Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Күләйхан мен кемпірлер

Күләйханжан оқу бітіріп келгелі бұл үйге де келімді-кетімді кісі аяғы көбейген. Сарыкемпір оны, сірә да сезбей жүрген жоқ. Қыдырмашылар тағы құр келмей, замандастарын қалай қолға түсірудің жайын білетін сыралғылары: «Әй, семіз кемпірі Күләйханжанның табысын жарылмай жалғыз өзің қалай жоя жатырсың?» — деп кінәлай наздана, бірі: «Өз қолымызда өскіш бала еді ғой, маңдайынан иіскейінші, айналайынның» — деп, көпе-көрінеу қызының шашбауын көтере, келесісі: «Осы сен тойыңды қашан жасайсың?» — деп, қырына ала кіреді.

Сол-ақ екен, Мағрипа төрт құбыласы теңелгендей көңілі шалқып, қолда барын дастарқанға үйіп-төгіп, арқа-жарқа жайылып сала береді. Дереу, өзімен бірге жасасқан, өзі сияқты жатаған бүйірлі сары самаурынына жармасады. Оның бұлайша ақтарылар жөні де бар.

Күләйханы тау қойнауынан қоныс тепкен, шағын ғана тірлігі бар, бүкіл әңгімені соның айналасынан ғана өрбітіп отыратын шалғай ауыл адамдарының, бүгінде алдыңғы қатарлы қаратаяқтарының арасында жүр. Ел қатарына қосылды деген — осы шығар. Қызы, осы жердің қатындары өңі түгіл түсінде көрмеген, атын тек клуб маңдайшасына жапсырылған, азанғы сиыр сауынынан қара кешке дейін қақсап тұрар темір табақтан ғана еститін, қашықтағы қаладан институт бітіріп келді. Бұл — осы жаздағы дүмпуі әлі басыла қоймаған, ерекше де елеулі оқиғалардың бірі еді. Мағрипаның мерейін өсіріп, ел сияқты сықсиған кемпірлердің арасында абыройын көтеріп-ақ тастады.

Әділетіне келсек, алыс қаладан оқу тамамдап жатқан қыз дарға бұл ауыл онша кенде де еместін, бірақ, бір өкініштісі, солардың ішінде ауылға қайта оралып келетіндері — некен-саяқ. Бұл ауылдың кемпірлері тегінде соған үйренген. Қалыптасқан осы дәстүр бұзылып, Күләйханның туған ауылына оралып, мектепке дыңдай бір мұғалім бола келуі — үлкендер арасында, әсіресе кемпірлер жағынан кереметтей ризашылық тудырып, ауыздан түспейтін жаңалық бұл күнде.

Екі кемпірдің басы қосыла қалған жерде:

Мағрипаның қызының келісті боп, таралып-ақ өскені-ай! Шіркін, жібекше ширатылып тұр! — десетін ауыздарының суы құрып.

Бетім-ау, әлгі он бес жыл дәсердей ғып оқытқан Күләндәнің қызына ұқсап, әке-шешені жерге қаратып, көлденең көк аттының етегінен ұстап, тайып отырса қайтер едің? Өзіміздің ауылға келгенін айтпайсың ба?!

Есі бар бала ғой, сендер не десеңдер — о деңдер, тәңірім Мағрипаға ризықты қыздан салған екен.

Айтары жоқ, шешенің жағдайын ойлаған бала деп осыны айт! Есті бала деймін ғой, есті бала.

Ойбай-ау! Сендер Күләндәнің қызын айтасыңдар, қызды қойшы, жат жұртқа жаратылған пақырлар ғой. Бүгінде ұлды да ұзататын болдық емес пе?

Мұны айтқан Қарагер кемпір иегі шошаңдап кемсеңдейтін. Қарагер анадан туғанда азан шақырып қойған аты емес, әрине, сұңғақ бойына, тіп-тік жүрісіне қарап, келіндерінің не абысындарының бірі осылай атаса керек, содан бүкіл ауыл — үлкен-кішісінің бәрі оны Қарагер деуші еді. Көбісі оның шын атының Әлипа екенін білмейтін де болар.

И-бай-ау, Қарагер-ау, екі ұлыңның біреуі қалаға кетсе, өрісіңнің ұзарып, қолтығыңның сөгілгені емес пе? Оған сен несіне жасисың, қайта қуанбай?

Иә-әу — десеңші! Әлгі Бижамалдың жалғызын айтсаңшы одан да, бетім-ау, келіншегіме ауылдың климәті жақпайды деп, қалаға кетіп қапты ғой, — деп, біреуі бетін шымшылап, қарадай күйіп-пісетін.

Ол қу шешекке біреу ауылдың климәті жақпайтын, қаланың қызына үйлен деп пе? Ол несі-ай!

Айтамын ғой, осы күнгі жастар бұзылған деп.

Балалар бұзылған ба, заман бұзылған ба — айыру қиын болды ғой?!

Күләйханнан басталғаннан әңгіме осылайша ауылдың бар баласын бір-бір қағыстырып, түгендеп шығатын. Бұл әңгіменің ұзын-ырғасы Мағрипа мен Күләйханның да құлағына шалынбай жүрген жоқ, еститін. Естіген сайын марқая түсетін. «Көріңдер, бәлем, Мағрипаның өсірген қызын».

Келімді-кетімді кемпірлерге шай құйып отырып ол:

Шай алсаңдаршы түге, сендерге не болған сонша, самауыр сол қалпынша тұр, — деп өзі пенжегінің қалтасынан көлдей көк шағи орамалын алып, тершіген маңдайын сүртіп, желпінетін.

Мынауың бір таза бұлдың қиығы ғой өзі, тәуір екені көрініп тұр-ау, — десетін оны да қалт жібермеген, әрі шыдап отыра алмаған кемпірлер.

Япыр-ай, ә, сен осындайды қайдан аласың, айтсаңшы бәлсінбей?

Бізге де берсеңші, бар болса?!

Күләйханым екінші күрсінде жүргенде әкеп берген еді, — деп, шайдың буына жіпсіген қызыл шырайлы жүзіне қуаныш жүгіріп, қайта-қайта сүртіне түсетін өзі.

Біздің Күләйхан, — деп, бастар еді әңгімесін ол — бала кезінен ерекше еді ғой, ерекше. Ауылдың бар шөпжелке қыздары жиналып, секеңдеп, доп қуып жүргенде, ол кітап оқып отыратын. Күні бойы кітап оқуға бар, ал ойынға жоқ атама. Сол әдеті — әлі әдет. Түнімен оқиды да жатады. Бес жыл оқығанда таусылмаған ол неғылған кітап екенін? Әуелі бар ғой, ондағы мұғалімдері ары қарай тағы оқы деп, алып қалмақ болыпты.

А, инстөтіңнен де жоғары оқу болады екен-ау?!

Апырм-ай, ә? — Кемпірлер таңданысып, таңдай қағысатын.

Сен екеуміз не білеміз? Мына тұрған стансадан ұзап не көрдік? Күләйхан айтса, болғаны да.

Шешем, жалғызілікті еді деп, жағдайын айтып, әрең сұранып келген көрінеді. Әйтпесе, жібермегендей екен, әуелі.

Солай болар, жақсы бала оларға да керек емес дейсіңдер ме?

Кемпірлер шайға да, әңгімеге де біршама қанып, қайтуға жинала бастады.

Осы уақытқа қарай, мектептегі сабағы аяқталып, түскі үзіліске Күләйхан да келетін. Әлгінде ғана тарқасуға оқталып отырған кемпірлер оны көрген соң тіпті де қайтқылары келмей қалатын. Ілік іздеп, бірін-бірі сөзбен қажап:

Ой-бу-у, күн түске жармасып қалыпты ғой, қой ойбай кетелік, — дейтін біреуі өп-өтірік.

Немене, жылап жатқан балаң бар ма? Әлде от ала келіп пе едің, үйге барғанда не бітіресің? — Іздегенге сұраған дегендей екінші біреуі оны тоқтатқансып жатады.

Қараң қалғырдың шаруасы — бірі-бір бітпейді, — дейтін енді біреуі тұра беріп, қайта отырып:

Ертең біз өлгенде де күндерін көреді ғой пысық келіндер, дәнеңе жоқ, асықпа, — қомпаңдасып-қомпаңдасып кемпірлер қайта тізе бүгісетін.

Кел, күнім, кел! Қарның да ашқан болар?! — Сары кемпір бәйек болып, самаурынын еселеп, шоқ салып, шай жабдығына қайта кірісетін.

Күләйхан төргі бөлмеге өтіп, кітап-қағаздарын қойып келіп, дастарқан шетіне ол да жайғасатын. Стол басына бір құшақ газет-журнал ала отыратын. Күндегі әдеті осы. Апасының шайы демделгенше жаңадан келген поштаны мұқият қарап шығуға әбден болады. Ішінен бала тәрбиесіне қатысты оқуға тұрады-ау деген бір нәрсе тапса, жалма-жан шұқшиып жатқаны. Көңіліне ұнағанын дереу қойын кітапшасына көшіріп жазып, немесе тұтас қиып алып жүргені. Пәлендей қажетті-ау деген ешнәрсе таба қоймаса, «осы газеттерінде де өзі кейде ауыз тұшытып, оқитын түк болмайды» деп ысыра салып, отырған орындығына шалқаятын, не стол басынан мүлде тұрып кететін.

Күләйханжан дұрыс айтады, кәзит-журналыңда өзі құр қызылды-жасылды суреттері дегенің болмаса, оқитын қызық, ескі әңгімелері қалмай бара жатыр ғой, — деп, қашаннан бері газет оқып жүргендей-ақ Мағрипа да қостай кететін.

Бағанадан шүйкелерін созып, өзара қысыр әңгіме соғып, еш нәрсемен ісі жоқтай отырған кемпірлер мұғалім қыздың әрбір әрекетін көздерінің астымен бағуда еді: «Ойпырмай, оқыған дегенді қойсаңшы», — деп еріндерін бір-бір сылп еткізіп, күбірлесе қалысатын мұндайда.

Күләйханның жүріс-тұрысында жиырма бестегі ой тоқтатқан қыздың орнықты мінезі бар, аяң алысында, әрбір қимылында өзіне сенімді адамның қылығы жатыр. Сөйлеген сөзінен де ірілік танылып, әңгімеге араласқанда: «Ол өзі былай болу керек шығар... Мұның мәнісі мынадай... Баяғыдан солай болу керек қой... Бәсе, мен айтқанмын оған...» дегендей, кесіп-пішіп айту сарыны оған әдет болып алғалы қашан. Түсі де қаталдау, адамға қарағаны суықтау ма, қалай? Әлде бір талым селкеу шығармай, төбесіне қоқырайта түйген шашы солай көрсете ме, әйтеуір ол талай жыл мұғалім болып дағдыланып алған жандай өте салмақты еді, сырт қарағанда. Кемпірлерге қылтың-сылтыңы жоқ осы мінезі жағатын.

Апа, асыңыз дайын ба?

Қайда, күнім? Түстен кейін бармаушы едің ғой?

Директор тағы сағат қосып берді. Сенен жас, сенен жігерлі арамызда ешкім жоқ, сен істемегенде жұмысты кім істейді дейді ғой бәрі.

Айтпадың ба, ол директорыңа... Оқу-оқу деп көз майыңды тауысып келгенде, бір жылша үстемелемей қоя тұрсын. — Сары кемпір қомпаңдап біраз ұрсып алар еді. Даусыңда реніштен гөрі тоқтық, көңілі толғандықтың нышаны, мақтаныш лебі көбірек сезілетін. — Біздің Күләйханжан келмесе, осы ауылдың бар баласы түгел оқусыз қалатындай екен ғой.

Алдарындағы қаймақ қатқан құла шайды үнсіз сораптап отырған сықсима кемпірлер бір сөзді қалт жібермей ішке түйіп:

Күләйханжан құсап істеу керек қой, жұмыс істеген соң, — деп қойып, былай шыға бере басқа әңгімені де гулетер еді. Қыдырмашы кемпірлердің арқасында ауылдастары арасында Күләйханның беделі күннен-күнге өсуде. Ол туралы әзірге бір ақ пікір бар — бар ауылдың көрікті десең көрікті, оқыған десең оқыған, ақылды десең ақылды жалғыз бетке ұстар бойжеткені. «Қыз болса, Күләйхандай болсын!»

Бұған жігіттердің де құлағы елеңдейді ғой. Бұл ауыл жігіттерге де бай еді. Әлгі кемпірлердің біразы да үйге барысымен-ақ осы күнге дейін үйленбей, сұр бойдақ аталып бара жатқан ұлдарының онсыз да жұқарған жүйкелерін одан сайып жұқарта түсетін:

И-и, қызға ебі жоқ, ебедейсіз. Енді қашанғы өстіп жүрмексің? Сөйлеспейсің бе, ана Мағрипаның қызына. Әлде мен барып сөйлесейін бе?

Жоқты айтпасаңшы, апа! Аларым келген кезде — жетектеп бір-ақ алып келемін. Әзірге айтпа маған ондайыңды, — деп, шыға жөнелген ұлының соңынан жерді сабап ұрсып қала беретін.

Енді біреулері әңгімені бұлай тіке бастамай:

Мағрипаның қызына кімнің маңдайы жарқырап тұр екен? Кімнің болса да, бағы бар енеге туған бала, сыпайылығы қандай, кісі сыйлағаны қандай? — деп алыстан орағытып, күнде бір әңгімелеп қоятын.

Осындай сөздердің әсерінен бе, оқыған қызға көз тігушілер де көп. Мағрипаның үйінің биыл шаруа жайының қамқоршылары ерекше мол. Жылда қар бір жауғанша далада жататын атыны мен шөбі қара күзден-ақ қорадан орын тепті. «Бәрі Күләйханжанның арқасы».

Күләйханның әр нәрсе туралы түбегейлі өз көзқарасы бар, әсте оны көп өзгертпейді. Өз көзқарасың болғанға не жетсін! Мәселен, жігіт туралы... Күйеуге шығуға қарсы, кездескеннің етегінен ұстап жүре беруге бола ма?! Бұған күні ертең шешеге қарайласатын адам керек. Төркініңе тасығанды екінің бірі ұната бермейді. Оған да көнетін адам ғана көнеді. Ол осы жағын көбірек ойлайды. Жігіттердің ішінде де небір ғажаптары бар ғой, шіркін. Айлығын әкеп беріп, артынан «анау қайда, мынау қайда?» деп есепшотқа салып тарсылдатып отыратын тырсиғандардан құдайым сақтасын. Өзінің тапқанын есептегені былай тұрсын, сенің қанша алатыныңды күні ілгері-ақ іштей біліп отырады ғой ондайлар, ал сонда шешеңе көмектесіп көр. Осы ма, Күләйханға керегі? Күләйханға керегі — аузың қайсы десе, мұрнын көрсетіп, ыржиып тұратын жұп-жуас, әрі оқыған, ең бастысы, ертең өсетіндей дегендей «перспективасы» бар жігіт қой. Өзіңе не керегін алдын-ала білген қандай жақсы?! Қыз таңдауы — осылай.

Ауылдағы көп жігіттің осындай «қатал талапқа» бір қыры келсе де бірі келмей әуре. Кейбіреулерін қыз жақтырмады, кейбіріне қыз жақпады. Ондайды кім көрген?! Оқыған қызыңнан да безетіндер болады екен-ау! О, тоба-ай, кежегесі кейін тартқан шіркін шірік неме, басыңда торғайдың миындай ми болса, сен кешке дейін сиырдың төрт емшегінен басқа еш нәрсе көрмеген сауыншы қыздарға шапқылағанша, мұғалім қызға—ақ сөйлесер едің ғой!» — деп, ұлын сыртынан жер-жебіріне жетіп отыратын болды кемпірлердің көбі. Ал Күләйханның мәртебесі одан сайын биіктей түсетін.

Бірте-бірте Күләйхан туралы да әңгіменің ыстық-суығы басылайын деді. Өйткені, оның егер дүниеде екі жақсы болса, соның бірі екеніне, жалғыз болса, соның өзі екеніне кем пірлердің көзі жетіп болды ғой. Ондай келіннің өздерім» бұйырмайтыны да көбісіне аян. Жүрекке қыжыл салып, енді несіне айта берсін!

Жігіттердің де біразы басында қыз көзіне түсуге, ретін тауып, қалайда шаруасына болысқансып, тілге келуге жандарын салып, ынталы-ақ болып тұрушы еді. Келе-келе бұл қыздың өздеріне қол еместігін сезгендей. Сезген-дағы ақырындап, тайсақтап, шыға бергендей. Тек Манарбек қана, әлі күнге оқыған қыздан күдер үзбей жүрген.

Манарбек — аңқылдаған, аузын ашса — жүрегі көрінетін ақкөңіл жігіт. Ауылдың механигі. Бар айыбы: ауыл арасына әлі тарай қоймаған әдет — «жынды суға» үйір. Кемпірлер оның онысын да кешіретін. «Е, салт басты, ішпегенде не істесін?! Ертең әйел алған соң қояды да», — дейтін. Кемпірлердің бұлай кешіріммен қарауының тағы бір себебі, бала естияр болған кезде шешесі басқа кісіге тұрмысқа шығып кеткен-ді. Ол бір жағы соған да кектенетін рай танытады. Кемпекеңдер «бір ауылға — бір тентек» деп оған онша мән бермейді. Ал өзінің қолынан келмейтіні жоқ. Осы жігітке Күләйхан да пәлендей кет әрі емес.

Мағрипа тегінде осы елдің қызы болатын. Сондықтан ауылдағы балалар жағы оны тұтас «әпке» дейтін.

Әпке, бүлінген бір нәрсеңіз жоқ па, жөндеп тастайын, деп салдырап, ол бұрын да келіп-кетіп тұратын. Күләйхан оқу бітіріп келгелі тіпті келгіштеп жүр. Анда-санда түскі шайға тұспалдап келетіні бар:

Апамның шайын сағынып қалдым, — деп, Күләйхан мектептен келгенде әңгіме соғып, шай ішіп отыратын кейде. Қыз келген соң кәдімгідей қысылып, екі қолын қайда сыйғызарын білмей, өмірі тарақ дегенді білмейтін қайратты қалың шашын сипағыштай беретін. Күләйхан түсін бермей, стол шетіне келіп, қағаздарын қарай бастаса, одан сайын сасатын. Ондай кезде Мағрипа қызына кәдімгідей кейіп:

Тастасаңшы, бір уақ, — деп, күңк ете қалатын.

Жиен қыздан, мен қорқамын осы, әпке, — дейтін Манарбек кейде шын көңілімен. Қанша салмақты болғанымен соқталдай жігіттің өзінен шын қаймығып отырғанын көрген қыз:

Түрің құрсын, — деп күлетін. Күләйхан күлген соң үйдің іші көңілденіп сала беретін. Оған Манарбек самбырлап, ананы-мынаны айтып, үйді басына көтеретін. Түскі үзіліс тез-ақ өте шығатын.

Әпке, сыртқы қақпаларыңыздың тоспасы босап тұр екен, ертең құралдарымды ала келіп, жөндеп берейін, — деп жігіт кететін. Қақпаның пәлендей қирап тұрған еш нәрсесі жоқ, ертең келудің сылтауы екені бәріне түсінікті еді. Жігіт кеткен соң, екеуі шошайып, қоңылтақсып қалатын...

Ауылға «завклуб келіпті» деген сөз тыз етіп, тез тарады. Ол өзі тәмпиген ғана бір жапырақ қара қыз екен. Мәдениеттерін көтерем, ауыл ажарын көркейтем деп келген қызға қыс ішінде үй тауып бере алмай, басшылар састы. Ойлап-ойлап, Күләйханның жанында жүре тұрсын деп Мағрипаның үйіне кіргізді. Олар бұған қуанбаса, басқа ойлары болған жоқ. Қуаныштың ашулануы да, қайтымы да жылдам, күлуі одан да оп-оңай, жап-жайдары, бала мінез қыз екен. Өзінің жасы пәлендей жас боп тұрған жоқ, Күләйханмен шамалас, бірақ елгезек, ұшып-қонған жан. Онжылдықты жаңа бітірген сияқты мінезі алып-ұшпа, ісі ардың-гүрдің. Мағрипа мен Күләйханның арасында осы үйдің кенже баласы сияқты аузын қомпаңдатып, ананы-мынаны бір айтып, езу жиғызбайды.

Саябырлап қалған қыдырмашылар тағы көбейді. Жаңа келген қыз туралы деректер жинап, сынап алу керек емес пе? Оларға шай құйып отырып Мағрипа:

Мұның бітіргені училище деген ең төменгі оқу көрінеді ғой, — дейтін. — Біздің Күләйханның оқуына қайдан жетсін... Өзінің әке-шешесі жоқ көрінеді. Аға-жеңгесі ғана бар екен. Жеңгеге қараған күн белгілі ғой. Туған шешесі болса, тұрмыс құрмаған қызын бүйтіп бетімен жібере ме? — дейтін тағы.

И, алда, байғұс-ай! — десетін кемпірлер шын аяушылық білдіріп.

Жігіттер жағы бұл үйді тағы жағалай бастады. Ауылға келген жаңа қыз — бәріне таңсық.

Бірде Мағрипа екі-үш күнге Айыртау жағындағы бауырының үйіне қыдыра кетті. Оған да көмектесіп жүрген Манарбек. Сол жаққа қарай баратын машинаның ретін тауып, отырғызып жіберген. Сол күні бастаңғы жасамақ болды қыздар. Бәрін бастаған тағы Қуаныш. «Қойшы, екеуден-екеу отырамыз ба? Манарбекті шақырайық. Апамның тоқымын қағайың» — деген: Күләйханға да бұл ұсыныс ұнаған. Басқаны емес, Манарбекті шақырса, несі бар? Келмей жүрген адам емес.

Манарбек жалғыз келмеді. Жанында бір адам емес, екі бірдей Тоқан бар. Бір қызығы, осы ауылда кім көп, Тоқан көп еді. Жігіттердің көбісінің аты — Тоқан. Бір-бірінен айыру үшін жұрттың әрқайсысына қойған қосымша аты және бар, Күләйхан кіре берістегі дәлізде аяқтарын сүртіп жатып, сөйлеген сөздерінен-ақ ұзын Тоқан мен сары Тоқан екенін таныған.Бұл екеуі жолдас-тын. Үнемі бірге жүретін. Бұларды құрдас Тоқан деп бірге, қосып та айтатын.

Апамның тоқымын қағайын деп келдік, — деді жарыса екеуі.

Төрлетіңдер, төрлетіңдер. — Қуаныш жүгіріп, столға тағы қосымша табақша, қасың қойып, зырылдап жүр.

Күләйхан, жігіттер, былай... барайық деген соң, былай... — деп, Манарбек жігіттерді ертіп келгеніне ақталғандай боп жатыр.

Келген екенсіңдер, не тұрыс, столға отырыңдар, — десе де, Күләйхан салқын қабақ танытқаны көрініп тұр. Столға отырғанымен состиып-состиып, еркін сөйлей алмай, жабырқап қалды жігіттер. Бәрі де Күләйханның томсырайған түрінен батпай отырған сияқты.

Қолайсыз тыныштық орнады.

Ой, ауылдарыңыз сондай көңілсіз екен, — деп, тыныштықты Қуаныш бұзды.

Неге, қарындас? — деп жігіттер әңгіме табылғанына қуанысып, сөзге араласып кетті.

Неге, неге? Өздеріңіз білесіздер де, жігіттердің бәрі жасық. Клубқа бір нәрсе ұйымдастырайын десең, ешқайсысы келмейді.

Ойбай-ау, мына біздерді шақырмайсыз ба? — Екі Тоқан кеуделерін соғып шыға келді.

Хабарландыру жазып қойдық, келмейсіздер ме?

Жоқ, бұл екеуін әдейілеп шақырмасаңыз, бармайды, деп, сөзге Манарбек те қосылды. Айтарын айтса да, Күләйханға бағдарлай қарап қойды. Қыздың жүзінде тіпті күлкінің нышаны жоқ, томсырайған қалпы.

Кілең бір өнерсіз, жасың жігіттер жиналған ауыл екен. — Қыздың сөзі жігіттерге батып кетті.

Сіз олай деп қорламаңыз, өнеріміз жетеді, — деп, Манарбек қызбаланып шыға келді.

Қалайша, өткенде көркемөнерпаздар үйірмесін құрайық деп жинап көріп едік, бес-алты қыздан басқа ешкім шықпады.

Енді қай күні жиналасыздар. Айтыңызшы, біз барайықшы өзі, — деп екі Тоқан бір-біріне қомпаңдасып қарасты. Барса, екеуі бәрін орнына келтіретіндей-ақ белсенді.

«Сен екеуің қашаннан бері әнші едіңдер?» — деп ойлады да, мырс ете түсті Күләйхан. Қыздың күлгенін қостағаны деп ұққан жігіттер бір жеңілдеп, тіпті Манарбек «үһ» деп, иығынан жүк түскендей, күрсініп салды.

Көрерміз, көрерміз әлі өнерлеріңізді, — деп, Қуаныш қуырдақты балаша асап жеп, аузын қомпаңдатып отыр. Өзіне осы әдеті үйлесімді. Әдейі істеп отырған жоқ. Әдеті осы.

Біздің жігіттердің жаңа қырлары ашылуы үшін. — Мұны айтқан Манарбек.

Тағы қандай үйірмелеріңіз бар? — деп, сары Тоқан беті қызарып, өзеурей түседі.

Би үйірмеміз бар, хор үйірмеміз бар... — Қуаныш шұбыртып жатыр. Жігіттер аузын ашып, қарап қалған.

Ой, мен бәріне де қатысам, — деп, ұзын Тоқан шыға келді.

Мен де...

Бірінші мамырға дейін ансамблімізді құрып, алғашқы концерт берейік деп жатырмыз.

Ойбай-ау, ол алыс қой. Концертті мына қыздар мерекесіне — 8 наурызға қоймаймыз ба? — Тоқандар білектерін сыбанып, мойындарын созып, столға жақындай түседі.

Қуаныш орнынан тұрып, музыка қойып келді. Үй ішін сазды әуен биледі. Күләйханның тіпті отырған-отырмағаны ұмыт болды. Үшеуі алдағы концертте қандай ән-би керектігі туралы қызу айтысуда. Аузын томпайтып, қабағын түйіп, Қуаныш қарсы болған түр көрсетеді. Олар одан сайын қызулана дәлелдей түседі.

Манарбек өзіне Күләйханның қадалып қарап отырғанын байқап, ыңғайсызданып қалды. Оны бірден сезген Қуаныш орнынан лып етіп тұрып, күйтабақты ауыстырып келді. Жеңіл, ойнақы, би әуені басталды. Қуаныш екі бірдей Тоқанды ертіп, ортаға шығып, тау халықтарының бірінің биін билеп кетті. Екі Тоқан да қаражаяу емес екен, үшеуі кәдімгідей бір кісідей-ақ билеп жүр.

Манарбек Күләйханға жақындай отырып, қолын орындықтардың арқалығына салған болып, қызды иығынан құшақтап, өзіне тартты, қыз жылышырай танытпай, қабағы тырысқан күйі отырып қалды. Манарбек те қолын алып, түзеліп отырды. Би де аяқталды. Қуаныш әлі әлгі музыканың ырғағымен әдемі майыса билей жүріп, күйтабақты өзгертті.

Енді осы күнгі желдірме би басталды. Екі Тоқан тіпті музыка тосып, орындарына да отырған жоқ. Қайта билеп кетті, «Аһ, шіркін, бір өнердің жетпей тұрғаны-ай! — деп Манарбек жалын атып Күләйханға қарап, биге шақырғандай болды. Қыз оның ыңғайын түсінбегендей отыра берді. Манарбек орнынан тұрып, билеп жүргендерге қосылды. Жігіт — үшеу, қыз — біреу. Түр дейтін түрі, бой дейтін бойы, не кескін-ажары жоқ шілтиген ғана қара қыздың бойынан осынша мінез, қылық шығып жатқаны ма? Қай жерінен шығады? Мінезі жеңіл дейін десең, оған келмейді. Сөзі жылдам, қылығы шапшам, болғанымен, ойлары байсалды. Өткенде бір жиналыста сөйлеп еді, басшылар да кәдімгідей сөзіне көңіл бөле иланып, айтқанымен санасуға тырысады содан бері. «Кішкентайынан сыртта оқып, орыс арасында өскендіктен болар» деп түйді Күләйхан. Осылай деп ойлаған сайын, ол өзінің көңілінде әлдеқандай бір мазасыздықтың, қобалжудың оянғанын сезді. Оның анық не екенін өзі де түсіне алмай тұр. Бір музыка бітіп, екіншісі басталды. Шошайып, оқшау отыра біреуді ретсіз көріп, Күләйхан да орнынан тұрып, ыдыстарды жинастыруға кірісті. Үй иесі дастархан жинауға айналғанын байқап, жігіттер де биін тоқтатқан. Біраздан бері мұндай дырду көрмей, қызып алған екі Тоқан әлі де жалғастырғылары келіп:

Давай, қазір кино бітеді, клубқа барып билейік, — деп ұсыныс жасады.

Бұл да жөн екен, — десті қалғандары.

Ертеңгі сабаққа жоспар жазуым керек еді, — деп, Күләйхан тағы тырыса қалды. Неге жүйкесі жұқарып, шыртылдап тұрғанын өзі де білмеді. Әйтеуір, осылардың қай-қайсын да жақтырмай тұрғаны анық. Кетсе, кетсінші бәрі. Бірақ Манарбек бармай қалды. Әлгілерді шығарып салып, темекі тартып, далада тұрып қалған. Ыдыс-аяқ жинастырған болып, біраз күйбеңдеп жүрген қыз, ол кіре қоймаған соң киініп, тысқа шықты. Ағаш шарбаққа сүйеніп тұрған жігіттің қасына келген бұл да. Клуб жақтан ойнақы музыка келді құлаққа. Би басталған екен. Екі қыздың шырқата салған әні жетті бір уақытта. Күләйхан қанша тырысса «да жастардың осындай ойын-сауығына араласа алмай-ақ келеді. Әлденеше рет барып та көрді, қоқайып шеттеп тұрады да қояды. Қыздармен шүйіркелесіп кете де алмайды. Көбісі өзінен кіші. Жоқтан өзгеге олар ыржалақтап күлсе, бұл күле де алмайды. Жұртқа күлкілі көрінгенмен бұған еш күлетін нәрсе емес боп көрінеді. Іштей өзінің өсіп кеткенін сезіп, қайтып кетуші еді.

Ал бүгін ше? Бүгін бәрі басқаша сияқты. Өсіп кетпегендей, қайта ұлы дүрмектен, топтан бөлініп қалғандай бір күй. Ол осы ауылда менен асатын қыз жоқ деп келді емес пе? Тап қазір оған, әндетіп жатқан ана сауыншы қыздар өзінен әлдеқайда бақытты, солардың ісі баянды сияқты көрінді. Ол осы ауылдағы ең есті де ажарлы, оқыған десең оқыған жалғыз бойжеткен екеніне әлі де өзін сендіргісі келеді. Бірақ іштегі мазасыз күдік басын көтере береді. Әлгі ойдан ба, қара суың желден бе — өне бойы қалтырай жөнелді.

Темекісін тұқылына дейін қоймағайлана сора түскен жігіт қолын күйдіріп алды білем, анадай жерге атып жіберді. Қыз оның әлгі қимылына жымиып күлген. Қараңғыда жігіт оны көрмеді. Темекі шоғы біразға дейін қызарып жатып алды. Екеуінің көзі сонда. Шоқ сөнген кезде жігіт қыздың иығына қолын салып:

Күләйхан, бір нәрсе сұрайын, көңіліңе ауыр алма, — деп иығынан қағып қойды. Бұл құшақтауы жігіт пен қыздың ынтық құшақтасуы емес, ағаның, бауырдың жанашырлығы сияқты нәрсе еді.

Айтшы, осы сенің мінезің неге соншалықты ауыр? Әлде оқыған қыздардың бәрі осындай ма? Олай дейін десең, жұрттың қыздары жұтынып-ақ тұр ғой... Сен де жас емессің бе? — Қыз жүрегі зырқ ете түсті. Оның ар жағында сен де жассың ғой, ал өзің жасыңнан әлдеқайда кексе, көпті көрген, орныққан егде әйелдердей көрінесің деген сөз тұрғаны айтпаса да түсінімі еді. Бұл сөздің төркіні де қыздың қазіргі ішкі күйімен үндесіп жатқан.

Қайдам, үйренген әдетім болар. — Қыз мұны шын көңілімен айтқан.

Үні мұңды, жабырқау шықты.

Жас адам деген былай... — ары қарай не айтарын білмей, жігіт мүдіріп қалды. Бәлкім, қызды одан әрі жасытқысы келмеген шығар. Ал, қыздың іші онсыз да алай-дүлей. Бұған дейін осы ауылдың мықтыларының бел ортасында жүрмін деп ойлауы бекер екен. Өзі пәлендей мән бермей, «соның бітірген оқу да оқу болып па?» — деп келген Қуаныш өзінен көш ілгері, әрі нық тұрғанына, істеп жүрген ісінің әлдеқайда пайдалырақ екеніне көзі жеткендей.

Жүр, біраз қыдырайық. — Мұндай әрі-сәрі күйде адамды тастап кетуге болмайтынын жігіт ұғынған. Екеуі қатар келеді. Беті қабыршықтанып қатқанымен дымқыл қар басқан сайын ойылып, аяққа ауыр, жүргізбейді.

Біртіндеп клубтан жұрт тарай бастаған. Алдарынан қарсы келе жатқан қыз бен жігіттің нобайы шалынды. Анадайда тағы бір-екі жұп кетіп барады. Қарсы келе жатқандар бұларды таныды білем, қиғаштап өте шықты. Өтіп бара жатып тағы:

Ой, Күләйхан тәтей көріп қойды-ау, — деп, қыздың жігіт қолтығына тығыла сыбырлағаны ап-анық естілді.

Мынадай қараңғыда қайдан танысын?

«Ә, бұл оқушы қыздары болды ғой». Олар мұның ойында дәл қазір бірнеше Күләйханның тайталасып келе жатқанын, соның біреуінің «мына қыздың орнында неге мен емеспін, осының жасында мен де осылай қыдырып жүрсем, қазір бәрі басқаша болар ма еді?» деп ойлағанын қайдан білсін!..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама