- 18 шіл. 2018 00:00
- 192
Павлодар «Smart City» концепциясын жүзеге асыруда үлгі болуы керек – Н. Назарбаев
Мемлекет басшысы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында цифрландырылған Павлодар мұнай химиясы зауытының жұмысымен танысып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан мекемелерді аралады.
Қазақстан Президенті зауыттың өкілдерімен кездесу барысында өндіріс орнына жаңа технологиялар енгізілгенін тілге тиек етіп, олар өндіретін өнімге сұраныс артып жатқанын атап айтты.
«Сіздер ең заманауи зауытта жұмыс істейсіздер. Мұнда өндірісті цифрландыру ісі қолға алынып, жаңа технологиялар енгізілуде. Сіздер өндіріп жатқан өнімге деген сұраныс артып келеді, демек, сіздердің де табыстарыңыз молая түспек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Президенттің өңірге сапары аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіліп, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың баяндамасы тыңдалды.
«2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өнімі алғаш рет 2 триллион теңгеден асып, 3,6 пайызға жетті. Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,6 пайызға артты. Облыс кәсіпорындарындағы өндіріс үдерістерін цифрландыру жөніндегі Сіздің тапсырмаңыз орындалуда. Технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды», — деді облыс әкімі.
Елбасының айтуынша, Павлодар облысында білім саласын цифрландыру бойынша пилоттық жоба анықталыпты. Жалпы айтқанда өңірде 80 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
«Smart City» тұжырымдамасын толығымен енгізіп, үлгі болу керек», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетерлігі, Павлодар облысында цифрландыру процестері жан-жақты жүргізілуде. Барлық салаларда қарқынды жұмыстар іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында 100 мемлекеттік балабақша цифрлық технологиялармен қамтамасыз етілмек. Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында оқыту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жаз айларының аралығында 16 мың адамның электрондық сауатын ашу жоспарланып отыр екен.
Ол бойынша білікті мамандар сабақ жүргізеді. Курс барысында алдымен компьютерде жұмыс істеу тәсілімен танысып, «Электрондық Үкімет» порталының мүмкіндіктерін және онда мемлекеттік қызметтерді алуды меңгереді. Сондай-ақ, білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі — Bilim Land жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл жүйеге облыстағы 371 мектептің 362-сі қосылыпты.