Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Зағипа

Хикаят

Терезе алдына дейін баяу сырғып келген жеңіл машина зырқ етіп тоқтай қалғанда Зағипа ояу жатқан. Жастықтан басын көтеріп, әдеттегідей сыртқа құлағын тікті. Иә, осы есіктің алдына келгені анық. Бас жағындағы тумба үстіне орнатылған, сәулесі көзге ұрмай, бөлмені алакөлеңке, жанға жайлы қызғылт нұрға бөлейтін жұдырықтай шамның бауын сипалап, зорға тауып, шырт еткізіп жаққанда сағат түнгі екі жарымды көрсетіп тұр екен. Сол екі арада машина есігі сарт жабылып, дүрілдеп жүріп кеткені тағы естілді. Беймезгіл уақытта таксилетіп келетін адам бұл үйде некен-саяқ. Тұрғындардың бәрі де егде тартып, ақыл тоқтатқан жандар, оларға артық жүріс-тұрыс, беймазалық — жат. Таныс аяқ дыбысы естілді. Түнде дыбыстың қатты шығатыны-ай! Иә, соның жүрісі ғой. Бұл уақытқа дейін қайда жүрді екен? Зағипа орнынан тұрып, ауыз үйге шықты. Атасын оятып алмас үшін ептеп басып, есікке беттеді. Осы дәліздің де ұзыны-ай. Есікке жетуің — бір күш. Атасының бөлмесінің тұсынан өтіп бара жатып, сәл бөгеліңкіреген. Ұйықтап жатқан сияқты. Тыныс алысы терең, бірқалыпты. Ояу болса, «О, тоба-ай, десеңші!» деп күрсініп, бір аунап түсері сөзсіз. Зағипа қоңырау шылдырламас бұрын есік ашып қоюға тырысты. Бұл есікке келгенде аяқ дыбысы екінші қабатқа жаңа жетіпті. Есіктің ашың тұрғанын білдіретіндей саңылау қалдыра бос жауып, өзі орнына келіп, жатып қалды. Көзі жұмулы, көкірегі ояу. Ендігі ұйқыда қандай мән болсын? Үшінші қабатқа өлі көтеріле алмай жүргеніне қарағанда, сірә, біраз сілтеп алғанға ұқсайды ғой. Мұның есік алдында тұрғанын көрсе, «Неғып ербиіп тұрсың, мені аңдығаныңды қашан қоясың?» деп болмашыдан сылтау іздеп, ашу шақырып жүре ме? Болаттың сыры өзіне мәлім, ондайы да жоқ емес. Жөнсіз сөз естігеннен гөрі ұйықтап қалған тұр танытып, жата бергенді дұрыс көрді. Бірақ, барлық назары — кіреберіс жақта. Кенет есік сарт етіп, серпе ашылып, қабырғаға соғылып, іле әлдене гүрс ете түсті. Орнынан атып тұрып, дәлізге жүгіре шықты. Сірә, есік жабық тұр деп ойласа керек, бар салмағымен келіп сүйенгенде ашылып кетіп, сол екпінімен ұзыннан түсіпті. Кеудесі үйдің ішінде, аяғы табалдырықтың арғы жағында, тұрайын десе тұра алмай, тыпырлап жатыр. Есіктің ашық-жабық тұрғанын да байқайтындай халі жоқ екен, батырдың. Құдай абырой бермейін десе, өстеді ғой. Ол жүгіріп жеткен бойда күйеуінің қолтығынан сүйеп тұрғызып, бар күшімен тартқылай демеп, ішке кіргізіп, есікті тезірек жабуға ұмтылды. Мұның дыбысынан атасы түгіл көршілер де оянып кетсе керек, қарсы пәтердің кілті сылдырлап жатты. Ашып қарағандарын, не ұры-қары жүр ме деп мұқият бекіткендерін кім білсін? « Ұят-ай!» деген Зағипаның екі беті ду ете түсті. «Көршілердің де мазасын алдың-ау!» Жылдам келіп атасының бөлмесінің есігін жапты. Ұйқысы қашқан егде адам, бір оянса, дәрісіз қайта көз іле алмайтынын жақсы біледі, бәрінен де сонысы қиын. Қоңырау соқпай кіре берсін дегені де, күйеуінің қамынан гөрі атасының жағдайын көбірек ойлағаны еді. Енді көрмейсің бе, қас қылғандай. «Қап, оятып жібердік-ау». Болаттың аяқ киімін шешіп, сүйемелдеп, бір қолтығынан иығымен тірей жүріп, жатар бөлмеге әрең енгізді.

Сен ғой, се-е-е-н, мені құласын деп есікті әдейі ашып қойған, — деп тап-тап береді. Өзі тәлтіректеп әрең тұр, шешіндіруге ұмтылған мұны иығынан бір салып, бар күшімен итеріп жіберді. Қамсыз тұрған бұл жалт беріп үлгере алмай, ашық тұрған шкафтың есігіне соғылып, ол салдыр-гүлдір етіп, үйді басына көтермесі бар ма!? Иығы да салдырап ауырып қалды.

Қойсаңшы, атамды оятасың.

Бар, бар, айт атаңа, мені тағы ішіп келді де... бар, бар!

Жақсы, сенікі жөн, жатшы енді...

Төсекке жатуға шамасы келмеді ме, әлде әйеліне әдейі қыр көрсеткені ме, төрдегі текемет үстіне ұзынынан сұлай құлап түсті. Зағипа буындары былқ-сылқ еткен мас адамды әрең шешіндіріп, басына жастық жастап, үстіне көрпе әкеліп жапты Ары-бері аунап, әр нәрсені бір айтып жатып, Болат ұйықтап кетті. Өзі терезе алдына барып, түнгі ұйқы құшағындағы қалаға көз жіберіп, ұзағырақ тұрып қалды. Түнгі қала жым-жырт, ағылған машина, сабылған халық сап тиылып, тегіс алаңсыз ұйқыға кеткендей. Сөніп-жанып, сөніп-жанып қызыл-жасыл бояуымен көз тартқан үйлердің маңдайшаларындағы жымың қаққан жазулар, бағана басындағы сан құбылған түнгі шамдар қалғып кеткен қалаға бір қалыпты тыныстағандай ырғақ беретін секілді көрінді.

Ол да өзінің шаршағанын, алаңдаған ұйқысыздықтан әбден қалжырағанын сезіп, төсегіне кеп қисайған. Болат үйді басына көтеріп, қатты қорылға басты. Шалқасынан жатып қалған екен. Тұрып, бір қырына аунатып жатқызды. Еріндері ісініп, кеберсіп бір-біріне жабысып қалған ол ұйқылы-ояу су сұрады. Су ішкен соң бір-екі рет лоқсып барып басылды,құса алмады. Дегенмен, жанына ыдыс әкеліп қойған артық болмас.

Орнына келіп жатқанымен де, нағыз тәтті ұйқының кезі болса да көзіне біреу тіреу тіреп қойғандай, кірпігі айқаспады. Бұл берекесіз тіршілік қашанға дейін жалғаса бермек?! Бұл өзі қандай тірлік болды, мұның аяғы немен тынады?! Осы арасын қанша ойласа да, санасын санға, ойын онға бөлсе де Зағипаның саралай алатын шамасы жоқ еді. Тек түбі қайырлы жақсылық болғай деп тілегеннен бөтен не келсін қолынан?..

...Жұдырықтай қоңырау сағат безілдей жөнелгенде оянып, төбесінен баса қойды. Сағат — алты жарым. Таң алдында көзі ілініп кетсе керек, бас-аяғы бұлдыр түс көріп шықты, басы мең-зең. Тұру керек. Қашан келгені белгісіз, Болат әйтеуір төсекке жатыпты. Оянар түрі жоқ. Құлағын көрпемен қымтап алған. Түнгі күзеттен келгендей, үстінен түйе өтіп жатса сезер емес.

Жеңіл сусыма халатын жамылып, көйлек-көншегін қолына ұстап, жуынатын бөлмеге шығып кетті. Салқын душ астында жуынып, бетін маймен сылап, мұздай сумен шайқаған соң бойы лезде сергіп сала берді. Ұйқысы қанбағаны сәл ісіңкі қабағынан байқалады, бірақ қара қарындашпен үстіңгі кірпігінің түбін жіп-жіңішке ғып бояп еді, онсыз да жәудіреген қара көзі тереңдей түскендей боп, көз шарасы кеңіп шыға келді. Түнде бұйралап қойған шашын тарқатып, төбесінен қатты бір байлап, бос қоя бергенде толқынданып иығына төгіліп, жарасты өн берді. Өзі ұнататын қонымды гүлді көйлегін киіп, ас үйге кіріп кетті. Жұрттан бұрын тұрып, таранып, кірпігін сүрмелеп, өзін қалыпқа келтіріп барып, үйдегі жандардың көзіне түсу оның кейінгі уақыттағы дағдысы. Туа біткен әдет емес, бұл атасының үйреткен тәрбиесі.

...Келін болып түскеннен кейін көп уақыт қаланың қарбалас тіршілігіне үйрене алмай, бірін игерсе, бірінің байыбына бара алмай, өзінен-өзі қысылып, тартыншақтап әуреге түсті. Өз бойында сырт көзге оғаштау көрінетін олқылықтардың барын аңғарған. Сөйлеген сөзі, істеген ісі қалалықтарша жатық үйлеспей тұрған сияқты көрінетін. Сонда атасы: «Балам, оның реті былай емес пе?» — деп өзі жөн сілтеп, тұйықтан алып шығатын. Бірде, әлі есінде, төсектен тұрған бойда қаусырма халатын киіп, беті-қолын шая салып атасының ертеңгі шайын құйып отырған. Атасының өзіне қарағыштай бергенін сезіп, қысылып қалды. Атасының өңі сынық. Оның үстіне Болат тағы түнде беймезгіл келіп, мазасын алып, барлығы кеш жатқан. Жатқаннан кейін де атасының әлсін-әлсін тұрып, ас үйге барып, дәрі ішіп жүргенін байқаған. Соның да әсері болса керек — қабағы қату. Шай құйып отырып, бұл соған өзі кінәлідей сезініп, қысыла түсті. Бар болғыр, шашын да жөндеп түйремеген еді. Бос айналдырып, түйе салған бұрымы сусып тарқатылып, мазаны алып барады. Одан сайын абдырап, мүлде берекесі қашпасы бар ма?! Бір қолымен шай құйып, бір қолымен шашын ұстап, ал сасқалақтасын келіп. Атасы да шайды күндегі дағдысынан ұзағырақ ішкендей, әдеткі де демде өте шығатын жарты сағат тап қазір бір жарты күнге созылғандай жылжыр емес. Болат әлдеқашан дастарқаннан тұрып, қызметіне де кетіп қалса керек, орны бағанадан бос тұр. Атасы шайға әбден қанып: «Болдым, рахмет!» — деп, шыны аяғын қайтармай ұстап отырып, бұған қатыссыз әңгіме айтуға оқталғандай, әйтпесе, аулада не болып жатқанын айтқысы келген адамдай далаға көз жіберіп:

Е-е. Көктем де келді, — деп бір қойды. Сосын: — Балам, мен сенін атаңның да, енеңнін де орнындағы адаммын. Мен айтпасам бұл әңгімені ешкім саған айтпайды. Осы үйдегі екі еркек саған қарап бой түзеп, саған қарап бас-аяғымызды дұрыстауға үйренбейміз бе? Әйел адам — отбасының көркі. Саған біріміз әкең, біріміз жарың ретінде ажарыңа, ақылыңа, мінезіңе, қыл аяғы — шаш қойысыңа дейін қарап, көзіміз қуанып, қызықтап отырсаң дейміз. Біздің қуанышымыз да, уанышымыз да әзірге өзіңсің. Сенің нәзіктігің, сенің жүріс-тұрысың, сенің күлкің, сенің сөзің бізге — қуат, осы үйге — жылы шуақ, — деп бір тоқтады. Зағипа басын тұқшитып алып, көзін жерден көтере алмай тыңдай берді. Беті дуылдап,құлағы шулап кетті. Бір сөзін естісе, бір сөзін естімейді. Ол там-тұмдап мынаны ұққандай: «Дастарқан басында, әсіресе, ертеңгі шайда жадырап күліп, әр нәрсені бір айтып, көңілімізді аулап, ашық жарқын отырғаныңа не жетсін? Ерте тұрып, шайымды демдеп,құйып бергеніңе рахмет. Бір суды өзім де қайнатып ішуге әзірге қауқарым бар, бірақ маған сенің тамағыңнан гөрі бүгінде қабағың қымбат, қарағым. Ал, қазір өзіңе қарашы, бір нәрсеге мазаң кетіп, ренжіңкіреп, өзіңнен өзің абыржып, күйгелектеніп отырсың. Мұның жарамайды ғой. Саған қарап, мен шаршап отырмын. Жас адам жайраң қағып, айналасына шуақ төгіп отырмай ма? Тегінде, қарағым, әйел адамның үйде күліп жүргенінің өзі — үлкен бақыт. Бұл үйде сенің алдыңа ешкім шықпайды, бетіңнен ешкім қақпайды. Қалай жүріп-тұрам десең де — ерік өзіңде». Айтып отырғаны рас қой.

Әлде бір жерің ауырып отыр ма? Онда ұялмай айт, доктор шақыртайын. Әлде жолдасың ренжіте ме? Айналайын, Болаттың жүгенсіз, жосықсыз қылықтары көп, оны кезінде де ескерткенмін. Оның осындай болғанына менің де кінәм бар шығар. Ендігі жерде оны түзейтін өзіңнің нәзіктігің мен төзімің, қалқам. Басқа не айтайын.., — деп, шыны аяғын бұған қарай ысырған атасы, көңіліндегінің бәрін сарқа айтып, әр жағын өз зердең білсін дегендей орнынан тұрып, қызметіне кетті. Зағипа қып-қызыл болып, жанарын жерден көтере алмаған қалпы самауырдың жанында отырып қалған. Бұл — атасынан алған алғашқы тәлімі еді.

Атасы үйден шығысымен жүгіріп, жатар бөлмедегі үлкен айна алдына барған. Сондағы өзінің түрінен өзі ұялып, өлердей қорланған. Масқара-ай! Қалай ренжімесін бұған. Бет-аузы ісінген. Жанары солған. Еш нәрсеге қызықпайтын, еш нәрсеге талпынбайтын бей-жай көзқарас, біреуден қатты зәбір көріп, әбден жасыған адамның түрі... «Атам айтса, айтқандай-ақ бар екенмін-ау. Мына ұсқыным — бес-алты бала тауып, жөргектердің арасында иленіп, күні-түні пысылдап ұйықтай беретін салбөксе, сарықарын болған егде әйелден де сорақы ғой. Япыр-ау, маған сонша не болды, жүнжитіндей?» — деп, іштей өзін-өзі қатты жазғырған: «Адам осыншалық салақсиды екен-ау!». Дереу таранып, сыланып, таза киініп, қолына кеңдеу сөмке ұстап, базарға жөнелді.

Қойдың, жылқының мүшесінен араластыра жас ет алып, атасы жақсы көретін ащы-тұщы көктерден, әзір салаттардан, өрік, мейізден таңдап жүріп, лезде сумкасын толтырып қайтты. Түскі асқа атасы сүйсініп жейтін таңсық дәм жасауға кірісті. Әр түрлі көктерден қосып, бұрыштап, сарымсақтан тартқан ет пен ішмайды қамыр арасына орап, пешке қоя қойған. Көшеге шығып келгелі оның өзінің де көңілі көтеріліп, бойы сергіп, желпініп қайтты. Ыңылдап ән сала жүріп, үй ішінің шаңын сүртіп, жуып-тазалап, мұнтаздай жарқыратты. Лезде бөлмелерді май мен буға қабарып піскен нанның, қалампыр мен бұрыштың иісі алып, мұрынды қытықтап, тәбет ашып тұр. Атасының да түскі үзіліске келетін уақыты тақап қалды. Әлі жоқ. Таңертең ренжіңкіреп кеткен соң түскі асқа үйге келмей қоя ма деп те алаңдауда. Сол екі арада есік қоңырауы екі рет қағылды. Бұл келген, әрине, атасы. Түпкі қонақ бөлмеде жүрген Зағипа лыпыл қағып, көйлегінің етегі дөңгеленіп, есікке жүгірді. Қоңырау екі рет соғылғанда қуанғаннан жүрегі өрекпіп, аузына тығылып, қатты соғып кетті. Күні бойы үйде жалғыз отырғандықтан атасының түсте үйге келгеніне кәдімгідей балаша қуанып қалатын әдеті.

Лыпыл қаққан Зағипаның жеңіл аяқ дыбысын естіп, Байбол Сәрсенұлы үстінен үлкен жүк түскендей, «уһ» деп жеңілдеп, көңілі жайланғанда, риза болғанда, өз еркінен тыс тамыр-тамырын қуалай жөнелетін жағымды толқын жайлап бара жатқанын сезді. Бағана үйден шығысымен: «Қап, қатты айттым-ау, бала неме ұйқысы қанбай жүрген де болар», — деп өкінген. Оның үстіне «Болат та осы келінге зәбір көрсетіп жүрген жоқ па екен?» деген күдігі молайып, көңіл түкпірінен бір мазасыздық бас көтерген. «Жатар орынға киетін жеңіл халатпен шай құйып берді» деп, сонша тырысып қалғаным — осы менің өзіме де лайық мінез емес еді ғой», — деп, кеңсеге келгенше өзін-өзі сөгумен жүйкесі жұқарып, зорға жеткен. Жұмысқа шаршап, жарты жасқа қартайып келгені — көрінеу көзге көрініп тұр. Мұның өңінің сынық екенін бірден байқағандар, әрі көп сыр білдірмейтін сырбаз адамның күрт жүдеп келгенін кергенде:

Байбол Сәрсенұлы, түсіңіз келмей тұр ғой, ауырып қалғаннан саусыз ба? — деп аяқтарынан тік тұрып, құрақ ұшты. Бұл бәрімен ілтипатпен амандасып, ауырмағанын айтып, көмекшісіне түске дейін ешкім кірмесін, баяндамаға дайындалатын едім деп ескертіп, кабинетке кіріп, жайшылықта жартылай ашық тұратын есікті жауып алды. Көптен тартпай, тастап кеткен әдеті еді, стол тартпаларын бірінен соң бірін ақтарып отырып, қай уақыттан жатқаны белгісіз қымбат шылымның бір талын ерніне қыстырды. Соғыстағы жарадан қатып-семген оң қолы көп икемге келмей, сіріңкені әрең тұтатып жатып, қашаннан бері тартпай кеткенін анық есіне түсіре алмады. Ойлап қараса, бірталай жыл өткен екен-ау. Екінші инфарктен кейін аузына алғаны осы. Асықпай шылым шегіп болып, үйге телефон соғып қоюға оқталды. Оған да сылтау табу керек. Жөпелдемеде есіне еш нәрсе түспеді. Ә, тапты, кабинеттің терезесін шалқасынан ашып кетіп еді, стол үстінде қағаздары шашылып жатқан, жел көтеріліп тұр, араласып кетуі мүмкін, терезені жаба салшы деп ескертсе, артық болмас. Зағипа кітаптардың шаң-тозаңын сүртіп, еден жуғанда болмаса, атасының кабинетіне көп бас сұқпайды. Сылтау табылғанына сонша қуанды. Дереу аппаратқа қол созып, номерді тере бастады. Бір қоңырау, екі қоңырау... бесеу... «Жо- о-оқ», — деді Байбол трубканы орнына қойып жатып дауыстап. «Иә, иә, келініне мылжыңдап күн көрсетпейтін қазымыр шал сен болдың, Сәрсеныч. Әлде, қартайып қалғаның ба? Қарттық ат мініп, түйе жетектеп келмейді, сөзден ұстайды» деген осы шығар-ау деп те ойлаған. Қайда кетуі мүмкін? Естіген жұрттан ұят-ай. Неде болса, түскі үзіліске дейін тоспасқа лажы жоқ.

Жүгіріп келіп есік ашқан Зағипа атасының қолындағы қағаздарын алып, сулығын шешуіне көмектесті. Сулықты іліп тұрып, аяқ киімін шешіп жатқан атасының жүзіне көз қиығын тастап еді, өңінің сынық екенін бірден байқады. Таңертеңгі әңгімеден әлі қалпына келмегенін іші сезді. «Қап-ай, осы менің болбыраған мінезім-ай. Маған ұрысамын деп, өзі ауырып қалмаса еді? Бұл кісі ауырып қалса, қалай күтемін...»

Көке, тамақ әзір тұр, қолыңызды жуыңыз.

Үйдегі тап-тұйнақтай жинақылықты, жылылықты, атасы бірден байқап, іші жылып, «айналайын-ай, сезімтал адамсың ғой» деп, риза болғанын сыртқа шығармай, тек ішінен айналып-толғанды. Әлденеге өзінің көңілі босап, іштей үгіліп те тұр. Мәкеңі, Мәрзиясы осылай қабағынан танушы еді. Бір нәрсенің жақпағанын айтқызбай, қас-қабағынан оқып, көкейіндегісін көре білетін көсемдігі болушы еді, жарықтықтың. Үйден болмашы ренжіп кетсе, бұл келгенше тағат таппай, бір кіріп, бір шығып бар тәтті, дәмдісін қазанға салып, екі көзі төрт болып, тосып отырғаны қашанда. Сөйткен Мәкеңе де бір нәрсе деп кінә тағып, шамына тиетіні — енді ойласа, еркелік екен. «Е, байғұс-ай, мені қажағаннан бір нәрсе түссе, саған түсетін шығар», — деп күліп отыра беруші еді, жер қозғалса, қозғалмайтын қайран Мәрзиясы! «Өткен күнде белгі жоқ» деген осы-ау! Мәкеңнің көзі тірі болса, келіннің қас-қабағына қарап, осынша қипақтар ма еді? Бұл да болса, маңдайына жазылған жазу шығар.

Зағипаш, бір жаққа барып келдің бе?

О не, көке! Мені іздедіңіз бе? Базарға барып қайттым.

О! Базарыңда не жаңалық бар екен?

Ой, көке, несін айтасыз, бүгін күн жұма емес пе, кісі көп. Сіздің бір жолдасыңызды көрдім, өзіңізді сұрап жатыр, сәлем айтты.

Дұре-ес!

Көке, сіз осындай асты ұнататын едіңіз ғой, молырақ салып алыңызшы. Сары май берейін бе, әлде қаймақ қосасыз ба?

Өзі де майлы екен, қаймағың дұрыс шығар. Бұл бір мықты түстік болды. Болат қой бұдан хабарсыз, асхананың ащы сорпасын соғып отырған шығар.

Түсте үйге келсеңші деп үнемі айтамын, алыссына ма, келмейді ғой әйтеуір, — деп, екіұштылау айтты да қойды. Байбол қария «Қап, бекер айттым-ау!» деп тағы өкінді. Сөзі келінінің онсыз да дүдамал көңіліне тиіп кеткенін сезбей қалған жоқ. «Әй, Болат-ай, сен иттің оспадарсыз қылығың үшін қашанғы мен қызарамын?» Келініне көз тастап еді, ойында еш нәрсе жоқ, мұның асты сүйсіне жеп отырғанына риза болған түрі бар.

Көке, бүгін жұма ғой, нан ашытып қойдым, апамның аруағына бағыштап шелпек, бауырсақ пісірейін. Кешке апамның сырлас дос-жарандарының басын қосып, өзіңіздің бір-екі жолдасыңызды шақырып, шай берсек қайтеді?! Сіз қалай қарайсыз?

Ой, айналайын, қонақ шақырайын десең, мен неге қарсы болайын? Саудыратып, біраз кемпір-шал жинап берейін. Өзің үлгересің бе? Шаршап қалмайсың ба?

Базардан керек жарағымды жеткізіп алдым ғой. Қазір қазанға ас салып қоямын, ертерек пісе берсін. Қалғанын жайлап, үлгергенімше істей бермеймін бе?

Рахмет, қарағым, пейіліңе де, тамағыңа да ризамын. Мұндай дәмді астан көптен, көптен бері ауыз тигенім осы шығар.

Қойыңызшы, көке. Сіз риза болған сайын осылай дейсіз.

Шал адам айтқан сөзін ұмытып қалып, қайталап айта береді, қарағым.

Тағы бір кесек алыңыз.

Атаңа майлы, ұн тағамдарын көп жеуге болмайтынын білесің ғой.

Тәбетпен жесе, түк те етпейді.

Ендеше тыңдадық. Мұны болашақ дәрігер айтып отырған соң, тыңдамасқа болмас.

Ал балам, мен кетейін, маған беретін тапсырмақ бар ма?

Жоға, көке. Сізді жұмсап, не көрініпті? Өзім-ақ алып келмеймін бе керегімді.

Мұның дұрыс емес. Сен мені жұмсамасаң, Зағипа, «Осы қаусаған шалдың қолынан ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа не келуші еді деп сенбейді-ау маған, сосын еш нәрсеге араластырмайды ғой, келінім» деген ойдан кәдімгідей кәрілігімді мойындап қаламын ғой, ал тапсырма беріп, осыны әкелмесең үйге кірмейсің десең, онда: «Ә, менің қолымнан да жұртқа бір қолғабыс жасау келеді екен. Әлі де біреулерге пайдам тиеді екен-ау. Әлі де біреулерге қажетім бар екен» деген ойдан жігерленіп кетемін.

Сіз айтасыз-ау, көке. Ендеше, жұмыс уақыты аяқталған кезде сіздің кеңсенің жанындағы үлкен дүкенге кілегей түседі, содан бір-екі сауыт ұстай келіңіз.

Е, мынауың, міне, нақты тапсырма. Өзің кісі шақырайын деп қапылып жатқанда мен де қолғабыс тигіземін, оның үстіне кілегей қатып, шай ішеміз. «Әрі тайлағымды үйретіп қайтамын, әрі нағашыма барып келемін» деген осы.

Болатқа да телефон соғып, кешке үйде кісі болатынын айта салу керек шығар.

Иә, иә, ол сабаздың жұмыс аяғына қарай тағы достарымен гуілдеп кетіп қалуы ғажап емес қой... — Келінінің сөз арасында елеусіз айта салғанымен, ең басты өтініші — осы екенін сезіп отыр. «Байғұс бала күйеуін кешке үйге тезірек келтірудің амалымен қонақ шақырып отырған жоқ па?» екен деп те іштей ойлап қалған. Бірақ Зағипада ондай қалтарыс ой жоқ екені өзіне мәлім. Япыр-ай, бір аптаның тым болмаса үш күнінде уақытында келсе, айналасың ғой. Күнде неғылған қыдырыс?!.

Осы оқиғадан кейін атасының көзінше халатпен жүрген емес.

...Зағипа ас үйге кірісімен кеше кеште Болатқа деп жасап қойған столын жиып алды. Оның асқа қарайтындай мұршасы болған жоқ. Жатарда ашытқы езіп қойып еді, жақсы көтеріліпті, сұйықтау етіп қамыр илеп, ертеңгі шайға құймақ құюды ойлап тұр. Сенбі, жексенбі күндері атасы кештеу тұрып, таңертеңгі шайын бабымен асықпай ыстық тоқашпен, бауырсақпен ішкенді ұнатушы еді. Ол кісі де оянып, жуынып, сақалын қырып жатқаны естіліп тұр. Қоңырсыған май иісі басқа бөлмелерге бармас үшін ас үйдің есігін жауып алған. Пісіретіндерін пісіріп, шайын демдеп, дастарқанын әзірлеп, атасымен амандасуға бір-ақ шықты.

Қайырлы таң, көке. Қалай ұйықтадыңыз? Шай дайын тұр, жүріңіз. — Болатты күтпесе де болады, мына түрімен қашан оянары белгісіз. Зағипаның еркіне салса, Болат тұрған соң төрт көзі түгел отырып, бастары қосылып шайды бірге ішкенге не жетсін! Бірақ оның қашан тұрары белгісіз. Оған қаратып үлкен адамды тостырып қою — тағы ыңғайсыз.

Көке, құймақты жылыдай, балмен жеңізші.

Рахмет, аламын ғой, бүгін сенбі, асығыс жоқ. Кішкене шай ішіп барып жемесем, тәбетім тартпай отырғаны.

Онда қарақаттан қайнатқан қышқыл тосап салып ішіңіз шайға.

Ана «Мырқымбай» түнде нешеде келді? Жер-көктің бәрін тарсыл-гүрсілге толтырып жіберді ғой.

Көп кешіккен жоқ, көке. Соңғы жаңалықтарды көрген соң сіз жаттыңыз емес пе, содан кейін-ақ келді.

Байбол ақсақал ұсынған кесені ала беріп, келініне қарап еді, ол ыңғайсызданып, қипақтап көзін тайдырып әкетті. «Ой, ұмытып кетіппін ғой» деп сөзге айналдырып, орнынан жылдам тұрып, табадағы соңғы қуырым құймағын түсіре бастады. «Алда, қарағым-ай» деді Бәкең іштей. Өз ішіңнен шыққан балаңның өрескел қылығын өзіңнен жасырып, бүркемелеуге тырысқан жанға қалай ішің елжіремесін? Сенің балаң ондай да мұндай деп, сонау түп атаңнан тартып қозғаудың орнына, «жоқ, көке, ол не дегеніңіз, Болат еш нәрсені бүлдірген жоқ» деп отырғанда, не айтарсың?! Келінінің пештің қасында қырын тұрған кескініне қарап отырып: «Алда, қарағым-ай! Осы пейіліңе қарай, құдай беретін-ақ адамсың ғой. Бағың ашылса игі еді. Бір адам бақытты болса, сендей ниеті аппақ, адал жан бақытты болуға тиіс қой» деп ойлады. Аршыған жұмыртқадай ашық жүзі, жазың маңдай, биік қабағы, жұп-жұқа қыр мұрыны, сүйір иегі мен ашаң мойыны талдырмаш денесімен үйлесіп, қосып-алары жоқ ақаусыз тұтастық құрайды. Осы көркіне сай сының мінезі, ибалы қылығы — қара тасты да жібітердей. «Осындай бейкүнә жанды жәбірлеп, Болат-ай, сенде ес жоқ» деді тағы іштей. Ыстық жалыннан ба, әлде өтірігім шығып қала ма деп қылпылдағаннан ба, әлде атасының өзіне қарағанынан қысылды ма, Зағипаның жүзі алаулап шыға келді. Шайын ысытуға қайта отқа қойды, дастарқанға ыстық құймағын әкелді, бар ойлағаны — атасының қамы, соның бабын табу.

Болаттың осы Зағипаға үйленуіне өзі себепкер болып еді. Өзіне таңдауы дұрыс сияқты көрінген, кісі танысам Болатқа лайық жар, маған лайықты келін боларлық тәрбиелі, иман жүзді бала екен деп ойлаған кезінде. Өзіне салса, осы бір әрекетінің дұрыстығына көз жеткізгісі келеді-ақ, бірақ, әлдебір жаңылыстың, әлдебір түсініспестік болғандай — баласының қылығы, келініне дөрекілігі бүкіл ақыл-ойын байлап отыр... Содан жер ортасына келген шағында Байбол ақсақалдың баласына бір, келініне бір жалтақтаған жайы бар. «О, тоба-ай, десеңші».

...Бәйбішесі қайтқан соң Байбол Сәрсенұлы көптен қол үзіп кеткен ағайындарына, ел ішіне жиі барып, аунап-қунап жатып, сергіп қайтуды әдетке айналдырған. Мұның туып-өскен ауылынан шыққан оқыған азаматтар, қызметкерлер әсте мол бүгінде. Бірақ солардың ішінде Байбол Сәрсенұлының есімін ауылдастары қадірлеп, ерекше атайды. Қалаға әлдебір іспен келгендер қағаздары тура болмай қалса, іздеген қажет адамдары орнынан табылмаса да Байбол Сәрсенұлының қызметіне қатысты-қатыссыз бол сын, бір соқпай өтпейтін. Соған орай ауылдастары арасында жылы лебіз қоса тарайтын. Гараж басында, фермада, қыл аяғы — ат суара барған ер-азаматтардың «Бәкеңе бардың», «Бәкең көмектесті», «Бәкеңнің құлағына жетсе болды» деген сияқты көтерме сөздері үнемі ағынан жарылған ауылдастарының аузынан түспейтін. Абысындар арасындағы «Әлгі Байбол қайнаға ғой, көмектескен», «Байбол аға тұрғанда» деген сөздерге Зағипаның да құлағы кішкентайынан қанып өсті. Өз шешесінің де әкесі қайтқан соң уақ балаларға жәрдемақы шығарып алуға көп жүгіргені — әлі есінде. Қағаздары тура болмай, бір шарты келсе, бір шарты келмей, ұзақ қуынған. Ақыры олай жүгіріп, бұлай жүгіріп, ісі өнбеген соң «Байболға барып, кешегі көз көрген едің ғой деп едім, тәңірі жарылқағыр, біреуге қаратып қағаз жазып бере қойғаны. Әлгі айтқан адамына барсам, қағазымды оқи сала, қол-аяғы жерге тимей лыпыл қағып, Байбол Сәрсеныч айтса, сөз бар ма, баяғыда өзіміз-ақ бітіре салатын шаруа екен, үлкен кісіні мазаламай-ақ, бізге айтсаңыз да болатын еді ғой, өзіміз-ақ, былай нетіп жіберер едік деп, бір-ақ сағатта бар ісімді тындырып жіберді емес пе? Өзі, тегінде, біздің Бәкең дөкей қызмет істейді ме деп қалдым?!» — деп риза болып, көңілі марқайып оралғаны — күні бүгінге дейін көз алдында.

Сол Байбол Сәрсенұлының «Баласы ерке-шоралау болып өсіпті, орыстан әйел алып, бөлек тұратын көрінеді» дегенді де бір қыдырмашы кемпірлерден естіген. Байбол ақсақал ауылға әр кез келіп-кеткен сайын ол жайлы әр қилы лебіздер осылай бір айтылып қалатын. «Қызмет, қызмет» деп жүріп, елден қол үзіп кетіппін деп, кейінгі уақытта демалысында келсе, апталап жататын болды. «Жолдасы қайтыс болып, баласы екеуі ғана тұрады» екен деген сөзді де кейінгі кезде Зағипаның құлағы шалған. Ауылға келген қадірлі қонақты ағайындар жаппай, кезекпе-кезек үйлеріне шақырысатын. Кейбіреулеріне шақыртпай-ақ, өзі кіріп сәлем беретін.

Күтпеген жерден бұлардың үйіне де келіп қонақ болған. Зағипа Байбол Сәрсенұлының атын естігені болмаса, көргені сол еді. Сұңғақ бойы тіп-тік, алпыстан асса да өңін бермеген, артық ет жимаған қатпа да емес, шымыр денелі, шашы аппақ қудай қарияға балаң аңғалдықпен, сәл таңданыспен қараған. Бүкіл ауыл аузынан тастамайтын адамды бұлай деп елестетпеген-ді.

Апасы қонақ екеуі ұзақ отырып, шай ішті. Зағипа шай құйып берді. Шай ішіліп бола бергенде апасы:

Бәке, әдейілеп келіп қалған екенсіз, асықпай бір малдың басын жеп, қонып кетіңіз, — деп жібергісі келмеді. — Әлде жесір әйел деп менсінбейсіз бе? Құрдасың тірі болса, басқаша күтіп алар еді.

Сөзінің соңында күрсініп, жаулығының ұшымен көзін сүртіп, қамыққан түр танытқан.

Маржан-ай! Сен де қайдағы ойда жоқты айтасың-ау, жесірлік күй өзімізде де бар емес пе? Қазір қарап отырсам, менің үйімнен сенің үйің әлдеқайда жылырақ. Өйткені, үйдің ырысы мен берекесі болып, сен өзің отырсың. Ер адамның жалғыз соқайып қалғанынан жаман нәрсе көрмедім ғой, — деп, қонақ өзінің жалғыздың күйін мойындаған кейпін, ашық сөйлесетін, сырласатын пейілін білдіріп, үнсіз отырып қалған.

Осы сөзден кейін қой сойылып, тамақ асылды. Ол тамаққа айналадағы ағайындар тұтас шақырылды. Ет желініп, еттен кейінгі шай ішілген соң ауыл адамдары тегіс тараған. Олардан кейін де апасы мен қонақ екеуі әңгімелесіп, ұзақ отырды. Әңгіменің бір тұсында:

Біздің үйдегі замандасыңды білетін едің ғой. Жастайынан бір науқас жабысты да еңсесін бір көтертпеді ғой. Болаттан кейін бала да көтермеді, езі де қатарға қосыла алмады, ақыры алып тынды ғой. Артынан ешкім ермеген соң, жалғыз бала, жалғыз бала деп Болатты бетінен қақпай жіберіп, кезінде қолдан шығарып алды-ау деймін. Несін жасырайын, өзінің қалауымен үйленсін деп, таңдауды өзіне тастадық. Көгілдір көз бір бойжеткенді қолынан жетектеп үйге алып келгенде — жатсынбадық. Бұйрық осылай шығар деп, бауырымызға тартып, өз баламыздан кем көргеміз жоқ. Ол кезде замандасын бар болатын. Екеуі оңаша тұрса, тез ұғынысып, үй болып кетер деген ниетпен бір бөлмелі пәтер де алып бердік. Неге екенін қайдам, екеуі жараспады ғой. Болат бір күн өз үйінде болса, екі күн біздікінде, итіс-тартыс екі-үш жыл тұрып, ажырасып тынды. Қазір менің қолыма қайтып келген. Еркекқос болып күн кешіп жатқан жай бар бізде. Бар ауыртпалыққа мені тастады да, замандасың кете барды...

Тағдырдың салғанына көнеміз де, адамның қолындағы дүние емес, қаза деген табиғат ісі ғой.

Солай дейсің де, өзіңді өзің жұбатасың. Мені қойшы, ыстық-суықты көп көрген кәрі солдатпын ғой. Болатты ұстайтын адам керек сияқты. Шешесінің көзі жұмылған соң біраз бас асаулықты тастап жуасыды. Кей-кейде: «Әке, саған енді келінді елден алып келемін» — деп қояды. Бірақ бұл сөзді менің жағдайымды түсінгісі келгендегі ниеті, көңіл үшін айтқаны ғана екенін мен де, ол да іштей сеземіз. Айтып тұрып, бұл сөзінің жүзеге асатындығына өзі сенбейді, мен қайдан сенейін? Күнде қыдырыс, күнде думан, өстіп жүріп, бір күні тағы бір нәрсеге ұрына ма деп қорқамын.

Қазір қалалы жер түгіл, ауылды жерде бала өсіру, оның үстіне ер балаларды ұстау қиын. Менің де бір-екі тентегім өсіп келеді. Құдай біледі, қандай боларын?

Үлкенің — бағанағы жүрген Зағипа ғой. Көз тартарлық көркем, өрімталдай сымбатты, тәрбиелі болып өсіпті. Аумаған әкесі.

Иә, онжылдықты бітіріп, оқуға түсе алмай, ауылда бос жүр. Бұл жақта қыз балаға лайық жұмыс та жоқ. Үйде отырғаннан басылып, жасық болып барады. Әкесі тірі болса, оқытар еді. Өзі үнемі «Зағипаға дәрігердің оқуын оқытам» деуші еді, ол тілегіне жете алмады ғой. Зағипа жетіншіде жүргенде қайтты ғой. Адам докторының оқуына түсу де оңай емес екен, екі жыл босқа барып келді. Әлі есімде, соғыстан кейінгі уақытты білесіз ғой, ел еңсесін көтеріп кете қоймаған кез. Осы Зағипа нанды карточкамен беру жойылған жылы туған еді. Бұл туғанда әкесінің қуанғаны-ай. Жалғыз сиырын сойып, той жасап еді, жарықтық. Кіндік шешесіне екі қап бидай бергізген. Ақ көңіл жан еді ғой. « — Біздің үйдің кісісі-ау, жалғыз сиырды сойғаның не?» — дегенімде, марқұм: « — Сен әйел, не білесің, балаңды тауып бердің, тыныш отыр, кешегі соғыста қайтпай қалсам қайтер едің? Бағың бар екен, мендей жігітке тиіп, бала сүйіп отырған», — деп, ал кеп кейісін. «Қойдық, мырза, қойдық», — деп әрең құтылғанмын. «Менің қызым нұрлы болады, қызым туғанда аспаннан нұр себелеп жауып тұрған» — деп қуанып еді, жарықтың. Міне, сол қызы — ақ Зағипашы ғой, Бәкесі, — деп шешесі шешіле ақтарылған.

Ауыз үйде ыдыс-аяқ жуып жүріп, Зағипа апасының сөзін естіген. Естіген де — «Бір келген қонаққа бәрін айтқаны несі?» — деп апасына кейіп, бұртиып өкпелеген.

Ертесіне қонақ аттанып кеткен соң аузын томпайтып:

Апа, сонша егілгенің не, қонақ ағайға. Мені оқуға түсе алмай жүр деп қайта-қайта айтасың. Мен туғанда көкемнің жалғыз сиырын сойғанын айтып, әбден таусылдың ғой. Немене, қартайып қалдың ба, жылауың болып барасың? — деген-ді.

Әй, ақымағым-ай! Айтқанда тұрған не бар? Кезінде көкеңнің кезін көрген, солдатқа бірге алынған. Оң қолынан жараланып, елге ерте оралып, қызметке де ерте араласқан адам ғой, бұл Байбол. Соғыстан кейін де көкең екеуі ауданда бірге қызмет істеген. Жастайымыздан бірге өскен, көзкөрген болған соң сырласпаймыз ба? Оның үстіне, өзі де ағынан жарылып отыр ғой, содан ғой — менен де сөз шыққаны. Әйтпесе кімге барып, кімге мұңымды шағып едім. Бағың жанса, әлі де оқырсың... — Анасы осыны айтып, ойланып отырып қалған.

...Ертеңгі шайдан кейін Байбол ақсақал газет алып, бой жазып қыдырып келуге көшеге кетті. Ондағы ойы — жастарды оңаша қалдыру еді. Түннің бір уағында келген күйеуіне бір нәрсе дейін десе, атасын сыйлаған Зағипа іштен тына ма екен деп те ойлады. «Анда-санда түндегідей қылығынан кейін жақсылап ұрсып алса да артық болмас еді», — деп, әдейі кетіп бара жатқан жайы бар. Шығып бара жатып:

Зағипа, жабық сөмкелеріңнің бірін бере сал, нан, сүт ала қайтайын, — деген, ойында еш нәрсе жоқ. Мұның жанына жақын келген Зағипа жымиып:

Жоқ, көке, нан мен сүтке сіз бармайсыз. Оянған соң Болатты жіберемін не қазір өзім-ақ барып келемін. Ауладағы кемпірлер енді қартайған шағында Байбол қария келініне жағу үшін жаралы қолымен нан, сүт тасып жүр демей ме? Ондай сөзге мені қалдыра көрмеңіз, көке, — деп қолындағы сүлгіні шиыршықтап ойнап тұрып, «Соны да білмейсіз бе?» дегендей, атасына бұртия қараған.

Ол тіпті есіне де келмепті ғой. «Япырым-ай, сол жағы бар екен-ау!» деп, енді ғана мән бере зерделеді келінінің сөзін. Кейінгі кезде Байбол ақсақал келінінің жайын ойлағанда бір нәрсеге алаңдағанын, іштей бір мазасыздықтың басталғанын сезіп жүр. Оның сыры не екенін, көңіл шіркін нені болжап, неге мазасызданғанын бұл тап баса алмай, ойлануда. Қазір де ішінде бірнәрсеге алаңдағандық бар. Кей-кейде жалғызсырағанда, қатты толқығанда көшеде оңаша ұзақ жүру — өзінің әдеті еді. Ұзағырақ жүрген сайын еңсесін басқан зіл-батпан әлдене ыдырап, көңілі жайланып, сабасына түсетін. Ал, дәл қазір өзін ненің алаңдатып, неге мазасызданатынын түсінбеді ғой. Ол «аз жасадым, кәрілік келіп қалды-ау» деп өкінбейді. Кешегі қанды майданнан аман-есен оралғаннан кейінгі тіршілігінің бәрі бұл үшін үлкен олжа көрінетін. Басқа көрмеген қызығын былай қойғанда, әлі мұрт шығып үлгермей, оққа ұшып жатқан жап-жас жігіттер бұдан сорлылығынан өлмеген болар-ау. Соғыстан кейінгі көңіліне мықты түйгені — осы еді. Азды-көпті су ішерлігі бар екен. Тіршілікке не жетсін! Елге келген соң қызметке араласты. Ауданда, облыста үлкен-үлкен қызметтің тұтқасын ұстады. Қолынан келгенше адамдарға қамқорлық жасады. «Қап, әттеген-ай!» дейтін көңілінде еш өкініші, не әлдекімге кезінде жасаған қиянаты жоқ сияқты еді. Кешелі бері көңілін бітеу жарадай іштей сыздатқан не екенін дөп басып, дәл таба алмады. Ендеше, алаңдағанына жол болсын? Өткенде бір қызметкері байқаусызда: «Байбол Сәрсенұлы демалысқа кетсе, орнына кім келер екен?» — деп қалған-ды. Зейнеткерлікке дәл бүгін шығасың десе де, көңілінде ешқандай уайым жоқ. Қағаздарын өткізіп беріп, орнынан тұрып жүре беруге қашаннан іштей әзір. Бұдан жасырақ кезінде, жасыратыны жоқ, қызмет десе, ішкен асын жерге қоятын. Бұдан да жауапты жерде қызмет істеу қолынан келетіндей көрінетін. Ал бүгіндері соның бәрі бекер пендешілік екеніне көзі жеткендей. Адамның табиғаты қызық қой деп ойлайды, кей-кейде. Жасырақ кезде әр нәрсеге қызығып, ұмтыласың: жақсы қызмет те істегің келеді, жайлы демалғың да, жаңа жерге барғың да келеді, кепті көріп, жақсылардың ортасында жүргің де келеді. Жас кезіңде көздеген мақсатыңның алқына-алқына біріне болмаса біріне қолың жеткен шағыңда, артына қарайлап ойланасың, сонда адамға пәлендей көп нәрсе керек емес екенін сезесің. Сол жолыңда өзің елемей кеткен, тіпті мән де бермеген бейбіт тіршілік, отбасының берекесі, жұмыр басты, қарапайым пенденің тірлігі, ошақтың жылуы бәрінен қымбат па деп қаласың кейде. Дәл қазір Байбол Сәрсенұлында бәрі де бар еді: лауазымды қызмет те, кең сарайдай үй де, жора-жолдас та, бала да... Бір пендеге қажеттің біразы бір басынан табылатын. Ендеше, көңілі неге алаңдайды?.. Адам деген де бір антұрған-ау деп қояды. Өзіңді жақсы, тіпті бақытты сезіну үшін кейде тым асқақ, үлкен дүниенің керегі жоқ екен. Болмашы ғана жылы сөзге, шынайы ілтипатқа көңіл, шіркін, өсіп жүре береді емес пе? Байбол ақсақал үшін келіні Зағипаның өзіне қаратып айтқан бір ауыз сөзі — бүгінде кәдімгідей қуат. «Тәте, қалайсыз, өңіңіз қуқыл тартып тұр ғой, бір жеріңіз ауырып отыр ма?» — деп, еркінде болса, атасының жанын жеп, оны қажытқан дертті қолымен жұлып алып тастардай жанашырлық пішінмен қарағанда, іші елжіреп қоя береді.

Көңілін алаңдатқан нәрсесін енді тапты. Иә, осы келіннің жайы екен ғой. Зағипаға неге сонша ықыласы ауғанын өзі түсінбейді. Мүмкін, күні кешелері әкесінің көзін көргеннен шығар, мүмкін, ғұмыр бойы қызмет-қызмет деп жүріп бойында іркіліп келген әкелік мейірім бүгінде сыртқа лықсып шығып жатқан болар. Бәлкім, бәйбішесінің көзі тірі тұрса, бойжеткен қызы болса, томпаңдаған немерелері алды-артында оратылып жүрсе, бұл ықылас бәріне бөлінер ме еді? Қазір Болат екеуі ертеңгі шайда ас үйде тоқайласқаны болмаса, көп шүйкерлесіп, үйіріліп отырмайды. «Папаша, амансың ба? Ал, мен кеттім. Ал, мен келдім. Ал жақсы. Үйдесің бе?» деген сияқты бір-екі ауыз, келте-қысқа сұрақ-жауап алмасып, әрқайсысы өз жұмысына жөнеледі. Япырым-ай, бұл Болат қашаннан бері осындай еді деп те ойлайды кейде. Кішірек кезінде «папалап», бұл келгенше ұйықтамай, елегізіп, есікке жалтақтап отыратын ұлы — бүгінде состиып, қасына жоламайды. Біреудің қаршадай қызы «көкелеп» тұрғанда бұл неменің «папаша» дегені де құлаққа жағымсыз, салқын естіледі екен қазір.

Иә-ау! Мәкеңі, Мәрзиясы екен ғой еш нәрсенің жігін білдіртпей, тігісін жатқызып, бәйек болып «Әкесі-ау, Болатжан өйтіп жатыр, Болатжан бүйтіп жатыр. Болатжан былай дейді» — деп, әкелі-балалы екеуінің арасына тілмаш, дәнекер болып, орын-орнына келтіретін. Мәкесінің көзі кеткелі Болатты бұл түсінуден қалған. Кей-кейде «Қазіргі жастардың бәрі осындай ма екен, әлде біздің ұл елден алабөтен бетімен кеткен бе?» — деп, іштей қапаланады. Баласының бұл туралы не ойлайтынын кім білсін?! Әйтеуір, өзінің көңілі толмайды оның ісіне. Қазір екеуінің арасын Зағипа барынша біріктіруге, үйде еркелей күліп, екеуін де ортақ әңгімеге тартуға тырысып бағады. Мұның жайын Болатқа, Болаттың жайын бұған айтып: «Тәте, Болаттардың лабораториясы бастаған жұмыстарын аяқтапты. Тәте, Болаттарға шетелден кісі келіпті», — деп жүргені.

Болат қаншалықты кешігіп, тіптен түннің бір уағында келсін, есік қоңырауын екі қаққызбай, жүгіріп шығады. Оның қызулықпен қалай болса, солай, әрі-бері сөйлеп жатқанына қарамай, шешіндіріп, туфлиінің бауына дейін өз қолымен ағытып, иығымен қолтығының астынан демеп, алпамсадай жігітті мықшыңдап, жатар бөлмеге сүйрелеп алып бара жатқанын үнемі көріп жатады. «Аңырын, папамды оятасың» дегенін естіп, өз баласы үшін өзі ұялады. Осы бір ауыз сөзде әрқашан бұған деген ықылас, үлкен құрмет жататын. Дауысында титтей де Болатты жазғыру, кею дығы тіпті сезілмейтін. «Япырым-ай, ғажап адамсың ғой» деп, келініне риза болатын...

...Маржанның үйінде сол жолы қонақ болып кеткеннен кейін-ақ ол Болатқа: « Алғашқы жолы өз қалауыңмен үйлендің, енді бізді де тыңда, біздің де жағдайымызды ойла!» — деп құлағына құя берген. Шешесі қайтқаннан кейін әкесінің жалғызілікті халі өзін де ойлантты білем, «...Неге айта бересің, әке, әлде көңіліңе алған біреуің бар ма? Онда мынаған үйлен деп ашып айтшы, адамды қажап сөйлей бергенше», — деген-ді бірде. Бұған керегі де осы сөз еді.

Содан екеуі елге, ағайындарына қыдыра барып жатқан. Маржан мен Зағипаны сол үйге алдыртып, қонақта бірге болған. Сондағы бейкүнә отырыс, сондағы иба — Зағипа еш өзгермеген сияқты. Олар кеткен соң Байбол баласына: «Ал, балам, менің тілегімді қабыл алсаң, осы қызды дұрыс көріп отырмын», — деп тоқетерін бір-ақ айтқан. Зағипа өзіне де ұнаса керек, жымыңдап құптағаны белгісіз, таңғалғаны белгісіз: «Вот — выбор!» деген, тағы:

Әлі бала секілді ғой, — деп күмілжіген.

Ертесінде Маржанның үйіне ағайындарын ертіп, құдалық жолын жасап барып түскен. Бұлардың келу мәнісін ұққан Маржан қатты састы. «Бәке-ай, өз басыңызға сөзім жоқ, сіздей адамға бермегенде қызымды кімге берем, бірақ балалар өздері шешкені жөн болар еді. Ертең екеуі келісе алмай жатса, сіз бен біз жерге қараймыз ғой! Бір шешімін балалар өздері айтсын!», — деп толқулы жүзбен Болатқа сенімсіздеу көз тастаған. Маржанның бұлай сырғақтауын Байбол бірден-ақ ұғынған. «Өз басыңа құрметім бөлек, бірақ балаңды қайдам? Шолжаң өскен, ерке бозым қыр қызының қадірін білер ме? Әрі әйел шығарған аты бар» деген ойда отырғаны анық.

Байбол тамағын кенеп, жеңіл жөткірініп алып:

Маржан-ай, менің көзім тірі тұрса, Зағипаш ешкімнен кем бола қоймас. Болат та жас емес, арыны басылар. Ат айналып, қазығын табар. Біздің үйдің алтын қазығы болып, басқа емес, Зағипа отырса деймін. Жақсыдан қалған кез ғой. Енді маған қыз болса екен деген тілегімді қайтарма... Көкесінің орнын жоқтатпауға тырысамын... Қалған ғұмырымда бар тілегім осы екеуінің үстінде бол ар...

Көзін бір сығымдап алған Маржан әңгіме басталғанда-ақ сыртқа жылыстап шығып кеткен Зағипаны шақырды. Бір жауабын өзі айтсын деп, сөз салмағын қызына тастағандай. Соны сезгендей іштей ойланып-толғанып келгендей, Зағипа:

Кезінде көкемнің көзін көрген, дәмдес болған адам екенсіз, сіздің босағаға барсам ешкімнен кем бола қоймаспын, — деген-ді, күтпеген жерден батырлық танытып. Осы сөзі есіне түссе, әлі күнге іші елжірейді. Осы бір ауыз сөзде не де болса тәуекелге тұрған — әке атымен келсе, нені болса да қарсы алар адамның қалпы бар-ды... Байбол Сәрсенұлының қатты таңғалғаны осы еді... Әкесімен бірге өсіп, бірге қызмет істеп, қатар жүрсе де, кезінде оны жете білмепті. Білмеген емес, мән бермепті. Оның тіршілігінде неге қолы жетіп, неге жетпегенін, шынын айтса, бұл білетін. Бірақ оның өзінен өткір, қабілетті екенін ол кезде Байболда мойындайтын күш болмады. Пендешілікке жеңдірді ме, кім білсін? Оны бүгін баласын көріп отырып, еріксіз мойындағандай. «Япырым-ай, — деп ойлады ол, — сенің бар қадыр-қасиетің балаңнан көрінеді екен-ау!» Осы жасқа келгенге дейін бір ойлады ма екен осыны. Енді Зағипаға қарап ойлайтын болып жүр. Жақсыдан қалған көз деген — осы шығар.

...Түн ортасына дейін ананы-мынаны ермек етіп күйеуін тосып, келгенде еркелей шешіндіріп, қолындағы қағаздарын алып, оған ананы-мынаны сыбырлай айтып жатқанын естіп, оның Болатты соншалықты сыйлайтынына қайран қалғандай. Байбол қарт бүгінде Зағипаға қарап отырып, Мәрзиясын есіне алады. Мәкеңін көріп отырғандай болады. Ол да дәл осылай, бұл карта ойнап, түнделетіп кешігіп келгенде, алаңдап тосып отыратын. Мұның әкесі бірге тұрған жоқ, сондықтан Зағипа сияқты атам оянып кетеді деп үнсіз қарсы алмайтын. «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің?» — дейтін үнемі. Бұл сөз оның жүйкесіне инедей қадалатын. Демде қитыға қалып: «Қыдырып жүрмін» — дейтін. «Батыр-ау, жөн сөзіңді айтсаң, қайтер еді?» — деп, үнсіз ас үйге беттеуші еді. Енді бақса, осы бір ауыз сөзде бұған деген наз, қамқорлық жатады екен. Күні бойы үйде жалғыз отыратын әйелінің бар мұңын шағатыны да, шерін тарқататыны да өзі болған соң, бұған сөйлейтінін ол кезде біліп пе?! Оны бүгін, келінінің Болатқа алаңдағанына қарап біліп жүр. Қырық жыл отасқан Мәкеңнің жан-дүниесін келініне қарап енді ұққандай, енді танығандай. Мәрзиясы ашуланғанын, кейігенін сыртқа шығара бермей, нені болса да ішке бүгіп қалатын, ақырын тосатын, ұстамды адам еді ғой. Енді ойласа, оған кезінде жылы сөзді де аз айтқан сияқты, жылы ілтипатты да аз көрсеткен сияқты, тіпті есінде жоқ. Кеш келіп, жұмысқа ерте кететіні есінде. Әйелі кей-кейде шаруа қамын, тіршілік жайын айта бастаса, өкіметтің жұмысынан жұқарып жүрген жүйкемді енді сен қажайын дедің бе, деп кесіп тастайтын. Шаршағандықтан да емес, «... жұмыс істеп жатқан жоқсың, бір үйдің шаруасын игере алмағаның ба, жұрттың келіншектері жұмысын да істейді, баласын да өсіреді, күйеуін де күтеді, ал сен болсаң»... деген оймен әйелін әйтеуір бір іліп қалғысы келетін. Үнемі ауыра бергеннен соң ба, оған іштей наразы, «Осы-ақ тырысып отырады екен» деген пиғылда қарағаны есіне түсіп, өзінен-өзі қысылғандай. Жылына бір рет науқасына байланысты емделуге де өзін жіберетін. «Сен іш құрылысын емдейтін жерге, мен жүрекке қажет емі бар жаққа барғанымыз жөн», — деп шығарып салатын. Сөйтіп жүріп, уақыттың қалай өткенін аңғармапты. Мәкеңнің дәм-тұзының таусыларын ойламапты. «Келінің мен балаңа жалтақтап қарап отырып, мені ізде, таны!» — деп, әдейі артқа тастап кеткендей. Қайран, Мәкең...

Көңілін алаңдатқан түйнек шешіліп, ыдырай бастағандай. Кішкене баудың ішін кезіп, әрлі-берлі жүре-жүре аяғы талған шақта үйге қайтуды ойлаған. Япыр-ай, Мәкеңнің бүгін есіме түсе бергені несі. Көп болды — басына бармағалы, содан ба екен?.. Мәкең табиғатынан қажырлы, көнбіс еді ғой, ал Зағипа дәл осылай Болаттың еркелігін көтере бере ме? Күннен-күнге ысылып, ашылып, қала тіршілігіне үйреніп, оң-солын аңғарып, игеріп алған соң: «Төрт қабырғада қамалып қашанғы отырамын, ұлыңыздың менімен тұрғысы жоқ», — деп тайып кетсе, жұртқа не бетімен қарамақ? Байбол қарияның санасын сан бөліп, ойын алаңдатқан қорқынышы осы ғой. «Жоқ, бұл ұлды қалайда тыю керек» деген тоқтаммен үйге беттеді.

Үйге қайтып келе жатып Зағипаның балконға шығарып, мұның көрпе-жастығын күнге жайып қойғанын көріп: «Байғұс бала, кір жууға кіріскен бе?» — деп қойды іштей. Күншуақта отырған бір топ кемпір мұны көре салып, айтып отырған әңгімелерін үзіп тастап, жапа-тармағай амандасып жатыр.

Байбол Сәрсеныч, есенсіз бе? Сіздің келін жақсы бала ғой... — Кездескен сайын айтатындары осы.

Бек жақсы...

Апа, — деп сызылған ізеті қандай...

Күні бойы тыным таппай, бір нәрсе істеп жүргені...

Өтіп бара жатқанда, отырып дем алсаңшы десек, «Қазір атам келеді жұмыстан, шайын әзірлеуім керек» — деп, асығып жүргені. Сізді қандай сыйлайды...

Байбол ақсақал үйге кіріп кеткенше кемпірлер мұның келінін соңынан мақтаумен болған. Келінін сонша мақтағанымен бір де біреуі Болат туралы бір ауыз жылы сөз айтпады-ау. «Япыр-ай, соның ертеңді-кеш ұрттап келетінін біліп, қу кемпірлер «ләм» демейді ме екен?»

Келсе, айтқандай-ақ, Зағипа көбігін аспандатып, кір жуып жатыр. Ыстық будан мұрны тершіп, жүзі алаулап, балапан шаштары бұйраланып, маңдайына жабыса қалыпты.

Көке, неге ерте келдіңіз? Мен үй тазалап жатқанда артық адамды жақтырмаймын. — Өзі еркелей күліп тұр.

Мен саған кедергі болмауға тырысамын. Қазір кабинетке кіріп кетемін ғой. Әлгі мырзаны қайдан жұмсап жібергенсің.

Моншаға жібердім.

Дұрыс жасаған екенсің. Зағипаш-ау, қашанғы айтамын, кірді жудыруға өткіз деп. Тағы өзің жуып жатырсың ғой.

Екі-үш адамның төсек-орнын кісіге жудыру — ұят секілді.

Ұятты қой. Ол жеке кісі емес, өкіметтің ашып қойған мекемесі ғой. Қолыңнан қол қалмайды ғой, балам-ау. Уақытың артылып бара жатса, кітап оқы, киноға бар, қыдыр.

Болат бәрібір мені ешқайда ертіп апармайды ғой. — Зағипа сөз арасында жай айта салған. Өзі ыңылдап, ән салып жүр. Көңілді сияқты. Бірақ әлгі сөзден Байбол қарияның бойы оқыстан селк еткендей, демде іші мұздап қоя берді. Айтып тұрғаны рас. Осы қаладағы ағайын-туыстарға қыдыра барғанда болмаса, Болат Зағипаны ешқайда ертіп бармағаны шындық еді. «Япыр-ай, бұл баланы қайтсем екен? ».

Түске таяу буы бұрқырап, моншадан Болат та келді. Аздап сыра да тартып алса керек, өңі алабөтен күреңітіп кетіпті. Көптен бастарының қосылғаны осы — түскі асқа төрт көздері түгел жиналған. Зағипаның қай жерде жүріп жасап үлгергені белгісіз, қаймаққа бұқтырған қуырдағы дайын тұр. Өзі ерекше жарқын. Атасы екеуі шай ішкенде де көңілді, барынша-ақ жарқылдап отыруға тырысқанымен бір бүйірінде Болаттың орны ойсырап тұратын еді. Ал қазір, әйтеуір, мәз. Болаттың моншадан кейін қарбытып тамақ жегеніне күліп, қайта-қайта үстеме салып отыр. «Тең - теңімен» деген осы-ау! Ұлының бар қылығын кешірген, оның үйде отырғанына сонша қуанған келініне қарап, бір жағы, іші елжірей риза болса, бір жағы, өзін де бір уақыттарда Мәкеңнің де дәл осылай күтіп, дәл осы лай қуанатыны есіне түсіп, сағыныштан, өкініштен көкірегі болмашы сырқырағандай болды. «Жұмыс, жұмыс» деп күні-түні шапқылап жүруші еді, бұл іссапардан оралғанда үй-ішінен мерекедегідей бір өзгеше қуанышты, сән-салтанатты сезетін. Ол кезде оған кім мән беріпті? Қазір соны ойлағанда өзінің қысқа ғұмырында сол сәттердің ең қадірлі, ең аяулы шақтары екенін ұғынды. Бірақ, оны сол кезде қайдан біліпті?! Соның бәрін Мәкең өзімен бірге ала кеткендей. Анда-санда есіне алып, қайтып келмес сол күндердің, сол шақтардың көңілде сақталып қалған көмескі жылуына жылынып отырамын деп, бұл әсте ойлады ма екен? Осыдан ғой, Болатқа ренжитіні. Басында бақ-дәурен әрқашан осылай тұрады деп ойлай ма екен, ақымақ неме!? Әйелдің қадірін бұл қасқа қайдан білсін? Кезінде өзі де білді ме?

Мұның тұнжырап қалғанын Зағипа бірден байқап, өзінің Болатқа тым назар аударып отырғанын енді сезіп, қызарып кетті.

Көке, тамақ алыңызшы. Біраз қыдырып келдіңіз ғой. Уақыт та көп болды, бір тамақ ішетін мезгіл қалайда жеткен шығар, түскі ас қой, жақсы сіңеді, табақшаңызды беріңізші...

Зағипаш, мынадай дәмді қуырдақты қай жерде жүріп жасап үлгергенсің? Жаңа ғана кір жуып жатқан сияқты едің ғой. — Мұны ұлы айтуы керек еді. Оның қаперіне еш нәрсе кіріп-шығар емес, тек тамақты сорып жатыр. Түнде біраз ішіңкіреп жіберсе керек, мына ащылау қуырдақ дәл дер шағында беріліп отыр оған.

Ол түнімен қыдыруға тиіс сияқты. Жас келіншегі ол келгенде аяғына бас ұрып кебісін шешіп, дәмдеп асын беріп, «ләм» демей отыруы керек сияқты. Не үшін? Оның басқадан қандай өзгешелігі бар? Жанындағы жақыныңа ыстық ықыласыңды, сыйыңды көрсете алмасаң, кейін, кейін деп жүріп, өмірдің өткенін де білмей қалады екенсің. Бұл енжар қылығының қай уақытта алдыңнан қалай шығарын кім білген?! Қолдан келсе, тіршілігінде сыйла, жақсылығыңды кезінде көрсет.

Түнде жартылай әзірлеп қойғанмын. — Болатты тосып түннің бір уағына дейін күйбеңдеп жүріп, бірталай шаруасын бітіріп қояды екен-ау. Түскі астан кейін Байбол баласымен оңаша қыдырып келуді ұйғарды:

Ал, балам, сенің не білген ойың бар, ана шешеңнің басына бармағалы көп болды, қазір машина шақырып, барып қайтамыз ба? — деген. Болат тағы бірде барармыз деп қарсылық білдірер ме екен деп қауіптен гендіктен, көптен бармағанын баса айтқан. Ол үндемеді. Үндемегені, сірә, келіскені шығар.

Көке, мен де барайыншы. — Мұны айтқан Зағипа. Басқадай уақытта алып барса да болар еді, бүгін Байбол қария келінін ерткісі келмеді. Оның өз мәнісі бар, баласымен оңаша сөйлесіп, көптен көкейіндегі топтанған нәрселерді сыртқа шығарып айтпақ.

Зағипаш, барғаныңа мен қарсы емеспін. Бірақ әйел адамның бейіт басына көп бара бергенін өзім қаламаймын. Бірақ, кейін мен өлгенде сенен басқа маған ешкім бармас, сірә. Балам сол күнге өзіңді сақта. Баратын күнің алда әлі.

Қойыңызшы, көке, бізді қорқытпай.

Жаман айтпай — жақсы жоқ.

Онда мен Ажар апайға барып қайтамын.

Сөйте ғой, менен сәлем айт.

Зағипаның қалаға келген күндері күйеуі мен атасынан кейінгі ең алғаш жақын білген адамы — Ажар апайы. Келін болып түскеннен соң, арада көп уақыт өтпей-ақ, атасы оны Ажар апайға ертіп әкелген.—

Ажар ханым, шақырусыз келгенімізге кешірім сұраймыз. Қумассыз деп ойлаймыз.

Ол не дегеніңіз? Оқа емес. Бек қуаныштымын. Ай-ай-ай, Байбол Сәрсеныч, сіздің де бізді іздейтін күніңіз болады екен-ау. Біздің үйді ұмытпаған екенсіз ғой, — деп атасына құрақ ұшқан мол денелі қазақша, татарша араластырып сөйлейтін бәйбіше біраз наз білдірді. Зағипаның өзіне де осы адамның апасымен бір ұқсастығы бардай, көзіне жылы ұшыраған.

Ажар ханым, үйдегі ескі телефон кітапшаларын ақтарып отырып, өзіңіздің мекенжайды әрең тауып келіп отырғанымыз бұл. Бір-екі рет Мәкеңді әкеп тастаған едім кезінде, ұмытыңқырап қалыппын. Мына бала — менің келінім, аты — Зағипа.

Өте жақсы. Мәкеңнің өзі көре алмай кетті ғой. Ой, несін айтасыз, Мәкең алтын адам еді ғой. Әлі күнге дейін түсіме енеді.

Көзі тірі болса, Мәкең өзі әкеп таныстырар еді. Оған тағдыр жазбапты. Енді өзім ертіп әкеп отырмын. Осы балаға қаланың тіршілігін игеріп әкеткенше өзіңіздей адамның көмегі қажет болып тұр.

Қандай көркем, әдепті бала! Қарағаны, кейбір қимылдары Мәрзияға ұқсай ма, қалай өзі? Жасырақ кезінде Мәрзия да осындай аққұба, талдырмаш еді ғой. Кейінгі жылдары науқас қажытып кетті емес пе, көрінеу көзге. Келініңіз, Байбол Сәрсеныч, тфа, тфа, өте әсем, нәзік бала екен! Қайын енесіне ұқсаған келін жақсы болады деуші еді, үлкендер. Бізден қандай көмек керек? Көйлек-көншек тіккізу деген де сөз болып па, Мәкеңе қалай қарасам, бұл балаға да солай қарап, қуыршақша киіндіріп қояйын. Ертең өз келініңізді өзіңіз танымай қап жүрмеңіз?

Тек қана ол емес, Мәкең аузының суы құрып, сіздей асқа қылап, бапты әйел көрмедім деп, кезінде көп айтушы еді. Сол өнеріңізді де балама үйретерсіз.

Ә, ұқтым Байбол Сәрсеныч, ұқтым... — Ажар апай істің байыбына енді барғандай, басын шұлғып отырып қалған. — Өзінің үйренейін деген ниеті болса, «бірінші класс хозяйка» етіп шығарайын. Жұмыс істемейді ғой?

Әзір үйде, бос, — Зағипаға бағдарлай қарап алды. — Менің дәулетімді былай қойғанда, Болаттың өз табысы да бір келінді бағуға жетеді. Қалаға әбден үйренген соң жұмысқа тұрар, не оқуға түсер, оны кезінде көре жатармыз.

Дұрыс болған. Ә, бұл бала елден келген екен ғой.

Иә, өзімнің туып-өскен жерімдегі бір көзкөрген жолдастың қызы. Енді маған қыз боламын дейді. Мен қайтайын, Зағипа қалсын, оңаша сөйлессеңіздер, тез түсінісерсіздер. — Қоштасып жатып Байбол Сәрсенұлы қалыңдау конвертті Ажар ханымның қолына ұстатты. — Жетпей жатса, тағы айтарсыз...

Содан бері Ажар апасына Зағипа үнемі барып тұрады. Үлкен адамның келіні болудың қыр-сырын Ажар ханым үйретуде...

Машинаға мінген соң Байбол мен Болат бейіт басына тіке бармас бұрын гүл базарына соқты. Көздің жауын алатын аппақ, алқызыл, күлгін гүлдер жайғасқан ұзын столды аралап жүріп, шоқ-шоғымен әр түрінен таңдап алды. «Енді тауға баруға болар».

Бұлар мінген машинаның шофері ерекше көңілді көрінген.

Оһо! Осыншама бір құшақ тамаша гүлді қайда апарасыздар? Қалыңдыққа емес пе? — деп, көзі күлімдеп, әзілге шақыра сөзге тартқан.

Анамызға, бейітке барамыз, — дегенді естіген соң, әкелі-балалы екеуінің томсырайған түрлеріне бағдарлай қарап, сыпайылық сақтап, біраз үнсіз отырған. Бірақ лепіріп, көңіл күйі сыртқа лыпып, шыға береді.

Көп болды ма?

Екі жылдан ауып барады...

Біраз уақыт өткен екен ғой. Ертең бәріміз де өлеміз, сондықтан бір күнгі тірлікте шалқып жүргенге не жетсін, — деп, газды баса түсті. Машина тауға қарай жүйткіп келеді.

Отағасы, пәлендей жасыңыз жетіп отырған жоқ көрінеді, әлі де былай, бірер әйел қартайтатын түріңіз бар сияқты.

Қарағым, мен қалжыңға жоқ едім. — Байбол Сәрсенұлының кей-кейде ешкіммен сөйлескісі келмейтін кезі болатын. Бағана үйден шыққанда сергек сияқты еді. Қазір тұнжырап, көңілін зіл батқан әлдене басып отыр. Бейіт басына жеткен соң машинаны тосқызбай, қайтарын жіберген. Болат: «Тоса тұрсын да, осымен үйге жетіп алмаймыз ба?» дегісі келіп еді, әкесінің түрінен қаймықты. «Бұл кісіге не болды екен?» — деп ойлады да қойды. Бүгін түстен кейін жолдастарына келемін деген уәдесі бар еді, бара алмайтынын іші сезді.

Бейіт басы жүдеу, көңілсіз еді. Қоршаудың ішіне еніп, ескерткіш тасының айналасын тазалады. Өткен жолы әкелген гүлдері әбден қурап, құр сабағы қалыпты, ол да желмен қалтырай діріл қаға мұңды бір күйден хабар бергендей — суық.

Мәке, міне, біз де келдік, ұйықтап жатырсың ба? Ұйықта, ұйықта. Ұйқың жайлы болсын!

Қоршау іші кең еді. Қасындағы орын ерте ме, кешпе өзінікі екенін ойлағанда Байбол ақсақал пәлендей қорқынышты еш нәрсе сезінбеді. «Е, бұл жүрек бұлай ауыруын қоймаса, қашанғы шыдатар дейсің?! Мәке, жалғызсырап жатырсың ба? Жалғызсырама, менің де келетін уақытым алыс емес шығар. Жүрегім әлсіреп жүр. Жұмыстан құр сүлдемді сүйретіп, үйге әрең жетемін. Келе төсекке құлаймын. Әй, осы жолы кетіп қалатын-ақ шығармын деп ойлаймын. Жоқ, таңертең басымды көтеріп, адам қатарында тұрамын. Қайдам, бір күні таңертең оянбай қаламын ба деп қорқамын, Мәке... Мені, бір жағы, жалғыз ұл да қажытып барады. Тентек суға әбден үйір боп алды. Келіннің сөзіне мен отырғанда тоқтамайды, үйге бармайды. Ертең көз жұмсам, тірліктері не болар екен деп уайымдаймын. Әй, Мәке-ай, осылай боларын біліп, мені әдейі артқа тастап кеттің білем. «Жасыңда әйел деп, бала деп көңіл бөлмеп едің, қартайғанда қинал» дегенің бе?» дегенді естілер-естілмес күбірлеп тұр. Осы ауыр ойлардан тым тұнжырап, белі бүгіліп кетсе керек, Болат қолтығынан демеп:

Әке, қойсаңызшы, не болған сізге, өз денсаулығыңыз да жетісіп тұрған жоқ қой, — деді, сыртқа алып шығуға тырысып.

Қош, Мәке! — Болат «ләм» демеді, тек қана жаңа тұтатқан темекісін құшырлана сора береді. Қоршаудан әкесін қолтықтап шыққан Болат сол бойда мұның қолын босатпай, демеп таудан қиялай ылдилап түсе бастаған. Бұл арадан қала алақандағыдай көрінеді. Қала үсті — көк мұнар, шаңытқан тұман. Тау да, күн де ашық, шұғыласы мол, қарсы беттен салқын дымқыл самал есіп тұр. Көптен бәйбішесінің қасына келе алмай жүрген Байбол қарияның үстінен бір жүк түскендей жеңілдеп кең тыныстаған:

Өзім-ақ түсемін ғой, — деп тартыншақтаған, бірақ Болат мығым ұстаған уысын жазбады. Әкесі әлсіреп, бір жерде құлап қалар деп қорықты ма, әлде өзі іштей ширығып келе ме, тас-түйін. Байбол енді байқап келеді, ұлының қолы қарулы, мығым денелі, атпал азамат болып өскен. Бойы өзінен әлдеқайда биік. «Ұлың өзіңді демеп, сүйеп жүрсе, жаман емес екен-ау» деп алғаш рет ойлаған. Болаттың өзіне сүйеніш, тірек екенін қазір қолтығынан демеп келе жатқанда нақты сезінген түрі бар. Сезінгені — өзінің бойынан баяғыдағыдай мол күш-қуаттың қайта бастағанын мойындағандай бір күй. «Мен осы баланы тым көп жазғырып жүрген жоқпын ба?» — деген де бір ой бас көтерген. «Бір кездегі өзім жіберген орны толмас олқылықтар мен сансыз көп кемшіліктерді бұдан көріп ренжимін-ау! Бұл да соны қайталамаса екен деген тілектен туған қауіп болар, менікі. Ішінен осылай деуін десе де, ұзақ түнге келінінің кірпік ілмей сарылып тосып отыратыны есіне түскенде, жаңа жазыла бастаған қабағы қайта салқын тартты.

Балам, осы сенің не ойлаған ойың бар? — Әңгіменің не туралы екенің болжай алмаған Болат аңтарыла бетіне қараған.

Қарағым-ау, сен енді жас емессің ғой. Ақыл тоқтататын кезің жетті емес пе? Орнығып, алды-артыңды бағдарлайтын жасқа келдің ғой. Есейетін кезің жеткен жоқ па? Қашанғы бала боласын? Бастаған ғылыми жұмысың аяқсыз — ол жатыр. Бір емес, екі рет үйлендің. Ендігі қыдырысыңда не мән, не мағына бар? Артық жүрісті қоятын уағың жеткен жоқ па? Біреудің жап-жас баласын алып келіп — әне, төрт қабырғаға қамап, қорлағандай болдық емес пе? Одан ажырассаң, ел бетіне қалай қараймыз. — Осыны ойласаңшы. Қартайғанда мені қайта-қайта жерге қаратпасаңшы.

Папа-ау, таусылатындай не болды сонша? Келінің әлде саған мұңын шағып жүр ме? Меніңше, ол өзінің осы күніне қуансын. Сіздей адамға — келін, мендей жігітке — әйел болып отыр. Енді тағы не керек оған? Күні кешеге дейін ауылда не істеген ісі жоқ, не оқыған оқуы жоқ, бос жүрген қыз еді ғой. Әліне қарамай ма?

Әй, ақымақ не айтып келесің? — Ашу алқымына тірелген Байбол ұлының қолын қағып тастап, анадай барып тұрды. Ұлының бетін қайтарып тастайтындай жөпелдемеде аузына жөн сөз де түспеді. Біраз жүргеннен кейін өзіне-өзі келіп сабасына қайта түскендей болған ол, сосын барып тілге келген.

Мына айтып тұрғаның не? Оған үйленгеніңді міндетсініп, тіпті оған үлкен жақсылық жасағандай сезінесің ғой. Түптің түбінде, сенің осы қызға үйленгенің абырой болғанын сен ақымақ әлі түсінбегенсің бе ? Ол сенен емес, сен одан жақсылық көріп отырсың. Сенің еш нәрсеңді шашау шығармай, сыртқа білдірмей отыр емес пе? Алдыңғы келіншегің аз уақытта бүкіл қалаға сені «ішеді» деп, «наркоман» деп, атаққа шығарды емес пе? Сен менің төрдегі басымды есікке сүйрейтін ұл болдың ғой.

Сонша не болды, әке, түңілетіндей...

Саған мұндай көкірек қашан пайда болған? Сен өзіңнің кереметтігіңнен осындай дәрежеге жеттің бе, айтшы? Алда-жалда мен қызметтен босап қалсам, не ертерек көз жұмып кетсем, сенің күнің қандай боларын мен дәл қазір білмеймін, көзім анық жетпейді. Зағипа сияқты өзінің жастығына қарамай бір үйлі жанға шуақ болып, жылу беріп, айналада адамдарды үйірілтіп отыру — тап мына сенің қолыңнан келмес еді. Бұл анық қой.

Неге, папа? Әзір сіз барсыз ғой, жағдайымыз жақсы, сіз тұрғанда бәрі мені сыйлайды.

Міне, міне, сені құртып жүрген осы көкірек қой. Байқаймын, кейінгі кезде жиі ішіңкіреп жүрсің. Қаншама ерке, қаншама келеңсіз болғанда да ер азаматтың өзінің орнын, бағыт-бағдарын айқындайтын шағына жеттің. «Әйтеуір, қалайда қорға» — деп алдыңа көзсіз мақсат қоймаймын, бірақ жұмысың жақсы, тақырыбыңның келешегі мол, неге бел шешіп кіріспеске. Өз орныңды айқындауың керек қой, қалайда.

Мен қорғасам, бәрібір — барлығы бастықтың баласы қорғамағанда, кім қорғайды деп қарайды, соған бола әдейі созып жүрмін. Мынаны айтшы, адамның білімі қорғап, қорғамағанымен өлшенбейді ғой, әке.

Бұның, енді — «қызыл сөз».

Неге?

Өзіңді ақтау үшін айтасың. Ділмәрсіме. Сенің қатең басқада болып тұр ғой. Меніңше, өзің мақтау сүйесің, өзіңді қолпаштағанды жақсы көресің. Жолдастарыңның, көрінеу көзге, арзан мақтағанына оңай түсіп қаласың. Олардың «шалдың баласы» деп қолпаштауына өзің жол бересің. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абайдың сөзін қашанғы айтамын?! Қарапайым бол, өндіре жұмыс істе! Сонда ішуге бос уақытың да аз болады, әрі — ешкім сені оңай жолмен қорғады, ғылымның адамы емес деп айтпайды. Кейінгі кездегі жолдастарыңды да мен танымаймын, дырдуы мол, тойы көп қауым екен, әйтеуір, сені ішіңкіретіп жүрген сияқты. Мақтағанға қарның қампайып, салдырлап жүріп уақытты босқа өткізесің бе деп қорқамын сенен. Өткенде бір-екі күн жұмысқа да бармай қалдың. Зағипа кейіннен барып айтты. Күндердің күнінде шығарып жіберсе қайтесің?

Сіз тұрғанда мені шығара алмайды.

Міне, міне, сені дандайсытып жүрген менің атағым ғой. Ертең менің көзім кеткен соң, сенің еркелігіңді кім көтерер? Сонда қиналасың, балам. Өлмес жағыңды ойла. Маған енді арқа сүйеме, өз қамыңды өзің күйттеп, өз тағдырыңды өзің шешетін, өз күніңді өзің көретін жасқа келдің. Енді маған да маза бер. Аз ба, көп пе, қалған ғұмырымда келін жұмсап, немере сүйіп, өз әулетімнің өскенін көріп, алаңсыз аттанайын.

Немене, әке, кемпіріңнің жанына баруға асығып келесің бе? — Болат әкесінің мұншама шешіліп, ұзақ сөйлегенін бұрын естімеген еді, бүгінгі кенеттен бейітке жиналуынан секем алып еді, мына сөзінен шошиын деген. Сонда да өзін-өзі ұстап, әңгіменің аяғын қалжыңға айналдырғысы кеп-ақ тұр.

Мен саған күнде ақыл айтып, құлағыңды сарсытқан күнім жоқ еді ғой, тыңда. Менің негізгі айтайын дегенім бұл да емес. Зағипаға екінші қайтып қол көтергеніңді естімейін, бір жері көгеріп жүргенін көрмейін. Әйелің сенің жұдырығыңнан қорқып емес, қабағыңнан танып, құрақ ұшсын. Еркектің мықтылығы, міне — сонда. Ал, қол жұмсау — дәрменсіз, дойыр адамның ісі. Зағипа сені сыйламайды деп айта алмаймын. Бір әйел болса, Зағипадай-ақ болсын. Егер ішіп келіп, екінші қайта шу шығарып, келінге соқтығатын болсаң, өз қолыммен милиция шақырып ұстатып жіберемін.., айтпады деме!.. — Әкесінің бір нәрсені екі рет ескертпейтіні өзіне аян.

...Сол оқиға нық түбінде, әйтеуір бір сөз боларын, әкесінің қалайда оралып соғарын Болат іштей тосып жүруші еді. «Папам неғып үндемеді?» деп ойлап қоятын. Келе-келе өзі де ұмытып кетіп еді, бүгін қарашы алдынан шыққанын. Бәсе, неғып ұмытсын?

Болат бірде қатты қызық қырап келген. Не үшін сонша ішкендері өзінің де есінде жоқ. Түннің бір уағы болған кез. Жанында бір-екі жолдасы тағы бар. Мезгілсіз келгендеріне қарамай, Зағипа дастарқан жасап, ас-суын қамдап, әдеттегіше бәйек болып жүр.

Бөке, өзің маладессің ғой, мынадай аққуды қайдан іліп түскенсің?..

Бекеңнің талғамы мықты.

Өзіңнен неше жас кіші, үлбіреп отыр ғой?

Сегіз жас...

Паһ-паһ, біздің Бөкеңдер деген нағыз осы заманның серісі емес пе?

Ауылдың қызы жалықтырды, шығарып, бұдан да жасын аламын... — Қызулықпен айтса да, Болат өзінің артық кеткенін сезген-ді.

Зағипа естісе де, естімеген түр көрсетіп, сыр бермеді. Тоңазытқышта тұрған бар шарап таусылған кезде:

Барып қонақ үйдегі тұрған шалдың фондысынан бір-екі шөлмек алып кел, — деген Болат.

Көкем оянып кетеді, — деп Зағипа орнынан тапжылмады. Байбол Сәрсенұлының аты аталған жерде «А, ол кісі үйде ме еді, біз жоқ шығар десек», — деп, өтірік білмегенсіп, жолдастары жылыстап шыға берген. Болат қанша өтінгенімен олар аялдамады. Зағипа ол шөлмектің бұл екі жігітті сыйлаудан гөрі Болаттың өзіне керегірек болып тұрғанын іші сезді. Әбден тойып алмаса, жатушы ма еді, бұл. Бірақ, қайтып ол да, бұл да тіл қатқан жоқ. Болат ас үйде жалғыз өзі қалып, темекі тартып, тоңазытқыштың есігін қайта-қайта ашып-жауып, біраз сенделіп жүріп, жатар бөлмеге барған. Сабасына түскен шығар деп ойлаған Зағипа төсекке жата бергенде көңіліне еш нәрсе алмаған адамдай күйеуіне еркелей күліп:

Біздің «ауылдың қызы» деген атымыз қашан қалар екен, — деді сыбырлап. Сөзінде, дауысында өзіне ғана жарасатын, жаңа ашылып келе жатқан жас келіншектің ерке, биязы қылығы байқалады. Бағана бір-екі шөлмек әкеліп бере қоймағанына Болаттың ашуы әлі де тарқамай тұрған-ды. Сол-ақ екен, сылтау табылып, өзінен-өзі бұрқ ете түспесі бар ма?!

Ә, немене, сенің тілің шығайын деген бе? Ауылдың жаман қызы екенің өтірік пе? Маған тимегенде, осы кезде қайда жүрер едің? Білесің бе? Алматының төрінен бірақ шығып, еще сөйлейді өзі...

Алғаныңызға өкініп жүрсеңіз қайта апарып тастаңыз. Әйтпесе, бұлай деуіңізді қойыңыз, Болат Байболович. Ауылдың қызы деп, сонда алмай кетпегеннен кейін, қайта-қайта айтуыңызды ұқпадық қой.

Ұқпасаң — ұқтырамын. — Жағынан шапалақпен тартып-тартып жібергенде Зағипа есеңгірегендей басын қорғалай берді.

Шешеңнің үйінен арқалап әкелген арағың бар ма еді? Әкел дегенде, неге әкеле қоймайсың? Жігіттердің алдында менің беделімді түсірдің. — Одан әрі не дегенін Зағипа естімеді, естісе де ұғатын дәрмені жоқ, көңілі жермен-жексен болып басылып, қорланып, намыстан өртеніп жатар бөлмеден шығып кеткен. Жуынатын үйге келіп, айнаға қарап еді: көзінің асты ісіп, көгеріп кетіпті. Бетін жуып, көзіне салқын су басып, егіліп біраз тұрды да, қонақ бөлмедегі диванға барып қисайған. «Бұлай өзімді қорлатқанша осы бастан басымды арашалап алайын. Бір күн де тұрмаймын. Ертең кетемін». Таңға жуық көзі ілініп кеткен екен, атасының тұрып шай қойып жүрген тықырынан оянды. Атасының көзіне көрінуге ұялып, не жата берудің ретін таппай, біраз қипақтап, аңыры атасы шайға отырды-ау деген кезде тұрып, киініп, ол-пұлдарын жинай бастады. Мұның жиналғанына таңданған пішінмен қараған Болат: «Бар, бара бер!» — деп кекесіндеу айтқан, айтса да оның шын кеткелі жатқанын көріп, жүгіріп ас үйде отырған әкесіне жеткен:

Әке, келінің кетіп барады. — Түнгі дабыр-дұбырдан, Зағипаның тұрмай жатқанынан секем алған ол орнынан жеңіл көтеріліп, жүгіре шыққан. Зағипамен дәлізде тоқайласып қалды. Бетіне тура қарауға жүзі шыдамай, көзін тайдырып әкетті. Алдында тұрған атасының жолын кесіп, есікке өте шығуға Зағипаның дәрмені жетпей, жүгіріп келіп, кеудесіне басын қойып, еңіреп жылап жіберген.

Ата-ай, менің не жазығым бар еді? Әлде ұлыңызға таяқтатуға әкеліп пе едіңіз?

Зағипаны құшақтап, бетінен, шашынан сүйіп:

Кешір, қарағым. Мен үшін кешір, ол иттің баласын. Мені сыйласаң, мына түріңмен сыртқа шыға көрмеші, айналайын. Көрген жұрттан ұят-ай! Айналайын-ай, мен тірі тұрсам, таяқ жегеніңнің басы-аяғы да осы болар. — Осыны айтқанда әкесінің соншама үлкен басын кішірейте, таусыла сөйлегенін, Зағипаның иегінен көтеріп, көзіне қарағанын, көзінің жасын өз қолымен сүрткенін ойласа, Болаттың әлі күнге дейін іші біртүрлі мұздап кетеді. Зағипаны жұбатып, сыртқы киімін шешіндіріп, өз қолымен ілген соң бұған тесіле қарап — «саған айтты не, айтпады не?» дегендей, үнсіз жұмысқа шығып кеткені батып еді. Әбден амалы таусылғанда әкесінің «ләм» деп сөйлемей қоятын, не үйден шығып кететін әдетін білуші еді. Сен үшін қаршадай қыздың алдында үлкен басымды идім, түсінетін санаң болса, осы да жетер дегендей ызғармен суық қарағаны қинаған. Әкесі үйден шығып кеткен соң ас үйде терезе алдында теріс қарап тұрған Зағипаны сырт жағынан келіп құшақтап, құлағына «Кешір...» деп сыбырлаған. Иығынан құшақтаған мұның қолына жағын сүйеп, Зағипа терең тыныстап, көзін жұмып тұрып қалған. Кірпігінен жалғыз тамшы жастың үзіліп түскенін көріп, өзінің де жаны ашып кетті. Өзіне қаратып, бауырына тартып, көзінен ұзақ сүйіп, жатар бөлмеге алып кеткен...

Кешке жұмыстан келгенде атасы Зағипаның күліп жүргенін көріп, ол оқиға туралы қайтып әңгіме қозғамаған. Түндегі салдыр-гүлдірді естіді ме екен, әлде Зағипа айтып үлгерді ме екен, әңгіменің бүгін шығуына не себепші болғанын ойлап келеді Болат.

Әке, енді ондай-мұндай болмай тұрмайды ғой. Жайшылықта ешнәрсе демеймін ғой, өзіңіз көріп жүрсіз, қызулықпен байқамай қол көтеріп қойғаным рас.

Оның бар ойлағаны — сен арақты азырақ ішсін дегені шығар. Әйтпесе «қашан келіп жатырсың, қашан кетіп жатырсың, кіммен қыдырып жүрсің?» деп жатқан жоқ. Айтшы, саған осыдан артық қандай әйел керек?

Мен мұны шығарайын деп отырғаным жоқ қой.

Әрине, сен Зағипаны шығармайсың. Саған өте қолайлы, бірақ сенен ол кетеді. Осыны ұмытпа. Сенің мына түнгі жүрістеріңе кім болса да шыдамайды. Қарағым, әйел адамның назасы жаман болады деуші еді, жылата берме. Өзің байқайсың ба, кейінгі кезде Зағипа тіпті ажарланып, ашылып келе жатыр. Жанынан өткенде кім де болса мойын бұрып, сұқтанып қарамай қалмайды.

Иә, оны байқап жүрмін.

Байқасаң — сол, ендеше. Қөңілін қалдыра берсең, суып кетуі оп-оңай. «Әйелдер құлағымен есту арқылы жақсы көреді» деген орыс мақалы бар. Әйел адамға кейде аялы алақан, жылы сөзден басқа еш нәрсе керек емес. Көңілі қапаланып, жабырқап, жалғызсырап жүрген кезде бір ауыз жылы сөзге алданып, біреулердің ырқына түсіп кетуі ғажап емес. Сен осы жайын ойладың ба?

Мұны естігенде Болаттың іші солқ етіп, Зағипаны үлбіретіп, әлдекімдер қолынан жетектеп еркелетіп, ертіп бара жатқандай, кинотаспадағы баяулатылған көріністей көзіне елестеп кетті. Айтарының бәрін сарқа айтқан Байболдың бойы жеңілдеп, ширыға адымдап келе жатты. Содан үйге жеткенше екеуі де үндемеді.

Есікті Зағипа жүгіріп келіп, жайраңдай күліп ашты.

Тү-у, осынша көп жүрдіңіздер ғой. Мен тіпті, қорқайын дедім. — Өзі үстіне бұрын бұлар байқамаған жаңа көйлек киіп алыпты. Ажары ашылып, құлпырып кеткен. Бұлардың өзіне қарағанын сезіп, көйлегін көрсетіп жатыр.

Сіздерге көрсетіп, байғазы сұрайын деп, бағана Ажар апайдан әкелісімен киіп алып едім. Әлі тосып отырмын, әлі тосып отырмын. Ыңғайсыз екен, бір жаққа баратындай, сықиып киініп алған.

Көйлегің тозғақ, ғұмырың ұзақ болсын! — атасы қалтасына қолын салып, ілінгенін келінінің қалтасына қыстырып, бетінен сүйді.

Ал, Сіз ше, Болат Байболович жолдас! Не бересіз? — Өзі күліп тұр. — Атасының атын атаған сендей келінді кім көрген? — Болат та қалтасынан бір-екі қағаз алып, келіншегіне ұстатып, мұрнынан қысып ойды.

О-һ-о! Бүгін менен бай адам жоқ. Мұны қайтсем екен? Ажар апайдан кешірек келіп қалып, тамақ істеген жоқ едім. Бірақ түстегі қуырдақтың қалғаны бар. Ой, қойыңыздаршы, одан да осы байғазыма мен сіздерді ресторанға апарайын.

Әке, мына келініңіз не айтып тұр? Айтамын ғой, сіз әбден еркелетіп жібердіңіз деп.

Несі бар, барсақ барайық. Баруға немене, Зағипа екеуміз тұрмаймыз ба? Әлде ресторан біткеннің бәрін сен жалғыз жайлауың керек пе? Бар, киім ауыстыр. Зағипаш, сен осы көйлегіңмен жүргенің жөн шығар.

Музыкадан алыстау, шеткерірек столға кеп отырған бұларға басында ешкім де назар аудармаған сияқты еді. Бірте-бірте келіп амандасушылар көбейген. Бәріне де Байбол Сәрсенұлы алдымен Зағипаны келінім деп ерекше мақтанышпен таныстырып отырды. Олардың бәрі де айналып келіп, Зағипаның қолынан сүйіп, құрмет көрсетіп жатыр. Байбол ақсақал көзінің астымен ұлына қарап қояды. Ол да Зағипаны сыйлап-күтіп, ас салып беріп, ыждағатты-ақ болып отыр.

Папа-ау, мені де, былай.., болашақ ғылым кандидаты деп таныстырсаңшы.

Сенің менің ұлым екеніңді жарты қала біледі емес пе? Зағипашты таныстыру керек.

Алдарындағы асты жеп болған соң Байбол ата тосын әңгіме бастаған:

Зағипаш, қарағым, қалаға үйрендің, үйді ұстауды — біздерді — екі еркекті күтуді меңгердің. Енді қашанғы үйде отырасың, ішің де пысатын шығар. Жұмысқа тұр. Қалаған жерің, көңіліне алған оқуың болса, оны айт. Күзде мүмкін оқуға құжат тапсырарсың.

Ойланайын, ата. — Зағипа осындай әңгіменің түбінде бір боларын іші сезетін. Сезіп қана қоймайтын, іштей атасына сенетін. Мені төрт қабырғаға қамап қоюға әкелген жоқ қой деп ойлайтын. Өзіміз оқытамыз деген — апасына берген уәдесі тағы бар. Оны ұмытпаса керек еді. — Ата, менің дәрігер болғым келеді. Көкемнің арманы сол еді ғой. Соны орындасам деймін, бірақ... — Зағипа ар жағын айтпай, мүдіріп қалды.

Е-е! Атаң екеуің тым алысқа шырқап кеттіңдер ғой.

Несі бар?! Дайындал. Негізгі пәндерден қосымша сабақ беретін екі-үш мұғаліммен үйге келіп тұруға өзім келісейін. Тек жалқауланбай оқитын бол.

Біз қайтеміз?

Қайтуші едің? Медицина институты деген осы қалада да бар емес пе? Біз жұмысқа кеткенде, бұл да сабағына барады. Бар айырмашылығы — сол ғой. Емтихан уақытында үй тірлігіне үлгермей жатса, кезінде көрерміз. Ажар апайды көмекке шақырармыз.

Бұлар рестораннан шыққанда түннің бір шамасы болған еді. Үшеуі ақырын аяңдап келеді. Екеуі шетте, Зағипа ортада, «Аташы», «Болатшы» деп ананы бір, мынаны бір айтып, мәз. Байбол қария бірін естіп, бірін естімейді. Адамды қуантудан игі іс, сол қуанышты көруден артық рахат жоқ шығар деп ойлады қазір ол. Әлгінде Зағипаның «оқисың» дегенде жүзіне ойнап шыға келген қуанышты күлкі бұрынғы күлкілерден мүлде басқа, мүлде өзгеше еді. Әке аманатын орындайтын шаң жақындап қалғанын сезіп, қуаныштан жүрегі аттай тулағанын айтпай-ақ біліп келеді қазір. Анасы ғой — қызы дәрігер болып шықса, бүкіл ауданға той жасайтыны даусыз. Байбол Сәрсенұлының да абыройы аспанға бір көтерілер еді. Бәлкім, Зағипаның әкесінің аруағы алдындағы қарызы да осылай өтелер. Шіркін, сондай күн туар кез болсашы!..

Соғыстан кейінгі жылдары Зағипаның әкесімен ауданда қызметті бірге бастаған-ды. Ол аудандық оқу бөлімінде, ал бұл атқару комитетінде басшы қызметте болған, тізе қосып талай жыл бірге жүрді. Өткір адам еді, бетің бар, жүзің бар демей тура айтып тастап, қарап отыратын. Сол мінезі кейбіреулерге жағып, кейбіреулерге жақпай, шалғай ауылға мектеп директоры етіп жылжытып жібергенде, бұл екі ұдай күйге түскен. Содан қайтып көтеріле алмады ғой. Араға біраз жыл түскен соң Байбол Сәрсенұлының оны ол арадан суырып алып, басқа жоғарырақ жерлерге орналастыру — қолынан келетін. Талай рет тәуір деген орындарға адам іздегенде, көкейінде тұрды да. Бірақ мүмкін шаруаны түсініксіз себептермен іске асыра алмап еді. Келе-келе «көзден кетсе, көңілден де кетеді» дегендей, тіпті есінен де шығып кетіпті. Әлде, жасырақ кезде адам менменшіл, алды-артын ойламайтын бірбеткей бола ма? Кезінде осы адамға неге көмектеспегеніне өзі әлі түсінбейді. Мүмкін, біреулерден қаймыққан шығар, мүмкін, жасырақ кезде өзімнің шыққан тауым биік болсын деген пендешіліктен бұл да құралақан емес-ті, сол өзімшілдігі жеңген шығар... Солай, солай... Оның іскерлігін, алаулаған жалынын, қабілетін білетін бұл, кезінде қиянат болғанын іштей сезетін... Өзі қандай таза болса, артында өзінен де мөлдір, адал, иман жүзді балалары қалыпты. Тіршіліктің қатал заңы да. Кезінде әкесін мойындамасаң, баласын көріп, еріксіз мойындауға тура келер... Әрине, ол қиянат көрдім деген жоқ, бір нәрседен ағат бастым, не өз орным осы шығар деген сеніммен өзіне жүктелген жұмысты жан-тәнімен атқарып жүре берген. Ол өзіне, өз ісінің ақтығына іштей сенетін.

Шындық, әділдік үшін жанын үзіп беруге бар-ды. Сол сенім балаларына да ауысыпты. Зағипаның әлгіндегі сөзінен осыны ұқты.

Үйге келген соң тағы бір шай ішіп, әрқайсысы өз бөлмесіне тараған. Байбол ақсақалдың бас жағындағы кішкене шамын жағып, газет оңып барып ұйықтау — әдеті. Жатқаннан кейін көпке дейін Зағипаның сыңғыр-сыңғыр күлкісі, оған ара-тұра Болаттың күңгір-күңгір дауысы қосыла естіліп тұрды. Сөйтіп жатып, көзі ілініп кетіпті — түс көріп жатыр екен. Түсінде алтын кездік ұстап жүр. Оянып кетіп айналасын сипалап еді, қолына әлгінде оқып жатқан газеті ілінді. Түсі екенін сонда білді. «Япырым-ай, ә, кездік — еркек бала деуші еді, неге кірді екен түсіме?» — деді аунап түсіп, шамын сөндіріп жатып...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама