Адалдық атты талант бар
Жер бетіндегі тіршілік атаулының қайнар көзіндей мөлдір бұлақ алып таулардан басталып, жазира дүниеге өмір нәрін таратады. Дүниенің әр бөлігіне әртүрлі өткірлікпен құйылатын күн сәулесі секілді, бұлақтардың да ағыс-арна, екпін-ырғағы сан түрлі: біреулері бұрқан-талқан алапат ағысымен, маңайының бәріне өз үнін, өз тірлік лебін тыңдатқысы келгендей адуын екпінмен тасқындаса, екінші біреулері бірде өршеленіп, бірде баяуламай бір қалыптағы байыпты тынысымен ілгері ұмтылады.
Ақын Сәкен Иманасовтың поэзиясын оқығанда, менің көз алдыма қашан көрсең де, арнасы ортаймайтын, мөлдірлігімен, өз әуен, әсем тынысымен айналасындағы тіршілік атаулыны жайбарақат, жайсаң күйге бөлейтін тума бұлақты елестетемін.
«Қырым қандай кең еді өлшенбеген,
Қиырына жете алмай жел шөлдеген.
Көкжиекті көзіме қондырып ап
Кереметтей құйғытып көрсем деп ем!» —
деп тебіренетін Сәкеннің жырларынан өз басым, ең алдымен, мәрт мінез халықтың ұлттық табиғатын — аңқау-аңғалдығын, кешірімді кеңдігін, мейірімі мен адалдығын көремін. «Көл түбінен ақ шабақ атылып, төркінінен қарлығаш қайта оралған» көктемімен, «өрістен тойып қайтқан торпақтай шөмелені сүзгілеген қарашаның өкпек желімен», «даланың бауырын жаздырмай сіресіп жатып алатын қарымен» — әйтеуір, қырдың табиғат-тіршілігі, қыл қалам туындысын көріп тұрғандай, жанды сурет боп көз алдыңыздан өтіп жатады. Боз жусанның иісі келіп, саумал қымыздың шәрбат дәмін ұмыта бастаған таңдайға қышқыл үйіріледі. Бұл қасиет, сөз жоқ, ақын шығармаларының ұлттық болмысын көрсетеді. Жусан иісін қанына сіңіріп, кіндік кесіп, кір жуған жерді жан жүрегімен сезінген, халқының қадір-қасиет, болмысынан нәр алған ақын ғана осылай жырлай алатын болса керек. Әйтпесе, жусан жайлы қаншама жырласа да, оның табиғи иісін сезінбеген ақынның өлеңінен жылы бөлмеде өскен жусан ғана елестеуі мүмкін. Ал шыны тасасындағы жусан белуардан өссе де, қыр беткейінде тырбиып өскен боз жусан бола алмайтындығы секілді, халқының жүрек лүпілін қанына сіңірмеген, қасиетті қыр жусанының жұпарын жанымен сезінбеген ақын да ұлттық туынды беруі мүмкін емес екендігі ақиқат.
Адам қазір қыс бойы жылы жерде өскен қияр мен көк жуаға үйреніп алған. Рас, су мен күннің нәрін алып, жасыл алқапта өркендеген қиярдың дәмін татып көрмегендерге әлгі жасанды қияр да жаратылыс туындысындай көрініп қалуы мүмкін. Өйткені, басқаны былай қойғанда, айран мен ірімшіктің де, шәйі жібек пен мақта-матаның да жасандысына үйреткен ғажайып құбылыстар заманында табиғи нәрсенің бәрі жат болып бара жатқандай. Бұл — бір елге, бір ортаға не халыққа емес, бүкіл әлемге тән құбылыс.
Ендеше, ғасыр тынысы поэзиядағы табиғилыққа да әсер етуі заңды — шалқып, ақтарылып, шабыт пен шынайы сезім тоғысуынан туған жырлардан гөрі, күніне жиырма жол жазам деген мақсатпен жасалған өлеңдердің өріс алып бара жатқаны да тектен-тек болмаса керек.
Сәкен творчествосының о бастан біздің назарымыздың нысанасына ілінуі де, оның жырларындағы соңғы жылдары сиреп бара жатқан осы табиғи мінездің, ағынан жарылып ақтарыла қалатын жомарт қылық, күйінішін де, сүйінішін де бүкпелемей, бір шиі шығып кетпес пе екен деп бүгежектемей, «жарқылдаған жастарға да сеніп, аңқылдаған кәріге де еріп кететін» ақ көңілінің әр жол, әр шумақтан көзге ұратын қасиетінен еді.
«Сіресіп қырда
жатып алғанда қар айлап,
Жылылық іздеп,
Жібісе еді деп бар аймақ,
Шарқ ұрам қанша,
Ағаларға да алаңдап,
Артымнан жеткен балаларға да
қарайлап».
Бір қарағанда, осы шумақ мақтап-мадақтайтындай керемет жолдар боп көрінбеуі мүмкін. Бірақ үңіліп қарасаңыз, ойлы, әдемі шумақ (мен осы ойымның басында, Сәкен творчествосы жарқылдап, жалтылдап немесе буырқанып-бұрқанған тосын екпінімен дараланбайды деген болатынмын) екенінде сөз жоқ.
«Дос көңілін айтқызбай анық көріп,
Жадыратып кететін, жанып келіп,
Қамыққанның қасынан табылатын
Торыққанға қалтасын қағып беріп».
Міне, осындай дос іздеген ақын айналадағы бүкіл тіршіліктен ақиқат пен адалдықты, «кінәсі болса, құдайдың мінін де бетіне айтар» батылдық пен әділдікті, кесек мінез, мәрттікті талап етеді.
Дүниелер тартысының дүмпулерінен, Хиросима кеселінің жаңғырығынан әлі есін жия алмай жүрген шырғалаңды ғасырда мәрт мінез, турашылдықты, ақиқат пен әділетті шарқ ұрып, тек жан дүниесі табиғаттай пәк, албырт та аппақ көңілді, басқаның бәрін өзіндей көріп сенетін, шалқар сезімді аңғал жан ғана іздеуі мүмкін. Мұндай аңғалдардың сирек болуы да ғажап емес.
«Алаламай ананы-мынаны да,
Қаңқу сөзді қыстырмай құлағына,
Тең тұтып та кететін кіші ініні
Сәл-сәл бір кісілігі ұнады ма...»
немесе
«Айтам енді...
Айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем», —
деген шумақтардан-ақ ақын табиғаты бар бітім-болмысымен елес береді.
Ол көзіне көрінгеннің бәрін өлең қазанына салып, сарқылдата бермейді — өзін толғандырған, сезіміне ұшқын әкелген жайды ғана шын тебіреніп жазады. Ол адамның бойынан жалған сезім, өтірік мүләйімсу секілді қылықтарды көрсе, жаны түршігеді. Осындай сыртқы жалғандық-жағымпаздықтан сезім жалғандығы туады деген сенімді пікірдегі Сәкеннің ақындардың бойында да жалтақ қылықтар болады деген миына сыймайды. Өйткені ол дүниенің, адамдардың бәрін өзімен, өз көңілімен кең өлшейді, тым биіктен көрсем дейді. Міне, осы қасиеттерді досынан да, жауы мен жақынынан да ғұмыр бойы іздеп жүрген ол енді соларды өз сәбиінің бойынан тапсам деп армандайды. Оқырман ақынның осы бір ақ адал сезіміне, аппақ сеніміне, «қызыққа да, қызға да бұрылмай» жүретін мұңдылау сәттеріне — бәр-бәріне куә болғандай, бірге тебіренеді. Бұл — ақынға қажетті басты қасиет.
Сәкен Иманасовтың «Айтыс» поэмасы халқымыздың қанша ғасырлар өтсе де мақтанышы бола беретін ақын Сараның Біржан салмен айтысы тақырыбына жазылған. Ақын Сараның бақытты да қасіретті тағдыры күні бүгінгі суреттей көз алдыңыздан кетпей, жүрегіңізді баурайды. Жалпы әйел тағдыры, оның ішінде дарын иесі болып туған әйелдің тағдыры туралы, сырттай дақпыртқа еріп болжамдамай, жүрек көзімен бір үңіліп, ойлануға мәжбүр етеді. Ақын сол айтыста Сараны жеңіп кеткен Біржанды тілдемейді, оның асқақ талантын аласартпайды. Қайта Біржанның өнерін оқырманға мойындатады. Ал өзгенің талантын мойындау — тек үлкен адамдарға ғана тән қасиет, сирек қасиет.
Осы тұста айтысқа түскен екі майталман ақынның образы әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, тарихи айтыс шындығымен астарласып, ашыла түскен. Сара — сырт қарағанда бас бостандығы өзінде, еркін де ерке қыз болып көрінгенмен, оның еркіндігі жалған — қолында билігі барлар ел-жұртқа даңқы кеткен ақын қызды мүлдем тұншықтыруға халықтан қорқады, сондықтан өзгенің көзіне «әлпештеп» отырғандай әсер беруге тырысады. Ал қоғамнан Сараның талантына лайық орын, қарымтасыз еркіндік беру қауіпті, — Сара халық, талант дегендер миларына кіріп-шықпайтын, өздерінің қамсыз өмірлерінен өзге мәңгілік еш нәрсе жоқ деп қарайтын қиянатшыл топтардың бейшара болмыстарын жария етері хақ. Сара — туған халқына абырой мен мақтаныш сезімін ғана әкелетін тұлға. Бірақ әйел затын адам деп қарамаған бақастық пен теңсіздік үстемдік еткен дәуір үшін оның үлкен тұлға, ерекше дарын иесі болуы — түк те емес. Қайта сұлу мүсін, сүйкімді қылық жай әйел болғаны өзіне де, өзгеге де тиімдірек болар еді. Сараның «Келіп ең әдейі іздеп, амалым не, осылай халқым жерге қаратқасын» деп күйзелуі, шарасыз тістенуі де сондықтан.
Сәкен поэмасында Сара тағдырының осы бір басты трагедиясы өз бояуымен айқын даралана түседі, автор оның әлеуметтік негізін ашып көрсетеді, оқырманын ойға жетелейді, таланттан тұл тоғышарлар үстемдік еткен дәуірге лағынет айтқызады.
Сәкен поэзиясында азаматтық ой мен өз дәуірінің айбатты үні бар. Ол ой мен үн поэмадан да, бүгінгі өмір шындығын жырлаған пафосты өлеңдерден де, интимдік лирикадан ла естіліп жатады.
Адамзат тарихындағы ең демократияшыл партия деп жүрген — Коммунистік партияны, советтік шындықты жырлау секілді көп айта беретін, бірақ көбімізде не ой, не сезім жоқ, әшейін өлең техникасын, ұйқас-ырғақ заңдылықтарын білгендіктен жалаң, жылтырақ сөздер тіркесінен құраған жолдар болып өрілетін азаматтық әуендегі тақырып Сәкен творчествосында жалпы тіршіліктің, өткен мен бүгіннің барлық көлеңке, күнгейлері арқылы, жүрек елегінен өтіп жырланады. Егер ақын бүгінгілер атынан:
«Қаршадайдан қайғыны бірге өткеріп,
Қарашада қаншама дірдектедік...
Сөйте жүре, әйтеуір,
Елге деген,
Жерге деген сенімді кірлетпедік», —
десе, партия туралы ойын былай шертеді:
«Тістетіп әр сағатым жау бармағын,
Сенің арқаң — жұрт болып сау қалғаным.
Сенің арқаң — жер жүзі Байқоңырды
Жатқа айтса көмегінсіз аударманың».
Ақында туған жер, Отан, жастық шақ тақырыбына жазылған өлеңдер баршылық. Ол жырлардың бәрінен де елге деген, ұлы Отанымызға деген үлкен жүрек махаббаты еседі:
«Жаралған кемеңгерлік, кемелдікке,
Кеңдігі бар-ау дүние сенерлік те!
Осы елдің ұлымын деп ойлағанда,
Көңілің көнбейді екен төмендікке!
Демеймін сұңқарымын,
тұлпарымын,
Артынан айта жатар жұрт анығын.
Туған ел,
Сені жерге қаратпас тек
Өзіңе осыншалық іңкәр ұлың!»
Біз көбіне азаматтық жырлар, сезім жырлары деп саралап бөліп отырамыз. Менің ұғымымда, осынымыз надандық секілді: адамның азаматтық тұлғасы, биік адамгершілігі ата-анасына, досына, сүйікті адамына, баласы-бауырына деген сезімі, мейірім-махаббаты арқылы қалыптасады.
Менің байқағаным — Сәкеннің махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің өзінен анық тұлғасы, көзқарасы, түсінігі, бар болмысы көрініп тұрады. Сәкен өлеңдерін оқығанда мынаны ұғамыз: ол біреуді жақсы көрсе немесе біреумен достасса, бар ынта-шынымен, сәби көңілімен құлайды. Айналадағы «сұғанақ көздерге», өсекшіл кейбіреулерге жалтаңдамайды; біреу біліп қояр, әйтер-бүйтер деп махаббатын сездірмеуге тырысып сазармайды — «жалғанның жартысын да елеместен» жүрек лүпілін, асыл сезімін айта алады.
Өлеңдерін оқығанда оның осындай шалқар сезімді жан екеніне және басқалардан да сондай адалдықты талап ететіндігіне қайтсеңіз де сенесіз.
«Мен де бәлкім біреуге тағы ұнармын,
Тағы талай тірлікте жаңылармын.
Сені есімнен, әйтеуір, шығара алмай,
Жек көріп-ақ отырып, сағынармын...»
Дәл осылай сүйе алатын, сезімінен сенделетін және соны ашықтан-ашық айта алатын адам — сөз жоқ, үлкен жүрек иесі.
Қалай болғанда да, өз басым Сәкен Иманасовты кең тынысты, кемел ойлы ақын деп танимын. Оның бойында көп жандарда бола бермейтін талант бар. Ол — адалдық таланты. «Адал болу керек» деп айқайламаса да, Сәкен жырларына риясыз сеніп, оқырманның бірге тебіренуі де осы қасиетінен болса керек.
Сәкен Иманасов әдебиетке келгелі қалыңдықтары пышақтың, қала берді орақтың сыртындай 7-8 кітап шығарды. Бірақ сьшшылар мен әдебиетшілер, әдеби орта тарапынан ауызға жөнді іліккен жоқ.
Меніңше, бұл үнсіздіктің екі жақты мәні бар. Біріншісі — бізде әдебиетке қойылар критерий жоқ, әдебиетті жасап жүрген үлкенді-кішілі таланттардың орыны белгісіз — әдебиет сарайының босағасы мен төрі бірдей сапырылысып жатады — сондықтан көп тобырдың бәрі өздерін той ағасы сезінеді, кімнің таланты қандай, шығармалары үлкен әдебиет талғамымен өлшегенде қай деңгейде дейтін айқындауыш жоқ. Екіншісі — біріншісімен сабақтас. Ол — ақынның кішіпейілділігі, әдеби ортада болмай жатып болып-толуға, атақ-абыройға ертерек жетсем деп ұмтылмайтындығында.
Екі кітап шығарып үлгермей, етек-жеңін түрініп әдебиеттен орын алып қалуға қам-қарекеттерін бағыштайтын кейбіреулердің бойындағы іскерлік қасиеттердің Сәкен Иманасовтың басына дарымағандығында. Кейбіреуге он минут трибуна тие қалса, он минут бойы өзі туралы айтып, өзін насихаттайды. Ол «Мен осындай данышпанмын, дүниенің барлық проблемаларын жалғыз шешіп, адамзаттың басындағы ауыртпалықты өзім азайтып жүрмін» десе, тыңдаушылардың көбі бас шұлғып, оның сөзін сол күйінде қабылдай кетуі әбден мүмкін. Насихат деген үлкен күш қой. Әсіресе біздің дәуірімізде оның әсері мен орны ерекше. Адамдарда не нәрсе жайлы болса да өзінше, іштей пайымдап, өз ойымен тұжырым-қорытынды жасап, «неге, қалай» деп сын көзбен қарауға уақыт аз. Бұлайша кеуде соғып, не әркімнің тілін тауып жұртқа мойындатсам деген пиғыл Иманасовтың табиғатына жат.
Ал, біздіңше, Сәкеннің лайықты орны туралы ұялмай айтатын мезгіл әлдеқашан жеткен секілді.
Тағы бір айтар ойым — Иманасовтың кітаптарының бәрі екі-үш баспадан асып жарық көрмеген екен. Бұл бір ақынның басындағы жай емес. Орталық баспаларда екі-үш кітабы шыққанда, аяқ алысы тәуір екендігі байқалған ақындарды, олардың 50-60-қа келуін күтпей-ақ, «таңдамалы» деген айдарды тақпай-ақ жаңа өлеңдерімен бірге бұрынғы кітаптарынан тәуір жырларын қосып, бес-алты баспа табақ көлемінде шығару дәстүрі бар. Біздің республикалық баспалар осы төңіректе қорықпай қадам жасаса, ол тек қана абырой әкелер еді.
...Мен жақсы ақынның жақсы өлеңдерін тағы да қайталай оқып болып, тау етегінде көңілімді бұлақ сылдырына тосып отырмын. Бұлақтар жарысып барады. Асқақ таулардың құшағынан сытылып, жазира жазықтыққа, кеңдікке ұмтылады. Аппақ толқын тау басынан мөлдір ағыс, майда үнмен сыңғырлайды.
Жердің алып құшағындағы мәңгілік өскінге нәр беруге асығады.
1979