Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Анаға апарар жол

Ақан Сатаев фильм сюжетінің негізі ретінде бірнеше күрделі тарихи кезеңдерді қолдана отырып, Қазақстан халқының бұрынғы өмір сүруің көрермендерге баяндайды. Бұл дәуір ұжымдастыруды, халыққа қайғы әкелген жұтты, Ұлы Отан соғысты мен соғыстан кейінгі Қазақстанның қиын кезеңдерін сипаттайды. Жалпы бұл фильм баланың анаға махаббатын және ананың балаға махаббатын көрсетеді. Фильм ұжымдастыру жылдарының тәлкегін, қазақты түбірімен жоя жаздаған ашаршылықты, екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі кезеңді – тұтас үш дәуір тынысын жеткізуімен құнды. 1930 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы тарихи оқиғаларды мазмұнын бұзбай, мәнін бұрмаламай, бояуын өзгертпей баяндай білген туындының жинақылығы сүйсіндірмей қоймайды. Ықшам әрі ұғынықты. Әр түрлі кезең, әр түрлі күресті қат-қабат көрсетсе де, алуан сурет пен бояуды біріктірсе де, бірізділікті сақтаған. Баяндауда бүтіндік, суреттеуде тұтастық бар. Киноның жілігін шағып, майын ішкен мықтылар кейде оқиға ауқымын 10 тіпті, 12 сериялы фильмге сыйдыра алмай жататынын, енді бірде ықшамдаймын деп сүбесі мен қаймағын сылып тастайтынын ескерсек, Ақан Сатаевтың бұл шеберлігін ерек айтуға тиіспіз. 2 сағат. Қазақтың бір ғасырда көрген сан түрлі нәубетін суреттеген 2 сағат. Ананың балаға, баланың анаға деген махабатынан ұлы сезім жоғын мойындатқан 2 сағат. «Қазақ актерлері сендіріп ойнай алмайды», «қазақстандық режиссерлердің киносы түкке тұрғысыз» деген қасаң көзқарастың күлін көкке ұшырған 2 сағат. Көп күрсінткен, жылатқан, қуантқан, шүкірлік еткізген 2 сағат. Фильмнің бүтіндігін ұстап тұрған – күрес. Әуелде мал үшін күрес, жан үшін күрес, бір үзім нан үшін күрес. Одан кейін әлімжеттікпен күрес, жігіттік намыс үшін айқас. Отан үшін шайқас, баланы әкесінен, ананы баласынан айырған жаумен соғыс. Асыра сілтеушілікпен, бас ал десе шаш алатын шолақбелсенділермен арпалыс. Түптеп келгенде мұның бәрі – баланың анаға апарар жолдағы кедергілермен күресі. Адамзат үшін анадан қадірлі жаратылыс болмаған, болмайды да. Бұл туынды баланың анаға, ананың балаға деген махаббатынан күшті әрі тұрақты сезім жоқ екенін көрсеткен фильмдердің бірі емес, бірегейі боп төл өнер тарихынан ойып тұрып орын алары анық. Замана нәубетінің бар ауыртпалығын көтерсе де, белі бүгілмеген қазақтың жанкешті аналарының типтік бейнесін мінсіз ашқан актриса Алтынай Нөгербек сөз жоқ, режиссердің де, көрерменнің де құрметіне лайық. Менің ойымша, пайдаланылған түстер, эффектілер, грим мен әуен – барлығы нәубетті заманның мінезін бере білген. Фильм соңында бүгінгі бейбіт күнді, Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан қайғысыз, қамсыз ұрпақты көрдік. Көз жасты мөлтілдетіп тұрып, жанкешті аналарымыз бен бейнетқор әкелеріміз көрген тауқыметтің бірін де көрмеген, қазіргідей тыныш заманда өмір сүріп жатқан біздің буын қаншалықты бақытты екенін түсіндік. Шүкір дедік. Өткенді есімізге салып, бүгінгінің қадірін ұқтырған, ертеңгі күнге бағдар берген бұл фильм – сөз жоқ, ұлттық кино өнерінің осы ғасырдағы ең үздік туындысы. Әзірге дейікші. «Анаға апарар жол» отандық кино өндірісін жаңа биіктерге бастайтын жол болғай!

Толғанай Әбжапар


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама