Ақ күре
Бұл — Бейбіттің ес білгелі ауылға бірінші рет келуі еді. Бұрын кішкентай кезінде бес-алты жасында мамасымен бірге бір-екі рет қыдырып қайтқан-ды. Бірақ онда ауылда не көргені, не білгені есінде жоқ, ойында ештеңе қалмапты. Ал қазір «дәп-дәу жігіт». Екінші сыныпты бітірді.
Ауыл оған керемет ұнады. Үй дегенің саусақпен санарлық. Айнала құм төбелер. Дөңгеленген көгілдір көкжиек. Күннің көкжиектен көтерілгенін де, сосын қызарып ұясына қалай қонақтағанын да өз көзіңмен көресің. Ал қалада бұлай емес. Көк тіреген көп қабатты зәулім үйлер күннің көзін көрсетпейді.
Бейбіт бүгін ауылды туристер секілді армансыз аралады. Сарқырап ағып жатқан бұлаққа барды. Тап-тапал кішкентай мектеп үйіне таңдана қарады. Ауласы темір-терсекке толы ұста дүкеннің ішіне кірді. Қораларға «саяхат» жасады. Неше түрлі қора бар екен: ат қора, қой, сиыр, түйе қора, бастырма, қотан, албар... аты-ақ көп, бір-біріне ұқсамайды. Бір қорадан құйрық-жалы төгілген, басын шұлғып, екі көзі шоқша жайнаған тұлпарларды көрді. Бір қорадан қоспақ түйені көрді: екі өркеші кішігірім төбешік секілді. Желіні жер сызған, мүйіздері қарағайдай мама сиырлар... Әсіресе ол бұлақ жақтағы ең шеткі қорада тұрған кішкентай, талдырмаш ақ күренің қасынан айналшықтап шыға алмай қойды. Ақ күре көзінің ішіне әлдебір қиқым шөп түсіп кеткендей аппақ кірпігін жыпылық-жыпылық қағады әлсін-әлсін. Майда селдір жібек жалы самал желмен желп-желп етеді. Денесі нәзік, балғын. Аяқтары шидей. Тұяқтары қызғыш — әлі көп жер басып, қарайып-қатайып үлгермеген келте шашақ құйрығын ойыншық қамшыдай шолтаң-шолтаң қағады. Салпаң құлағын елең-селең көтереді. Сондай әдемі. Сондай сүйкімді. Шіркін, фотоаппарат болса, суретке түсіріп ап, қақ төрге іліп қоятын...
Бейбіт ақ күреге сұқтана қарап тұрғанында, кенет үй жақтан үстіне кең етек көк көйлек киген бір әйел жеңіл айқайлады.
— Әй, неғып тұрсың?
— Есектің баласына қарап тұрмын.
Қапелімде аузына күре деген сөз түспеді.
— Немене?!
Әйел ернін сылп еткізді. Таңданды.
— Баласың не? Күре демейсің бе? Бұрын күре көрмеп пе ең сонша?
— Иә, көрген жоқпын.
— Не дейт!? Кімнің баласысың өзің? О заманда бұ заман ауылда...
— Мәкеннің.
— Қай Мәкен?
— Қаладағы.
— Е, Бәтиманың немересі екенсің ғой. Кешегі ұшақпен келдің бе?
— Иә.
— Бәсе, түрің бөлек, сөзің бөтен, бұл ауылдың баласына ұқсамайсың...
Бейбіт артына қарай-қарай, ақ күреден көзін аудармай үйге қарай бет түзеді. Ішінен: «Шіркін, әлгі күре менікі болса ғой...» — деп армандады. Қалада дүкеннен көрген, қызыққан ойы ншығын қиғылық салып жылап, папасына қалай да алдыратын. Айтқанын істететін. Бейбіт бұл жолы да сол әдетіне басты. Үйге келді де, әжесінің мойнына асылды.
— Не болды, Бейбітжан?!
— Маған анау шеткі қорадағы ақ күрені сатып алып бер.
— Ол неғылған күре? Кімдікі?
— Ақ күре. Білмеймін. Шеткі қорада тұр...
— Қай шеткі қора?
— Бұлақ жақтағы...
— Е, Жалғасбайдың мәшісінің күресі ме?
— Білмеймін. Сол шығар...
— Оның не, балам-ау? Есегі несі. Өзіміздің қорада торы тай бар, одан да соған мін. Ұят-ты. Торы тай — сенің бәсірең.
— Жоқ, маған ақ күре керек...
— Тай тұрғанда... ел күлмей ме?
— Мейлі, күле берсін.
Бейбіт айтқанынан қайтпайтын сыңай байқатты. Бәтима әже немересінің мінезін жақсы біледі. Бірбеткей. Енді сөзге көнбейді.
— Немене, дәл қазір керек пе?
— Дәл қазір керек!
Бейбітке енді сәл кідірсе, ақ күрені әлдекім алып кететіндей боп көрінді.
— Туһ, балам-ай, қайдағы жоқты шығарып... Күресі несі... Шай ішкелі отыр ем, самауыр қойып едім.
— Келгесін ішесің.
— Жүр, онда.
Бәтима әже «ой, белім-ай» деп, орнынан тұрды. Есіктің аузындағы галошын аяғына сұқты.
— Әже, ақша керек қой.
— Неменеге?
— Күрені сатып алмаймыз ба? Әлде тегін бере ме?
— Ақшаң не? Қала дейсің бе? Адал мал болса бір сәрі, арам есекті сату-саудаға салып не көрініпті.
Бейбіт әжесі екеуі қол ұстасып Жаппасбайдың үйіне қарай аяңдады. Бейбіт Жаппасбайдың үйінің алдынан бағанағы көк көйлекті әйелді көрді. Ол Бәтима әжеге сәлем берді.
— Апа, амансыз ба?
— Аманмын, аманмын, шүкір, Жұмаш қалқам, атаң үйде ме?
— Жоқ, мал қарап кеткен. Жәй ме?
— Қайдағы жайшылық. Ана күрелеріңе «құда» түсе келдік, Бейбітжан қоярда-қоймай алып келді... мана қадалып тұруы жаман еді...
Бәтима әже мен Жұма апа күлісіп алды.
— Берген бәсірелерің болсын, нағашысы емессіңдер ме...
— Апа-ау, атама несіне қарайсыз, ала беріңіз. Бұл жиенге күре беріп құтылсақ, жақсы ғой.
— Сөйт, қарағым, о шалға ертең өзім айтармын.
— Жарайды.
Бірі қақпайлап, бірі жетелеп ақ күрені үйге алып келді.
Бейбіттің арманы орындалды. Бар ықыласы күреге ауды. Бар ермегі — күре. Тіпті балалармен қосылып ойнауды да қойды. Кеше күні бойы қызығы басылмады. Ақ күрені көзінен таса қылмады. Су берді. Шөп жұлып әкелді.
Бұлаққа ноқтамен жетектеп апарып, үсті-басын жуды, жалын тарады, тұяғын сүртті.
Бейбіт шай ішіп отырып та, тамақ ішіп отырып та байыз таппай орнынана тып тұрып, бар ма, жоқ па дегендей қорадағы ақ күрені қарап келеді. Түнде бір ұйықтап тұрып та, қарайды.
Екеуі бір-біріне әбден бауыр басты...
Бүгін Бейбіт балалармен бірге жусан оруға Қызылсайға кетті.
Ақ күре жалғыз қалды. Бұл оның Бейбіттің иелігіне көшкелі бірінші рет жалғыз қалуы еді. Бейбіт күнде әр жарты сағат сайын төбе көрсетіп тұратын. Бірде қант беретін. Бірде су беретін. Бақшадан бір қысым жоңышқа әкелетін. Ақ күре осының бәрін аңсады. Бейбітті іздеді. Үй жақтан телміріп көзін алмады. Бейбіт жоқ. Күте-күте шаршады. Аяғын тіреп, басын тартқылады. Үңірейген көңілсіз қорадан қашып кеткісі келді. Бәрі қызықсыз боп көрінді оған. Тартқылай-тартқылай бір кезде басынан ноқта сыпырылып түсті. Сол-ақ екен, ақ күре құлдыраңдап көшеге шықты. Жан-жағына жіті қарады. Бірақ өзіне таныс баланың тұлғасын көре алмады. Сосын секіріп отырып ауылдың сыртына қарай шоқырақтады. Бұл жақтан да көзіне Бейбіт шалынбады. Тал түс. Ақ күре шөлдеп, су ішкісі кеп, бұлаққа келді. Бұлақтан су ішті де, көлеңке іздеп, сонадайда жолдың үстінде тұрған дәу «КамАЗ» машинасына барды. О жер, бұ жерін иіскелеп, машинаның — артқы доңғалағының астына барып жатты.
Бұл геологтардың машинасы еді. Шофер машинасының қызып кеткен моторын суытып, сәл аялдап тұрған-ды. Бір кезде машина гүр етіп от алды. Ақ күренің тұяқ серпуге де шамасы келмеді...
Машина шаңын бұрқылдатып, қыр асты...
Бейбіт кешке еңіреп жылады.
Көрші-қолаң жиналып қалды.
— Қой, қайдағы жаманатты шақырып...
Бәтима әже шыр-пыр болды.
— Ақ күреге әбден көңілі құлап еді...
— Дүниеде одан басқа күре жоқ па, тәйірі, анау Бердештің сұр күресін алып бер.
Бұл сөзді құлағы шалуы мұң, Бейбіт:
— Маған басқа күренің қажеті жоқ, ақ күре ғана керек, ақ күре! — деп одан әрі еңіреді...
Бейбіт қалаға қайтқанша көңілі құлазумен жүрді. Қалаға қайтарында ақ күренің ноқтасын алып кетті...