Алаң көңіл, ақжарма мінез
Әдеби сынның назарына көп іліге бермейтін ақындарымыздың бірі Сәкен Иманасов маған бүгінгі қазақ поэзиясының жайлауында таптаурын жерді жерсінбей, жерсінсе де көңілі күйзеле; Алакөлдің дауылын аңсап, сирек те болса төпелеп өтетін жауынын аңсап кеткенде атақ-даңқына да, тар болса да, ақын көңілінің құдіретімен керімсал даладай кең көрініп кететін, есік-терезесі желпілдемесе де, бар дүниенің лүпілін бір минутта жүрегінен өткізіп тұрғандай аласапыран тірлік кештіретін, жылы сулы қала үйіне де қолын бір-ақ сілтеп; көзіне көрінген ат атаулыға жайдақ мінсе де ауыл, ел қайдасың, атамекен жер қайдасың деп, он сегіз өрме дойырмен бір тартып жөнелетін және барсам ба екен, онда мені қалай қарсы алады, егер алдымнан шығып, шылбырымды ұстар ешкім болмаса ше; әлде қызбалықты қойып кері қайтсам ба екен деп екі ұшты оймен беймәлім күй кешпей, ат басын Алакөлге бір-ақ тірейтін азамат көрінеді.
Ақынның романтикасы бұрынғы поэзиясы арқылы менің көңілімде Сәкеннің осы бейнесі ұялаған еді. «Бел-белес» кітабын қолыма алғанда, сыртқа шығармасам да, ішімнен бір сайқал ой сыпсыңдап, өмірдің ағысы мен дауылынан, ашқылтым суға көп шайылған жаулықтай өңі мен о бастағы иі түспей иілмей тұрар мәнін жұқартып алмады ма екен деген күдік, күншілдіктің отындай, жылт-жылт етіп еді.
«Есіме алып ерсілеу қылықты еске,
Тымырайып отырып тымық кеште,
ертеңімді ойлауым дұрыс шығар
бала бола бергенше қырық бесте.
Қайдағы бір өнбейтін үмітке ерген
Аулағырақ жүрейін жігіттерден —
дегенімше желігіп жеті түнде
Мынасы кім тағы да кіріп келген?!
Бәрекелді! Жігіттер, сендер ме едің?!
Кеңіп сала берді ме бөлмем менің.
Қайдағыны қиялдап кетіп едім,
Жақсы болды-ау шынында келгендерің!
Күлмей-ақ қой, көмейің болды мәлім,
бар, бәйбіше, жайғастыр соңғыларын.
Қышып еді-ау иегім, қайда ғана
Жібергенсің тиегін домбыраның...» —
деген жолдарды «Бел-белестің» алғашқы беттерінен оқыдым да, әлгі сиқыр көз сыпсың ойды бір қуып тастап, демімді бір-ақ алдым. Көкірегімді керіп, демімді бір-ақ алғаным — аумалы-төкпелі дүниенің бөртпе буы, жазатайым желі оңынан ессе, етек-жеңі желпілдеп, ендігі қалған ғұмырда жалпағынан басып өтердей кейбір саяздарға жалаңтөс күй кештіретін тоқтық ақынды өзінің баяғы болмысынан, баяғы өрісінен, баяғы желісінен жаңылдыра алмаған екен.
С.Иманасовтың алғашқы үш-төрт кітабынан кейін алған әсерімді, оның поэзиясы туралы ойларымды бұдан он шақты жылға жуық бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде айтқан болатынмын. Мен «Бел-белесте» не жазса да ынта-шынымен құлап жазатын ақ көңіл ақынның бұрынғы жастық екпіндегі жырларының кемелдене, байсалдана түскенін, өмірдің кермек дәмінен ойларының тереңдей, шындығының ашқылтымдау тартқанын көріп, өзімнің о бастағы пікірімнің расталғанына, ақын творчествосының өз нәрімен, өз бабымен келе жатқанына қуандым. Ақынның «Сөз патшасына» баяғы адалдығын, баяғы «қиянатты көргенде күйіп кетіп, қырғидай тиген күйінде» жүргеніне қуандым.
Бұл кітаптан басы аман, бала-шағасы түгел, жазатайым сүрініп кетсе қол үшін беріп көтермелер күйлі ағайын-туманың ортасында, ішкені алдында, ішпегені артында жүрсе де, «ешкімнің сыбағасын жемесе де, ешкімнің обалына өзі қалмақ түгілі, өмірден қиянат атаулыны көре қалса желкелеп жеткенше қуып беретін» ақынның — алаң көңілін, түндерде мазалаған мұңы мен ойын, дүние жайлы, ғұмыр жайлы, ел жайлы, ерлік пен ездік жайлы толғанысын көрдім, мазасыз күй кешкен, мардамсып, маңғазданбай күн өткерген ақын болмысын көрдім.
Ақынның оқырман көңіліндегі бейнесін жасайтын — оның творчествосы. Сәкеннің адал, шыншыл, елім деген, тілім мен қаным, қазақ деген халықтың ертеңгі, алпыс жыл кейінгі ұрпағы қандай болар деген мұратты арманға толы азаматтық бейнесі оның поэзиясындағы мінезден қашалған. Мінез дегенді, әдетте «тентек, телі, ұрда-жық» деген сүйкімсіз мағынада түсінетініміз бар. Ал мен күнделікті өмірдің илеуіне көне бермейтін, әр құбылыс, әр кезең жайлы өз пікірі, өз түйіні бар; біреу айтты деп аттана шаппайтын ақын ретінде мінезді ақын дегенді айтып отырмын.
«Бел-белесті» бір оқып шыққанда, кейбіреулер «тақырыбы тар екен», ақынның өзі айтқандай,
«Таппақ болып менен де ақыры мін,
Тар деп те жүр біреулер тақырыбың», —
деуі мүмкін. «Баяғы ауыл, туған жер, баяғы махаббат, баяғы бала-шағаның айналасы» деп кінәрат артатындармен келісуге болмас. Өйткені мұнда ақынның өз «мені» арқылы дүниеге көзқарасы, айнала тіршіліктің тынысына ақын жүрегінің лүпілімен қарауы, түсінуі мен түйсінуі бар. Ал ақын да бүкіл табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, өмірдің ыссы-суығы, ащы-тұщысы, көлеңке-күнгейі, сүю-күюі, заманы туралы үлкенді-кішілі тұжырымы — оның шыншыл лирикасынан жан-жақты, күзгі ормандай бояу, бедерлерімен көрініп жатады.
Сәкеннің махаббат туралы жазғандары, бүгінгі жаттанды сөз, жауыр болған, күю-сүюі көп, бірақ жүрегіңді, тым болмаса, бір бүлк еткізбейтін сан-сапат өлеңдерге ұқсамайды. Ақын өзінше сүйеді, өзінше құлайды, өзінше аялайды және соның бәрін нанымды, иландырып, сүйсіндіріп, налытып, оқырманына өлең етіп жеткізген.
«Жүректің өшірем деп өртін ішкі,
Кеулеп те бара жатқан дерті күшті.
Жат болып шықтық па деп шынымен-ақ
Ойлаудың өзі қандай қорқынышты.
Тағдыр да осыншалық дүлей ме еді?
Жүргені-ай жегідей жеп бір ой мені.
Арамыз мәңгілікке ажырар деп,
айтудың өзі қандай үрейлі еді».
Автор көп ақындардай сүйіктісін кінәламайды, «сен мені басқа біреуге айырбастап кеттің, үйтіп кеттің, бүйтіп кеттің» деп зілденбейді. Өзі сүйеді, сүйгені жат болып кетсе де, өзінің сүйгенін шарасыз мойындаудан арланбайды. Жинақта:
«Жібек жел күні-түні әлдилеген,
Жанында жүз бұралып тал билеген,
Ақырын айнала бір қарап қойып,
аш көзін ашып-жұмып қалғиды емен», —
секілді суреттер,
«Шынымды айтсам, мен деген —
Еркіндікпен егіз туған елден ем;
Киліккенді көрге тығып бір демде,
ата-бабам аттан түспей жүргенде,
Көршісіне көз алартып көрмеген!
Тарихты қанша ақтарып мен енді
Тура қарап, тік ұстасам денемді,
естімегем, бейбіт елді — күші кем,
дүрліктіріп найзасының ұшымен
Қазақ шапты дегенді!» —
секілді елдікке, адамгершілікке үндейтін, туған халқын, тарихын қастерлеуге шақырар, жүрекжарды өлеңдер көп.
Ақынның жаңа жинағы туралы айтқанда, бірыңғай мақтау емес, сын да қажет деген қағиданы өз басым қабылдай бермесем де, Сәкенге бірер тілек айтқым келеді. Ауыл, ел, Алакөл төңірегі туралы өлеңдерде ой қайталау, сөз қайталаулар кездесіп қалады. Кейбір жекелеген өлеңдерде түйіндеу жетіспей, тарқатылғалы тұрған бұрымдай әсер қалдырады. Қара матаға қанша күйе жақсаң да, көзге ұрып көрінбей, баяғы бедерін бермейді. Ал ақ матаға сәл шаң-тозаң түссе болды, кір шалып қалады. Сәкендей шыншыл жанды ақынға «біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» деген пиғылдан жасалған өлең жараспайды, ол сонадайдан мен мұндалап көзге түседі. Сондай шын жүрегінен шықпаған өлеңдердің бірен-сарандарының өзі-ақ Сәкеннің кітабында арбаның бесінші дөңгелегіндей көзге ұрып тұр.
Қазақ поэзиясына бір жақсы кітап, мінезі бар, қаны сорғалаған, жүрегі лүпілдеген, көңілі алаң, көзі ашық кітап келіпті. Адам сезімінің өзі кейде сал тартар мына әлемде мұндай жырлар ауадай қажет-ақ.
1985