Tengrinews.kz
- 08 сәу. 2026 02:30
- 31
Ақтөбедегі әкімдік ғимаратындағы өрт: Су ағыны мен қымбат картиналар туралы не белгілі?
Ақтөбедегі Абылқайыр хан даңғылында орналасқан алты қабатты әкімдік ғимаратындағы өрт сөндірілді. Оқиға орнынан жинақталған мәліметтерге сүйенсек, ғимараттың тарихы мен оның жаңартылуына қатысты қызықты деректер бар.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғимарат туралы не белгілі?
Өрт шыққан ғимарат – Ақтөбе облыстық әкімдігі. Ол 1971 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда бұл Кеңес үйі ретінде салынған, ал Тәуелсіздік алғаннан кейін аймақтық әкімшілік ғимараты ретінде қолданыла бастады. Архитектуралық тұрғыдан алғанда, бұл ғимарат кеңестік дәуірдегі әкімшілік құрылыстарға тән стильде жасалған: қатаң фасады, қарапайым пішіндері және функционалды жоспарлауы бар.
Ғимарат қашан жөнделді?
Ғимарат бірнеше рет жаңартылып, жабдықтар сатып алынған. 2016 жылы әкімдік қымбат жиһаз, есіктер, су ағыны және басқа да тауарлар сатып алуға байланысты дау тудырған жөндеу жұмыстарын жүргізді. Әкімдік мәліметінше, фойеге орнатылған декоративті су ағыны 1 миллион 290 мың теңгеге шыққан. Сондай-ақ, 8,9 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарына келісімшарт жасалғаны және 5,3 миллион теңгеге бірнеше қабаттағы ағаш терезелерді металл-пластикке ауыстыру жоспарланғаны хабарланды. Сол кезде Ақтөбе облыстық әкімдігі мемлекеттік сатып алу сайтында бірнеше лот орналастырды. Алтын элементтері бар креслодан бөлек, құны 540 мың теңгелік «жоғары көркемдікке ие ыдыс-аяқ жиынтығы», 1,5 миллион теңгеге көркем картиналар, 1,6 миллион теңгеге шыныдағы су ағыны, 1,8 миллион теңгеге перделер сатып алынғаны анықталды.
Баспасөз хабарламасында жаңартулар шетелдік қонақтар мен делегацияларды қабылдау және материалдық-техникалық базаны жоспарлы түрде қолдау үшін қажет екендігі түсіндірілді. Әкімдік ғимараты 1971 жылы пайдалануға берілген, соңғы рет 2007 жылы жөнделген, ал жиһаз 2004 жылы сатып алынған.
Не болды?
Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуірде кешке Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимараты өртенді. ТЖМ мәліметінше, өрт Абылқайыр хан даңғылындағы алты қабатты әкімшілік ғимаратының шатырында болған. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп, адамдар эвакуацияланды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері шақыртудан кейін бес минут ішінде оқиға орнына жеткен. Өрттің аумағы әлі анықталуда.