Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетке исламның әсері

Алтын Орда мемлекетінің исламдану үдерісінің басы Жошының ұлы Беркенің исламды қабылдануынан басталады. Тарихи деректерде хан тағына отырған Берке ағасының салдырған Сарайшық қаласына барғанда Бұқарадан келген көптеген керуендердің біріндегі екі жақсы кісіні бір аулақ жерге шақыртып мұсылмандықтың шарттары мен тарихын сұрағандығы, әлгі екі жанның мұсылманшылықты жақсы баян қылуының арқасында Берке хан шын жүрегімен исламды қабылдағандығы жазылады. Беркенің соңынан інісі Тоқай-темірде ислам дінін қабылдағанын Әбілғазының деректерінен кездестіреміз. Алтын орда дәуірі туралы деректерде Беркенің исламды Сейфуддин Бахарзидің уағыз-насихаты нәтижесінде қабылдағандығы келтірілген. Беркенің исламды қабылдауы оның өзге дін өкілдерімен ара-қатынасының нашарлауына себеп болғандығын Әбілғазы өзінің шежіресінде жазады. Бірақ, Берке мұсылман бола тұра өзінің әскерін 1258 жылы Құлағудың Бағдат қаласын басып алуына көмектесу үшін жібергендігі туралы мәліметтер кездеседі. Рашид ад-Дин Беркенің мұсылмандардың қалаларын қиратып, мұсылман басшыларының үйлерін өртегенін, досы мен жауын ажыратпай, туысқандарымен кеңеспей халифты тақтан тайдырғандығын сөз етеді. Беркенің мұсылман бола тұра бұндай қадамдарға баруы саяси мүдде тұрғысынан жасалған өзіндік шешімі екені айтылады. Алтын орда дәуірінде қызмет жасаған керуен сарайларда құлшылық үйлерінен тек мешіттің болуы Жошы ұлысы территориясында исламдану үдерісінің табиғатын түсінуге мүмкіндік береді. Әбілғазының шежіресі мен араб тарихшысы Ибн Касирдің «Бидая уа ан-нихая» еңбегінде Берке хан мұсылманшылыққа бет бұрғаннан соң өзге дін өкілдерінен бойын аулақ салғаны жайында дерек кезігеді.

Біздің ойымызша көпдінді және өзге діндарларға құрметпен қарайтын Жошы ұлысының хандары мұсылманшылыққа өткеннен кейін, Моңғол империясының орталығына бағына бермей, дербес саясат жүргізуді қолға алғандай. Себебі, Үстірт бойындағы керуен сарайларда тек қана мешіттердің болуы, Жошы ұрпақтарының өз аттарынан мұсылманшылық дәстүрде тиындарды басып шығаруы  және Берке ханның арап түбегіндегі мұсылман династияларымен Құлағуға қарсы саяси одаққа бірігуі осы ойларымызды растайтындай. ошы ұлысының толыққанды мұсылмандануы Өзбек ханның исламды мемлекеттік дін етіп жариялауымен басталады деуге әбден болады.  Әбілғазы өзінің шежіресінде «Өзбек хан елдің ұлыс-ұлысын исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты. Одан соң барша Жошы елі өзбек елі атанды», – деп жазады. Өзбек хан билікке келісімен өз ұлысында исламдану үдерісін тез әрі қысқа уақыт ішінде жүргізуге тырысты. Билік құрған екі жылдан кейін Мысыр сұлтаны Мәлік ән Нәсирге жазған хатында Өзбек өзінің ұлысында кәпірлердің аз қалғандығын айтады. Парсы жылнамашысы Муин ад-Дин Натанзи: «Өзбек хан тұсында Дешті Қыпшақ Аллаға табынған елге айналды», – дейді.

Бұл бағытта әлі де болса тарихи-археологиялық материалдарға негізделген кешенді зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру керек деген ойдамыз. Жошы ұлысының исламдану үдерісі отандық тарих және археология ғылымында әлі де толыққанды зерттелмеген тақырыптардың бірі. 

Кайратов Арайлым


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама