Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ақтөбедегі мектептердің 80%-ы интернетпен қамтамасыз етілген

Аталмыш облыста цифрландыру аясында мектептерінің 80%-ы интернетке еркін шығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жайында бүгін Үкіметтің кезекті отырысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Бүгінде облыста 421 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 136 мың бала оқиды. Өткен жылы облыста 1,2,5,7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті. Бүгінде жаңартылған бағдарлама бойынша 57 821 оқушы білім алады. Білім беру ұйымдарында жаңа бағдарлама сатылап енгізілетін болады.

«Мектептерді компьютерлермен қамтамасыз ету үшін қосымша бюджеттен 650 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді, жыл соңына дейін барлық дерлік мектептер жаңа компьютерлермен толықтырылатын болады», — деді Облыс басшысы Б.Сапарбаев.

Мектептердің оқу бағдарламасы жаңартылған мазмұнға көшкеннен кейін оқушы білімінің бағалануы да өзгереді.

«Облыстың 89% мектептері электронды күнделік бағдарламасына енгізілген». Бағдарлама мұғалімдерді қағазбастылықтан 50%-ға дейін қысқартады, ата-аналардың балаларының сабак үлгерімін бақылап отыруына, білім сапасын жақсартуға, қала мен ауылдың арасындағы арақашықтығын, мемлекеттік шығынды азайтуға мүмкіндік береді», — деді облыс әкімі.

Білім беруді толық цифрландыру үшін электронды күнделіктерді толыққанды пайдалану маңызды. Сондай-ақ әрбір оқушының өзінің жеке кабинеті болады. Онда балабақшадан бастап PhD-ге дейін бүкіл ақпарат, атап айтсақ, барлық бағалар, олимпиадалар, портфолио, диплом жұмыстары бар мәлімет сақталады.

Сондай-ақ, облыстың білім саласындағы мәселелердің бірі — оқулық мәселесі. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторына сәйкес Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесі бойынша 2018 жылы жаңартылған білім беруге сәйкес 3,6,8-сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары жаңартылатын болады. Осыған орай, 3,6,8-сынып оқушыларын жаңартылған оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыс бойынша барлығы 1674,0 млн теңге қаржы бөлінген.

Қазіргі таңда бөлінген қаржы шегінде аудандық және қалалық білім бөлімдерімен баспаларға тапсырыс беру және шарт жасасу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Айта кетелік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы вице-премьер министр Асқар Жұмағалиевтің бастамасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингімен жүзеге асырылуда.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама