Әкетайым менің
Шағын қаланың кішкене вокзалында ұзақ аялдап қалдық. Сыры кеткен ағаш орындыққа шалқая керіліп, көз жұмып қоямын. Тізе қағыстыра отырған қарт кісі де есіней береді.
— Отағасы, ұйқыңыз қанбаған-ау, — деп сөзге шақырдым.
Ұнатпады білем, қайқы мұртын ширатып әкеп ерніне басып, мекіренді де қойды.
— Барыс қай жақ? — десем, теріс бұрылады. Бұдан былай қозғай беруді ретсіз көрдім. Жанындағысы бәйбішесі болар, толық денелі, қара әйел икемсіз кішкене мұрнын шүйіріп, алыстан көз тастайды. Ерлі-байлы екеуі де нақ бір мылқау адамдарға ұқсайды.
Сопақша биік терезелерден қиғаштай түскен батар күннің қызғылт сәулесі жолаушылардың жүзіне сарғыш рең береді. Жүк тиелген асығыс пойыздардың олпы-солпы вагондары зулап өтеді. Мұртты кісі бәз-баяғы қалпында есінеп отыр. Салбыраңқы ернінің астына қара насыбайды білдіртпей қыстыра салып, тас мүсінше мелшиіп қалыпты. Көздері жасаурап, жасық қарайды. Осылай отыра беруге жалықпайтын сыңай танытады.
— Зібира-ай, әлгі коклаларыңды байқашы, сынып қалмасын, — деп мұрт астынан мыңқ етті. Зібирасы бір жамбасына қарай ауа беріп, үлкен буманы сипап көрді.
Сағатыма қарасам, уақыт жақын екен. Орнымнан тұрдым да, көршілеріме бас иіп дегендей сыртқа шықтым. Күн орман тасасына түсіпті. Құралайдың суық желі денемді лезде қалтыратып жібергені. Жасыл вагондардың есіктеріне қыдыра қарап, қонақтайтын тауықтай жағалап келем. Купеге кіріп, суық орындыққа отыра бергенімде даңғырлаған дауыстар естілді де, кокла салынған таныс сары қап есікке кептеліп қалды.
— Зібира, төменгі орындыққа жайғас, — деген дауыс естілді де, қайқы мұртты ашаңдау жүзді танысым көрінді.
— Жігітім, сапарлас болдық қой, әп бәрекелді-е! — деп даңғырлай кіріп келді. Үлкен бөксесін отырғышқа тигізе беріп:
— Айналып қана кетейін, бала шіркін неден ыстық болды екен? Қарашы әне, қарашы, — деп, еңсесін салып терезеге үңілді. Жол аузында бойжеткен тұр. Тұлымы желкілдеп жүгіре түсіп тоқтады. Вагоннан: «Сау бол, құлындарым!» — деген егде адамның дауысы естілді.
Пойыз жүрісін шапшаңдатып, станция көзден тасаланды. Мұртты жігіт жекетін сыпырып тастап, күмістеген мүйіз шақшасын алды да, қоңыр насыбайды мұрт астына сеуіп шығарып, былш еткізіп түшкіріп салды.
— Ана, баланы айтамын-ау, домаланған қара шалды құшақтап, көк ешкінің құйрығындай сақалынан сүйіп, «әкелегенде» алпыс екі тамырым иіп, көзімнен еріксіз жас шыққаны…Үп-үлкен еркектің елдің көзінше жылағаны жақсы болушы ма еді. Сасқанымнан вагонға жылдам кіріп кеттім.
Осылай деп қара мұрт көршім ұп-ұзын орамалдың шетімен баданадай көзін сүрте берді.
— Әй, Жолкен-ай, баланы табудай тапсам да, балажандылығыңды қоймайсың-ау мұқым. Алпамсадай болып егіліп, үгіліп отырғаның, — мұны айтқанда Зібираның үлкен бетінің үстінде шошайып тұрған титтей мұрны бұрынғысынан да кішірейіңкіреп, кескіні сұрланыңқырап кетті. — Сен-ақ қанағат қылмассың! — деп тоқпақпен ұрғандай нығырлап қойды.
— Бала мен әкенің сағынып қауышқанын немесе қимай ажырасқанын көрсем, көзіме жас келеді, тағатым кетеді, — деп Жолкен насыбай құтысының тығынын иіскелей берді. Ол вокзалдағы кейпіне қайта түсті, түнеріп алды. Дамылсыз ширатып, әбден сындырып тастаған қайратты мұрты қыранның қанатындай созылып, дір-дір етеді. Жасаураған көзі көкілжім мұнар басқан далаға қарайды. Ымырт үйірілген шақ. Аспанда бауырынан жарап жас ай тұр. Орақ бейнелі айды төңіректеп жұлдыздар жымыңдайды. Алыстан елдімекеннің жарығы сәулеленеді. Шексіз даланың қай түкпірінде қоныс барын осы от нөпірінен аңғарғандайсың.
Зібира тақтай төсекке жантая кетті де, нақ тәулік бойы көз ілмеген адамдай қор ете түсті. Өңіндегі әлгі бір кекесін тарқай қоймаған секілді…
Жөкең даладағы оттардан көз алмаған күйі ыңылдап, әндетіп қояды. Бір кезде бері бұрылды да, насыбайдың таты тұрған мұжық сары тістерін көрсетіп күлді.
— Мені бір жынды адамға санайсың-ау, солай ма, өтірік деші?!
— Жо-жоқ, отағасы, о не дегенің?! Сіз туралы бөтен ойым болса, не деп ант іш дейсіз? — деп сасқалақтап қалдым.
— Ым, солай де, бөтен ойың жоқ болғаны абзал.
Жөкең көкшіл тартқан бұйра қастарын түйістіріп, өткен күндер жайлы қабағы қатып күйзеле сөз бастады.
— Әкемнің жалғыз баласы едім. Әкем отыз сегізге келгенде мен он сегізге шықтым. Көппен бірге бізге де тағдырдың ащы сыбағасы дайын еді. Соғыс басталып, әкем майданға аттанды. Отбасында небары үш-ақ жан едік. Шешем әлі жас та, қайратты болатын. Ол қайғыға төзе алмады, жайнап тұратын алма жүзі сарғыш тартып, жүдей бастады. Бірақ әдемі қара көзі үнемі қанталап, қызарып жүретін. Бір күні құрбы әйелдері оған ұрысқанын естідім.
— Жақыш-ау, бұның не, соғыс жалғыз сенің ғана басыңа келген нәубәт па еді? Қой әрі, бордай үгілгенің қайткенің? Жолдыбайдың жауды жеңіп елге оралуын тездетейік, еңбектің үлгісін көрсетейік, — десті олар.
Әкем соғысқа кеткелі айдан артық қабағын ашпаған анам езу тартты. Аппақ тістері сарғайып, әсемдігі кетіп қалған екен. «Қайран апекем-ай, соншалықты не болды саған?» — деймін ішімнен. Күйректігіне күйінемін де ұяламын. Бірақ шешем мен ойлағандай жасық болмады.
— Балам, оқуыңның арасында үй шаруасына ие бол, мен енді жұмысқа шығамын, жағдай солай, — деп, белін әкемнің шүберек белбеуімен мықтап буып, еңбекке араласты.
Жазда оқу біткен соң балалар да жұмысқа шықтық. Қора салдық, егін ектік. Біз де солармен үзеңгілес, аянбай еңбек еттік. Майдандағы ауылдастарымыздан алғашқы қарақағаз да келе бастады. Жылау-сықтау, жаназа, дұға көбейе берді. Жұрт қорқынышты хабарларды түршіге тосты.
Менің ойым — қайткенде майданға барып, жаудан кек алу. Чапаевша ақ семсерді жарқылдатып төбелеріне ойнатсам, бастарын допша домалатсам деймін. Түсімде де осылай болып жатады. Ақыры маған шақыру қағазы келді. Мен кетеді дегенде шешем байғұстың қасіретінде шек болмады. Бір сөзді қайта айтып, жаңылып, ілезде ұмытшақ болып алды. Үш күнде өңі өзгеріп, жүдеп қалды. Аттанарда басқалардың шешелеріндей зарлап жылай ма деп қауіптеніп едім, жоқ, өйтпеді.
— Жолкен, тұр, балам, жүретін уақытың болды. Жол азығыңды буып-түйіп қойдым, — деп жайбарақат күлімсіреп тұр. Апамның мына сабырлы кескіні жігерлендіріп жіберді білем, тез киініп, тамақтанып алып, нәрсе-қарамды жинастырғанша көлік те келіп қалды.
Үшеуміз — Әлкен, Жұмаш және мен бірге оқыған балалар едік, бірге кетіп барамыз. Жұрт ауыл шетіне дейін еріп келді. Жұмаштың шешесі —қатпа қара кемпір шашын жайып жіберіп, сұңқылдамасы бар ма!
— Оу, қойыңдар енді, бұл не өзі? — деп үлкендер жағы тоқтау айтқан болады. Тыңдап жатқан әйелдер жоқ. «Құдайым-ау, осының бәрі тез бітсе екен, тезірек қозғалып кетсек екен», — деп тағатым таусылумен тұрмын. Дауыстап жармаспақ болған әйелдерді жолатпадым. Апам басымды еңкейтіп, екі бетімнен жұмсақ қана сүйді. Ып-ыстық еріндері күйдіріп жібергендей еді.
— Сау бол, апа, аман-сау қайтып ораламын, уайымдама! — дедім.
— Айтқаның келсін, ұлым! — Апамның қуқыл жүзіне қан ойнап, күлімсіреп тұр.
— Жолкенжан, әкеңді көрсең, сәлем айтарсың! — деген даусын жұрт дабыры бөліп жіберді. Аттар ұшыртып ала жөнелді. Дөң үстінде ауыл түтіндетеді. Көп адамдар шоғырланып тұр. Апам жылап берекесі кеткен әйелдерге бірдеңе деп қол сермеді де, сымға тартқандай тіп-тік денесі құныса түсіп, үйге қарай беттеді. Кетіп бара жатып біз жаққа бұрылып қарады, қол бұлғады. Менің жүрегім үзіліп кеткендей болып, қатты күйзеліп, көзім жасқа толып кетті. Көз жасымды білдірмей сүртіп, алыстай түскен ауылдан апамның қарасын көргім келді. Көре алмадым. Қысқы күн қытымырлана қабағын түйді. Аппақ дала үстінен ысқырып үскірік жел соқты. Жел сусыма қарды дөңгелете үйіріп айдай жөнелді. Қаңтардың қаҺарлы боранына қарсы қадам бастық.
1944 жылдың сақырлаған сары аязында бізді Солтүстікке жеткізді. Терістіктің суық аспаны астында әскери ойын ойнаймыз, тоң қопарып, окоп қазамыз. Ақ халат киіп, топ-топ болып шаңғыға жаттығамыз. Майдан іргесіндеміз, атыс естіліп жатыр. Ұйқы мен тыныштық аз, ауыр дайындықтан кейін түнгі жорыққа шықтық. Солтүстіктің түнінде ақ халат киген көп адам шаңғымен сырғып келеміз. Мақсатымыз — алғы шепті барлау. Қанша жүргенімізді аңғара алмаған сияқтымыз. Жау шолғыншысына кездесіп, атыс басталды. Бұл — бірінші дәрі түтінін иіскеуім еді. Осыдан соң үскірік түннің бірінде біздің бөлім алғы шептегі окоптарға орналасып жатты. Ертеңіне жау танкілері шабуылға шықты. Неміс солдаттары өріп келеді. Оқ жаудырып, әлденеше тойтардық. Ертеңінде фашистерді қырып жатқанымызды айтып апама хат жаздым. Менің майдандық жолым осылай басталды.
Әкемнен хабар алмағаныма көп болған. Қыстың бас кезінде ауылға жазған хаты әлі қалтамда жүр. Жараланып, госпитальге түстім дегенге адрес бойынша госпитальдан сұрап едім, бізден кеткен деді. Қайда кеткені белгісіз. Өлі ме, тірі ме? Апам да әкем жайлы жазудан аулақтай береді. Әлде жарақаттанып, опат болды ма екен?
Жөкен ауыр күрсініп, даладағы от тізбектеріне ықылассыз көз тастады. Содан соң ақ шалған қара мұртын ширатып, біраз отырды. Зібира болса нар үстінде дөңкиіп ұйықтап жатыр. Жөкен күрсініп, сөзін сабақтады.
— Жаудың қоршауын бұзып, біздің бөлімшелер шабуылдап бара жатқан кез. Қиян-кескі ұрыспен бір шағын қаланы алып, аз тыныстауға тұрғанбыз. Жігіттер сызы арылмаған жерге бауырларын төсеп, аунап жатыр. Көрші бөлімшелер біздің үстімізден өте бастады. Ұрыстан әбден қалжыраған артиллеристер жаяулап барады. Арқамды алма ағашына сүйеп отырып, әрқайсысының сұсты кескіндеріне қараймын. Кенет…
— Әке!
Бірнеше саржан жерге мысықша бір-ақ қарғып, сұр киімді қапсағай адамға жармаса кеттім.
— Әке, әкежаным менің!
— Жалғызым, Жалбыртайым!
Сап кідіріп қалды. Жауынгерлер әке мен баланың тосын кездескеніне елжірей қызықтап, кейбіреулері көздеріне жас алып тұрды.
— Аға сержант Бейсенбин, сізге қалуға рұқсат. Бақша сыртында тыныстаймыз, қуып жетерсің!
— Құп болады, жолдас лейтенант!
Әкемнің солдатқа лайықты бағынышты үнінен селк ете қалдым. Өйткені мен осынау бақытты сәтте әскери тәртіпті де, қантөгіс сұрапыл соғысты да, тіпті мына үстімдегі түтін сіңген сұр шинельді де ұмытқан едім. Өзіміздің Жөкендідегі туған ауылымда тұрғандай сезімде болатынмын. Әкемнің махорка сасыған кірлі жүзінен, кірпінің тікенегіндей болып сақал өскен иегінен аймалаймын. Әкем де мені сүйгіштеп жатыр. Солдаттың сараң да сортаң көз жасы бетімді жуып кетті. «Әкетайым менің» дегенді еріксіз қайталай беріппін.
Әкем мені құшақтаған қалыпта оңашарақ алып шықты. Мені жан біткеннен қызғанып, тек өзі ғана тамашалай қарап, бір өзі ғана оңаша сөйлесіп, құмардан шыққысы келді. Бомба мен снаряд айғыздап, солдаттың темір тағалы етігі шиырлап тастаған сұрғылт жерде тұрмыз. Әкем менің бас-аяғыма бақытты жанарымен елжірей, мейірлене қарады. Үстіндегі солдат шинелі болмаса, ауылдағы қалпынан аумай қапты. Кескіні сұсты, маңдайындағы әжімдері бұрынғыдан да тереңдей түскен. Құлағына қарай созылған қою мұртына ақ араласыпты. Шықшыт сүйектері шығыңқырап, тарала түскен болмаса өзімнің әкем қаз-қалпында алдымда тұр. Аппақ тістерін көрсетіп күле берді. Мен түсім емес пе екен деп қатты күдіктеніп, айналама жалтақтай қараймын. Өңім сияқты, бөлімше жауынгерлері снарядтар осып кеткен шағын бақтың бұталарын көлеңкелеп, тыныс алыпты. Жорық асханалары түтіндейді. Әкемді көлеңкеге отырғызып, зат дорбамнан нан, консерві алып алдына қойдым да, баға жетпес алтынымды жоғалтқандай дорба түбін асығыс қопарыстыра бердім. Әбден кірлеп біткен шыт қалтаның түбін айналдырып, дастарқанға төктім. Апам қастерлеп түйіп берген сықпа құрттан әлі де қос уыс қалған екен.
— Өзіміздің ала сиырдың сүтінен қайнатқан сықпа ғой, үнемдеп жедім, тек апамды сағынғанда ғана…
Әкемнің жүзіне ыстық қан жүгірді. Жасаураған көздерімен құс қанаты талған сағымды жиекке қарады, күлімсіреді. Күректей алақанында жатқан сықпа құртты өбектеп бетіне басты.
— Апаң қайнатқан деймісің, сонда мынау Жақыштың саусақтарының таңбасы болғаны ғой, о тоба! — деп теріс айнала берді. Әкем өзіне-өзі келіп, елдің жағдайын сұрады. Мен түгел жеткіздім. Апамның сәлемін де айттым. Әкем ащы құртты толғап отырып, мұрт арасынан тісін көрсетті. Мойыл көздерінің шарасы жасаурап, төмен қарады.
— Сәлем айтты дейсің, ә? — деп қайталай берді. Әкелі-балалы екеуміз солдат асханасынан тамақтануға уақыт жетпеді. Әкем зат дорбасын иығына салып, пилоткасын түзеді де:
— Жолкен, сені көзімнен таса қыла алмаймын. Шамам келсе, бастықтарға айтып, өзіммен баруға рұқсат сұрармын, — деді де, керзі етігімен шаңдақ жолды адымдай басып кете барды.
Әкем дегеніне жетіп, мені өзінің ротасына сұрап алыпты. Онымен қауышам деп ойлағам жоқ-тын. Ол соғыстың алғашқы жылы Мәскеуді қорғапты. Белорус жерінде жараланғаны да бар. Соңғы рет ұзақ жатып шала сауыққан қалыпта госпитальдан шығыпты да, майданға сұраныпты. Содан осында тап болған. Екі айдай тіпті жақын тұрыппыз. Әкемнің артиллерияшымын дегенін хатынан оқитынбыз. Ол тәжірибелі көздеуші еді. Соғыстың сұрапыл қат-қабатында табыстық. Әкем мені көзінен таса етпеді. Аузындағысын жырып берді. Сызды окопта бір шинельді жамылып жаттық. Әкемнің жанында жатқанда тоңып көргем жоқ. Ол ұйқы қысып, қажып жүрсе де мені өбектеп, қымтап, аялаумен болды. Ақыры сүйтті. Атыстан соң танктер дағдысынша бізге қарай жүйткіді. Зеңбірекшілер іске кірістік. Әкем мұндайда сасқалақтауды білмейді. Анықтап көздеп алмай снаряд жұмсамайды. Біз ата бастадық. Алғашқы танктен лап етіп от шықты. Көрші батареялар да сөйлеп кетті. Танктерді паналап құмырсқадай қаптаған автоматты адамдар да жақындай түсті. Танктер ұзын стволдарынан бей-берекет атып келеді. Автомат оқтары суылдап ұшып жатыр.
— Жолкен, снаряд жеткіз! — деп бұйырды әкем. Еңбектей жөнелдім. Оншақты адым ұзамай біздің зеңбіректің жанына келіп снаряд жарылды. Қара түтін мен шаңдақтан, қатты жарылыстан есеңгіреп қалған екем. Қара перде тозаңның арасынан шынжыр табандары салдырлап, тау танкі шыға келді. Гранат бумасын сермеп қалдым. Қатты жарылыс үстіме топырақты аудара салды. Ауыр жүктен жанталасып шығып, түтін мен шаңның арасынан әкемді іздеймін. Ешкімді де, ештеңені де көріп болмайды. Танктер әлі жылжып келеді. Шеткі зеңбіректер де үнсіз қалыпты. Жүгіріп барып ауыр снарядты мықшыңдап оқпанға тықтым да, қарауылды алдыңғы танкке бұрып көздей бастап едім, танктің көздеушісі де мені нысанаға алып туралап тұр екен. Қасқағымда күлімді көкке ұшыратыны анық. Қалай екенін кім білсін, мен бұрынырақ қимылдасам керек, зеңбірек селк ете түсті. Енді қарасам, «жолбарыс» қара түтінге ораныпты. Екінші снарядты салып ыңғайланғанша белгісіз бір дүлей күш ұшырып жібергендей болды. Есімді госпитальда бір-ақ жидым.
— Сіз бір апта бойы ес жимадыңыз, дамылсыз сөйлеп жаттыңыз, — деді медбике маңдайымнан сипап.
— «Әке, әкетайым менің» дей бердіңіз.
Есіме әкем енді түсті. Көзім бұлдырап, құлақтарым шыңылдап қоя берді. Госпитальдан шыққанымда жеңіс жылы туған еді. Мені майданға жібере қоймады. Жамбасымның сынығы көпке дейін еркін жүргізбеді. Құрылыс батальонына ауыстырды. Майдан ізімен жүріп отырып, қираған теміржолдарды, көпірлерді түзедік. Жолдарды миналардан аршыдық. Жұмыс бастан асып жатты. Соғыс біткеннен соң қираған жолдарды қалпына келтіру жұмысымен екі жыл Ресей жерінде жүрдім. Әкемді ұмыта алмадым. Күні бүгінге дейін оның жүрек жылуын сезінемін. Кескінім де, түр-тұлғам да әкемнен аумайды. Әкеме ұқсағанымды мақтаныш етіп, ерін үстіне шыққан алғашқы түкке ұстара тигізгем жоқ. Әскерден қайтқанымда мойыл қара мұртым шықшытыма жетіп, әкемнен аумай қалдым. Өзіміздің станцияда біраз адамдар тосып тұр екен. «Соғыстан әкеммен бірге қайтқанда ғой», — деп көңілім босады. Жан-жағыма қарап едім, біздің ауылдан ешкім көрінбеді. Енді бұрыла бергенімде:
— Әке, әкетайым менің, келдің-ау, — деп шиаяқ кішкентай қыз жармаса түсті. Мен көтеріп алдым. Кішкене қыз мойнымды тас қылып құшақтап алды, өксіп жатыр. Мен егіліп жылап жібердім. Менің де есіме әкем түсті. Мен сәбиді емірене бетінен сүйе беріппін. Әкелеп ұмтылған сәби қылығы егілтіп-ақ жібергені. Әлі әке болып көрмесем де, денемді бір ерекше сезім биледі, емірене түстім. Бізді көрген жұрт жиналып қалды.
— Байғұс бала, әкесін тосып алды-ау! — деді бір қартаң әйел көз жасына ерік беріп. Енді бірі:
— Ылғи сарғайып пойыз күтіп тұратын еді, көріп, жаным ашитын, сізді тапқаны жақсы болды-ау! — деп қуанғанын білдірді. Тағы бір әйел:
— Әкесі уыздай жас екен, — деп таңданды. Мен өзіме-өзім келіп, түзеліп алдым да:
— Халайық, мына баланың туысы бар ма? — деп дауыстадым.
— Жо-жоқ, ешкімі де жоқ. Бұл бала әкесін пойыз басынан күткелі көп болды. Осында балалар үйінде тұрады, — деп шындықтың бетін ашты.
Мен қызды көтерген бойда кете бардым. Күздің салқын желінен қорғап, шинеліме орап алдым. Кішкене бүлдіршіннің қуанышында шек болған жоқ, бетімді аймалай береді. Сол қалпы ауылға баратын өгіз арбаға отырып, түнделетіп үйге жеттік. Іңір тыныштықта біздің үйдің оты сығырайып көрінеді. Терезеден қарасам, боп-боз жүзін батысқа беріп, апам әлдене деп күбірлеп отыр екен. Мен кеткенде жап-жас, сұлу әйел еді. Мұнша қалай жүдеген. Әлде науқас па?!. Апамның аянышты кескініне қарай алмай есікке ұмтылдым. Бірақ бірден кіріп баруға болмайтын еді.
— Бұл кім?
— Мен ғой, апа.
— Құдай-ау, Жолкенімнің дауысы ғой мынау?!
Апам үн шығармай мені құшақтап, ұзақ жылады. Мен де анамды құшырлана иіскеп, егіліп кеттім. Жәбір көрген ерке сәбидей солқылдап, өксігімді баса алмадым.
— Қарғам-ау, Жолкенім-ау, мынау кім? — деді апам таңданып.
— Өзінен сұрашы.
— Сен кімнің баласысың?
— Әкемнің баласымын, мынаның, — деді қыз жабыса түсіп.
— О, тоба, бергеніңе шүкір, — деді апам қызды көтеріп алып.
— Станцияда менен айрылмаған соң алып келдім. Әкесі майданнан оралмапты. Шешесі өлген болу керек, — дедім апама сыбырлап.
— Қыз түгіл қызыл жүнге зар болған сорлы басым, — деп апам сәбиді аймалай берді.
— Атың кім, құлыншағым?
— Гуля.
— Гүлсім дейінші өзіңді, — деді апам қуанып.
Содан бері көп жылдар өтті. Тың игердік. Комбайыншы-тракторшы мамандығым бар. Кең даланы дән даласына айналдырды мына қол. Оның өзіндік тарихы бар. Апам жарықтық «Гүлсіммен жаным бірге», — деп отыратын. Зібира болса келін боп босаға аттағаннан бастап жақтырмады. Гүлсімнен басқа он балам болса да, Гүлсімнің орны бір төбе, ерекше сияқты маған. Өйткені ол тұңғышым іспеттес, әкелік асау сезімге көндірді. Сол Гүлсіміме келе жатырмын. Мынау — жиендеріме алған сәлем-сауқат. Көптен жер арасы шалғай болмаса да келе алмадық, шаруадан қол тимеді. Олар мына «Алғада» тұрады, — деп Жөкең қолын көтеріп, құбыла жақты нұсқады.
— Менің жолым да сол «Алға» еді, — дедім.
Пойыз таң ата жетті де, қолға түскен таксимен «Алға» совхозына жеттік. Біз көк қақпалы, кең аулаға кіре:
— Әке, әкетайым менің! — деп жас әйел Жөкеңе жармаса кетті.