Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Әпкем, Айдын және «қара белбеу»

Жүрегім дүрсілдей соқты. Неткен ғажап әлем. Аққағаз әпкем күллі дүниені, бәрін-бәрін көзі бадырайған, сіліңгір қара, май-май шоферға айырбастап жібергені ме? Иә, бәрі неден басталып еді...

Сендер менің әпкемді көрдіңдер ме? Нағыз бидай өңді сүйкімдінің өзі. Қарашығы үлкен ойлы көздері сөйлеген сәтте жарқыл шашып күлімдеп кетеді. Әсіресе, Айдынмен тілдескен кезде бақылашы. Өзіңнен-өзің қуанасың кеп. Бірақ өзің соны түсінбейсің. Қияқтай қасы, сүп- сүйір мұрны ақ өңіне жараса кетеді. Әпкеңді сонша мақтағаның не деп сөгіп жүрме. Балалар ей, менің әпкем Аққағаз әлемдегі ең сүйкімді қыз деп кейде дауыстағым келеді. Шыным осы. Талдырмаш қана бойына қона кеткен қолаң шашы, тақылжырын соққан шолпылы қос бұрымы. Қарай бергің келеді, қарай бергің келеді.

Үйден ұзап шыға мойынағашын оң иығына кисайта қондырып Аққағаз Көкиірімге құлдилаған иір-иір жалғыз аяқ соқпақпен төмен қарай жеделдей жүрді.

— Әпке, әпкетай...

— Әу. — Кең аңғарды жаңғырта «әпке, әпкетай... Әу» деген үн жақпар-жақпар жартасты, қия-қияны, тылсым үңгірлерді аралап осы тұсқа оралды. Біздің ауыл нағыз қып-қызыл тасты таудың ішінде ғой. Аққағаз сұқ саусағын ерніне апарып сыбыр етті.

— Бөлектай, ақырын...

— Е, неге? — деймін. Аққағаз енді еңкейіп кеп, құлағыма сыбырлады.

— Мына тау-тастың ішінен ит-құс шыға келсе қайтесің?

— Тұра қашамын.

— Менің тастап кетесің бе?

— Е, неге? Сен менің әпкем емессің бе?

— Кіп-кішкентай жүрегіңнен айналдым, сенің.

— Ту, көрші апаның баласы да келіп үлгеріпті ғой, — деді жүзі бал-бұл жанған Аққағаз. Пай-пай, апамның айтқаны айдай келді. «Қыздың қулығы қырық есекке жүк болған». Аққағаздың түк білмей, мүләйімсуін. Әпкемді сынағым кеп кетті.

— Әпкетай, осы Айдын мектепте жаман оқыпты ғой, — дедім әдейі.

— Е, неге, — деді әпкем жұлып алғаңдай. Ел қатарлы-ақ оқып үлгерген.

— Оны қайдан білесің? Айдын сенен үш класс жоғары оқыды ғой. Аққағаздың бидай өңді жүзі қызарып сала берді. «Қолға түстің бе, бәлем» деймін ішімнен күбірлеп.

— Бауырым-ау, қызықсың. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас. Бір-бірімізді танып білмей шоқыншдыққа айналып кеткен жоқпыз ғой. Оның үстіне көрші, әрі ағай, — деді Аққағаз. Сөйтті де сыңғыр етіп күліп жіберді.

— Ой, сол қап-қара Айдынды да аға деп, — дедім мен де әпкемнің сөзін жоққа шығарғым кеп.

— Тсс, естіп қойса ұят болады, — деді Аққағаз сыбырлап. Сөйткенше қоңыртай кісінеп қоя берді. Айдынның құлынынан өсірген сүйіктісі. Жалын тартып бізге көзінің қырын салған Айдынға сырттай қарасақ күліп жіберуге шақ қаласың. Адамдар бір-бірін сонша асығып күтеді екен-ау. Түк білмеген сыңайын. Апам мені «жетібас» деп тектен-текке атамаса керек.

— «Белбеуіңіз» құтты болсын, Аққағаз, — деді қоңыр тайды бос қоя бере сап, бізге беттеген Айдын. Аққағаз жымың етті.

— Рахмет, аға, — деді сонан соң.

— Мына күн ыстықта «үйге тастап кетейін» деп ем, апам көнбей қойды, — деді Аққағаз.

— Өзі «ұзын» емес пе? — деді Айдын күлімсірей үн қатып.

— Әзірге «ұзындығы» байқалмайды.

— Солай деңіз. Онысы дұрыс-ақ. «Несі дұрыс-ақ. Белбеу көрмеп пе, бұл шіркін»деймін ішімнен.

— Бөлектай тайға мінесің бе? — деді Айдын. —  Әпкемді «қасқыр» жеп қояды, — дедім дүңк етіп. Аққағаз ақжарқын күлкімен лекіте күлді. Айдын аң-таң. «Осылар мені бала дейді-ау. Алдағысы келеді. Әпкем Айдынға әлдене деп сыбыр етіп еді, жігіттің көзі бір сәт бадырайып кетті де, артынша ол да қарқылдап жөнелді.

— Кешір, Бөлектай, — деді ол сонан соң.

— Қоңыртай екеуің бір-біріңе жараса кетесіңдер деген ойым ғой, — деді ол «ағынан» ақтарылып. «Сендер де бір-біріңе жарасасыңдар» дегім келді де, өзімнен-өзім қоя койдым. Байқауымша менің бұл тілегімді Аққағаз бен Айдын сезіп қойғандай бір-біріне жұмбақтай қарасты.

Қоңыр тайды Айдын маған арнап үйреткен сияқты. Қоңыраудай сыңғырлап ұша жөнелуі кәдімгідей-ақ. Құйрығын шаншып зулаған кезде, қуаныштан бөркімді аспанға атқым келеді. «Әй,қоңыртай Айдын айтпақшы екеуміз бір-бірімізге жараса кетеміз, ә. Ал олар ше? Сөйттім де Ақжарды айнала беріп тізгін тарттым... Әне, әне екеуін қара! Ағай мен қарындастар...

Газет қалпақ киген Айдын Аққағазға жақындап кеп, құлағына сыбырлады. Сөйткенше әпкем қолындағы шелектегі суды күмістей жарқыратып, жігітке шашты. Оқыс қылық күтпеген Айдын әлде не деп дауыстап жіберіп, Аққағазды қуа жөнелді. Пай-пай.

Құдды бала-бақшаның ересек бөлімінің балалары сияқты. Кенет Айдын Аққағазды қуып жетіп мойнынан құшақтай кетті де, екеуі оңқа-шоңқа боп жығылды. «Мына Бәтима әженің баласы қайтеді-ей» деген дауысым шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым. Тізгіңді қоя беріп, коныртайды тебініп, жұлдыздай ақтым. Ашу бойымды кернеп, өзіме-өзім сыймай келемін. Атамнан үйренгенім бар, Айдынды сабай жөнелдім.

— Өй, сары қаңылтырдың сатпағы. Қара мұны ей. Әттең, дырау қамшының жоғы-ай. Жоныңнан таспа тілетін. Қорлығы-ай, мынаның... Менің қара түтін жүзімді көрген Аққағаз орнынан атып тұрып, сыңқылдай күлді.

— Бөлектай, мына көршінің ұлын сабап салдым — деді ентіккен күйі. Айдын да шалқасынан жатқан күйі ыржың-ыржың етеді.

— Иә, иә. Тегінде «белбеуі» бар адам мықты болмай ма, — дейді. «Ой шірік неме! Еркек басыңмен қыздан жығылғанша ана жердің тесігіне кіріп кетпейсің бе» деп бір тұрдым да, Аққағаз өкпелеп қалар деп үндемедім. Мұңдайда атамның мінезі қызық еді ғой, марқұм. Күрестен жығылып қалсаң: «Ішкен жегенің бойыңа жұқпаған байғұс. Мұрттай түскені несі», — деп жерден алып жерге салатыны бар еді.

Ал Айдын жығылып қалса да мәз. Қобыраған «әйел» шашын дұрыстай орнынан қарғып тұрды. Өңі бал-бұл жанып, көзін жалтырата маған қарады.

— Бөлектай, өзің ойлашы. Менің жазығым бар ма? Тұманың суының тістен өтетінін білесің. Шашып жіберді. Көрмейсің бе? Сонан соң күресуге тура келді. Ах... Ах... Несіне мәз екен. Ақталған түрін. Қоңыр тайдан қарғып түсіп, жетектей Айдынға жақын келдім.

— Мә, тайынды ал. Дұрыс шаба алмайды, — дедім бұрқ етіп.

— Мал иесіне тартады, — деді Аққағаз саңқ етіп.

— Бөлектай, саған сыйға тартсам аласың ба?

— Керегі жоқ.

— Ақысын алмаймын. Босқа берейін, — деді Айдын. «Пах, пах, Бөспебай»

— Елге күлкі болсын дейсіз бе, — деді сөзге киліккен Акқағаз.

— Бәйгеден озар болса бір жөн.

— Мен жеңілдім, сендер жеңдіңдер, — деді қолымен желкесін қасыған Айдын.

— Ә, солай ма, Айдын аға! Сөйткенше жар басынан жарықшақ үн естіліп қалды.

— Әу, біреу байлап қойды ма түге, қайтыңдар, — деді апам дауыстап.

— Сен қызды ма? Үйге келген соң сазайыңды берермін.

— Ұят-ай, — деді Аққағаз күңк етіп. Еңкейе беріп, мойынағашының ілгегін қос шелекке іліп, лып етіп орнынан көтерілді.

Апамның айқай-шуы енді басталды. Сонау күні Қызыладырдағы нағашы атам Бөкенбай бастаған екі-үш үйге кеп қонып кеткен. Суыт келіп, асығып аттанды.

— От ала келіп пе едіңдер. Аунап-қунап бір-екі күн жатпадыңдар ма, — дегенге — Уақыт тығыз. Болар істің ауы мен бауы бар. Ағайын-жұртпен ақылдасу қажет, — деп Бөкенбай нағашым атына қонды. Сөйтті де қайта бұрылды.

— Қалима-ау. Жиенге көз қырынды сал.

Бөдененің құйрығын ұстап қалғандай болмайық. Тулайды ғой. Аптығын басуға тырыс. Мені бала деді ме, тіпті көз қырын да салған жоқ. Аң таңмын. Бөденесі несі. Ылғи бір жұмбақтай сөйлеген адамдар.

Үйге кірсем Аққағаздың көзі бұлаудай ісік. Стол үстін жинап жұр.

— Әпке не болды? — деймін.

— Мен күйеуге тиетін болдым. Қызыладырдың бір сұлу жігіті маған ғашық екен. Аққағаз әңгімесін ары қарай жалғастыра алмады. «Үйбайын» сан рет қайталап апам кіріп келді.

— Әй, қарапұшық сабағынды оқы, — деп бір кіжініп алды. Содан бері апамның тірлігі жаңағы. Аққағаз екеуміздің аттап бассақ адымымызды санайды. Анандайдан ұрысуға бар, артынша жайылып жастық, иіліп төсек.

— Аққағаз, суың төгіліп келеді, — деді Айдын ойымды бөліп.

— Қап, сығыр қылған құдай-ай, — деді өкінген әпкем. Айдын жол шетіне бұрыла беріп, көк шалғынның ішіне сүңгіп кетті де, қайта шықты. Қолында қос тал түйе жапырақ.

— Мен амалын таптым, — деді ол. Сонан соң ентелей басып кеп, қос шелек судың бетін бүркемелей жапты.

— Рахмет, қызметіңізге, — деді әпкем жанарын жарқ еткізіп.

— Бөлектай бізге Айдын ағаң сияқты бір қызметші керек-ақ, ә?

— Құзырыңызға құлдық, — деді Айдын.

— Пах-пах. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деген осы. Әпкем күлді. Айдын бір сәт үндемей қалды да басын көтерді.

— Ұлы бақытты падишам уәдеге беріксіз ғой, — деді Айдын кенет.

«Қара белбеу» тағынған апасына жағынған табылады қызметшің Көкиірімнің жанынан.

— Айдың әлдебір әуеннің ырғағымен әндетіп барып басылды.

— Ту, Айдын аға өзіңіз ақынсыз ғой. «Белбеуімді»-ақ мазақтап біттіңіз. «Тақпайын» десем қимаймын өзін, — деді әпкем көзін ойнақшытып.

— Апаң ұрсады ғой, — деді Айдын

— Ол да мүмкін, — деді Аққағаз

— Ақбелге бүгін бару керек. Қызыладырдағы — «дос» бүгін ертең «қонаққа» келсе, ешқайда шыға алмай қалармын, — деді Айдын күрсініп.

— Жолыңыз болсын! — деді әпкем.

— «Күн бұлттанып» тұр ғой. Абайсызда суға малшынып қалмаңыз. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап...

— Бір жөні болар. Бәріне шыдау керек, Аққағаз қарындасым. «Көк қасқаның жемін жегізіп», бабына келтірсем жолда қалдырмас!

Екеуіне кезек-кезек қараймын. Ақбелге барып қайтады. Қызыладырдағы досы келсе азық-түлік арақ-шарап әкелмек қой. Сыйлы қонақ болды. Бірақ күн болса ашық емес пе? Жауын жаумағалы екі апта өтті. Менің әпкем табиғатты болжайтындай қандай құдіреті бар. Көкқасқа аты жоқ еді ғой, Айдынның... Шым-шытырақ, түсініксіз жұмбақ...

Таң атып келеді екен. Апамның ащы айғайынан шошып ояндым. Қолындағы шелегін босағаға қоя салып төргі үйге еніп, ауыз бөлмеге қайта шықты.

— Жерге қаратып кетті-ау, мына қаншық. О, сорлы басым. Елге не деймін? Ентелей басып маған жетті де жұлқылай бастады.

— Әй, қарапұшық. Әлгі қыз қайда? — деді сонан соң.

— Кім? — деймін ұйқылы ояу.

— Аққағазды айтамын, ойбай... — Апам ақырып-бақырын жүресінен отыра кетті.

— Не дейді? Әлі ұйқыдан арыла алмай отырған сияқтымын.

— Ол қайда кетуші еді. Апам бір сәт тынды да, маған бадырая қарады.

— Ойбай-ау, байға. Рәпілбек, Мұратай, Шәкетай. Беу, құдай-ай. Қырылып қалдың ба, түге. Балаларын — менің ағаларымның атын атайтын осындай бір әдеті бар болатын.

— Әй, қарапұшық. Түнде төсегінде жатқанын өз көзіммен көргенмін. Ертеңгісін сиырға шықсам...

Ішім қыжылдап сала берді.

— Әй, мен кеттім, әлгілерге. Енді сен қашып жүрме, — деп маған одырая қарап апам табалдырықтан аттады.

Мең-зең  күйі күбірлей бердім: Әй, сары қаңылтырдың сатпағы. Ақыры дегеніңе жеттің бе? Майға сұққан қасықтай жылпылдауы көбейіп кетіп
еді. Торы тайына мені мінгізіп... Жарта тастап кеткенін қарашы. Әй, маубас Бөлекбай. Бірақ, бірақ Аққағаздың өзі де кет ары емес еді-ау. Оны көрсе бал бұл жанып құлпырып кетуші еді. Анау күні «күйеуге тимеймін деп еңірегені қайда?» Орнымнан қарғып тұрып, еңді киінуге бет қойып ем, жастығымның астынан бір парақ қағаз сырғып жерге тұсті. Жалма-жан жерден көтеріп, үңілсем Аққағаздың маржандай тізілген жазуы.

«Қара белбеу» атанған жаным, бауырым Бөлектай» деп жазыпты Аққағаз. «Мөп-мөлдір көзіңнен айналдым, сенің. Менің жан сырымды сен ғана ұқтың. Айдынды, мен сияқты сенде жақсы көрдің. Бөтен мінез де танытпадың. Бауырым! Сен кешір мені. Апам маған Қызыладырдан Батырбек деген күйеу таңдап қойғанын сездің бе, сезбедің бе, ол жағы беймәлім. Ол күйеудің мен бет-жүзін де көрген емеспін. Ал апамның бұйрығымен көрмеген адаммен қалай ғана тұрмыс құруға тиіспін. Апам өзі жақсы көргенін қалайды.

Көп ойланып, көп толғандым. Ақыры Айдын екеуміз бұл дүниеде қол ұстасын, өмір кешпек боп шештік, Әрине, сен хатты оқи отырып, дәл қазір ашуға міндің. Ол анық. Бірақ қыз бала өз тағдырын ойлауы керек. Менің ойымша сен де үлкен әрі жақсы жігіт боласың. Апаның да ағаларының да ашуы басылар. Әділдік жеңуге тиіс қой. Апаң кәрі адам. Ол да маған жақсылық ойлаған шығар. Үлкен кісінің әдеті — ағайынды жақыннан қарастырады. Батырбек наға-шымыздың бауырының баласы. Сен апаңа көмектесуге тиістісің. Бар жұмысты артымда бауырым бар деп өзіңе тастадым. Мойыма. Ержігіт емессің бе.

Енді жарты сағаттан соң, мен осы үйдің табалдырығын қызы боп аттап, Айдынның жары боп ораламын. Біз келгенде сен ренжімей қарсы ал. Үлкен үйдің иесі сен енді. Апаңа бар жағдайды түсіндір. Айтпақшы сені «Қарабелбеу» атандырған мен емес, Айдын жездең. Өсіп ер жеткенде есесін аларсың.

Әкпең Аққағаз, сары қаңылтырдың сатпағы Айдын».

Төсегіме отыра кеттім. Не дейін ішім қолқылдап барады. Әй, Айдын-ай, «Қара белбеуің» үшін Аққағазды ренжітпеші.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама