Әжемнің алақанында...
Таң арайлап ата сала, әлі ұйқының шырмауында шырмалған көзімді аша алмай жатып, әжемді іздейтінмін. Жан-жағымды жайлап, бақылап аламын да, әжемнің тұрып кеткенін сезе қойып, шын өтірігі белгісіз өз-өзімнен бақырып жылай жөнелемін. Сондағы ойым, сыртта үй тіршілігін жасап бастаған әжемді шақыру, әжем келсе мені киіндіретін, әйтпесе өзімнің киінер ойым жоқ еді. Осылайша, ақкөңіл әжемнің етегіне оратылып, шаруасына кедергі болып жүруші ем. Мен тұрғанда анам самаурын қайнатып, әжем дорбаға салынған айранын ағашқа іліп жүретін. Оразамды аша сала, әжем екеуміз құрт жасауға кірісетінбіз. Маған бұның бәрі қызық әрине. Қанша тырысқаныммен дәл әжемдей құртты дайындай алмай қойғанмын. Біреуі сопақ болып қалса, енді біреуінің бас-аяғы бірікпей шашылып қалатын. Әжеме: «әжеу мынау қалай»- деп өтірік домалатқан құртымды көрсеткенде, «Біздің қыз пысық болады-ау шамасы, қарашы, қалай құрт жасайды»- деп анама мені мақтайтын. Анам бүкіл бет-аузыма үстіме жағылған қатықты көріп күлімдеп қоятын. Содан кейін, мен ағаммен бірге ауыл балаларына қосылып ойнап кетемін де, әжем жаңағы менің бүлдіріп кеткен ісімді( құртты) ерінбей қайта жөндеп жүреді. Ойын қуып, ымырт жабыла үйге бірақ келетінмін.Сол кездегі ауыл балалары, біздерге мектеп ауласындағы ойын алаңы қызық қой, сірә. Ешкімге ескертпей сол жақта жүргенімді әжем сезе ме, қалай, дереу сол жерге келгенінде, менің ойын алаңындағы темірдің басында тұрғанымды көріп, байбалам сала үйге тарта қуатын. Әжем сол кезде сексеннің сеңгірінде болса да, қайратты еді-ау. Мен әжемнің қызы болғандықтан, онша ұрыс естімей, әжеме еркелеп жүріп құтылатынмын,ал ағамды қалақаймен жөнге салып алатыны әлі есімде.Сонда да, біз қолды-аяққа тұрмай тығыла жүріп, ойын ордасынан бірақ шығатынбыз.
Әжемнің мейіріміне біз ғана бөленбедік, бүкіл ауыл жүгермектері әжемді жақсы танитын, қасынан шықпайтынбыз. Тандырға нан жабатын күн бізге мүлдем қызық әрі той.Тандырымыз қашаның жанына қаланған. Тандырға нан жауып тұрған әжем көшеден өткен әрбір адамға нан ұстататын еді. Біздің балалар нанды алып бір көше айналып жүріп тауысатын да бөтен адамдай қайта келетін. Біз оған ішек сілеміз қата күлетін едік. Түрлеріне қарамай әжемді алдамақшы. Әжем де жымия: «мынау кімнің балалары»-деп білмеген сыңай таныта қайта нан ұстататын.
Әжем екеміздің нағыз әңгімеміз кешке басталатын. Мектеп табалдырығын аттамай жатып көптеген аңыз әңгімелерді осы әжемнен еститінмін. «Алтын сақа» ертегісіне, «Жардан құлату» , «Көкек пен Зейнеп» аңыздарына әжемнің арқасында қанық болдым. Жатып алып әжемнің тарамысты саусақтарымен есеп шығаратынбыз. Менің мектеп алдындағы іргетасымды әжем қалап берді. Осындай ерекше күндерден бір оқиға есімде қалып кетіпті. Әжемнің қасында жатқан кезім болатын. Түнде әжемнің әңгімесін тыңдай отырып, былай дедім:
- Әже, сонда сіздер түйе баққансыздар ма?
- Бақтық қой. Әкемнің түйелері көп болатын. Қыз- келіншектер жиналып алып, кезек отырып сауатынбыз. Кейінірек, Ортадағы Жәкем түйе бақты сол кезде, қалай сауатынын жеңгеме өзім үйреткенмін. Содан...
- Әже, біз сиыр бағамыз ғой.
- Ау, иә бағамыз.
- Айран жасаймыз ғой.
- Жасап жүрмін ғой, ботам.
-Әже, айран ішейікші
-Мейлі.
Қарнымның ашқанын осылай айналдырып, сұрақ қойып жеткіздім. Әжем ақырын аяңдай басып, мені жетектей ас бөлмесіне алып барды. Дорбасын ашты да, менен сүт әкелуімді сұрады. Осылай отырып, түннің бір жарымында отырып айран іштік. Әжемнің айранын ішкеннің арманы жоқ шығар. Әкемнің тұрып келгенін сезген әжем әкеме: «сенің үйіңе ұрлыққа түсіп, айран ішіп отырмыз»- деп күліп қояды.
Осылайша, әжемнің арқасында менің балалық шағымның альбомы қызық күндердің беттеріне толы болды. Әжемнің алақанында жамандықтың не екенін білмей өстім. Қазір ес біліп есейгеніммен, әлі әжеме еркелеп жүремін. Бұрын әжемнің жанында кішкентай қыз отыратын еді, қазір, әжем менің жанымда кішкентай болып отырады. Үлкен өмірге қадам басып ересек атансам да, әжемнің жанарынан әлі сол балаға деген мейірім, ыстық лебіз, махаббат көремін. Арман қуып Алматыға келгенімде әжемді ерекше сағына бердім. Қасында жүріп, үйреніп қалғаным ғой. Демалыс бастала сала ауылдағы әжеме құстай ұшып барамын. Әр жолға шығарда, емтихан тапсырар кездерде әжемнің ақ батасын аламын. Әженің тәрбиесінде өскен әр баланың мінезі бөлек болады-ау деймін, менің ортамдағы әр адам әжемнің қызы екенімді айтпай ақ таниды. Әжемнің барында,сол айналайын әжемнің қолдауымен мен әлі талай белестерді бағындырарыма кәміл сенемін.
Жұмаш Еңлік