- 28 қаң. 2017 00:00
- 275
2019 жылы елордада балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 100%-ға жуықтайды
2016 жылы Астанада балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 70,6%-ды құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6,1% жоғары. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенгазыев мәлім етті.
Оның айтуынша, 2017 жылы - 72%, 2018 жылы -72,1%, 2019 жылы - 97,7%, 2020 жылы - 100% көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған.
Орындардың жетіспеушілігі мәселесінің шешімін табу үшін осы үдеріске жеке секторды белсенді қатыстыруға шешім қабылданған. Қазіргі таңда жеке балабақшалар желісі 116 ұйымды құрайды. Оның ішінде 96 ұйымда мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған.
Бүгінгі таңда 46 327 орындық мектепке дейінгі 167 мекеме ашу қажеттілігі анықталған. Осыған байланысты басқарма балабақша құрылысын салу бойынша жеке серіктестерді анықтау мақсатында байқау өткізген. 2016 жылы 20 желтоқсанда әлеуетті жеке серіктестер 1440 орындық балабақшалары бойынша 6 байқау өтінішін тапсырған.
Ведомство басшысының айтуынша, мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеуі мәселесінің тиімді шешімі Коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алу басқармасы балансындағы тұрғылықты емес ғимараттарды беру болып табылады. Мұндай шешім, өз кезегінде, жеке мектепке дейінгі мекемелер желісін арттыруға, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыруға және орын жетіспеушілігін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің білім беру тапсырысы дотациясына келетін болсақ, 2016 жылы ол 15 900 теңгеден 20 800 теңгеге артқан.
Жыл сайын бала бақшадан орын алу үшін кезекке тіркелетін балалар саны 10 мыңға артады және бүгінгі таңда көрсеткіш 3-6 жас аралығындағы 33240 баланы құрайды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 96 жеке меншік балабақшадағы балалар саны 8849 адамды құрайды.