Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Мақтақыз

I

Мақтаңыз бүгін де жұмысқа әдеттегідей тура уақытында келе жатыр. Адамға қарсы келмеу, өзіне жүктелген іске мұқият арап, ережені бұзбау оның бойға сіңген әдеті еді. Мектепте де нақ осылай-тын. Бір рет те сабақтан кешігіп, болмаса, қалып көрген жоқ шығар. Үлгілі оқушы атанған күйінде мектеп бітірген еді. Оқуға түсе алмай қалғанына өзінің қатты таңы бар. Жұмысқа араласқалы да елі бір кешіккен емес.

Бояуы оңған ескі сәкімен аңырын басып жоғары өрледі. Аяғын басқан сайын талайдың табанынан өтіп, әбден мүжілген баспалдақ ауырсынғандай сықыр етіп қалып жатыр. Екінші қабатқа көтеріліп, ұзын дәлізді қуалап, түкпірдегі өз бөлмесінің алдына келді. Есікті ашқанда іштегі қапырық лап беріп, бетке ұрады. Ертеңгілік бойкүйездіктен арыла алмай, онсыз да дел-сал болып сергімей тұрған қызды маужыратып, одан сайын ұйқысын келтіргендей. Бұл да Мақтаңыздың күндегі сезінетін нәрсесі. Ол осы манаураған қалыпта біраз отырар еді. Айналасына есіней жалқау ғана көз тастайды. Күні бойға созылатын сарт-сұрт «шабуыл» алдында қалғып кеткендей машинкалар ақ жамылғысын жамылып, тымпиып-тымпиып қана тұр.

Орнынан тұрып репродуктордың даусын көтеріп қойды. Таныс әуен естіледі. Қай ән екенін есіне түсіре алмай, ойы сансаққа кетіп отыр. Ол дереу өзінің осы дағдарып отырғанына қысылғандай, машинкасының қабын алып мұқият сүртті. Екі парақ ақ қағаз өткізді. Өшіргішін, сызғышын, қарындашын алып, оң жағына қойды. Өзі қолын алға созған бойда орындықтың арқалығына сүйеніп, шалқайып отырып қалды. Бұл — жұмысқа әзірмін-ау деген отырысы еді.

Көзі қарсы қабырғадағы сұлу әйелдің суретіне түсті. Бұл атақты киноактрисаның суреті болатұғын. Сүйріктей ұзын саусақтарын көрсете, жағын таянып отыр. Сүп-сүйір етіп қырланған тырнағы қандай әдемі! Жоғары тараған шашы толқынданып жатыр. Машинканың үстінде созылған өзінің саусақтарына қарады. Көңілін құлазытар көңілсіздік басып, іштей терең күрсініп қойды. Мұның саусақтары жуантық, алақаны жалпақ, қыздың қолынан гөрі ер баланың қолына ұқсайды. Тырнағы да сүп-сүйір емес, ішке қарай батыңқы, қысқа. Шашы қанша қалың болғанмен, көтеріліп толқынданып тұрмайтын. Майлап қойғандай құйқаға жабысып, қанша жоғары түйсе де желкесіне қарай сырғып түсіп кететін.

Кішкене қол айнасын алып, шашын түзей бастады. Өзінің түр әлпетіне көңілі, сірә, толмайды. Ат жақты ашаң жүзіне бауырсақ мұрны тіпті де үйлеспейді. Тар маңдай, қабағы өсіңкі қалың болған соң ба, көзі де кіші көрінетін.

Кейде жұмысқа келгенде осы суретке қараса, көңіліне қаяу түсетін болды. Ызасы келгені сондай, бір-екі рет алып тастауға оқталды да, бірақ бір уақыт қарап отырғанды жөн көрді.

Бөлмеге қызметкерлер де келе бастаған. Жол-жөнекей көргендерін, естіп-білгендерін сампылдап айтып жатыр. Олардың сөзі мұны еліктіріп, көңілін көтеріп әкете алмады. Қайты мұңайып, қолын машинканың үстінен асыра алға созып, басып бір жағына қисайтқан бойда отыра берді.

Сен, қыз, ауырып отырсың ба? — деген Майнұрдың сөзінен есін жинады. Үнемі ақжарқын жүретін күлегеш қыз еді. Бірде ана жерден, бірде мына жерден шығып жүретін құйын мінез. Жақсы қызметкерлер қатарында аталатын. Дегенмен де Мақтаңыздың оның нәтижелі, тиянақты іс бітіретіндігіне күмәні бар.

Қу тілді Айжан сөз орайын жіберсін бе:

Көктем ғой, есіне әлдене түскен шығар, — деп, екі ұштылау сөздің шетін шығарып, бәрін күлдірді. Мақтақыз қалжыңға жауап бере алмай, тығылып қалды.

Бөлмеге керіле басып көрші мекемеде істейтін сұлу келіншек, кірді. Есіктен кіре сыңғыр қаққан күлкісін төге, бөлменің төрінде отырған, машинисткалардың үлкені — Бижамал апайдан бастап амандасты.

Апай-ау, өзіңіз күннен-күнге сұлуланып, жасарып барасыз ғой. Шын айтамын, дәл он жасқа жасарып кетіпсіз. — Мақтаған апайға жақса керек, ақ сары жүзі жайнап, аздап қызғылт рең пайда болды.

Жаным-ау, сендер тұрғанда бізден жастың кетті емес пе? Біздегі жүрген жұрнағы шығар. Көйлегің де өзің сияқты жайнап, жарасып тұр ғой. Асылын таңдап киесің-ау?! — Келіншектің өзін де көңілдендіріп тастады.

Мен дегенің, өзіңіз білесіз, осындайға тіпті мән бермеймін ғой, құрбы-подругам алып қойған екен, саған жарасады деп, болмай кигізіп жібергені. — Келіншек жорта өкпелеп, жүзін томсыратып, көйлегінің өңірін түзеп қойды.

Жақсы жарасады екен. — Басқа қыздар да жан-жақтан жамырай айтып жатыр.

Мақтаңыз үндеген жоқ. Бұл жақсы демесе де келіншектің өзі де, көйлегі де әдемі еді.

Табиғат та кейде әділетсіз ғой. Бір адамның басына көрікті де, тілді де, қылықты да үйіп-төгіп бере салады. Біреудің тілін табу үшін дәл жаңағыдай іші-бауырына кіріп өтірік мақтап, көлгірсу қолынан келмейтін нәрсе. Ол өзінің өңі түскен көйлегіне қарап, одан сайын жабыға түсті...

...Бөлмеге ұзын бойлы, шашын майлап, бір жағына жыға тараған, қолында қалың папкасы бар жігіт кірді. Қыздар бас көтеріп бағжия қарамаса да, көздерінің астымен кімге келген жігіт болды деп, байқатпай бағып отыр. Назар аудармаған тек Мақтақыз еді.

Мынандай сымбатты, сыпа жігіттің өзіне келмейтінін біледі.

Мен бір повесть әкеліп едім, екі-үш күн ішінде басып бере алар ма екенсіздер? — Ол жағалай бәріне тәкаппар қарады. Ешкім мен ала қояйын демеді.

Айжан ғана:

Әй, Мақтақыз, сенің жұмысың жоқ көрінеді ғой, алып баса берсеңші, — деп сөзінің аяғында сықылықтап күліп алды.

Оның сөзі істің шешімі болғандай, бәрі Мақтақызға қарады. Ол басын көтеріп жігітке бұрылды. Жүзін анық көрді. Бұрын жігітке сұқтанып, тіке қарап көрмегендіктен бе, екі беті ду етіп, кезін тез тайдырып әкетті. Жігіт өзіне бұрылып қараған Мақтақыз екенін болжаса керек, оның столына тақады. Қалыңдау қолжазбасын ұсынып жатып, күнде кешке жұмыс аяғына таман келіп, дайын болған беттерді алып кетін тұратындығын білдірді. Мақтақыз бәлендей ештеңе демеді Қолжазбаны алып, салмақтап байқады да, столдың тартпасына салып қойды.

II

Айтқандай, жігіт ертеңіне жұмыс аяғында келді. Мақтақыз бөлмеде жалғыз еді. Дәліздің ана басынан аяң дыбысы шықса, елегізіп, келіп қалама деп, есікке қарайлап қояды. Бірнеше аяқ дыбысы естілген, мұнда ешкім соқпады. «Несіне алаңдаймын, келсе — келер, келмесе — қояр», — деп өзін тоқтатқанмен, аяқ дыбысы естілсе, тағы да елегізеді. Күні бойы тосқанмен, жігіт кіріп келгенде өзін қалай ұстарын білмеді. Сәлемдесіп, столға тақаған ол басылған беттерді аларда қызға анықтап көз тоқтатып қарағандай болды. Мақтаңыз қысылып, жүрегі лүпіл қағып, екі беті қызарып кеткенін сезді. Біресе қаріп басып, біресе қолын алдына қойып, не баса берудің, не қоюдың ретін таппады. Жігіт әр бетті сыбдырсыз, баппен ашып, мұқият тесіле қарап жатыр. Мақтаңыз «қате тауып алар ма екен» деп састы. Жігіт көз қиығын қызға да тастап қояды. Ол қараған сайын қыздың саусағы шатасып басқа қаріпті соғады. «Көріп қоймады ма» деп одан сайын қысылады. Сасқаны сондай, басуды қойды. Алақанына дейін тер шыға бастады.

Біразын болып қойыпсыз ғой. Бүгінге осы жетер. Шаршаған да шығарсыз. Жүріңіз. Далада күн деген ғажап. Осындай күнде сізге жұмыс істетіп қойғаным қиянат болар.

Жалғыздықтан жабығып отырған қыз елеңдеп, көңіл түкпірінен бір сәуле жарқ еткендей болды. Сонда да орнынан бірден тұрмай, жігітке бағдарлай қарап алды. Шырайлы, маңғаз жігіттің өзін шақырып тұрғанына сенбеген секілді. Жігіт те мұны сезгендей, беттерді папкасына салып жатып күлімсіреп, басын иіп:

Жүріңіз, бірге шығалық, — деді қайталап.

Көктемнің жеңіл ауасы қыздың бойын тез сергітті. Алақанының тершіп, бетінің дуылдағаны салқынға шыққан соң қайтып, тынысы да кеңейгендей болды. Айтса айтқандай, дала жақсы еді. Күн нұры шақыраймай, бетке жұмсақ тиеді.

Қар еріп жатыр. Қыз көзін төмен салып келеді. Ойдым-ойдым жерлерге іркілген қар суы болымсыз діріл қағады. Шатырдан, теректің бұтағынан үзіліп түскен тамшылардан әлгі діріл бұзылып, су бетінде бірнеше сақина пайда болады. Біртіндеп сақиналар жойылып, қайта дірілге ауысады. Екеуі қатар аяңдап келеді. Бірнеше тамшы қыздың жағасына, жеңіне тамды. Тамған кезде одан тағы ұсақ жұлдызшалар шашырап бетіне тиді. Әдетте, ол осы тамшыны жек көретін. Қазір оған тамшы астында тұру — теңдесі жоқ керемет рахат дүниедей көрінді. Күнде неғып байқамаған? Тұра берсе ғой. Тыныштықты жігіт бұзды:

Қай автобусқа отырасыз?

Трамвайға...

Нешінші?

Төртінші.

Імм... Тастаққа барасыз ғой?

Ия.

Пәтерде тұрасыз ғой?

Ия.

Зейнеткер кемпірдің үйінде ғой?

Ия. —

Қайдан біледі дегендей ол жігіттің бетіне күдіктене қарап қойды.

Бұлар аялдамаға жеткен.

Осындай күні жаяу бармайсыз ба? — Ол қыздың жүзіне барлай қарады.

Тым алыс қой.

Алыс дейсіз бе? Иә, алыс екені рас-ау. Сонда да бір-екі көше жаяу жүрейік. Сонсоң отырарсыз.

Жігіт қызды сөзге тартып, әр нәрсені айтып, оның жүзіне үңіліп қояды. Ал, ол көз қиығымен ұрлана қарағаны болмаса, тіке қарауға батылы жетпейді. Жігіттің жүзінде ойлылық бар. Салмақтап басқан аяғы да ширыға, ойланып келе жатқандығын білдіргендей. Көзінен не ойлап тұрғаны байқалмайды. Тұңғиық терең, әйтеуір, бұл болжап болмайтын тереңдік жатыр.

Мақтақызға жігіт құпиясы мол, бұған түсініксіз жұмбақ ортада өмір сүретіндей. Мұндай интеллигент жігіттерді кино-театрдан, әртүрлі жиын-кештерден көруші еді. Әлбетте, мұндай сымбатты, көркем жігіттердің жанында гүлге қонған көбелектей шүпір-шүпір кілең бір ботатірсек, сұңғақ бойлы, шаштарын жауырынға төгілдіре жайып жіберген сыған өңдес, қаланың еркетай, бұла қыздары жүретін-ді. Мақтақыздың кей-кейде сол ортаға қатты қызығып, дәл солардай алшаңдап жүруге көңілі кететіні бар. Бұрын сырттан ғана көзтаныс, бұған таңсық ортаның бір өкілі бүгін мұның да қасында келе жатыр.

Мақтақыз, не ойлап келесіз?

Еш нәрсе. — «Бұл жігіт мені неге шығарып салады. Әлді ұнап қалдым ба? Әлде... әлде...» деген толып жатқан ойларын қалай айтсын. «Сезіп қойды ма?» деп жаны алқымға келді.

Неге? Адам ойсыз бола ма?

Қыз жауап қатпады, көзіне түскен кекілін түзеп қойды. Бұл кекілін түзеткісі келгендіктен емес, жауап таппағандықтан жасаған әрекеті еді.

Ә, таптым! Кешеде жүріп, не сөз болушы еді! Не деген мәдениетсіз жігіт деп келесіз ғой. Мына жаңын арадағы дәм ханаға отыралық. Дастархан басында болмаса, сөздің сәні келген бе? — Жігіт сөзінің аяғын созып, мәнерлеп әкетті. «Түу, аңын ба өзі, қалай?»

Олар келесі көшеден бұрылып, кафеге кірді. Кафе шағып екен. Адам да көп-ақ. Іздеп жүріп бұрыштан бос стол тауып, сонда отырды. Түсініксіз дыбыстан құлақ тұнады. Түтін мен шараптың араласқан ашқылтым иісі көкіректі қырып, мұрынды жарады. Мақтақызға бұл ара демалатын орын емес, қайта беймаза шудай көрінді. Лыпыл қағып, даяшы қыз да келді. Жігітке бір, Мақтаңызға бір қарап алып, көзін төңкеріп, күлімдеп жігіттің қасына еңкейе, аққудай иіліп тұра қалды. Төңкере қараған көзі тіпті әдемі екен. Жігіттің де жымия күліп, қызға қарап отырғаны байқалады. Жанында қызы бары ұмыт болғандай. Жігіттің аузынан шыққан сөздің бірін-бір, екісін-екі жазып алған сайын, иіле түседі. Мұрынға жұмсақ әтір иісі келеді. Мақтақызға бұл қыз да сұлу көрінді. «Осы сияқты әдемі, көзін ойнақшытқан еркін, сүйкімді, жұртты ә дегеннен, бірден баурап алатын қыздардың не арманы бар екен? Бұларға адаммен тіл табысу оңай, достасу жеңіл шығар. Қашанда біреулердің назарына ілінген жақсы ғой» деген ойға кетті. Мақтақыз өз ойымен болып отырып, даяшы қыздың қашан кеткенін байқамапты.

Мақтақыз, — деген жігіт үнінен ойы бөлініп кетті. — Сіз де жақсы қызсыз ғой деймін.

Жігіт мұның қамыққан ойын тура оқып алғандай. Ол қапелімде не айтарға білмеді.

Сіздің қалай айтып отырғаныңызды түсінбедім. Мен... — деп келе жатты да, тілін тістей қойды. Ол өзінің сұлу еместігін, мінезінің де басқалар сияқты биязыланып, майысып тұратын қылықты емес, қара дүрсіндеу екендігін айтып сырласқысы келген еді. Танымайтын бір көрген адамға бұлай ашылудың жөні жоқ екенін сезіп, тоқтай қалды.

Ал, мен білем. Сіз ашуға келдіңіз. Түсе алмадыңыз. Ауылға барғыңыз келмеді. Сонсоң жұмысқа орналастыңыз.

Қыз күліп жіберді. Өзі туралы танымайтын жігіттің осындай тура айтқанына таңданды. Соған қуанғандай да еді. Күлкісі де тұйық адамның бір сәтте жарқ еткені, сезімінің тереңінен шыққан шын күлкі болатын. Алғашқы тұспалының растығына көзі жеткен жігіт мұртынан күліп қойды.

Енді не күтіп тұрғанын айтайын ба?

Қыз күлкісін тыйып, басын изеді.

Күйеуге шығасыз.

Мақтақыз ойланып қалды.

Таңертең оны жұмысқа шығарып саласыз. Кешке тосып аласыз. Жақсылап тамақ дайындап бересіз. Ол, әрине, шағын мекемеде болсын бастық болады. Сіз оған дән ризасыз. Қас-қабағына қарайсыз. Шаруаға араластырмайсыз. Айтқанын екі етпейсіз.

Қыз «шын айтып отыр ма?» дегендей, жігіттің бетіне бажырая қарап қапты. Мақтақыз үшін бұлар күтпеген, әсерлі сөздер еді. Енді соны елестетіп, толқып отыр. Өзін сүйетін адам табылар ма екен, қашан жолығады? Ол кім? Көргісі келетін. Іштей ғана ойланып қоятын да, кейде өз ойынан өзі ұялып, көңілін басқаға тез аударуға тырысатын. Қазір ол жігіт айтқан сөздерге қалтықсыз сенді.

Кафенің төргі бұрышында өзара қызу әңгімелесіп отырған үшеуге жігіт әлсін-әлсін жалтақтап қарай берген. Мақтақыз да назар салды. «Осы қаланың дөкейлері». Жігіт қысқа таныстырды. Олар даяшыға бұрылғанда, жігіт те өте кіші пейілдікпен басын иіп, сәлем берді.

О, інішек те отыр екен ғой, — деп қалды біреуі.

Бізге қырын отырғаны — институттың оқытушысы. Ұзын сарысы — бір мекеменің директоры, анау көзілдірікті — жазушы. Мақтақыздың жігіттің көпке танымал «ұлы» адам екеніне күмәні қалмады.

Жігіт даяшы қызды шақырып, оларға бір коньяк жөнелтті. Өзі ұзақ әңгімеге көшті:

Жазушы болу үшін, ең бастысы — өмір көру керек. Қараңызшы, — ол айналасына бұрылып қойды, — қандай орта! Бәрін, қандай кейіпкер керек, түгел табуға болады. Мысалы, анау шеткі столдағы төртеуге көз салыңызшы. Екі жігіт, екі қыз. Сол жігіттің біреуі ана әдеміше бикешке көз салып жүр. Қыз онша ұната қоймаса да, жігіттің ақшасына қыдыруға қарсы емес. Жігітті алдап жүре тұрады да, бір күні тайып кетеді. Міне, дайын сюжет. — Ол терең дем алып, көзін бір нүктеге қадап, отырып қалды. Өзінің келешек повесінің желісін ойлап кетті-ау, шамасы.

Мақтақыздың есіне қыздар көп айтатын «жазушылар сенің түріңе қарап, ойыңдағыны табады, адам танығыш, сырыңды сезіп-білгіш» деген алып-қашпа сөздері түсті. Сол сөздердің шындығына енді көзі жеткендей.

Олар кафеден шыққанда қала шамдары жанған. Бағаналардан қызғылт сәуле тарап, дүние көңілді сияқты көрінеді. Жігіт әзілдеп те алды.

Сізді ұстап қалдым ғой. Кешіккеніңізге ұрсатын адам жоқ па еді?

Қыз басын шайқады.

Ендеше мен сізді шығарып салайын. — Олар мінген жалғыз вагон қаланың батысына қарай селкілдетіп алып жөнелді. Трамвайда пәлендей әңгіме болған жоқ. Қыз да алғашқыдай емес, қысылмай өзін еркін ұстауға үйреніп қалды. Түскен бойда анадайда тұрған көк қоршаулы аң үйді көрсетіп.

Менің пәтерім, — деп күліп қойды.

Қақпаға жетпей жігіт тоқтады:

Қарындасым, егер артық кетіп, ағат айтқан жеріміз болса, көңіліңізге ала көрмеңіз. Қош.

Бұрылып кейін қайтты. Қыз қақпадан кіргенмен, үйге тіпті енгісі жоқ. Жігітті көргісі келді. Баспадан сығалап еді, жігіт трамвайға мінбей, жаяу кетіп барады екен.

Үйге кірісімен айна алдында ұзақ отырды, пәтердегі серіктестері бүгін кешкі ауысымға кеткен еді.Оңаша қалғаны қандай жақсы болды! Шашын әртүрлі етіп түйіп көрді. Соның ішінде біреуін ұнатып, қайта-қайта тарқатып-түйіп, шашын үйретті.

Соңғы шаш үлгісі көңіліне ұнаған соң тарқатпай, орамалмен таңып алды. Орталық журналдардың бірінде бет күтімі туралы жарияланған шағын мақаланы тауып алып, тағы мұқият оқып шықты. Анада тастай салмағаны қандай жақсы болған. Аталған кремнің атын қағазға жазып, қолына ұстап жүрген сумкасына салып қойды. Ертең дүкенге кіріп сатып алуды ойлады. Сонсоң бүгінгі күнін әлдеқандай ризашылық көңілмен еске алып өтті. Көңілі толып төсегіне қисайды. Жастыққа басы тиісімен ұйықтап кетті.

III

Таңертең сергек оянды. Жұмысқа бұрынғысынан да ерте келген. Кіре берістегі күнде кілт аларда көріп жүрген кезекші кемпір мұның бетіне ұзағырақ қарап, ернін сылп еткізгенін Мақтақыз байқамады. Бөлмесіне кіріп айнасын алып, тершіген мұрнының үстіне жеңілдеп опа жақты. Сұлу актрисаның суретіне көзі түскенмен, бүгін күндегідей төменшіктеп, жасымады. Жігіттің повесін алып, сыртылдатып баса берді.

Жиналған қыз-келіншектер мұның жаңа сәнделген шашын сөз етпей қалмады. Жарасады деді, жараспайды деді, жарасады, бірақ есейтіп көрсетеді деді. Әйтеуір, жақсы деген ешқайсысы жоқ. Ол жабығып, жүдеп қалды. Бұл күн де көңілсіз, баяу өтіп жатты. «Жігіт бүгін келмей-ақ қойса етті» деп тіледі. Жұмыс аяғыңда ертерек шығып кетермін деп отырған, қас қылғандай жігіт те ерте келді.

Беттерді алып қарап жатып, Мақтақызға да көз тоқтатты. Қызарып кеткен қыз материалды қолына ұстата салып, еш жұмысы болмаса да столдың тартпасын ашып, бір зат іздеген кісіше, өзімен-өзі ұзақ әуре болып кетті.

О, бітіруге таяу қалыпсыз ғой.

Ол көп кідірген жоқ, беттерді алып, кешегідей мұны бірге жүруге шақырмай, шығып кетті. «Бәрі бітті, ұнамадым». Осы ой шың етіп басына шығып, дыңылдап тұрып алды. Шалқайып, орындыққа сүйенді. Күні бойғы ойлаған жақсы ойлары сағымдай бұлдырап, алыстап барады. Қабырғадағы әйел суретіне тесірейіп, табалап отырғандай. Мақтақыздың жүрегі шаншып , біреу біз сұғып алғандай болды.

Жұмыс аяғы таяу. Енді мандытып еш нәрсе жаза алмасын сезіп, жиналып сыртқа шықты. Күн кешегісінен де жылына түскен. Шуақты. Өтіп жатқан көше жүргіншілері де көктем күніндей жайдары сияқты. Екеу-екеу болып наздана күліседі, Жігіттің кешегі сөзі есіне түсіп, үйіне жаяу қайтты. Жол-жөнекей ауыр ойдан арылып, көңілі де серпіліп, ширыға түсті.

IV

Ертеңіне жұмысқа шашын бұрынғысынша түйіп, жабырқау қалыпта келді. Жұмыс бір қалыпты өтіп жатқан. Ол елегізіп, жігітті күтпеді. Оның бей-жай қалпын:

Сені телефонға бір жігіт шақырады, — деген Майнұрдың даусы бұзды. Кім болды екен? Әдетте, оны телефонға да сирек шақыратын. Кейде мектептес қыздары хабарласатын. Есен-саулық сұрасудан басқа айтатын ешнәрсе таппайтын. Сен жұмыс істейсің ғой, стипендиямыз таусылып қалды, қарайлассайшы дейтұғын кейде.

Қыз телефонға тақады. Ар жағынан жігіт дауысы естілді.

Мен қазір бара алмаймын, егер ренжімесеңіз, үйге ала барсаңыз. Мен кешкісін соғып, алып кетер едім.

Жақсы.

Мақтаңыз үйге келісімен бөлмені тез жинастырып, от жақты, дүкенге барып, жеңілдеу шайдың қамын қарастырды. Жігіт кештеу келді. Шай ішуге қарсы болған жоқ. Шай үстінде повестің соңын қарай отырды.

Қалай екен? Сізге ұнады ма?

Ұнады, бірақ екеуінің қосыла алмауы өкінішті екен.

Жігіт лекітіп, күліп алды.

Өкінішті дейсіз-ау, ә?

Неге екені белгісіз, Мақтақыздың өзі де күлді. Пештен ағаш отынның сырт-сырт дыбыс шығара маздап жанғаны естіледі.

Содан бір жылылық, көңілділік тарап жатқан сияқты. Шай ішіліп болды.

Қарындасым, көп рахмет. Қолыңыз жеңіл екен. Повестің алдын орысша аудартып жатырмын. Мынаны қазір сегізде, аудармашыма беруім керек еді. — Ол сағатына қарады. Сонсоң кібіртіктеп, бір нәрсе айтуға оқтала беріп, тұрып қалды. Қыздың бойын селк еткізіп, жеңіл діріл жүріп өтті. Бұған қазір жігіт маған ұнадың дей ме, әйтеуір, осы төңіректе бұл естімеген, бірақ жағымды, көптен күтулі жұмбақ сырға толы әңгіме қозғайтындай көрінді.

Екі-үш күн турасында Москваға ұшатын едім, оқуға кетіп барамын. Көйлегіңіз мойнымда. — Ол қалтасына қолын салып, тосылып тағы біраз тұрды да, столға аздаған ақша қойып жатты:

Мынау еңбегіңізге, аз деп сөкпеңіз...

Мақтақыздың тынысы тарылып кетті. Қыз өңінің өзгеріп, мұңайып қалған жүзін байқаған жігіт шындап қысылды, шамасы ақшаны азырқап тұр деп ұқса керек:

Повесім шыққанда қымбат сыйлық әперемін. Сіз бен біз енді жақсы таныспыз ғой. Бір тұрақты машинистка іздеп жүр едім... — Күлген болды. Өзін зорлап күлгені сезіліп тұр.

Ал, қарындасым, қоштасалық.

Сау болыңыз. — Қыз қолын ұсынды. Жігіттің қолы жұп-жұмсақ екен. Ол өзінің машинка баса-баса қатып кеткен саусақтарын тез тартып ала қойды.

Келесі сәтте аласа босағадан жігіт еңкейе аттап, баспалдақпен төмен түсіп бара жатты. Анадайға барған соң артына бұрылып тағы: — Қош! — деді.

Жанары жасқа толып тұрған қызға оның жүзі бұлдырап көрінді. Неге атын сұрамадым? Әдемі қиял, бәрі осымен бітті. Демек, атын біліп не керек?!

Қыз артына бұрылып, екі-ақ аттап столға тақады. Жігіт қойып кеткен ақшаға біраз қарап тұрды да, бәріне осы кінәлідей уыстап алып, біраз мыжғылап, пешке атып жіберді. Ақшаның жанғанын бұрын көрмеген еді, ызалы көзбен мысқылдай, ұзақ қарап тұрды. Жиырылып, жұмарланып қалған ақша жалынға түскен соң, ары шиыршық атып, «қиналып» біраз жатты. Жиырылып жазылған сайын Мақтақыздың да тығылып тұрған кеудесі босай бастағандай. Жанып жатқан ақша тағы бір аунап түсіп, жазылды да, жеңіл түтін бұрқ етіп, қызыл жалын қауып кетті.

Осымен бірге бағанадан бері алқымға кеп буып тұрған ашуы да сырт сынып, қыз төсегіне құлаған. Ол өзінің сұлу еместігіне, жасықтығына, ең аяғы атының да Ажар, Анар, Жанар, Жібек емес, сәп-сәнсіз Мақтақыз екеніне ұзақ налыды...

Бөлмені қою қараңғылық басты. Мақтаңыз шалқасынан аунап түсті. Мұның ойлары сияқты қат-қабат бұлт құрсаулаған ай да баяу жүзіп барады екен...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама