- 20 ақп. 2020 00:00
- 243
Ажалды алдауға болмайды
Біреу сырқаттанып, тәуіпке қаралып жүреді екен. Бір күні тәуіп қатты ауырып қалыпты. Сонда оған қаралып жүрген кісі:
— Құдай-ау, тәуіпті алғанша, мені алсайшы! — деп жалыныпты Құдайға:
Мұны оның бір әзілқой көршісі естіп қалыпты. Бәлемді бір қорқытайын деп, тонын айналдырып киіп, бетіне ұн жағып, аузына шоқ тістеп — ажал болып, емделіп жүрген кісі ауырып жатқан тәуіптің қасында отырғанда кіріп келеді.
— Мен ажалмын. Осында мені керек қылған қайсың? — дейді.
Тәуіптің баласы емделіп жүрген кісіні нұсқайды. Сонда емделіп жүрген кісі сасып қалып:
— Тек, қалқам! Ажалды алдауға болмайды. Кімнің сырқау, кімнің ауру екенін ажалекемнің өзі де көріп тұр ғой! — депті.