Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 37 минут бұрын)
Арысым еді

Осы күні «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің редакцияларына бара қалсаңыз, кең текпешекпен көтерілгенде, оң қол жақта қабырғада қос мрамор тақта қағулы тұр. Мраморға қашалған алтын жазулар бар. Осы редакцияларда кезінде жұмыс істеп, содан соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тауып, қайтпай қалғандар тізімі.

Мен әлдеқалай редакцияға жолым түсе қалса, осы мрамор тақталар алдында басымды иіп ұзақ тұрамын. Неше түрлі ойлар келеді. Сонау сұрапыл соғыстан осылар құсап қайтпай қалуым да мүмкін еді-ау. Оқ адамды таңдап тимейді. Небір боздақтар кетті. Мына тізімдегілердің көбін біле бермеймін. Бірақ мен жақсы білетін бір адам осы тізімнің орта тұсында тұр.

Ол — Мұхамбетқұл Исламқұлов.

Ол менен он жас үлкен еді. Тірі болса, биыл жетпіске шығар еді. Тірі болса, «Мұқа, Мұқа» деп жетпіске шығуымен құттықтап, қаумалап отырар едік... Иә, «тірі болса» деген тілекке жете алмағандар қаншама...

Қазіргі Шымкент облысында Арыс дейтін аудан бар. Сол ауданда баяғы заманда Қоңырат дейтін рудан Исламқұл дейтін кісі жиырма бес жыл болыс болыпты.

Сол кісіден Мұхамбетқұл дейтін ұл туыпты. Мұхамбетқұл САГУ-ді бітіреді. Ол — қазақтың ең бірінші жоғары білімі бар интеллигенті деген сөз.

Мұхамбетқұл — өзінің шыққан тегі үшін кезінде зардап шеккен адам. Сондай кез болған. Үстем таптың ұрпағы жаңа заманды тіксіне қарсы алды. Ал, бірақ солардың ішінде, Абай айтқандай, «әкенің ұлы емес, адамның ұлы» болғандары да бар. Олар жаңа заманды орнатуға қатысты, Советтердің тілеуін тіледі. Мұхамбетқұл сондай азамат болды. Ауылда қарапайым мұғалім қызметін атқарып, бала оқытты. Аудандық газетте жұмыс істеді. Қолынан іс келетін, қабілеті бар, ниеті адал адам «Социалистік Қазақстанға» әдеби қызметкер болып ауысқан.

Ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы — Ғабит Мүсірепов. Ал, Ғабит кісі тани біледі. «Болыстың баласы» деместен, Мұхамбетқұлды қызметке алған. Ол рас.

Мұхамбетқұл ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, көзі алақандай, қыр мұрын, қалың қасы бүркіттің қанатындай сұлу жігіт еді. Мен оны бірінші рет 1936 жылы көрдім.

Ұлы Отан соғысы басталды. Мен аға лейтенантпын. Ер азаматтар тізіліп, әскери комиссариаттың алдына жиылған.

Мен — батальон командирімін. Келгендерді қабылдап жүрмін. Батальон құрамы ол кезде — 750 адам. Қабылдап, елді аралап жүрген кезімде алдымнан Мұхамбетқұл шықты.

— Бәуке! Ел басына күн туғанда, қарамағыңызға келіп қалдым, — деді маған.

— Сізді менің қарамағыма бере ме, жоқ басқаның қарамағына бере ме, оны үлкендер біледі, — деп бұрылып кеттім.

Оны менің қарамағыма берген жоқ. Үшінші батальонный командирі, қырық жасқа келіп қалған майор Николай Иванович Поляков екен. Мұхамбетқұлды соған штаб бастығы етіп тағайындапты.

Майданға бардық. Марқұм генерал Панфилов — дивизия командирі. Сабырлы, ақылды кісі еді. Панфилов бастаған қазақстандықтар дивизиясы Москва түбінде астанаға анталаған неміс күшінің дәл нақ ортан беліне қарсы тұрды. Жау, әсіресе, осы дивизия тұсына күшін көп төкті. Шепті бұзып өтпек.

1941 жылдың 23 октябрі күні немістер бізге сұрапыл шабуыл жасады. Снарядтар мен минометтерін, самолеттерін — бәрін жұмсап, бізді қатты састырды. Алдымен дұшпаннан таяқ жеген майор Поляковтың батальоны болды. Оның штаб бастығы — Мұхамбетқұл. Быт-шыт болған батальонды жинау оңай емес... Дұшпан қоршап алыпты. Бір кезеңде Мұхамбетқұл дәті шыдамастан, шабуылға қарсы шығамын деп, бір ротаға «За мной! За Родину! За Сталина!» деп айқайды салып, мықынындағы пистолетті суырып алып, жауға қарсы шауыпты. Ешкім соңынан ілеспепті. Немістер таңданып, жалғыз адам контратакаға шығуы тамаша екен деп ойланып қалса керек.

Жалт беріп артына қараса, ешкім жоқ.

— Ой, әкеңнің... — деп Мұхамбетқұл жылап жіберіпті. Содан кейін қайтадан майор Поляковтың қасына келіпті. Поляков бәрін көріп отырған кісі.

— Ерім-ай, ерім-ай, — жылап жіберіп, Исламқұловты құшақтапты. Сол кезде бір қаңғыған оқ Поляковтың қақ маңдайынан тиген. Майор Поляков тіл тартпастан қайтыс болыпты.

Мен өз батальоныммен бес рет қоршауда қалдым. Бірақ та бұғауды бұзып, жау шебін жыртып, ұдайы қоршаудан шықтық. Бір кездесуде Мұхамбетқұл маған былай деді:

— Әй, Бауыржан, есіңде бар ма? Мен саған бір кезде өте қатал екенсің ғой деп айтып едім, — деді. — Сен сонда маған былай жауап бердің: «Мұқа, мені жұмсартып қайда жұмсамақсыз? деп. Жығылдым. Ішімнен сөз тапқанға қолқа жоқ, деген осы екен ғой деп ойладым. Сенің қаталдығыңды мен жақтырмаушы едім. Бірақ соғыста қатал болу керек екен. Марқұм, майор Поляков жұмсақ кісі еді. Соның жұмсақтығының қорлығын соғыста көрдік.

26 ноябрь күні мені дивизия штабына шақырып алып, қолбасшы Рокоссовскийге алып барды. Ол кісі мені полк командирі етіп тағайындады.

Аға лейтенантпын. Мен таңдандым. Бұйрықтың аты — бұйрық. Соғыс кезінде оған қарсы тұруға болмайды. Қайтып келе жатып жолда: «От пен судан бірге өткен батальонымды кімге тапсырамын» деп ойлап келемін. Көп толғанып, көп ойланып батальонымды Мұхамбетқұл Исламқұловқа тапсыруға шешімге келдім.

Бірнеше күндер, бірнеше түндер, бірнеше апталап қырғын соғыстық. Исламқұловтың батальоны алғы шепте еді. Жауапты жерлерде болды. Бәрін айтпай, бірін айт дегендейін, «Соколово» қыстағында дұшпан тықсырып бізді қоршай бастады.

Исламқұловты шақырып алдым.

— Мұқа! Жағдайды көріп отырсың ғой. Мен полкті алып шығуым керек, нақ осы жерден. Алып шығу оңай емес, сол себепті сізді тосқауылға тастап кетемін.

— Түсіндім, Бәуке!

Полкті аман алып қалу үшін бір батальонды жаудың арандай аузына тығын болсын деп тастай салғанмен бірдей. Бұған ердің ерлері ғана шыдас береді.

Сол соғыста Исламқұлов өз батальонымен жаумен шайқасып, табан тіресіп тұрып алды. Мен полкті қоршаудан шығарып, жаңа шепке алып келдім. Екі күннен кейін Исламқұлов бізді қуып жетті.

Жиырма тоғызыншы ноябрьде Крюковоға келдік. Кескілескен ұрыс толассыз бір аптаға созылды, деревняны біресе немістер, біресе біз аламыз. Сондағы бір оқиға есімде.

5 декабрьде мен жараландым. Дәрігерлердің госпитальға бар дегеніне көнбей, командалық пунктте жаттым, немістер болса, тағы тықсырып барады. Москваға 30-ақ шақырым жердеміз.

Бір мезет екінші, үшінші батальондардың командирлері қосарлана телефон соқты.

— Командир жолдас, менде жеті-ақ адам қалды, — дейді бірі.

— Командир жолдас, менде 12-ақ адам қалды, — дейді екіншісі.

Телефоншыға:

— Дереу бірінші батальон командирі кіші лейтенант Исламқұловпен жалғастыр, — дедім. Мұхамбетқұл трубканы көтерді.

— Мұқа, екінші батальонда жеті-ақ адам, үшінші батальонда он екі-ақ адам қалыпты. Сізде ше?

— Менде 120 адам. Екі майор да қасымда отыр.

— Ендеше трубканы соларға беріңіз!

Екеуінің тез арада бөлімшелерімен Исламқұловтың қарамағына көшуін бұйырдым.

— Трубканы Исламқұловқа беріңіз!

— Мұқа, команданы қолға аласыз. Мына екеуін ұрысқа салыңыз.

— Ойбай-ау! — деді Мұхамбетқұл. — Бұлар майорлар ғой, қалай болады мұның өзі!

— Жасақсыз майор — майор емес. Олардың батальонды түгел жоғалтқанына сенбеймін. Дереу кірісіңіз. Істің анық-қанығын адамдар жіберіп анықтаңыз, ал, екі майорды қатардағы жауынгерлер сапына қосыңыз.

— Құп болады, Бәуке!

Кейін анықталды, екінші батальонда 7 адам емес — 170 адам, үшінші батальонда 12 адам емес — 150 адам бар екен.

Орыста мақал бар: «Өзім батыр ретінде, сізді де батыр деп таныдым» («Как храбрец, признаю Вас храбрецом»), — дейді. Сол Крюководағы соғыста Мұхамбетқұл Исламқұловты нағыз ержүрек азамат деп танып, қаһармандығына басымды иіп едім.

Барыс жылының ережеп айының бас кезі. Түс қайта жертөледен далаға шығып, ауа райына көз салсам, аспанды қою қара бұлт қаптап, іркілмей батысқа жылжып бара жатыр екен. Қалың тұман айдаладағы жалғыз жолаушының көңіліне қайғы салғандай, мәңгі мылқау қара орман ішіндегі күн көзін көргенде жайнап, ойнап, алуан түрлі құлпырған кілем түрі ашық алаңқайға (поляна) былқ етпей, жым-жырт, үнсіз сұлап жатқан шалажансар, солғын, терең қайғылы ойға шүңгігендей көрінді.

— Әлде, қолдың барлығы қатты ұйқыда түс көріп жатқан болды ма, тырс еткен дыбыс естілмейді ғой, — дей бергенімде: — Аттар даяр, гвардия майоры жолдас, — деп баяндады адьютант.

— Подполковникті шақырғын, — дедім.

Егде жасқа келген начальник штабым, орта бойлы, дембелше келген кісі, мықынындағы бес атарын қапсыра ұстап, борт-борт желіп келді.

— Мынау қайдан келген тыныштық, Игнат Платонович? — дегенімде:

— Ой, тәйірі-ай, соғыс кезінде қайдан тыныштық болсын, екі жерде пышақтасып, іресіп жатырмыз, — деп сабырлы даусымен, үйреншікті нақтылықпен баяндай бастады.

* * *

Бұқпалап, таяй сүріне өр жағалай жүгіріп бара жатырмын, оң қолымнан шап ұстай алып:

– Орға түсіңіз, гвардия майоры жолдас, алдағы жау бақылаушысының көзіне түсе көрмеңіз, — деді аққұба келген жас орыс жігіті.

— Неғып жатырсыңдар? — деп едім, ол «тыс» дегендей ишарат бере жақындап:

— Алдыңғы окопта немістер... Лейтенант оларды әдейі жіберді... Қақпанға түсіріп аламыз, — дейді. Бізге еш уақытта атушы болмаңдар, үнін шығармастан құртыңдар, деп жарлық етті, — деп асығып, сасып, сыбырлай баяндады.

— Айтқаныңа түсінсем, төбеңді көрмейін,— деп таңғала бетіне қарап, — сен өзің не былжыратып тұрсың, жөндеп тоқ етеріңді бір-ақ айтшы, — дедім. Ол тағы сыбырлап, жасыл көзін үрейлендіре күліп: — Қазір, қазір... тоқ етерін қазір айтамын, — деп қолын бір сермеді де, алдыңғы ор мүйісіне тышқан аңдыған мысықтай жиналып ыршып, жоқ болып кетті. Адьютант таңғала қарап аузын аша бергенде, қарлыққан дауыспен:

— Аузына пилотканы тыққын... Үнін шығара көрмегін... Ойбай, қатты буындырма... Мынаусын мен бармағымды қаттырақ батырып жіберіп буындырып өлтіріп қойдым ба? — деген сыбырға жетіп барсақ, ор түбінде он немістің алқымынан біздің он жігіт алып, жығып салып, үстеріне мініп, қылқындыра арпалысып жатқанын көрдім.

Әлібек пен Далман екі жақтағы шетінен көгендегі қозыларды ағытқандай немістердің қару-жарақтарын алып, ауыздарын таңып, қолдарын артына байлап, тұтқыннан босатып, ор жиегіне қарата итермелеп жіберіп жатқанына аң-таң болып тұрып қалыппын. Мені көре сала лейтенант Әлібек баяндау кейпімен маған қарай тұра ұмтылды.

— Кейін, кейін айтарсың, ерім, — деп қолыммен сілтей тоқтаттым.

— Майор жолдас, немістер оң қолымен ешқандай әрекет етпейді, оны байқап тұрсыз ба, — деді адьютант.

— Иә, — дедім де, бетіне жалт қарап: — не деп қыртып тұрсың, бар, жәрдемдес мыналарға. Байқауды маған-ақ тапсыр, — дедім.

— Құп болады, — деп ынталана ұмтылды ол.

* * *

— Қоқи атаң аузы, тағы жиырма неміс келеді, — деді бақылаушы қырғыз жігіт.

— Нысанаңнан түсіре көрмегін... Мыналарын жайғастыруды аяқтауға аз қалды, сабыр ет, мен айтпастан атпағын, — деді лейтенант.

Жауынгер басын изеді де, қол пулеметінің құндағын қапсыра құшақтап, нысананы көздей берді. Қасына барып:

— Қайда? — деп сұрап ем.

— Ойпаңдағы бұтаның ішінде, қазір бермен шығады, — деп мойын бұрмай тұра берді.

Рас екен, біресе еңбектеп, біресе жер бауырлап келе жатқан жиырма шақты немістерді мен де көрдім.

— Әлібек, немістер 150 метрдей жерде. Мына пулеметчикке айтатыныңды айтсаңшы, — деп артыма қарасам, ол шынымен босаған екен, күлімсіреп бала мінез лейтенант:

— Сабыр етіңіз, ақсақал, аналар біраз ұзасын, — деп артты көрсетті де, көзі жәудіреп: —ағатай, сіздің кетуіңізді сұранам, біз атсақ, немістер де атады ғой, сіздің бекер қауіпте болуыңыздың қажеті не? — деді.

— Жүз метр қалды, адамдарың қайда, тез істейтініңді істе. Мен туралы қамқорлығыңды одан кейін айтарсың, — дедім түрімді суытып.

Әлібек екінші пулеметті өзі алып, қырғыз жігітіне:

— Мен оң қанаттан, сен сол қанатынан ортасына дейін «огонь!» — деп команда берді.

Екі қол пулемет бірден сақ етіп дүрілдей өлімді шашыратты. Дұшпан қирай құлап, шетінен жығылып, сұлай бастады. Сәл тыныс ала беріп, екеуі бірдей тағы да атты.

— Дұрыс. Тірі қалған біреуі де көрінбейді, тоқтат, — дей бергенімде, жау жағынан бірнеше оқ зу-зу етіп өте шықты. Орға бұға қалдық. Неміс қояр емес. Бас көтертпей, оқ пен минаның астына алып, сабалап жатыр бізді. Окоптың түбіне отырдық.

— Қане, неміс тыншыққанша, темекі тартып алалық, жігіттер. Мүмкін бір минасы тіке түсе қойғандай болса, папирос бекерге шығын болар, — деп күліп жігіттерге күміс құтымды ұсындым. Папиросты ала беріп, масадан қорғанғандай қырғыз жігіті оң қолымен құлағын қақты да:

— Еми, атаңды ұрайын, не болған? — деп қолындағы қанға таңғала қарады. Әлібек жүгіріп келіп қарады да:

— Ой, жігітім-ау! Құлағыңды тесіп кетіпті ғой, — деп қалтасынан жалма-жан шүберек алып таңа бастады. Темекінің түтінін бұрқырата шығарып отырып:

— Оқасы жоқ, лейтенант жолдас, немістер мені соғыстан кейін сырға тақсын деп құлағымды тескен шығар, — деп сабырлы жүзімен езуін жиды. Кенет жауынгер аспанға қолын шошайтып:

— Майор жолдас, біздің снаряд, — деді.

— Мына шудың ішінде оны қайдан тани қойдың? — деген сұрағыма:

— Біздің снарядтың зуылдағаны немістердікіндей емес, оны мен әр уақытта ажырата білемін, — деді.

Айтқанындай-ақ алдымыздағы неміс бекінісіне біздің зеңбіректер оқ жаудырып, гүрсілдеп, үстін-үстін жарылып жатқандарының даусы анық естіле бастады. Аздан соң бізді атып жатқан пулеметтер мен минометтердің үні өшті.

* * *

Түнті сағат он екі. Жертөлеге Игнат Платонофич кіріп келіп:

— Командир жолдас, лейтенант Әлібек Қаржаубайұлы оншақты жауынгерімен сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұр, — деді.

— Шақырыңыз, барлығы кірсін осында, — дедім. Олар ізетпен, әскери әдеп ұстап кіріп келді.

— Шешініп отырыңыздар, жігіттер. Игнат Платонофич, сіз де отырыңыз, — дедім де, — Николай он үш адамға ас даярлат, — деп адьютантқа бұйырдым. Жас, аққұба орыс жігітіне: — Сен кім боласың? — дедім. Ол орнынан ыршып тұрды.

— Отырып айт, асықпастан, — дедім.

— Мен — Ян Каршаков. Соғыстан бұрын онжылдық мектептің ақырғы бөлімінде оқыдым, әкем тері заводында жұмыскер болып істейді, — деді де, басқа не айтайын деп, ұяла қызарды.

— Дұрыс. Сен кімсің? — дедім басы таңулы қырғызға.

— Мен — ефрейтор Ошпанқұл Алымов. Соғыстан бұрын бастауыш мектебінде мұғалім болып істедім. Педтехникумды 1939 жылы бітірдім. Әкем — колхозшы.

— Дұрыс. Сержант Далман, кім екеніңді толығынан айт, — деп ем, Далман қымсынып:

— Мені білесіз ғой, несін қайталайын, — деді.

— Жадымда жоқ, есіме түсіргін, — дегенде адьютант үстелдің үстіне тамақ әкеліп қойды.

— Жарайды, кейін айтарсың, — деп әрқайсысының алдына арақ құйылып біткен соң:

— Мен анық-қанығын білмеймін. Бірақ та сендер бүгін әжептәуір қызмет атқардыңдар. Өздерің кейіннен маған түсіндіре жатарсыңдар. Сендердің амандықтарың үшін алдымен жұтыңдар мына ромкедегіні, — дедім.

Тамақтанып болған соң, Далман:

— Рұқсат болса, майор жолдас мен айтайын, — деді.

— Айта қойғын.

— Мен, Далман Моисей Саламонович, ұлтым — еврей. Соғыстан бір жыл бұрын ғана түрмеден шыққан рецедевистпін. Маған елім сеніп қолыма жарақ берді. Мен елімнің жақсы ұлы емеспін. Сөйтсе де сенімді ақтау қиын екен. Осы соғыста анамның ақ сүтін ақтап, Отан үшін не шейіт болып өліп, тірі қалсам, адам қатарына ақ адал ниетпен қосылуды арман қылып, алдыма асқар таудай мақсат етіп едім. Басқа не айтайын...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама