“Абай” журналы және Мұхтар Әуезов
Қазіргі таңда, өткеннің еншісінде “Абай” журналы қазақ баспа ісінде ерекше ойып алар орны бар журнал деп атасақ қателескеніміз емес. Өйткені, осы журналдың шығу тарихы, қабырғасының қалануы жайлы ақпараттар мен зерттеулер бүгінгі күнде өте аз. Соған қарамастан, бұл журнал туралы көптеген деректерді қазақ баспасөзін зерттеуші зиялы тұлғалардың мақалаларынан іздестіріп табуға болады.
1914 жылы әдеби бағыттағы “Абай” журналын жарыққа шығару туралы қазақ зиялыларының арасында көптеген пікірлер айтылады. Сол жылы Семейде өткен ірі жиналыста, ақын Абайдың дүниеден озғанына 10 жыл толуына байланысты журналды жарыққа шығару туралы шешім қабылданған болатын. Өкінішке орай, қазақтарға деген Ресей үкіметінің отарлау саясатының үдеуіне байланысты және бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы сынды себептерден журналдың алғашқы басылымдары жарық көрмей, кейінге қалдырылады. Қазақ зиялыларының “Абай” журналын шығарудағы негізгі идеясы - халықтың жадынан ұлы ақынның мұрасын ұмыттырмай, керісінше оны қайта оятып, тұлғаның шығармашылығын одан әрі насихаттау болды. Және бұл журналда тек ол ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық мәселелер мен экономика, саясат жайлы тақырыптардағы материалдардың жариялануы да құба-құп көрінді. Уақыт өте келе, “Абай” журналын Семей қаласында 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап, Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов басып шығаруды қолға алады. Тіпті, Жүсіпбек Аймауытов бұл журналды Мұхтар Әуезов екеуі бірігіп не мақсатпен шығарып отырғанына тоқтала өтіп, артынан Абайдың 1 шумақ өлеңі арқылы эпиграф беріп, сөзінің нүктесін қояды.
Бір айта кететін жайт, бұл журналдың расымен де, негізгі мақсаты екі бағыттан құралған деседі. Біріншісі - Абайды және оның мол мұрасын күллі қазақ жұртына дәріптеу болса, екіншісі - қазақ халқының тарихынан сыр шерту, әрі қилы тағдырын баяндау болатын. Журналдың негізін қалаған редакторлар - Мұхтар Әуезов те, Жүсіпбек Аймауытов та, журналдың ғұмырының қысқа боларын сезе бастағанының бір дәлелі ретінде олардың мына сөзін қарастыра келіп, аңғаруға болады. «Талабым - таяғым, жігерім - азығым, маңдайыма ұстаған ақын Абай - қазығым» деген үмітпен шығарып отырмыз» деген екен. Журналда Алаш зиялылар қауымымен қатар, Мұхтар Әуезов те он екі санына мақала жазған сыңайлы. Мысал ретінде алып қарар болсақ, Мұхтар Әуезовтің журнал бетіндегі ерекше мақаласының бірі - “Ғылым тілі”. Ел аузында “Мұхаң” деген атпен қалған Әуезовтің бұл мақаласы - жаңа тілге көшу мәселесін көтеріп қана қоймай, қандай тілге көшу арқылы өркениетке тезірек қадам баса алатынымыз жөніндегі негізгі талқылаулардан тұрады. Сонымен қатар, М. Әуезовтің көтерген ең маңызды шиеленістерінің бірі — тіл мәселесі болған.
Абай ойларымен үндес болған жазушы: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тіліңді, бесігіңді түзе!» деп тебіренгені де қағаз беттерінде айқын көрініс табады. 1918 жыл - Мұхтар Әуезовтің Абай мұрасын зерттеуді енді қолға ала бастаған кезеңдері болып сақталып қала берді. Сол кезеңдерде «Абай» журналы бетінде «Абайдың өнері мен қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» атты мақалаларын жариялайды. Абай жөнінде жазған мақалаларының ішіндегі ең көлемді мақалаларының бірі «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласы. Қорыта айтқанда, “Абай”журналы мен Мұхтар Әуезов бір-біріне түйіскен телефонның байланыс сымы секілді. Себебі, оның “Абай” журналына қосқан үлесі мен ұлы Абайды зерттеуге қиған бар ғұмыры мен сарп еткен маңдай тері қазіргі таңда, өскелең ұрпақ үшін мол пайдасын беріп жатқанына еш шүбәміз жоқ. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп өсиет қалдырған Абай Құнанбайұлының жалпақ тілімен айтатын болсақ, қазіргі таңда Мұхтар Әуезов - ұлы Абайдың ізін жалғастыратындай, қазақ халқының тарихында ғана емес, жалпы әлем сахнасында мәңгі жасауға тұрарлық ұлы – Тұлға деуге саяды. Тіпті, ол кісіге айтқан бұл мадақ сөздеріміз аздық етпесе, көптік етпесі анық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. А. Исин “Абай” журналы / 1992-2000
2. Әуезов М. О. Ә “Әр жылдар ойлары” - Алматы/1986
3. Ғ. Есімов “Абай” журналы. Алматы/1997
Сабыр Шұғыла
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 1 курс студенті