Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 24 минут бұрын)
АҚШ әуежайында жолаушылар ұшағы ұшу жолағындағы адамды қағып кетті

АҚШ-тың Денвер халықаралық әуежайында Frontier Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы ұшу жолағында жүрген адамды қағып кетті. Оқиға 8 мамыр күні кешкі уақытта болған.

Лос-Анджелес бағытында ұшып шықпақ болған Airbus A321 ұшағы екпін алып келе жатқанда, жолақтағы адамды басып озды. Соққы салдарынан адам сол жерде көз жұмды. Дене бөлігі ұшақ қозғалтқышына түсіп, қысқа уақытқа өрт шыққаны хабарланды. Өрт сөндірушілер жалынды тез арада ауыздықтады.

Ұшақ бортында 224 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болған. Оқиғадан кейін ұшқыштар ұшуды тоқтату туралы шешім қабылдады. Желіде тараған экипаж бен диспетчер арасындағы әңгіме жазбасында ұшқыштың «Біз біреуді қағып кеттік… қозғалтқышта өрт шықты» деген сөздері естіледі. Ұшақ ішінде түтін пайда болғандықтан, жедел эвакуация жүргізілді. Жолаушылар үрлемелі траптар арқылы ұшу жолағына түсіріліп, кейін автобустармен терминалға жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Барлық жолаушылар медициналық тексеруден өтті. Frontier Airlines компаниясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әуежай және қауіпсіздік қызметтерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Қазір Денвер полициясы мен АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тергеу жүргізіп жатыр.

Жаңалықтар

Жарнама