Ұлтымыз ұлықтаған мәңгілік ел
Қазақ халқының басына түскен қаншама қиыншылықтарды бастан кешсек те, бүгінде біз бақытты да, мәңгілік елміз. Өйткені бақыт та бағасын білгендердің басында тұрады. Өзінің «Өмір өткелдері» деген сұхбат кітабында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевта дәл солай айтқан.
Сонау қазақ хандығы құрылған 550 жылдан бері аңсап, армандап келе жатырған ұлттық намыс, ұлттық тіл, ұлттық діл әрине оңайлықпен келген жоқ. Дүние жүзінде қаншама ұлт, қаншама тіл, қаншама дін қорғансыз күйде жойылып жатыр десеңізші. Қашанда намысты қолдан бермейтін қазақ деген өршіл елдің ұрпақтары тәуелсіздік туын биік ұстап, жауына жағасын жыртқызбай кетті. Біздің хандарымыз, батырларымыз, билеріміз көрмеген осынау бақытты күндерді олардың ұрпақтары, қазақ ұрпақтары көріп жатыр. Қазақ бүгінде бүкіл әлем таныған бақытты да мәңгілік ел. Қазақты әлемге танытқан ол әрине Елбасымыз, біздің тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Менің тағдырым- бақытты тағдыр. Маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажап өзгерістерді көрудің, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, алдымнан талай кедергілер де кездесті. Олардың кейбірін заман қойды, кейбірін адам қойды. Соның бәрінен де өтіп бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгінгі бақытты, ертеңгі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе»,- дейді Елбасымыз өз сөзінде.
Қазақстанды жалпы қазақ елін тар жол, тайғақ кешуден сүйреп шыққан, мәңгілік қазақ еліне нықтап орналастырған зор тұлға ол- Елбасымыз. Қазақ елі оны сол үшінде құрметтейді. Қазақстанның халық жазушысы, жасы тоқсаннан асқан абыз ақсақал Әбу Сәрсенбаев: «Сүйінші, халқым сүйінші! Нұрсұлтан ұлыма республикамыздың 98 пайызы дауыс беріпті. Алдыңнан ақ күн туғай, күллі халық сүйіктісі, менің парасатты ұлым»,- деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірген.
Әбу ағамыздай ұзақ жасаған дарынды қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың «Замандасқа хат» атты толғауы да көкірегі ояу, көзі ашық жанды ойландырмай қоймайды. «Нұрекеңнің тарих алдында үш ерекше еңбегі бар.
Біріншісі- Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет етіп қайта құрғаны, тарих тұғырына қондырып, мерейлі қатарға қосқаны.
Екіншісі- Тәуелсіз мемлекеттің орталығы Астананы өз қолымен орнатқаны.
Үшіншісі- Семей атом полигонын өз Жарлығымен жауып, адамзатты атом ажалынан құтқарып қалуға дүние жүзінде бірінші болып үн көтеріп, өзгелерге өнеге көрсеткені.
Ал, Қазақстан халқына жасап келе жатқан әкелік қамқорлығы өз алдына. Оны айтып тауыса алмайсың! Осылай емес пе, замандас!»
Солай- дейсің Елбасына да, Әзілхан ағаға да риза көңілмен. Президенттің тәуелсіздіктің буыны бекімеген алғашқы жылдарындағы ұйымдастырушылық тапқырлығы мен қазақ нарығының кезең- кезеңмен өзгеше болуы экономикалық бағытын дәл айқындаған көрегендігі туралы ойлайсың. Ұлттық беделі ерекше толғандырғанын, туған елін, экономикалық, ғылыми және саяси салаларда дамыған елдерден көп кейін қалған халқының алыстан көксеугірленген биіктерді барынша қысқа мерзімде игеруін қалаған, соған күш салған тұлғаның дамылы жоқ, қарбалас жылдарда талай асуды алып үлгергеніне қайран қаласың. «Ұлттық намыс- ұлы ұғым!» деп ел жігерін қайрағаны, «Қазақ даласы- Ұлы түркі елінің қара шаңырағы», деп мәртебелі төрімізді айқындап бергені, «Ел болу үшін- ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керек», деп қазақты өзін құрметтеуге, іштей тұтасуға, бастапқы рухани қайнарлардан қайта тәрбиеленуге жұмылдырғаны, соған қол жеткізгені үшін мың алғыс дейсің.
350 жылдан астам уақыт қазақтар Ресей империясының боданы болып келген. Оның 70 жылында КСРО құрамындағы өміріміз өтті. Қазақтың тың игеруі игілікпен қоса қасіретін алып келді. Сол тұста ата- бабаларымыздың талай қорымдары ысырылып, жермен жексен етілді. Қазір егістік ретінде жыртылып жатқан жердің біразында аруақтардың сүйегі тапталып жатыр. Қазақ үшін бұдан асқан қайғы бар ма?
Ол аз болғандай тың игеру қасіретіне тілден айырылу қасіреті қосылды. Мұны М.С.Горбачевтің ел басына келуі одан сайын ушықтырып жіберді. Ол өзінің жаңа саясатын жүргізуге келгенде одақтас республикалармен санасып жатпады. Сөйтіп қас- қағым сәтте республиканы 20 жылдай басқарған Д.Қонаевты қызметінен алды. Бұған наразы болған жастар «ең болмаса бұл қызметке қазақстандық арыстар тағайындалуы керек еді» деген ұранмен бейбіт шеруге шықты. Кеңестер Одағы тұсында мұндай демократиялық шеру бүкіл тарихта болмаған. Сондықтан оны әскери күшпен басып жанышты. Қазақтардың қанға боялғандығы жайлы хаттар дүние жүзін шарлап кетті.
Иә, өткен ғасырдың 90- жылдары аса ауыр кезең болды. Өндіріс ошақтары бірінен соң бірі жабылып, жұмысшылар далада қалып жатты. Жас мемлекетті құрушы Көшбасшы өз қызметінде қиындықтан соң екінші қиындықпен күресуге мәжбүр болды. Соның өзінде ол қиналған халық алдына шығып, басу сөздер айтты. Ол шын халықшыл басшы болатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп берді. Сөйтіп, алғашқы бәсекелі жалпыхалықтық сайлаудың өзінде Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдаушылар басым көпшілік болды. Бұл оған қуат берді. Ұлт тағдырын мойынына алған Көшбасшы әрдайым жеңіскер болып отырды.
Иә, бүгінде біз қыранымыз көкте қалықтаған, байрағымыз биікте желбіреген тәуелсіз де, мәңгілік қазақ елміз. Сонымен бірге «2050» стратегиясын жүзеге асыру үшін «Нұрлы жолға» түскен мемлекетпіз. Бұл секілді ұлт тағдырын шешер ауқымды бағдарламалардың авторы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы екені баршамызға аян. Білімді, тәжірибелі және әлем алдындағы беделі аса зор тұлға Н.Ә.Назарбаев біз үшін, қазақ үшін үлкен мақтаныш.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев сынды Ұлы көшбасшысы бар Қазақ елі- аз уақыт ішінде тарихта бұрын соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі Қазақстанның басты мақсаты- экономикасы дамыған, бәсекелестікке қабілетті, ең алдымен 30 елдің қатарынан көріну. «Мәңгілік Қазақстан» жобасы осы мақсатқа жеткізетін Ұлы бастама. Ағымдағы жылдың 17 қаңтарындағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Халқына арналған Жолдауы осыдан бір жыл бұрын Елбасы өзі жария еткен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын, яғни, Қазақстандық дамудың бағыт- бағдарын айқындап берді. «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Стратегияны мүлтіксіз орындау, емтиханнан мүдірмей өту- ортақ парыз, абыройлы міндет!,- деп атап өтті Елбасы өз жолдауында. Елбасы жолдауында еліміздің экономикасын, шағын бизнестіғ әлеуметтік саланы дамыту. Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру, ұлттық білім берудің сапасын жақсарту, инфроқұрылымдық үш тағанның қарқынды дамуы бұдан өзге де маңызды мәселелер сөз етілді. «Тәуелсіздікке қол жеткізгенне гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл- әлем кеңістігінлегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан- жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенінің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспізү Ол сабақтың түйіні біреу ғана- Мәңгілік ел біздің қолымызда. Ол үшін өзімізді қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек». Елбасы жолдауында айтылған осы бір сөздер әрбір саналы азаматтың жанын тебірентері сөзсіз. Ел мен тіл егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі- ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болу шарт. Ол- мемлекеттік тіл- қазақ тілі. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру елімізде табандылықпен жасалып келеді. Мемлекетік тіл дамытуға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді.
Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн деп ой түйді. Олай болса, ана тілімізді- мәңгілік тіл ету өз қолымызда. Алдыға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Олай болса, Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін!
Есенбаева Багила Ауезхановна