- 25 ақп. 2022 00:00
- 262
«Қазақтың» ізашары «Серке» газеті
1905-1907 жылдар аралығында қазақ халқы үшін ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген шақ еді. 20 ғасырда орын алған саяси оқиғалар ұлтымыздың мәдени өркендеуіне қарсы кедергілерге толы болды. Ресей империясының басқару жүйесі қазақ халқы үшін адам төзгісіздей болды десек те артық емес еді. Бұл озбырлықтың нүктесін қоюды мақсат ететін, саяси бағытта жақсы қаруланған, қарапайым халықты басқара алатын қоғамдық-саяси күш ауадай қажет болды. Ал сол мезетте саяси күшпен қаруланған топ- ұлт зиялылары болып табылды.
Бірнеше зиялы қауымнан құралған топтың нәтижесі 20 ғасырдың алғашқы онжылдығында пайда бола бастаған бейресми төл басылымдар болды. Оның алғашқыларының бірі әрі бірегейі ретінде танылған «Серке» газеті. Ғұмыры қысқа болғанымен талай ғалымның зерттеу жұмысына арқау болған. Солардың бірі тұлғалы ғалым Б.Кенжебаевтың пікірі: «1906 жылдың ақырында «Үлфәттің» қазақ оқушыларына арнап қазақ тілінде «Серке» атты екі жетілік газет шығаруға қарары болды. Келесі жылы март айының басында сол газеттің жариялануы шықты. Артынша,28 мартта бірінші саны шықты. Ол «Үлфәт» газетінің қосымшасы болып шықты. Газет шыққан соң бірер күн өткеннен кейін полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Үлфәт» газеттерінің ұсталғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап алып, құлыптап кетті. Екінші күні тиісті орындардан себебін сұрағанымызда, олар : «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді». Тұлғаның бұл пікірі арқылы біз газеттің тарихымен қысқа болса да таныса аламыз. Дегенмен, Б. Кенжебаев пен Т.Қожакеевтің «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» еңбегіндегі деректерге сүйенсек, ғалымдар «Серке» газетіне қол жеткізе алмаған. Сол себепті мазмұны туралы пікір білдірмеген. Бірақ, газеттің жабылу себебінен хабардар болған. Ол «Қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар» деген негізде айыпталып, билік басындағылардың шамына тиген алаш азаматы Міржақып Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы еді.
\Бұл мақала «Серке» газетінің халыққа жете алмай кеткен екінші санында жазылған. Жалпы мақалада ұлтымыздың сол сәтте саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан тәркіге түсе бастағандығы ашық, еш бүкпесіз жазылды. Осы кедергіден қалай өтіп, өзіміздің болмысымызды қалай сақтап қалу қажеттілігі туралы да сөз қозғалып, ол үшін қазақ қандай әрекеттер жасауы қажеттілігін атап өткен.
«Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы-Россияға тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады»
Мақаламен толық танысып, қазақтың сана-сезіміне әсер ету мақсатында жазылғандығын бірден ұғынған патшалық әкімшілік газеттің екінші санын жабуды шешеді. Осылайша «Серке» газеті шындық жаршысы ретінде ал Міржақып Дулатұлы отаршылдық саясатқа қарсы қалам тартқан қайсар жан ретінде тарих беттерінде мәңгі қала береді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. «Алаш арыстарының саяси басшылығы» Нұрғалым Омашев. Алматы «Қазақ университеті»2007 ж. 8-9 б
2. «Ұлттық сана ұйытқысы» Қайрат Өмірбайұлы Сақ. 2002ж 19-20б
3. «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» Б.Кенжебаев пен Т.Қожакеев 8 б
Жаукенова Лятта Жарасқызы Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті 1 курс