екпінін еш бәсеңдетпеді, қайта өршелене өкіріп, жер дүниені солқ-солқ еткізіп, жосылған күйі бұлардың тұсынан заулатып өте берді. Әсемай кейуананың жаулығы желпілдеп поезға қағылып өлер ме еді, кезекші жігіт қолтығынан дер кезінде қармап үлгереді. «Составқа соғыласыз ба, қайтесіз? Былай тұрыңыз, шеше!» — деп жұлқа тартпаған да бар ғой, көгілдір вагонның астына өбектеп түсер ме еді! «Құлыным-ау, Айбарым-ау, неге түсіп қалмайсың!» — деп жол жиегінде екі бүктеліп сыңсып жылаған күйі отыра кетті. Әне! Әнекей! Көзі шалып қалды! Ортаңғы вагонның ашық тамбурында ақ көйлекті, шашы бұрқырап желкесіне түскен, айбаты, абыройы, Айбары сол! Жіңішке шыңылтыр дауыспен шешесін көріп қап, айқайын салады-ай.
— Апа-а-а-а!
— Құлыным-ау, қошақаным-ау, поезды неге тоқтатпайсың? Сағыныштан сарғайып жүрген шешеңді жел өтіне, жалаңаш алаңға сопайғаннан сопайтып тастап кеткенің бе, құлыным-ау!
— Апа-а-а-а! — дейді Айбардың әлемтапырық ащы үні, — поезды токтатуға дәрменім жоқ. Енді қайтып оралам ба, оралмаймын ба, білмеймін, апа-а-а-а!..
Айбарының, құлыншағының, көзінің ағы мен қарасының даусын үздік-үздік жаңғыртып өкірген поезд заулаған күйі құйындатып өте шықты. Әсемай кейуана жер тіреген күйі еңкілдеп, составтың соңғы қызыл жарығы жер шетіне сіңіп жоғалғанша жанары боталап қараған күйі қалды. Балбал тасқа айналды. Тоңған ернін жыбырлатып, дір-дір қағып: «Құлыным-ау, мына шешең байғұсты жер тіретіп, жер шетіне қалдырып, жер ортаға келгенде қайда қараңды батырып жоғалдың. Бүйткенше мені де қоса алып кетпедің бе? Сенсіз дүние базардың қызығы қайсы? Жатсам да, тұрсам да бір сені ойлап еш санамнан шығармай, күніге атынды мың атап, жүз толғанып, жолыңа құрбан болардай өмірімді, үмітімді жалғап, тіршілігін ұзартқан шешеңді тірідей өксітіп зым-зия жоғалғаның не қылғаның!
Жаман түстен Әсемай кейуана жастығы малмандай суланып жылап оянды. Осындай да беті бері қарамайтын суық, сұрықсыз түс енеді екен-ау деп жүрегі езіле күрсінді.
7
Дәрігердің алдынан жүдеп шыққан Айбар қызметке баруға құлқы соқпай, үйіне тікелей тартты. Ұялы телефонымен президентпен тілдесті. «Саушылығым болмай тұрғаны, президент мырза, қызметке ертең бас сұқсам», — деді. Бизнес орталығының президент) әлденеден секем алып қалды ма, жұмсара сөйледі: «Жарайды, деміңді ал, басыңды тынықтыр, ертеңгілік кейігеніме ренжіп қалғандайсың, оқасы жоқ, бастық болған соң ширатып, пысытып отыру міндетіміз!»
— Ренжіп неғылайын, президент мырза, — деді Айбар.
— Жақсының өкпесі жібек орамал кепкенше деген бар ғой, Айбар Арыстанұлы, — деді президент.
Ұялы телефонын үзіп, жеңіл жүйрігін желдей ескізіп үйіне демнің арасында жетіп үлгерді. Есікті ашып ішке енді. Қас қарайып, қараңғылық үй ішіне ұйыған айрандай жайлап алыпты. Ауа тымырсық. Сырт киімін шешіне салып, төргі бөлмедегі диванға көсіліп жата кетті. Жарық жақпады.
Үңірейген бөлме іші үрей шақырады.
Мына жұмыр басты пенде қоршаған ортаның бір бөлшегі. Туған жері құлпырса — реңі кіреді, топырағынан боздағы шығып, тұзды айтақыры жауыр атқа ұқсап, алапат азынаған жел тулақша қағып желпілдетіп жатса — мыңдаған шақырым жырақта жүрген ұрпағының да мәнісі болмайды. Ұшынған, шошынған кісідей кіділеніп жүдейді. Мұндайда адамның жан әлемі барометрге айналады. Әлгі дәрігер айтқан пәлені қайдан жұқтырып алдым деп ішінен іріді Айбар.
Сыныптас сырласы Бейсен апарған үйде, жосықты, жосықсыз қарқылдап күле беретін тау халқына ұқсаған Жұма есімді жігіттің кісіні күлегеш ететін есірткілі шприці арқылы ауысқан белоктық антитело ма? Бұрын біреу қолданған инені көктамырға сұқтыра салғаны шын ақымақшылық болған. Ортақ флакон, ортақ ерітінді дегеннен ат тонын ала қашу керек еді. Сауатты адамның бәрі біледі, жұқтырудың баршасы қабынуға әкеліп соқтырады. Қабыну басталған органда қанның ақ түйіршіктері — лимфоциттер шоғырланады. Дене мен ағзаның қай жері әлсіресе-ақ түйіршіктер атой сап сонда жетіп барады. Ақ түйіршіктердің азаюы мен көбеюіне қарап дененің қай тұсы күрт әлсірегенін білесіз. Енді келіп әлгі лимфоцит ақ түйіршікке антитело жабысады. Лимфоциттің рөлі өзгереді. Адам ағзасын жанұшырып қорғаушы емес, ВИЧ-тің контейнеріне айналып шыға келеді, биологиялық тосқауыл жүйелерін бұзып, клетканы тікелей тоздыруға бет алады. Әлгі қабыну процесі белоктық антителоның күрт молаюына жол ашады деген дәрігер сөзі құлағында қалған.
Әлде қала шетіндегі казинода, түкпір бөлмеге еніп алып, Аяулымның санын сипап рахатқа бөленіп, кәріс қызбен алма-кезек қатынасқа түскеннің салдары. ВИЧ антителосы ұрыққа жабысқыш, абайсызда ұрықты тәніне жабыстырып үлгерді ме, кім біледі.
Қараңғы бөлмеде, тынышсыз төсек үстінде серейіп жатқан Айбар кенет ащы өзегін өртейтіндей ғып өксіп кеп жылағысы келді. Иығы селкілеп, жанарының көбесінен жылы жас жылыстап акты. О, тоба! Осыншалық кіріптар халге түсердей, отызға жетпей не жаздым.
Ешкімнің алдын кесіп өтпедім, зұлымдық жасамадым, жетімді жылатпадым, кісі ақысын жегенім жоқ!.. осыншалық оқып, тоқып, дүниенің білімін игеріп кеп келешекке баспалдақ қойдым ба, Ілгері тілеулі жолдас-жора таптым ба, Жансая секілді күнәдан пәк періште қызды қолыма құс қып қондырамын ба, әкем Арыстан, шешем Әсемайды тау басына шыққандай етіп мерейін тасытып, абыройын асырсам, келін жұмсатып марқайтсам ба дегенде — сұмдық суық дертті ішкі ағзама өткізіп алғаныма не жорық, не жосық!..
Жастығы су боп солықтап бүк түсіп жатып азғана көз шырымын алыпты.
Әлден уақытта бүйірінен біреу түрткендей оқыстан оянып кетіпті. Терезеден толық ай аппақ сәулесін еселей құяды. Неткен керемет десеңші! Дүниенің жұмбақтығы да, ғажайыптығы да осында. Аспан әлемінде қалқи жүзген табақтай дөңгеленген керемет жердің тартылыс күшіне өзінше әсер етіп, күннің түнге, болмаса түннің күнге ауысуын бір секунтке қалт жібермей, қадал ұстап, мұхиттардың тасуы мен қайтуын реттеп мың-миллион жылдан бері серіктесіп келе жатыр. Осыдан үш мың жылдан бұрынырақ тибет монахтары санскритпен жазған кен кітапта ең әуелі тіршілік айда дамыған көрінеді, бір заманда оттегі, сутегісі азайып өлі денеге айнала бастаған кезде, ақылды тіршілік иелері тұқым-тұяғын алып айды талақ қып тастап, жерге көшірген деседі. Ай — жердің өлі денесі, жансыз қаңқасы. Жаратылыста мәңгілік, тұрақты ештеңе жоқ, бәрі де өмір үшін жанталасады, ақырында азынаған жел, сусыған құм қойнында ағарып қаңқасы қалады.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас деп ақын айтқан сөз есіне оралды.
Өмір сүргеннің сәні, қызыққа құмартқанның жөні осылай екен деп тіршілік тізгінін тым-тым босатып алғанын жаңа ғана шындап ұғып жатыр. Әрі-беріден ойдан ой сауған сайын жаны безектеп, сай-сүйегі сырқырағандай болады. Жамбасына әлдене тас болып батады. Диваннан ытырыла тұрып, шырт еткізіп жарық жақты. Шағын сөреде тізіліп тұрған кітаптардың ішінен діттеген қол басындай, көкшіл басылымды лезде суырып шығарды. Ойланбастан ашып жіберіп ұлы ақынның қара сөздерін көз жүгіртіп оқи бастады. «Мына сөз өзіне арналып жазылғандай, тегі. «Жастықты бір қызықтан соң бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талап қылуға жарамай қалады екен». Белі қайқы, құшағы ыстық, еріні үлбіреген, көзі жәудіреген бойжеткен көрсе мойын тамырын үзе бұрылып жастығы тозбастай, буыны босамастай, дүниені ұмытып құлшынып жүгіретіні жаман. «Әрбір нәрсеге қызықпақтық» туралы жазған сөзі тура өзіне тіреп айтылғандай ғой. «Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен» дейді ақын. «Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әр түрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әні-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, біртүрлі мастық пайда болады екен. Әрбір мастық бойдан агатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, ылди-төмен тастаған тас секілді алды-артыңа қаратпай жібере ме, кім білген.
Санасына біткен бай қиялын, зейінін, ұстаздың аузынан бір естіген сабағын қағып алып, өзінше дамытып, жетілдіріп жөнелетін алғырлығын алдына салып қаншама қиындықты жеңіп үлгерді. Ағылшын, орыс тілін қазақшадан артық білмесе, кем сөйлемейді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша қым-қуыт қиын емтиханнан алдына жан салмады, баз бірде кейбір пәннен ұстазынан тереңірек, ауқымдырақ білетінін аңғартты. Ағылшын оқытушылары ондаған қиын сұраққа қиыстырып жауап берген кезде «мұндай вундеркинді көргеніміз жоқ» десіп, аузын ашып, көзін жұмды. Ұлыбританияның Кембридж университетін үздік бітіріп шықты. Ағылшын ұстаздары «осында қал, ғылымның жолына шам алып түсесің, мықты маман боласың», - деп жата-жармасқан кезде түкпір аудандағы әкесі мен шешесі рұқсат бермеді. «Көзіміздің ағы мен қарасындай жалғыз тұяқсың, жолыңа бүкіл қараша әулеті, Сыр бойы елі қарап отыр, бар келешегін сенімен шешіп алмақшы, жерге қаратпа, сағымызды сындырма!..» десіп, әрі-беріден жер тепкілеп жылаған күндерде бауыры езілмей тұра алмады. Көнді, мойынсұнды, шабаданын қаттап салып, түбіне алтын жалатқан дипломын тығып, жер шетінен салақтағаннан салақтап қайтып келді.
Көп ұзамай Астананың ортасынан ойып тұрып қызметке тұрды. Әрнәрсеге аяушылық жасап, еліккіш, езілгіш жүрегінің ырқымен кеткені дұрыс болмады ма. Түптің түбінде бұл көкеңді елжірегіш жүрегі құртты ма. Поезд әйнегінің арғы жағында керіліп жатқан сұлу даланы көрсе — езіле елжірейді: қан базардың кіре берісінде садақа сұрап қол жайып тұрған кіріптарды көрсе — қайрылмай өтпейді; бір көрген жорасы «қиналып қалдым, қарыз бере тұршы» десе — қалтасындағы соңғы ақшасын ұсынады; шағын бөлмедегі титімдей төсекте аппақ саны төңкеріліп, қос анары кеудесіне сыймай, ұйқысырап бойжеткен жатса — елжіреген бойын билей алмай, нақа от боп күйген денесін салқындатып алуға қам қылып көлге сүңгіген кісідей, құштарлық көліне күмп ете түседі. Құштарлық көліне тұншыға жаздап малти жүзеді.
«Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуіші бар, — деп жазыпты ұлы ақын, — өлшеуішінен асса жарамайды.
Өлшеуін білмек — бір үлкен керек іс.
Ойланбақ жақсы,
Іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады».
Кешегі күндіз алдынан өткен дәрігер бір сөзінде «қаныңыз ыстық, аса дарынды адам екенсіз, бойдағы қуатқа ие бола алмай көзіңіз аспандап жүріп от басып алдыңыз ба, әлде» деген еді, сол айтқанының жаны бар секілді. Мына тұста ұлы ақын сол уәж пікірді өзінше қайталап хатқа түсіргендей, сірә. «Яғни «сила притягательная однородного» бірлән «подвижный элемент» — бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады... адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек». Шыны керек, ойды тия алмай жүріп, бойды қалай тыйсын! Бар пәле сол қызықмас, желпінген көңілдің жетегінде кеткен подвижный элемент — құштарлық отының күштілігінен, бәлкім. Шындықтың бетіне тура қарап, арының, ұятының алдында жауап берер болса — мына құрыған құтылып болмайтын дерттің мыңдаған маскүнемді, жүздеген құмарпазды, миллиондаған қайыршыны жазаламай, асау аттай арман пырағына қол артамын-ақ деп жанталаса ұмтылған мұны табуын қалай түсінуге болады. Құдай алдына жасаған күнәсі бар ма! Кім қалай тіршілік жасап жүр, кім басы асау өз мінезімен алысып шаршайды, кім күрмеуге келмейтін тапшылық пен жоқшылықтан құтыла алмай қажиды, кімнің қажыр-қайраты мол, қайсының ілгері тілеуі мол — бәрін-бәрін жаратқан ие жіпке тізіп зерделеп отыр дегенге өлсе сенбейді. Ендеше санасына «мені шеш, мені шеш» десіп сығылысып келген сан сауалдың жауабын кім табады. Ауыр, айықпас дерттің дауасын табатын жер бетінде құдіретті күш бар ма, жоқ па!
Ышқына ыңырсып бүктетіліп ұзақ жатты.
Әйнектен сығалаған айдың жарығы солғындады.
Кешегі күндіз қабылдауында болған дәрігердің сөзі құлағында зың-зың жаңғырады: «Космос керуенінде Уақыт шеруі басталуы да, аяқталуы да жоқ шексіз сәуле секілді. Көзді талдырған көмескі ғасырлар аңызға айналады. Келешек ше? Кешегінің қиыр шексіздігі секілді келешек те қиыр шексіз. Қиыр келешектің көзімен қарасақ біздер кешегінің қиырдағы нүктесі секілдіміз. Адамның негізгі қасиеттері нешеме мыңдаған жылдар бойында оншалық өзгере қойған жоқ, ақыл алға озып шықты, техниканы дамытты, компьютерді ойлап тапты, геналық инженерия адам ағзасындағы миллиондаған тектік құрылым — хромосты есептеп шықты, ал жүрек сорлы тас дәуіріндегі нәзік қалпында қалды. Адамдар бірін-бірі сүюден, қадір тұтудан тас дәуіріндегі сезім күйінен оншалық ұзап кете алмады.
Адамдар қатыгездене түсті. Аяушылық азайды. Бірін-бірі жоюдың сұмдық жаңалығын ашты. Ғылым мен техника заманы адамның рухани жетілуін ұмыттырды. Дүниені жалған деп жалпағынан, жанымен қабылдаудан қалды. Рухани әдепті тозған киімше лақтырып, жан әлемін жетілдірудің орнына қатып қалған заңдылықтардың қалбырына қамады. Адамдар Жоғарғы еріктен қол үзді.
Культ қызметкерлері Ұлы шындықты ұмытты. Будданың бақи жалғандық болғанына үш ғасыр өткенде Сенім діни дау-дамайға айналды. Және бір ғасыр өте христиан діні дүрдараз даңғойдың, бет қаратпайтын қатты мінездің кебін киді. Машайықтар, софылар, поптар, әулиелер, дінбасылар, шеихтар космостық гармонияны, жаратқан ие пәрменін бұрмалап, бұзып түсіндірді.
Өмір үшін күрес, тіршілік тайталасы ештеме ойлантпады. Өзге әлемнің жасыл, күлгін сәулесі соншама ластанған жер ауросына ете алмайтын халге жетті. Жоғарғы космостық үйлесім, жаратқан ие ықыласы әлгі газ бен улы заттарды бұзып-жарып жерге еркін жете алмай, назарын түсіре алмай қор болды.
Ең жаманы — адам санасына күдік пен өшпенділік дендеп енді. Не істесек те еркімізде, есеп алып, таразыға салып істеген күнәні өлшеп-пішетін құдірет жоқ деген сенім иектеді.
Ең сұмдығы — адам азды, күндіз сұлу киініп жүрседағы, түнде шешініп, жеке дара, жалаңаш қалғанда нағыз сайтанға айналды. Жыныстық қатынаспен бұл дүниеде кеткен өшімізді, тата алмай жүрген ләззатты еркімізше аламыз деп дәмеленді. Жаратқан ие — ұлы күштерден сескенбеуге, шімірікпеуге айналды.
Жоғарғы иеден қол үзген адам өзін айдалада жалғыз қалған кісідей сезінді, құжынаған халықтың арасында жүріп жалғызсырады, сыр бөлісетін кісі таппады. Содан қит етсе қулық ойлайтын, қалшылдап ашуланатын, даңғой, көрсеқызар, қызықмас, қатыгез болып алды. Бала ата-анасына суықтанды.
Дөңгеленген дүние науқасқа айналды, емдей қоятын құдірет-күш шықпады. Адам ағзасындағы ауру бірте-бірте жерге ауысты. Тіршілік тамырын қиған қилы қатерлі шіри бастаған денелерді, атом қалдықтарын, улы заттарды жер қойнына көміп құтылуға дағдыланды. У мен ауру қоймасына айналған дүние ырғағынан жаңылып, қалыпты райы бұзылып, әр түкпірде жер сілкіну, өзен, теңіздің тартылуы, дауыл, аштық, індет, тұмау, соғыс, ереуіл, опасыздық дендеді; ертеңінің не боларын болжап білу қиындады. Керісінше, көріпкел, тәуіп, құмалақшы, жорамалшы, машайықтар көбейіп: «бұл не деген заман туды!» — деп гөйгөйледі.
Осыдан барып аса қатерлі жалмауыз дерт дүниеге келді.
СПИД шықты. Құлшынып жүрген кісіні бақи жалғанға жүр-жүрлеп мәңгі ұйқыға жетеледі. Жаратқан иенің жер бетіне жіберген алғашқы хабары, көктамырға есірткі егіп, бейберекет жыныстық қатынас жасаған сайтанның сапалағына тікелей төндірген сазайы, ашу-ызасы осы болды!
Мен айтайын, сіз тыңдаңыз деп ділмәрсіді дәрігер жігіт: осы кезде жер бетінде миллионнан астам адам иммундық антитело жетіспеушілігін жұқтырушы. Қойнына бір-бір бомба тығып жүрген жанкешті — харакири иесі. ВИЧ-тің өсу қарқыны геометриялық үдемелі даңғылға түсті. Әсіресе жыныс қатынасы арқылы жұғатын түрі минут сайын еселеп көбеюде.
Қазақстан көп ұлтты ел болған соң адам ниетін я дәстүрмен, я дінмен ұстап, ар аясынан аттамауға көндіру мүмкін болмай барады. Гетеро-гомо-бейсексуалдық жыныстық құмарлық етек алды. Әрбір жүз жүкті әйелдің біреуінде, әрбір жүз қан берушінің біреуінде мерез дерті табылады. Сарапшылар сан соғып отыр: әрбір жүз ересектің оны жыныс ауруын жұқтырған. Елімізде бүгінгі күні 2200-ден астам СПИД — мәңгілік жоқтыққа жұтылу дертін жұқтырушы, тіркелген, мәңгілік ұйқыға кеткені қаншама!»
Осы хәлді бір деммен айтып шыққан дәрігер моншақтаған маңдай терін сұқ саусағымен сыпырды. Қолын жан қалтасына жүгіртіп беторамалын іздеді, таппады. Ақырында әппақ кіршіксіз халатының оң жағасын жұлқа тартып, өңірімен жүзін сүртті. Шаршап діңкелеген сыңай танытып жұмсақ кереслоға шым батты. «Боссыз!.. Бара беріңіз!.. Есепте тұрасыз!.. Үш күн өте қайта соғасыз!..» — деп ентіге жөтеліп, қолын сілкіп ербеңдетті. Айбар шығып жөнелді. Барша болған оқиға осы.
Енді міне өз төрінде, жұмсақ төсегінде жатып ұйқысыз дөңбекшуде.
Бір мезгілде талықсып жатып көзі ілініп кетіпті. Қанша уақыт ұйықтағаны белгісіз. Бүйірінен әлдекім түрткендей болып, оқыс оянып көзін ашты. Терезесінің алдында әлдекім жайдақ орындыққа өңкиіп тізе бүгіпті. Әлгі жақтауға қағазын жайып, бүкшиіп, әлденені сүйкектетіп жазып отыр. Бұл шошып кетті.
— Әй, кімсің-әй! — деді.
Әлгі қағаздан еңсесін көтеріп бұған қарай бұрылды. Кісінің жүзі біртүрлі нұрланып, сәуле шашып тұр екен.
— Періштемін.
— Мұнда неғып отырсың?
— Жаратқан иені жақсы көретін пенделерінің есімін жазып, тізім жасап отырмын.
— Ол тізіміңде мен бар ма екем?
— Жоқсың, — деді әлгі періште, — күнәкәр, бейәдеп адамдарды бұл тізімге енгізбейміз.
— Мен де жаратқан иені жақсы көремін ғой! — деп ышқына дауыстап жіберді.
Періште сұлбасы таң бозына араласып ізім-ғайып жоғалды. Төсегінен созалаңдай тұрып «бірер парағы шашылып, қалып қоймады ма екен», — деп олай-бұлай сипалап қарады. Ештеме ұмытылмапты. Жырақтан әтеш үні естіледі. Басының сақинасы ұстаған кісіге ұқсап, мең-зең қалпы, төсегіне қайыра келіп құлады. Іштей ыңырсып жатып: «Мен де жаратқан иені жақсы көремін ғой» деп күбірледі. Өстіп, қарадай көштен қалып, санаттан шығып, әйкәпір атанғаным ба. Соншама бәрі түңілердей не күнә жасап едім? Не бүлдіргенім бар?»
Жастық желіктің жетегіне ілесіп, атам қазақ айтқандай: «Қызды кім сүймейді, қымызды кім ішпейді» деп, мүсіні шебердің қолынан шыққандай, көз жанары қараған кісінің жан әлемін аралап кетердей аруды қалай сүймессің?.. Қалай жалын құшағына жұтылмассың?.. Абай ақынның «сұлуды сүймектік пайғамбар сүндеті» деген сөзі бар емес пе!
Осы мезет, неге екені белгісіз, тұнжыраған көз жанары сүзіліп Жансая елестеді. Құдай-ау, қыз жанарында қаншама сауал тұр десеңізші! Бейне алыс жағалауға асығып келе жатқан, терең түкпірден күш алған мұхит толқыны тәрізді. Бірінен соң бірі, бірінен соң бірі сабылып, айғыржалданып жағаны ұрып жатыр... ұрып жатыр... Неге сонша жалғызсырап жабықтың дейді Жансая желеу болуға әзірмін. Қиналма, қапа болма!.. Жаза басқаныңды жаратқан кешіреді. Кешірімі, рахымы, мейірі кем жаратқан ие болмайды. Үлкен рухтың екінші есімі — кешірім емес пе еді! Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Ақын сөзі осы, айбарым!
Түстік өңірден шыққан жүйрік поезд Астана вокзалына алакеуімде, ертеңгілік жетіде келіп жетті. Жел азынап тұрған. Жер танабын қуырып, шаршаған жолаушыдай ентігіп, демігіп жеткен поезд бірінші жолға кідірген. Ата-анасын күтіп алуға шыққан Айбар жеңіл мәшинеден түсіп, жұқа пальтосының жағасын көтере қаусырынып перронға көтерілді. Вагондардың есігі бірінен соң бірі сартылдап ашыла бастады.
Ортаңғы вагонның есігінен әуелі кондуктор әйел түсті, соңын ала әкесі Арыстанның нұсқалы биік жауырыны шалынды. Шешесінің шаршылап жаулық тартысын таныған кезде ет жүрегі елжірей соқты. Жанарына жас тығылды.
— Көке! Сау-саламат жеттіңіздер ме! — деп арсалаңдап жүгіріп кеп әкесінің құшағына жұтылды. Сағынып қалыпты. Туған жерінде өсетін сексеуіл, жыңғыл, жиде иісі мол сіңген бе, еңгезердей денелі әкесінің құшағынан елдің, жердің иісі ілесе жетіпті. Әкесінің құшағынан босана сап анасына ұмтылғаны сол. Әсемай кейуана Айбардың бет жүзіне назар жыға салып, жанары боталады.
— Қарағым-ау, не болғансың? — деп ботадай боздап дауыс салып жіберді.
— Апа, жыламашы, — деп Айбар келіп анасының мойнына оратылды. «Жыламашы» деген сөзді жұтқыншағы жыбырлап әзер айтты. Тынысы тарылып теңселіп кетті. Әкесі аң-таң. Зайыбына бұрылып кейіс білдіре, ашуын төндіре сөйледі.
— Қойсаңшы! Қаптаған жұрт қарап тұр, ботадай боздай бермей!
— Құлыным-ау, қайтейін енді... сен дегенде жаным бірге!.. не болып кеткенсің!.. Өң-түс қалмапты ғой өзіңде!.. Әлде ауырып жүрсің бе!..
Анасының «ауырып жүрсің бе» деген сөзі жүрегіне шаншу болып қадалды. Ләм деместен іштен қораптарды шығарды. Шофер бала екеуі қолдасып жүкті қол арбаға салды, жүкшіге ақысын төледі, қаптаған қораптарды жеңіл мәшинеге әзер сыйғызды. Мәшине жүйткігеннен жүйткіп орталық көшелерге түсті. Бейбітшілік көшесі, Республика даңғылы айнадай жарқырап көз тартады. Ертеңгілік жұмысқа асыққан, әлі қысқы киімін тастамаған сабылған жұрт. Қаптаған мәшине. Арыстан мәшиненің алдыңғы отырғышында еді. «Пай-пай, қала қаншама өсіп қалған!.. Осыдан бірер жыл бұрын келгенде қисық көше, көне үйлер, тырбиған талдарға көз сүрінетін. Мынау түріктер салған «Интерконтиненталь» қонақ үйі болар сірә!..» айдаушы бала ауыз жаппай таныстырып келеді, Арыстан-екең тамсанудан кенде емес.
Артқы отырғышқа құйрық басқан шеше мен бала үнсіз. Әрәдік көз жасына ие бола алмаған Әсемай кейуана бет орамалын бетіне басып, тұла денесімен солқ-солқ өксиді. Дыбысын шығармауға тырысады.
Есіл жағалауын сызып өтіп бес қабатты қыш үйдің алдына солқ кідірген. Тіркесіп-ұшқасып жоғары көтерілген. Айбар есікті кілтпен ашып, әкесі мен шешесін ішке өткізді, шешіндірді. Төрге оздырды. Шай қоюға ұмтылды.
— Пәтерің құтты болсын, — деді Арыстан ұзынша диванға тізе бүгіп жатып, — дәл орталықта екен, қыш үй суыққа төзімді келеді, орналасуы жақсы, терезеден Есіл өзені көрінеді, күн сәулесі мол түседі екен.
Әсемай кейуана қораптардың бірінен соң бірін ашып, ішіндегі сәлем-сауқатты ақтарып шығара бастады, әлгілері аядай екі бөлмені солайымен алып кетті. Шетінен айтып түсіндіріп жатыр.
«Бала кезіңнен құмартып жейтін тарыдан жасалған жент мынау. Сары май, жаңғақ қосылған, қантын аз салғам. Қауынқақ шайға жақсы, терлетіп, буын-буыныңа түседі. Қысқы соғымнан сақтап алып қалған қазы, жал, жаяны мол ғып әкеле алмадым, мына мінезі жаман әкең «көшіп барасың ба біржола» деп артық салғызбады. Мынау бордақылап сойған құнан қойдың сүрленген төстігі, отқа қақтап тіске бассаң - тісіңнің қышуы қанады. Түйе өркеші, сүрленген, ертеңгісін шаруаңа асыққан кезде бір турамын қара нанмен жеп алсаң - түске дейін бүлк етпейсің. Шұжықтың майы аз, жүрегіңе тимейді, әдейі соғымның телшесінен айналдырдым. Қарынға тығып бұға пісірген уыз қуырдақты жақсы көруші едің ғой, мынау сол, мұздай жерге қойып сақтасаң — үш-төрт айға дейін дәмін бермейді, үлпершегі тілді үйіріп түсіңе енеді. Астананың ауа райы қатал, суық тигіш дегенді естіген соң, дария жағасына өскен мойыл мен қарақатты көп жинап қайнатқан едім, мынау суық тигенге, тұмауға ішетін варенье, жеміс сөлі, екі-үш қанып ішкен кісі құр аттай болып шыға келеді. Әй,'шал, бал қосып пісірген құймағым қайда-әй, бір қорабын салған секілді едім?»
«Ойбай, құймағыңды қайдан білейін! Құймақ бағып жүр деп пе едің мені!» — деп ана жақтан Арыстан шыр-пыр.
«Әлде әнебір әкім досыңның баласы жеп қойған ба, шығарып саламын деп үйге сан кіріп, сан шығып былықтырып еді».
«Оның не жеп жүргенін итім біліп пе, — деп әкесі дауыстайды, — теледидардан қысқы олимпиада жарысын көріп қызықтайын десем, сен де пәле болдың ғой, жоқ нәрсені сұрап!»
«Балам, мынау арғы әжеңнен келе жатқан жылан-бауыр білезік пен Ақәділ зергердің қолынан шыққан күміс жүзік. Енем марқұм құны бір түйелік деп отыратын. Орнатқан тасы — сәруар деп аталады, айналасына ақық қондырған. Үлкен лауазым иесі министрдің қызына көз салып жүр деп естігенбіз, сөз байласып қойсаң, құда қаласа, осы жолы сол болашақ келініміздің сырға, жүзігін салып, құйрық-бауыр жесіп, құдандал болып қайтсақ деген ұлы үмітпен келдік, ұлым. Әй, шал, күміс танасын қондырған кемер белдік көзіңе түсті ме келінге деп әкелген?» — деп төргі бөлмеге мойын созып дауыстайды. Әкесінің зор үні аспалы шамды шайқағандай сезіледі.
«Ойбай, кемер белдік бағып жүр де пе ең мені! Қайдағыны сұрап, Қазақстан спортшысының шаңғысы сынып қапаланып отырсам өзім», — деп қиналады әкесі.
Айбар ас үйге шай дастарқанын жайған.
«Е, міне, кемер белдікті тауып алдым. Той күні жеңсіз бешпентінің сыртына салса болады, жарқырап, жұрттың бәрін қайран қалдырары кәміл. Болашақ келін баланың айрықша көзі әдемі дейді ғой естіген жұрт, тіл-көзден сақтап жүрсін деп Пақыр мағзымға дем салдырып алтын тұмар әкелдім. Балам, ұмытып барады екем, мынау әдейі сексеуіл шоғына ұстап пісірген жаужүрек, иісі керемет қой, шіркін! Қара малды сойған кезде ыстық жүрегін алып, қара қанын ағыза салысымен қабын жармай, қолқа тамыр енетін тұсын сәл ұлғайтып, жүрек ішіне туралған ұлтабар, бүйрек, сарымсақ сөліне ұстаған жент, сықпа құрт, аздап қалампыр салып, тығыздап, аузын қайта тігеді де көлеңкеге дегдітеді. Бірер тәулік өткен соң әлгі жаужүректі сексеуіл шоғына ұстап пісіреді. Піскен соң мұздатып, салып қояды. Баяғыдағы батыр бабаларың ұлы жорыққа аттанар кезде дос жаранымен осындай жаужүрек жесіп сөз бекітіседі екен. Серт бұзылмайды деген ырым қалған. Болашақ келінімізді түсіріп, той дастарқанын жайғанымызда алдарыңа тартуға деп асылдап әкелген дәм-тұзым еді. Сақтап қой, ырым болсын».
— Шайларың дайын болды ма? — деп төргі үйден әкесінің төбесі көрінді. — Қысқы олимпиада жарысынан бізге жүлде бұйырмайтын болды. Коньки жарысында қызымыз мәреге жетпей құлып қалды, тік құламадан секірген шаңғышының шаңғысы сынды, шанасы аударылды, әйтеуір шетінен қырсық айналдырды.
Әсемай кейуана отағасының алдына кесе жылжытты, бауырсақ қойды.
— Мен айтсам: олимпиада командасы алыс жолға аттанар алдында Арыстанбабқа соғып, Қожа Ахмет Ясауи сопының басына мал шалуы керек еді. Өйтпеген. Жанын шапаттап жүре берген. Ай, әттеген-ай, балардың балалығы күйдіреді өстіп.
— Болашақ құда-құдағимен осы жолы танысып, келінімізге сырға салып, құйрық-бауыр жесіп қайтатын боламыз елге, соның қамын ойласпаймыз ба, отағасы. Біреудің шаңғысы, келесісінің шанасы деп айдалаға қарап аңырып, тұлыпқа иіген інгенге ұқсамай!
Арыстан шайына шашалып: «Мына бәйбіше не деп мөңіреп отыр», — деген сауалмен көзілдірігінің үстінен сүзіліп қарады. Суып қалған шайды қылқ еткізіп жұтты.
— Ау, тұлыпқа мөңіреген сиыр мен бе, әлде сен бе? Келінің не, құйрық-бауыр жегенің қалай? Біреумен тура сөз байласып қойғандай сұңқылдайсың. Астанада шалқып билік құрып отырған министрдің орынбасары шалғай түкпірде тауық шөжесіндей қыт-қыттап несібе терген біздерді неғылсын!
Мына сөз Әсемай кейуананың төбесіне тас түсіргендей жайсыз әсер етті.
— Әдірем қалғыр, министр болса өзіне, қызы министр емес шығар, алтын сақадай ағылшын оқуын бітіріп келген баламызға қалыңдық табылады.
— Енді, болашақ келіннің құлағын шулата бергенше, «қалайсың?.. үйленетін ойың бар ма?.. кімнің қызына құрық салмақсың?..» деп әуелі жөн сөзді мына балаңнан естіп алмаймыз ба, айдалаға ауа жайыла бергенше!
— Мені-ақ мінеп, жерлеп, нығарлап біттің ғой, қасыңдағыны қаралаудан танбайсың, — деп Әсемай кейуана даусы іріп, көзіне жас үйірілді. Тұрып жуынатын бөлмеге кетті.
Әке мен бала екеуі ас үйде үнсіз ошарылды.
Айбар іштей толқып, қапелімде не дерін білмей, жанарымен жер шұқыды.
Арыстан орындығын сықырлата қозғап орнынан түрегелді. Шай жабдығын жинастыра бастаған ұлына жеки сөйледі. «Жинап алар, шешең жүр ғой!.. Жүрші былай?..» — деді бос бөлмені мегзеп. Айбар әкесінің соңынан көлеңкеше ілесті. Төргі бөлмеге етті. Бірі - оң бүйірдегі диванға, бірі шағын қызыл креслоға тізе бүкті. Ызың еткен шыбын дыбысы естілмейді. Креслоға отырған әке басын көтеріп, еңсесін жазып, қарсы алдындағы ұлының бетіне қарады.
Сөзін үзіп алмауды ойлаған жандай ақырын бастады.
— Айбар, — деді ұзақ үнсіздіктен соң, — бір жерің ауырып жүр ме, шыныңды айтшы!
«Бір жерің ауырып жүр ме» деген сөзді естіген кезде Айбардың аяғының асты дөңгеленіп жүре бергендей сезілді. Жан-жүйесімен босап, іштей тебіренді. Ауызғы үйдегі анасы болмаса ғой... осы қазір өкіріп жылап, қос тізерлей кетіп әкесінің алдына барша шындықты жайып салмақшы еді, босап, суға түскен қам кесектей езіліп бара жатқан денесін әзер жинап алды. Жан ұшырып айқайлағысы келді. «Әкетай-ау!.. Мен құрыған адаммын!.. Түрімді, бой-басымды көрмейсің бе бордай тозып бара жатқан! Келін түсіреміз, құда болып құйрық-бауыр жейміз, ұлан-асыр той жасаймыз дейсіздер, әлі де пендешілік қызықтан дәмелісіздер! Мен бәрінен безген, сенген, түңілген адаммын! Бойымда айықпас дерт бар! Жүрегімді тырнап, жанымды жей бергенше бір пәс жанарыма үңіліп, жаббар иеге жалбарынайық! Бізден нендей көмек бар! Қандай жәрдем тілейсің деп бір ауыз арашаға түсерің бар ма?.. Жә, жетер! Жаббар иеге жалбарынғанда не, сендерге жүгініп жаутаңдағанда не, бәрі де біткен нәрсе!»
Айбар осы оймен қап-қара боп түтігіп біраз отырды да, күбір етті.
— Ауырып жүргенім рас.
— Ол қандай дерт тұтқиылдан жабысқан?
— Дәрігер аса қатерлі ауру дейді, әйтсе де түбегейлі тексеріп біткен жоқ әлі. Анама айта көрмеңізші, жалынамын. Жүрегі ауырады, талып жығылып қалар.
Мына сөзді естіген әке бозарып күлбеттеніп кетті.
Тілі күрмелгендей болып сазарып отырып қалды.
Мына суретті елестетіңізші: мидай дала, құба жон, кең сахара. Көз ұшындағы көгерген ойпаңда бұтағы берік күлтеленген алып қара ағаш тұрар. Қыста боранға, жазда дауылға дес бермей, жапырағын жамыратып, тамырын тереңге бойлатып елу жыл, жүз жыл тұрады. Қабығы жарылып, бұтағын жасын шалып шайқап құлатуға айналады. Сонда да өмір үшін күресін тоқтатпай, жолаушыға, адасқан аң-құсқа пана болып ақтық күніне дейін теңселіп тұрғаны тұрған. Енді бір жылдары тамырына құрт түсіп, өзегін өрт кеулеп ақыры алыпты құлатып тынады. Құла дүзді меңіреу үнсіздік тұмшалайды. Жел екеш жел де жұлқып, тербейтін тұлдыр таппай сахара бетінен жылап озады. Көз тоқтатар мігір қалмайды. Көпті көрген жолаушы тақтайдай жазық бетінен баяғы алып дарақты таппай: «Апырмай, ең болмаса соңында белгі боп тұрар бір шыбық қалмады-ау!» — деп жабығып, дұға оқып бет сипары анық. Жабығып жылап алар, бәлкім.
Арыстан осы отырысында құла дүзде, мидай жазық сахара бетінде қартайып құлауға айналған алып ағашты елестетті.
Соңымда шыбық боп шаншылар бір тұқым қалмайтын болды-ау деп іштей өксіп отырғандай.
Айбарымнан айрылсам тұлдырсыз өмір, ит тіршілік, әрі итеріп, бері жыққан баянсыз қызмет опа болар деймісің.
Табанына кірген тікенек маңдайыма кірсін деп мәпелеп, алақанына салып есірген жалғыз ұлы бақи жалғанға жол алса, бұл дағы соңынан ілесіп бағады.
Осы мезет есік сарт ашылып, Әсемай кейуана еніп келе жатты. Әке мен бала еңсесін жинап алды.
— Ау, ұрсысып қалғандай сазарып, томсарып неғып отырсыңдар? Қазанға тамақ салайын ба, әлде басқа жоспарларың бар ма? Кісіні делқұлы, екі ойлы етіп омалып отыра бермексіңдер ме?
— Бәйбіше, асқа зауқым соқпайды. Министрліктегі жерлес жігіттерге барып амандасып қайтамын, кештеу ораламын, — деді де киім ілгіштен сырт киімін алып, жедел иығына іле сап, сыртқа сытылды. Есікті тарс жапты.
Әсемай кейуана таңырқағаны сонша, ернін сылп еткізді. Әлгідегі күйеуі көтерілген креслоға тізе бүкті. Басындағы шаршы орамалын түзеп, самай шашын қайырып, түйреуішпен іліп аз-кем отырды да, үрпиген үкіге ұқсаған ұлына қолын созды. «Бері келші, құлыным, — деді, — сағынышым басылған жоқ әлі, маңдайыңнан иіскейін!» Айбар атылып тұрып кеп анасының құшағына жұтылды. Мейірімді жүрек лүпілін сезінді. Сәби кезінде армансыз иіскеп, құмарын қандырған керемет тәтті жұпарға елтіді. Ана жүрегінің, жылуының құдіретін сезінді. Бой-басы шымырлап еріп бара жатты. «Апа!.. апашым!.. — деді ернін жыбырлатып, — ана махаббатының өліні тірілтердей керемет құдіреті болады деуші еді ғой, мына бейбақ ұлыңды емдеп жазшы!.. Бойына дарыған жәһіл пәледен құтқаршы!.. Бойыма пәрмен берші!..» Әсемай кейуана ұлының күбірін өзінше жорыды. Төбесінен, еңбегінен, желкесінен сүйді. Қышқылтым ғажайып иіс ет жүрегін елжіретті.
Шөлге шығандап шығып кеткен жолаушы тырмысып жүре-жүре кенезесі кеуіп әбден шөлдемес пе. Тас төбеден аптап күн шыжғыра түседі. Сусыған құм адымын тұсайды. Бір шағылдан ассам мөлдіреген көлге кезігермін деп ілдебайлап ілгерілей береді. Қаны қоюлап, ащы тер жанарын тұтады. Әрі-беріден ирек сағым шикілденіп алдын тосқан құбыжыққа айналады. «Өлген жерім осы шығар, — деп іштей күбірлеп, тілін кәлимаға келтірер, — біткен жерім осы болар, сірә? Өстіп келе жатқанда табан астында жылтырап шығып жатқан бір бұрым бұлаққа кезіккен, жағасына шала-жансар халде құлай кеткен, кені кепкен, көзіне ажал елестеген, жолаушы секілденді.
Шөліркеп, үздігіп келіп тас бұлаққа бас қойған кісіге ұқсаған Әсемай кейуана көзін жұмып, көнді мас боп мызғып кеткен кісіге келеді. Ана жүрегі жұлқына соғып, айтпаса да бір пәлені сезеді. Құшағына қатты қысқан күйі ұзақ отырып еміренеді. Қу дүние неге осынша асығып дөңгеленеді? Жүрегі құрғыр диірменге түскен сусоқты дәнше езіледі. Жанарына небір құбыжық суреттер тізіледі. Әлден уақытта терең ұйқыдан оянған кісіге ұқсап: «Аһ, құдая, жалғызымның жолына жаным пида, құлыныма төнген зауал мына мені тапсын-ай!.. қойдым, тойдым, ризамын, артымда желкілдеп жас шыбық қалса болғаны», — деп іштей тобалады кеп.
Анасының мына түрінен, тәубасынан іштей шіміріккен Айбар шошынайын деді. Не деп жұбатарын білмеді. Аласұрған халде ойына оралған нәрсесі ана жас қалыңдығы Жансая болды.
— Мама, күні ертең Жансаямен таныстырамын.
— Құлыным-ау, оның кім? Ана үкілеп дәмелендіріп жүрген министрдің орынбасарының қызы ма? Есімі қандай әдемі! Құлыным-ау, артынып-тартынып алыстан жеткенде қыздың әке-шешесін мына жаңа үйге шақырып, құда болайық десіп, қалыңдыққа сырға тағып кәдемізді жасап көрелік те! Осы күнге жетемін бе, жетпеймін бе деп ауру жүректі сүйретіп келгенде қуаныштан жарылсын дағы!
— Келістік, мама! Күні ертең болашақ келініңізді әкеліп таныстырып, сырға салғызамын.
— Сөйтші, жарығым.
— Папам асықтың деп қарсы боп жүрмесе.
— Ой, миын заң мен кітап кептірген әкеңді өзіме қалдыр, қолыма алып, сақаша үйіріп, қайда атсаң — сонда дөп тиетін етіп епке келтіріп қоямын. Сөйтші, жарығым, ауру жүректі емдеші сөйтіп!
Айбар анасының құшағынан құлан-таза айығып, құлпырып, құлынша тулап шықты. Жүзіне қан жүгірді. Жанарының оты жанды. Әндетіп жүріп газды жағып, қазанды отқа қойды, су құйды. Алыстан әспеттеп, әдейілеп әкелген жаужүректі асып жемекші. «Ау, құлыным, жаужүрек елжіреп піскен, табаға салып жылытса — жетіп жатыр», — деп асты әзірлеуге кейуана өзі білек сыбанып кірісті. Сүрінің иісі бұрқырап танау қытықтады. Айбар дару дәмді жегенше асықты. Әрі-беріден табаға түсіп кете жаздады. Ғасырдан ғасырға ұмытылмай келе жатқан жаужүрек бойына тосын күш құятындай, ауруынан құлан таза айығатындай сезінді.
Ыңырсып жатқа өлең айта жүріп кешкі ас мәзірін әзірледі. «Сіз — жаны шоқ, біз —бір май, ыстық сөзің кірді ішке, май тұра ма шыжымай; қылығында жоқ оғат, ыстық тартып барасың, бір сағаттан бір сағат».
«Құлыным-ау, қарадай ақын болып кеткенбісің өзің!»
«Жансаядай қызға жанасқан кісі ақын болмай қайтеді, апа!»
«Тәуба, тәуба!.. Мың шүкіршілік! Тілегімді бере гөр!..»
9
Айбар қызметтен күндегіден ертерек шығып, келісіп қойған уәде бойынша жолай Жансаяға соғып, әке-шешесіне таныстырғалы жүйрігімен ала кетпекші еді. Киініп кабинеттен шыға берген. Телефон шыр ете түсті, оқыс әсерден селк ете қалды. Жан қалтасындағы ұялы телефон екен. Дереу суырып, құлағына тосты. Қыз дауысы. «Кездессек қайтеді! — деді сылдыр етіп, я күлгені, я наз екені белгісіз, — Ая боламын, танымай қалдың ба, Айбар?» Жігіт бетіне суық су шашып жібергендей шімірікті. Жұлып алғандай оқыс жабайы үнмен: «Жоқ! — деді, — мені ұмыт, Ая, елден ата-анам келген, көп ұзамай үйленем, қазір қалыңдығыммен кездесуім керек». Ұялы телефонды құлағынан алып, сырт жаппақшы еді, қыз үні зың-зың етіп аса жайсыз естілді: «Айбар, тыңда мені! Бүгін өзімді СПИД орталығы шақырып алып тексеріске, тергеуге салды. Қанымды зерттеді». Айбардың самайынан тер моншағы жылтырады. «Онда менің қандай шаруам бар? Сенің өз жолың, менің өз жолым бар қиылыспайтын». Қыз дауысы оқыс қатқылдана түсті. «Екеуміз көгендеулі аттай болыппыз. Кейінгі айда қандай қызбен жыныстық қатынасқа түскеніңді СПИД орталығына түгел тізіп жазып беріпсің, тайға таңба басқандай. Сен жазған тізім бойынша шетімізден шақырып, шырқыратып қанымызды алып, тексеріске салып жатыр!»
Айбар мына сөзден есеңгіреген кісіше теңселіп кетті.
«Ендеше, күт мені! Қайда тұрсың қазір?»
«Интерконтиненталь» қонақ үйінің алдында тұрмын». «Қазір жетемін!»
Төменге түсіп, жеңіл жүйрігіне отыра салып, жылдамдықты барынша басты. Сам жамырап, қас қарая бастаған кез. Көше жарықтары жарқырай жанды. Астана көшесінің кешқұрым ғажайып нұрланып, сұлуланып кететінін жаңа сезді. Жүрегі алып-ұшты. Зәулім ғимараттың алдындағы алаңшаға маңдай тіреп сәл кідірді. Есігін ашып сыртқы сытылды. Аяулым қызды сонадайдан таныды. Көзінің асты көгіс тартып, жылаған ба, домбығып ісіп кетіпті. Ұсқыны бөтен.
— Иә, дәрігерлер не деді?
— Бұл жерде тұруға болмайды, ішке кірейік, — деді Аяулым. Үрпиіп жүдеп қалыпты.
Қонақ үйінің кең холына енді. Жұмсақ креслоға қарсыласып тізе бүкті.
Жандарына қонақ үй кезекшісі тақады.
— Сіздерге уақытша арзан нөмір керек пе, — деді.
— Қажеті жоқ, көп отырмаймыз, — деді Айбар ағылшынша, — аздап сөйлесе тұрамыз.
Қонақ үй кезекшісі ағылшынша ағып тұр екен.
— Мұнда отыруға болмайды, мырза. Өйткені қазір шетелдік қонақтар келіп дәп осы жерде теледидарға сұхбат беріп, киноға түседі. Алдын-ала келісіліп қойылған. Сөйлесетін сөздеріңіз болса — уақытша, арзан нөмір бар деп айттым ғой. Ескерту жасағаныма, ғафу өтінемін.
Айбар не істерін білмей абдырап қалған. Аяулым араға килікті.
— Мақұл, келістік, үш сағатқа айтқан нөмірді бізге бұйыртыңыз!
— Құп болады, төлқұжаттарыңызды беріңіздер.
Самсоз тұрып Айбар куәлігін ұсынды. Аяулым төлқұжатын берді.
Лездің арасында нөмірге ие болды. Кезекші: «Мында жүріңіздер!» — деп, сыпайы иіліп, лифтіге енгізіп, оныншы қабатқа лып еткізіп көтеріп, нөмірді ашып, жігіт пен қызды кіргізе салып өкше ізін айналып жоғалды. Екеуден-екеу состиып бірауық кідіріп қалды. Терезеден алып қала жарқ-жұрқ отын ойнатып, жерге түскен жұлдызқұртша жымыңдайды.
Аяулым мамық төсекке барып шешінбестен сұлап жата кетті. Аппақ саны жарқырап ашылды. Сылқ-сылқ күлді.
— Неғып состиып тұрсың! Шешін, қасыма кел!
— Дәрігерлер не айтты соныменен?
— Иммунитет жетіспеушілік вирусын жұқтырыпсың деді.
— Сұмдық-ай! Сенейін бе, сенбейін бе? Бұл дүние не болып бара жатыр, — деп Айбар қос қолымен басын құмыраша қысып ұстаған күйі еденге дүрс ете құлап, тізерлеп отыра кетті. Я еңіреп жылағаны, я күлгені белгісіз құмыққан дауыспен теңселе түсіп зар иледі. Сырттан құлақ салған кісі жырақтан аш бөрі ұлыды деп ұғар еді.
Жігіт жапан далада жалғыз қалған аш бөріше ұлып біраз отырып қалды.
Бір мезгілде есін жинады, еңсесін көтерді. Аяулым тырдай жалаңаш шешініп салып, екі емшегі үйіліп, дәл желкесіне төніп артылып алыпты. Енді бұған не дейсің? Күлерсің бе, жыларсың ба? «Бәлкім, маған сен жұқтырған шығарсың, — дейді мекерлене күліп, — сенімен жанасқанға дейін күнтимесім таза болатын, тексерістен өткем!. «Сенен ауысқан вирус ол! — деді Айбар суық жымиып, — өзім де тексерістен өткен болатынмын, сенің түнімен төсек іздейтін сайқал екеніңді білсемші!» Аяулымның алақаны жағына сарт тиді. «Тіліңді тарта сөйле, мен ешкімге жалынып жанасқам жоқ, сол бір кеште қынабыма дейін жалап өліп-өшкен сен емес пе ең!» «Қалай ғана басымды айналдырып алғаныңды білмеймін. Сенің ыстық деміңді сезсем-ақ есімнен адасып қаламын», — деп қалшылдады Айбар. «Менің басымнан да сондай хал өтеді. Сірә, екеуміздің қан құрамымыз, аурамыз бір деңгейлес болғаннан», — деп Аяулым былқылдаған төсек үстіне барып құйрығын басты. Төңкерілген бөксесі мәрмәрдән құйылғандай, белі қылдырықтай болып үзілгелі тұр. Шалқайған кезде қос анары одан сайын үлкейіп, жанарды суыра тартады. Емшек еңісі аса терең, кең иығына төгілген қара шашы, әппақ мойыны, Леонардо да Винчи қашауынан шыққан ғажайып мүсінді елестетті. «Мұндай да сұмдық сұлулық жаратылады екен-ау», деп іштей арпалысқан Айбар жанарын тайдыра алмай әлек, — періштенің өзін жолдан тайғызатын сиқыр ғой! Сүйір, үшкіл иегі, қыр мұрыны, тостаған ернеуіндей шығыңқы маңдайы, сүт шұқыры соншама сүйкімді көрсетеді. Қырын отырған қыз Айбарға бұрылды. Аппақ қардай қаланған тістері жарқ етті.
— Келші, — деді демі үзіліп.
Айбар атылып барып сұлудың құшағына сүңгіді. Дүние дөңгеленіп жүре берді.
— Айықпас дерт жамаппыз ғой, өлсек те ләззатқа батып өлейік.
— Бәлкім, саяжайда, тау халқына ұқсаған күлегеш жігіттің есірткі еккенінен жұқты, — деп Айбар көкірегі қарс айрыла күрсінді.
— Құрысын бәрі, есірткісі де, шприці де! — деп Аяулым ыстық құмарлықтың толқынына шым батты.
Мамық төсек үстінен құйын өткендей сезілді. Қан шапшып басқа тепті. Қыздың жұмыр саны, жыраға жасырынған қынабы, кіндік ойығы, төңкерілген қос анары алақан тиген кезде от шарпыған жанартауға ұқсап басылып-көтерілді. Алыс қиырдан басталып жағалауға келіп бас ұрған теңіз толқынына ұқсады. Әлден уақытта жанартау — анар көтеріліп басылды.
— Өртеніп барам, үстіңе шығайыншы, — деді қыз.
Ендігі кезекте жігіт денесі тулаған теңіз толқынына айналды. Сол толқынға бір батып, бір шығып, желкенін түріп аппақ қайық жүзеді. Қайық пен толқынның тербелісі тым ұзаққа созылды.
Қайық бөксе шым бата жаздап қалтырап кідірді. Аппақ желкені түсірілді. Тулаған толқын алақанмен сипағандай тыншыды.
Аяулым сылқ құлады.
— Дүниені ұмыттырып жіберетін сыйқырың бар сенің, — деді ентігін басып жатқан қыз.
— Білмеймін, қай жерден қателестім, — деп күрсінді жігіт, — әлгіні ойласам өзегіме у толады.
— Ендеше ойлама, — деп қыз сыңқ ете күлді. Жұмсақ ұлпа алақаны жігіт денесін сипалады. Сипаған сайын тәніне шытырлап электр заряды өткендей сезіледі. Ұлпа алақан сырғанай отырып от қанжарға тиді. Жан беріп тірілтті. «Сүйкімдінің сүйкімдісі, — деді қыз күбірлеп, — тіршіліктің тәттісі».
Әйнек сыртынан көше жарығының сәулесі құбылады. Алып қала ауыр тыныстап жатыр.
— Дүниені тағы ұмытқалы қам қылдың ба? — деді Айбар, — майда саусағың өлі кісіні тірілтер, неткен керемет!.. асықпай ақырын сипашы!..
— Асығамын.
— Саусағыңда ток бар секілді.
— Тұла бойың тап-таза екен.
— Қанжарды қынабына салсам нетеді!
— Жаным, жапалағым!
Мұзтауға ұқсаған аппақ бөксе төңкеріліп түсті, тау үсті құба жон. Жігіт сол тауға өрмелеген альпинистке ұқсады. Ұмтылып сүрініп, сүрініп ұмтылып жан тері шықты. Тым жырақтан сыбырлаған үн естіледі. «Жапалағым, жарығым!» Жарқабаққа жабысқан жарқанатқа ұқсап кеткенін өзі білмеді.
О, дүние, мұндай да керемет болады екен-ау. Ыстық демінен аппақ мұзтау еріп түгесіліпті, аяғы тайып шыңырауға құлағандай. Есінен танып қалыпты. «Жаным... жапалағым!..» деген сөз қайыра тірілтіп алғандай. Қара терге малшыныпты.
10
Тағы да таң атты.
Осы таң тағдырының талқысы боларын Айбар ішкі бір сезім түйсігімен болжағандай еді. Кеше ғана Жансая сатып әперген көкшіл көйлегін киді, ең жақсы галстугін тақты, президентпен кездесуге барарда киетін теңіз түбіндей — сәуле түссе құбылып тұратын костюмін иығына ілді. Кембридж университетінде оқып жүргенде алған туфлиін жалтырата сүртіп, жаңа шұлық киді.
Шеше шіркін шала бүлініп жүр. «Болашақ құдаларға барамыз» дегеннен шаштаразға жүгірді, үстіндегі қытай жемпірін, қытай көйлегін тастап, еуропа үлгісімен тігілген көйлек сатып алды. Елден әкелген сыбағаларын қатырма қораптарға қаттап тырмыса салып, тағы не ұмытылды, қай нәрсе қаға берісте қалды, санамалап түнімен шаршаған. Ертеңгісін талып ұйықтап жатқан жерінен жұбайы барып әзер оятып алды. Арыстан сол сабырлы қалпы. Жалғыз уайымы — келешек құдамыз қырықтан енді асқан тым жас екен, сөзіміз жараса ма, жоқ па деп, күйзеле қауіп қылады.
Сабылып, қапылып жүргенде күн түске тырмысты. Баяғы қораптарды қосшы бала тасыды. Жеңіл мәшинеге сықап тиеді. Болды-ау, толды-ау дегенде жүйрікке отырып қала орталығындағы құдалар үйіне тартты. Әрәдік Әсемай кейуана: «А, Құдая, бере гөр!» — деп жаратқан иеге жалбарынып қояды.
Есікті Жансая ашты. Кеше келіп сәлем бергенде аршыған жүгері собығындай аппақ еді, бүгін сәл таралыпты. Бұрымын он екі өрім етіп өріп желкесіне бос тастапты. Денесіне дәлдеп тіккен шетелдік көйлегі төсін, бөксесін айрықша айқындап, құлын мүшесіне күп үйлесе жарасады. Бетіне лап етіп алау жүгіріп:
— Кіріңіздер! Мұнда жүріңіздер, — деп қонақтарын ішке өткізді. Сырт киімін алып ілгішке ілді. Айбар мен қосшы бала қораптарды ішке тасып әуре. «Лагерьде осылай жүк тасытып титықтатады деуші еді, айдаудағы тұтқыннан айырмамыз қайсы!» — деп күңкілдеп қояды. Кемі төменгі қабатқа он түсіп, он мәрте шыққан шығар. Ақырында Айбар терге малшынып, ентігіп қораптарды түгесті. Шешініп, білегін түрініп, жуынатын бөлмеге өтті. Шофер баланы боссың деп қайтарып жіберді. Беті-қолын сабынмен жуып, сүлгімен сүртіп қайыра шыққан кезде Жансая ұшырасты. Тұнжыраған терең жанарынан қою мұң оқыды.
— Неге екенін қайдам, әкем кешігіп жатыр, — деді күбір етіп, — екі сөйлемеуші еді.
Қос құдағи қонақ бөлмесінде дастарқан әзірлеп, әзілдесіп мәре-сәре. Қораптың ішінен шыққан бағалы сыйлық, елдің дәм-тұзы дастархан мәзірін солайымен алып кетіпті. Жент, қауынқақ, балқаймақ көз жауын алады.
— Мынау Жансаяға әкелген сырғамыз, Қаратау үстіне зергерлігімен аты шыққан Ақәділ ұста соққан. Ортасына сәруар тасын бекітіп, кенересін ақықпен көмкерген. Шешемнің шешесі келін боп түсерде атан түйеге бағалап соқтырыпты. Жарықтық тоқсанның үстіне шығып көз жұмды. Бұл құдаға әдейілеп тіктірген қасқыр ішік қой анау, жылдары о пәлелер өріп көбейді емес пе, ең тәуірін теспей сойып, қағаздай етіп илеп, көлеңкеге кептіріп, тобылғы түсіне бояп, шеберге тіккіздік. Қақаған аязда қыңқ дегізбейді. Төрге іліп қойса — теріс пиғылды сайтанның сапалағы жоламайды, пысы басады.
Жансаяның шешесі күн екіндіге ойысып, кешке еңкейген сайын сыртқа есікке бір, телефонға екі жалтақтап мазасыздана түсті. Орнығып отыра алмады.
Бір уақытта тағаты таусылды білем, құда, құдағиын дастарқанға шақырды.
— Қой, асқа отырайық, қарындарыңыз ашқан шығар. Жансая, шайыңды әзірле, — деп дауыстады да ас үйге еніп, күні бойы еш тынбай ас-ауқаттың қамында күйбеңдеген қызметші әйелге оңаша жарлықтар беріп жатты. Үйеме табақ үлкен ас тартылды. Түріле үйітілген құнан қойдың басы мен жамбасы Арыстанның алдына қойылды. Әсемай кейуанаға ылжырап піскен жақ, тіл, құйымшақ, өзге де кәделі мүшелер келді. Айбарға аппақ қардай төс тартылды.
— Үш қыз өсірдік, — дейді Жансаяның шешесі шынын айтып, — оқудан кемдігі жоқ, үшеуі де ғылым-білімнің соңынан шам алып түсіп жоғары оқуды қызыл дипломмен бітірді. Үлкен күйеу баламыз неміс, ортаншы күйеу баламыз кәріс. Түнеукүні шақырып болмаған соң Алманияға аптаға барып, үш күнге әзер шыдадық. Құдай басқа салмасын.
— Апа, соның не қажеті бар? — деп Жансая килікті. Есіп сөйлеп отырған үй иесі кейуана тұттығып көшесінен жаңылып қалды.
— Қайдан білейін, бізге ерсілеу сияқты, — деп артық айтып, кем түскенін жуып-шая бастады, — мына шараптан аздап алып отырайық. Кәріс күйеу бала татып алмайды, неміс баламыз да ішкілік десе азар да безер. Мына Айбар аздап ұрттайтын секілді.
— Апа, соның не қажеті бар? — деп қызы араға және қыстырылды.
— Ал, астан алыңыздар! Кәріс күйеу баланың үйі осы Астанада. Бір сағатқа бас сұқсақ сарымсақ пен қызылдәрінің өткір иісі күні бойы танауымыздан кетпейді. Пысқырып, түшкіріп бітеміз. Алла құдай жар болса, исі қазақпен құда болсақ қой деп «аһ» ұрып армандағанбыз. Кісі өз салтын өзі сағынады екен. Іншалла, тілеуімізді беріп сіздермен құйрық-бауыр жегіскелі отырмыз.
— Апа, соның не қажеті бар? — деп Жансая қабағына кірбің ұялатты.
Үй иесі кейуана шарапты ұрттап ішемін деп аздап қызып қалды.
— Жас пен жас бірін-бірі ұнатса қарсы тұрып неғылайық. Ішін босатып сыр бөлісетін жекжатқа зар болады екенсің. Әйтсе де оңтүстіктің қазақтары тым діншіл, ескілік киіміне әуес, үйінен топырлап кісі аяғы азаймайды дей ме. Қайдам, Жансая аса нәзік, аурушаң болып өсті. Көпшілік даңғазаны ұната бермейді. Қызымды қолға түсірген соң шүу қарақұйрық деп құм ішіне тартып кетпейтін шығарсыздар. Ал, Арыстан құда алып отыр. Алдындағы астың тіпті мұрты шағылмапты. Жә, бірді айтып бірге кетемін, тойды қайда, қашан өткізетін ойларың бар?
Жансая бетін басып, ас үйге сытыла жөнелді.
Арыстан тамағын кенеді.
— Сіздердей зиялы қауым өкілімен құда, жекжат болғанға аспандап қуанамыз. Біз де баламызды кем тәрбиелемедік. Үш тілде емін-еркін сөйлейді, Кембридж университетінің оқу үздігі, кез келген жерге сіңіп, ойнап жүріп істі ілгерілетіп әкетеді. Жұртпен, кісілермен тіл табуы ерекше. «Әу» деп тілдескеннен кейін баурай тартып алатын икем мінез иесі.
Телефон шыр етті. Үй иесі кейуана тұрып, құлағына тосты. Сым ұшынан сөйлеген кісінің дауысы төске балға соққандай естіледі.
Үй иесі кейуананың түсі бұзылыңқырап тұрды.
Манағы ашық, сөйлемпаз, аңқылдаған әйелдің орнын алмастырып қас пен көздің арасында орнына бөтен біреуді енгізе салғандай. Состиып тұрды-тұрды да, шеткі орындыққа отырды.
— Ас алыңыздар, — деді, — отағасы, қазір келіп қалады. Кідіре тұрыңыздар.
Арыстанның іші қып ете қалды. Үлкен асты қайыра сап, бата жасап, тұрып кетейін деп оқталған бұлар жоқ. «Кідіре тұрыңыздар» дегені я мазағы, я сасқаны. Аяқ астынан құбыла қалған күнбағыс мінезге не жорық. Ойын бөліп, тілге келді.
— Осы жолы құйрық-бауыр жесіп құда болып аттансақ, Жансаяға сырға салсақ, уәде байлассақ, тойды сол егін орылып, жиын-терін болған қазан айының ортасына жасасақ деген ойдамыз.
Үй иесі кейуана тіс жарып тіл қатпады. Меңірейген күйі үнсіз ошарылды. Сөзге Әсемай араласты.
— Қол ұстатар, табалдырық аттар құдалық кәдемізді осы жолы ала келдік. Жер шалғай, түкпірде тұрамыз, сабылып келе беруге жағдайымыз, уақытымыз көтермейді.
Үй иесі кейуана әлі мең-зең қалпы.
Қоңырау шалынды, қызметші әйел барып есік ашты. Үй иесі еніп келе жатты. Бұлар өре түрегелісіп жылыұшырай бас изесіп, қол алысып амандаса бастады. Бір қызығы, министрдің орынбасары маңдайы жарқыраған, жанары отты, қасы қалың, қоңқақ мұрын, қылыштай қылпыған жігіт боп шықты, сырт киімін шешпеді. Аяқ киімі табалдырық түбінде қалды. Түнеріп отырды-отырды да бұрқ ете түсті.
— Сіздер мен бізге құда болу бұйырмаған.
Мына сөз ашық аспанда күн күркірегендей аса жайсыз әсер етті. Есік қапталында тал шыбықтай майысқан Жансаяның жүзін жас жуып кетті. Кресло шетінде тізе бүккен Айбар ышқына түрегелді. Былайғылар түкті түсінбей аң-таң, төбеден тас түскендей оқыс әсерден тұра алмастай омала түскен.
— Мұны менен емес, мына тұрған Айбардан сұрауларыңыз керек еді, — деді үй иесі сазарған қалпы.
— Неге!
— Қалайша!
— Қазақ атамыздың салтын ұстап алыстан артынып-тартынып жеткенімізде бұл қалай болды, — деп Арыстан кең алақанын жайды, — екі жас бірін-бірі ұнататын секілді, сөз байласып «мақұл» десіпті, біздікі бата беру ғана!
— Сіздерде тұрған кінә жоқ, — деді үй иесі салмақты қалпын сақтауға тырысып, — бар пәле мына Айбарда, айықпас дерт жұқтырып алыпты, мана ертеңгілік таныс дәрігерден білдім.
Әсемай кейуана қолын көкке сілке көтеріп дауыс салып жіберді. «Ой-бо-ой, жаратқан ие, жаббар ием, қайдасың-ау! Бұл неғылған басқа салған тақсіретің! Айықпас дерт жамайтындай не күнәміз бар еді! Жалғызым-о-о-ой, енді қайтіп тірі жүрей-е-е-ем!..» — деп зарлағанда естіген жан шыдап тұра алмастай ащы жоқтау сай-сүйекті сырқыратты. Жансаяның анасы сыңсып жылады. Жұбататын, тоқтау айтатын жан болсайшы. Арыстан ah ұрып түкпір бөлмеге кетті. Костюмінің, бас киімінің қайда қалғанын ұмытып аласұрды. Жансаяның әкесі қос қолымен басын қармап, аяғының ұшына қарап тапжылмай қалыпты. Сұрланған мына түрі даладағы балбал тасқа ұқсайды. Арыстан тордағы тағыдай тегі: «Болды!.. Жетті!.. Қалпағымды тап! Зарлай берме үйді басыңа көтеріп!..» — деп ақырып жіберді. Зайыбын қолынан алып жұлқа тартып тұрғызып алып есікке сүйреді. Содан кейінгі оқиға Айбардың есінде еміс-еміс. Жер әлемді жаңғыртқан, сай-сүйекті сырқыратқан шешесінің даусы есін шығарып жіберді. Үй иелерімен қалай қоштасқаны есінде жоқ, анасының бір қолтығынан бұл, келесі қолтығынан әкесі сүйемелдеп, тіркесіп-ұшқасып лифт алаңшасына жеткенде соңынан ілесе шыққан Жансаяны көрді.
Жанары боталап, үлбіреген ерінінің үстінде жас моншағы тізіліп, жаутаң қағады. «Түсінбедім, Айбар, айықпас дерт деген не пәле!.. Мәңгілік біргеміз деп уәде байласқанымыз қайда?.. Тастамашы!..» — деп үздіге өксіп, бейне, суға батып бара жатып тал қармаған кісіше қолын созады. Айбар артына айналып қарамайды. Лифт есігі сарт етіп ашылды. Осы мезет бұлардың соңын ала әлдене еденге дүрс құлағанын естіді. Қол созымға келіп есінен танып жығылған Жансая екен. Бұрылып тұрғызуға, қолтығынан сүйеуге мұршасы болмады. Бұлар мінген лифт есігі сарт жабылды. Лықсып жөнеле берді.
Айбар өзін зынданға түсіп бара жатқандай сезінді.
Арыстан бас киімінің әлгі қонақ болған үйінде ұмыт қалып қойғанын жаңа сезді, самайын, басын көстите сипап: «Ә, атасына нәлет бүйткен ит өмірдің!» — деп қолын бір-ақ сермеді.
Әсемай ана жанары аспандап, баяғы, Астанаға поезбен сапар шегіп келе жатқанда талықсып жатып көрген түсі есіне оралды. Сағына жолын күтіп жүрген жалғыз ұлы стансаға кідірмей зымыраған поезбен «апа-а-а!» — деген күйінше тұсынан заулап өте шыққаны қайда! Сол суық түс осы жазмышқа көрініпті ендеше!
ЭПИЛОГ
Осыдан үш мың жыл шамасы бұрын жазылған көне үндіс көн кітабы «Вишну Пурана» деген кітапты Тибет монахтары санскритке түсірген. Ол санскритті оқыған Николай Рерих «Әлемнің жеті ұлы таңғажайыбы» атты кітап жазып қалдырған. Сол кітаптың «Екінші құпия» атты тарауында былай дейді: «Сен тірісің, әйтсе де уақыттың сыртындасың; бұл пенделер өзіңді қиялмен мөлшерлеп елестете алмайды: сен өмірдің өзісің, я рухпен, я жанмен өмір сүрмейсің, өйткені барлық жанның жанысың». Сондықтан ол туралы талдау, айту, сауал қою — күпірлік. Сократтың өзі әлемдік негізді талдаудан бас тартқан. Бір шындық бар: пенделердің ойсыз, оспадар, қасиетті кітапқа қайшы келетін қылықтары жинала-жинала, ұлғая-ұлғая баяғы адамзаттың басына бұлт болып төнеді. Адам азайын деп азбайды, жүректе берік байлау, мінезде мықты қажыр болмаған соң азады, бір құлдыраған соң құлдырап табаны тайып құдыққа құлаған кісідей басқаларын да аяғынан, қолынан қармап ала кетеді. Иммуножетіспеушілік вирусы әлемдік гармонияға қайшы әрекеттенген жанартау секілді жаңадан туған, адамзатты жоюға ұмтылған ұлы әміршінің сұсты назары еді. Адам ағзасындағы я жұқпалы ауру, я кездейсоқ ісіктен, қабынудан сақтайтын — Алла берген иммундық жүйені жалмап жеп құртатын суық ажалдың тікелей елшісі. Қорғаныш жүйенің аждаһасы. Адам организмінің іштей іріп, бордай тозуы.
Аты мәлім, тәуелсіз елдің болашағына баспалдақ қоямын деп Ұлыбританияның Кембридж университетін үздік тамамдап, «Болашақ» бағдарламасын жетілдіруге, келесі толқынға оңтайлы, пәрменді етуге жігерін жұмсауға батыл кіріскен Айбар аяқ астынан иммуножетіспеушілік синдромына ұшырап, аса қатерлі вирусты жұқтырып мәреге жетпей мұрттай ұшқан бәйге аты секілденді. Әлі үміт бар шығар, шетелден мықты дәрі алдырамыз, білгіш дәрігер шақыртамыз деп жора-жолдастары алас ұрып ізденіп жүргенде зарлап жылаған анасын, «аһ» ұрып қайғыдан қан жұтқан әкесін зорлап көндіргендей болып жүйрік поезға мінгізіп салған күні үйіне өң-түссіз оралды. Бейне ішкі өзегін әлдекім суырып алып тастағандай сезінді.
Қала орталығындағы аядай екі бөлмелі пәтеріне баяғы Айбар емес, құр сүлдері енді. Есігін ашып сүлесоқ қана орындыққа отырды. Балбал тасқа айналып қанша ошарылғаны жадында жоқ. Есік жанындағы көк телефон дамылсыз безілдейді. Телефон құлағына қол созбады. Тағы ызыңдады. Ұйқысынан шошып оянған кісіге ұқсап ытырыла түрегеліп, бара салып телефон сымын жұлып алды, екінші ұшы қабырғадан босамап еді. Аяғымен басып тұрып шіреніп қалып бырт еткізіп үзді. Жалма-жан орындықты аспалы шамның астына туралап қойды. Орындыққа шығып, әлгі сымның бір ұшын аспалы шамның ілгегіне мықтап байлады, келесі ұшын дұзақ қып иіп мойнына салды. Ойланып жатпастан оң аяғымен астындағы орындықты қағып жіберді.
Жанарының оты жарқ еткендей сезіліп, дүн-дүние дөңгеленіп кете барды.
Астанадағы жалғыз ұлының асылып өлгенін естіген Әсемай шеше көп ұзамады, жүрек дертінен ауруханада арпалысып жатып көз жұмды. Арыстан әке делқұлы күйге ұшырап жұмыстан босап қалды. Ертеден қара кешке үйінен шықпай, төрге ілінген ұлының үлкен суретіне мөлиіп қарайды да отырады. Ешкіммен тілдеспейді, көрші әйел келіп, тамағын аузына тосса — ішеді, әйтпесе қарным ашты деп жақ ашпайды. Төсегін салып беріп, жат десе — жатады, тұр, киін десе — үнсіз тұрып киінеді. Ешкімді жыға танымайды. Бейне жады жоқ жанға айналып мұқым өзгеріп тынды деседі.
Аяулым бойжеткен салауатты өмір сүру мәселелері бойынша Орталықтың емханасына тіркеліп, мінекей, бір жарым жыл бойына ем алумен келеді. Әуелгі кезде шошымалы аурудан айығып, бой-басына қарап, қызметіне бара бастаған еді. Кейінгі аптада халі күрт өзгеріп шыға келгені. Әуелі қолтығының безі шошыды, тамағының баспасы көтеріліп, жөтелсе — қан түкіретін болды. Аяқ саусағының арасында саңырауқұлақшалар күрт көбейіп, түнемесі қышытып, мазасын алатынды шығарды. Кіші дәрет қуығы қатты шаншып ауырып, қинала берген соң дәрігерге келіп көрінген еді. Ол кісілер: «Тек қана СПИД орталығындағы ауруханаға жатып емделесіз, басқа амал жоқ», — деп кесіп айтты. Аяғында тор көз терезелі абақтыға түскен кісіге ұқсап темір кереует, темір есіктің тұтқынына айналып, әзірге қолданыстағы ем-домды ала бастады.
Жансая қалындық жұма сайын базарға барып, тірі гүл сатып алып, қала сыртындағы қорымға қатынап, Айбардың қабіріне гүл қойып жүрді. Сүйген жігітінің моласына гүл қойып жүргенін әкесінен, шешесінен жасырды. Жаз өтіп, күз жетті. Жансая, бейне, жылы жаққа ұшқан серіктерінен жырылып қалған аққуға ұқсады, күрт сынып, бұрынғыдай ойын айтып салып — сықылықтап күлетін ашық мінезінен айрылып, іштей мұңайып отырып қалатын күйге түсті. Шешесі қызының осы мінезінен шошыды: «Үйге қамалып отыра берме, көшеге шық, достарыңа бар!» — деп ұрсатынды шығарды.
Аспанда нөсер бұлты жөңкілген қазан айының басында Айбардың басына гүл қойып келе жатқан қыз ойда жоқта бет тұрпаты тау халқына ұқсаған, шашы жалбыраған, қоңқақ мұрын, сопақша жүзді, тұтаса қалың шыққан сақалын қырып, жағын, иегін көктұқыл еткен жігітпен ұшырасты. Әлгі жігіт баяғыдан білетін танысындай еркін жанасып, батыл тілдесіп, қояр да коймай қызды шетелдік мәшинесіне мінгізіп алды. «Есімім Жұма, — деді қарқылдай күліп, — сіздей сұлуға қала шетінде жаяу, жалғыз жүруге болмайды». Жансая әуелгіде жанаса кідірген мәшинеге үнсіз келіп отырған еді. Жігіт жанарының алмасы бар ма деп қалды, ұстаған тұсы шатыр-шытыр еткені. Биоөрісінің мол екені сезілді. Жұрт естімеген қыршаңқы сөз, қалжың әңгімені сапырғанда бар ғой, Жансая еріксіз езу тартты. Аппақ тістерін көрсетіп күлгені сол, Жұма жігіт бұрынғыдан бетер батылданды, жүйткігеннен жүйткіп отырып, қызды үйіне әкеліп салды. Қызды ары-бері бір апта тасыды. Ақырында қазан айының аяғында үйленетін болып келісімін алды. Мұны естіген үлкен лауазымды әке талып қала жаздады.
«Аһ, жаратқан ие жар бола гөр, — деп түні бойы күңіреніп шықты, — бетіне жел тигізбей, үлпілдетіп, қуыршақтай қып өсірген үлкен қыз Алманияға, неміс жігітіне тиіп кетті, ортаншы қыз университетте оқып жүріп алыпсатар кәрістің қолына құс боп қонды: енді қыздарының ішіндегі ең ақылды, салмақтысы, асыл мұрасы, ақыл қалтасы, Жансаясы қаңғып жүрген грузин бе, осетин бе, қоңқақ мұрын жігіттің етегінен ұстап кетемін дегені несі! Тағдырдың тәлкегі ме әлде? Әлде жаратқан иенің жер табандап жүрсін деп тас төбеден ұрғаны ма? Осыдан кейін жер болып жасымай көрші мықты болсаң! Бұдан кейін құдай бар деп қалай айтарсың! Тіфә-тіфә, артық айтсам кешіре гөр!»
Сүмелегі сабалаған қазанның аяғында Есіл жағасындағы мейрамханада Жұма мен Жансаяның үйлену тойы өтті. Неге екені белгісіз, әлгі той үстінде күйеу жігіт, бейне ішінен түлен түрткендей өз-өзінен қарқылдап күле берді.
2002 жылғы наурыз.