Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Асыл жиреннің киесі

Аузымен құс тістеп, алдына қара салмайтын тұлпарларды бірден танып-білу, оны мәпелеп күтіп, бабына келтіріп жарату ерекше қасиет болып табылады. Бәйгеге қосылатынжүйрікке, селқос, тек қана пайда әкелетін жануар ретінде қарауға болмайды.

Дана халқымызда «Тұлпарға қас қылғанның тұқымы құриды» деген киелі сөз бар. Бұл қағида сәйгүліктерге, арғымақтарға қиянат жасағандардың алдынан шығуда. Мысалы, сұмпайы Голощекинді алайық. Қазақ жылқысын құртқан оның бүкіл үрім-бұтағы атылып, қалғандары итжеккенге айдалып, өмірден жоқ болып кетті.

Енді негізгі әңгімемізге келейік.

1996 жылы атбегілердің бір жиынында мен Желдібай деген жігітпен алғаш рет кездесіп едім. Сол жылы екеуміз сөз қағыстырып қалдық. Әңгімеден әңгіме шығып, менің «Ат шаба ма, бап шаба ма, әлде бақ шаба ма. Топ жарып келу үшін осы үшеуінің қайсысының маңызы зор» дегеніме ол өз көзқарасын білдірді. «Ат та, бап та шаппайды, бақ та шаппайды. Тек қан, қан шабады!» — деп өз пікірін білдірген. Оның айтып отырғаны, жылқының асыл тұқымды қаны болуы керек.Біздің айтқан уәжімізге көнбеді. Ол кезде ол аяғы жерге тимей, дәрежесі тасып жүрген. Және аттарына дәрі-допинг егуді де әдетке айналдырған еді…

Екінші рет кездесу.

2001 жылдың күзі болатын. Алматы қаласындағы орталықипподромда дүбірлі ат жарысын тамашалап, серіктеріммен әңгімелесіп отырған едім.

— Ассалаумағалейкум, Сәке! Сіздің осында екеңізді естіп арнайы сәлем беруге келдім, —деп екі балдақты қолтықтарының астына тіреп ұстаған бір азамат сәлем берді. Одан соң, — мен Желдібаймын ғой, фамилиям Тасыбай. Аға, есіңізде ме, ана бір жылы сөз таластырып қалып едік қой. Мен қателескен екенмін. Кешірім сұрауға келіп тұрмын, — деп екі қолын ұсынды.

Есіме бірден түсті. Ат бәйгелерінен алдына жан салай, 1995-1999 жылдары сыпырып жүлде алып жүретін дәукестеу сары жігіт. Белгілі атбегі.

— Сәке, жараланған аяғым шыдатар емес, рұқсат етсеңіз сізге айтар арнайы әңгімемді дастархан басында баяндасам деп едім. Келініңізге шай қойдырып қойдым, — деп қолқа салды.

Өтіп жатқан жарыстың соңы болғандықтан оның тілегін қабыл алдым. Сәлден соң серіктеріммен бірге ипподром жанындағы үйіне келдік. Дастархан басына жайғасып, отырған бойда Желдібай әңгімесін бастады:

— Осы күні ойлап қарасам, барлық бастан кешкен қиындықтарым, қасіреттерім күпірліктен, есіруден болды деп есептеймін. Жылқы киесі барын, атпен ойнауға болмайтынын қаперіме де алмадым. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде не көп, аталарға ас беру көп болды, ондай жиында ұлттық ат ойындарынан жарыстар, әр апта сайын кішігірім ат бәйгелері әрбір ауылда өткізілетін. Жарыс жеңімпаздарына жүлделер молынан берілетін. Бәсеке де белең алды, бір ата тойынан екінші ата тойының жүлдесі артық болатын.

Ат бәйгесіне, одан алатын сыйлықтарға қызыққаным сондай алыс, жақын шетелдерден, оның ішінде Ресейдің Омбы, Рязань, Краснодар, Мәскеу қалаларынан небір сәйгүліктерді сатып әкеліп, бәйгеге қосуды әдетке айналдырдым. Алғашқы кездеаттарды баптап, терін алып, әбден жаратып барып бәйгеге қосатынмын. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген бар ғой, қайтсем де жеңуім керек, қайтсем де бас жүлдегетігілген автомашинаны мен аламын деп жанталастым. Содан жеңудің әртүрлі амалдарын, оның ішінде ең сорақысы — бәйге аттарына допинг берумен шұғылдандым.

Бәйгеге қосылатын аттарға дәрі егуді маған ресейлік шабандоздар үйретті. Олар негізінен қысқа қашықтықтағы жүйріктерге дәрі егетін болса, мен алыс шақырымдық аламанға, тоқ бәйгеге қатысатын аттарына ветеринарлардың тыйым салған қауіпті дәрілерін үзбей қолдандым. Ең өрескел қателігім — құлын кезінен қолда ұстап баптаған Асыл жирен деген асыл жүйрігімнің обалына қалып, өлуіне тікелей себепкер болуым.
Осы тұста Желдібайдың бүкіл денесі қалшылдап, өңі бозарды, дауысын шығарып еңкілдеп жылады.

…Асыл жиреннің атағы алысқа кеткені анық еді. Оны үлкен тойларда көзбен көріп, ол туралы әңгімелерді жиі естіп те жүрдік.
Бұл кезде Асыл жиреннің арқасында ат иесі Желдібайдың да атағы аспанға шығып тұрған болатын. Төрт жылдың ішінде Асыл жирен тоғыз автомашина мінгізді, қыруар басқа да бағалы дүниелерге қол жеткізді.

Сәйгүлік десе, сәйгүлік еді. Суреттеп айтсақ, Асыл жиреннің дене бітімі келісті, маңдайы кең, көзі отты, астыңғы ерні салбыраңқы, жағы имектеу, сағағына қос жұдырық сыйып тұратын, тұяғы жұмыр, бүйірі қысыңқы, мықыны тар, үлкен бота тірсек,сіңірінің арасында жуан саусақеркін сиятын ерекше серіппелі,желқанатты жануар еді.

Жақсы ат аяғынан қалады ғой, қатарынан төрт жыл жарыстарға үзбей қатысқандытан және допингтің кері әсерінен бір күндері қайран сәйгүлік қанжілік ауруына душар болады. Оның үстіне аяқ сіңірлері қатты зақымданған екен. Жүйрік аттың қатардан қалып, аяғынан айырылғаны да елге тарап кетті. Асыл жирен төрт аяғын нық басып тұра алмай, аяқтарын кезектеп басқан сайын аяңкестеніп, бүгежектеп жүретін болады. Біраздан кейін ақсап, аяғын сылтып басатын болды. Ауруы асқынған тұста ыстығы көтеріліп, тамырының соғуы, тыныс алуы жиілеп, құр сүлдері қалды. Осы тұста Асыл жиренді емдеуге белгілі атбегі, жылқы емшісі Нұркелді алдырылды. Тек Нұркелдінің ерекше күтімге алып, бос қойғызып, сипатпай, ешкімге мінгізбей, сегіз ай бойы жүген-құрық тигізбей ұстағанының арқасында Асыл жирен сырқатынан аздап сейіліп, қатарға қосыла бастайды. Күннен-күнге серги түседі. Бірақ жүйріктің осы өте ауыр сырқатынан ада-күде жазылуына кемінде екі-үш жыл қажет еді…

Желдібай сол кездегі өкінішке толы оқиғаны өзі баяндады:

— 2000 жылдың шілде айының аптап ыстық күндерінің бірінде ауданымыздың байы, мұнай банкінің директоры Айдабол Сыпыралин мырзаның қырық жасқа толуына арналған ұлан-асыр, аста-төк тойы өтетіні жөніндегі хабар жетті. Ол тойда бәйге өткізіледі екен, оның бас жүлдесі — Джип автокөлігі деген әңгіме осы хабармен қоса ілесіп келді. Мен бұл хабарды естіген соң, аттың әбден сауығуына қарамадым. Бапкерлерге бір айдың ішінде оны жаратып, банкирдің тойындағы аламан бәйгеге қосуды талап еттім. Оған көпті көрген, ақыл түйген Нұркелді аға үзілді-кесілді қарсы тұрды. Асыл жиреннің сырқатынан толық айықпағанын, жылқыға обал болатынын айтып, мені райымнан қайтаруға шақырды. Дұрыс ақылға мен дүлей көнбедім. Нәтижесінде білікті ат маманы, үздік жылқы емшісіНұркелді аға менімен ат құйрығын кесісіп, үлкен ренішпен еліне қайтты. Ол күні менің есіл-дертім «Ланд-Круизер» Джипке ие болу еді. Өйткені алған жүлделерімнің ішінде осы қымбат автокөлік жоқ болатын, — деп бір тоқтады.

Сонымен көпетен күткен той күні де келіп жетеді. Асыл жирен де ат шабатын жерге әкелінеді. Бірақ көңілге кірбің салатын жайттар да алдан шығады.

Осы жерде айта кету керек, ат бәйгесін өткізуге, атақ алуға құштармыз, ал ұйымдастыруғакелгенде немқұрайлық пен жауапсыздық танытатынымыз жасырын емес. Біріншіден, ат шабатын жердің дұрыс таңдалмағаны, жан-жақты дайындалмағаны байқалып тұрды. Айналым бойы толған қиыршық тастар. Шұғыл бұрылыстары мен қыраттары, ойлы-шұңқырлары мүлдем тегістелмеген. Бір сөзбен айтқанда, жарыс алаңы дайын емес. Біраз тәжірибелі атбегілер бұл жергеәкелген аттарын бәйгеге қосудан бас тартып, жүйріктерін жетектеп кері қайтып кетті. Жарыс алаңын көрген Желдібай да әуелдегі атын бәйгеге қосудан бас тартқысы келеді. Алайда, дүниеқорлық, астамшылық ол ойдан басым түсті. Төбе басында күнге жарқырап тұрған су жаңа Джип бәрін ұмыттырады. Алакөзденіп кеткен ат иесі кавказдық жігіт Махмуд Исрайловтың «Аламанды ұту үшін екі есе артық дәрі егуіміз керек, бірақ ол сырқатынан толық айықпаған Асыл жиреннің өміріне өте қауіпті», — дегеніне қарамайды. Желдібай героин қосылған допингті жарысқа он бес минут қалғанда аттың қанына құйдырып жібергізеді. Ондай дәрі егілген ат ешқандай жарақатты да ауырсынбай, аяқтары тілініп, қан жоса болса да, өлгенше шаба береді…

Аламан бәйге біраз кешігіп, тұп-тура күн қызып, шыжып, аспан жерге түсіп тұрған уақытта басталды. Жарыс жолына 106 жүйрік шықты. Бірден күннің ыстығына, ойлы-шұңқырдың және қиыршық тастардың кедергілеріне шыдамаған көптеген аттар он шақырым шаппай жатып-ақ, жарыс жолынан шығып қалды.

«Жүйріктен жүйрік озар» демекші, тірсегі тесіліп, сіңірі кесілгеніне қарамай Асыл жирен басқаларынан оқ бойы озып, көмбеге бірінші жетті де, оқырынып барып, омақаса құлады. Допинг дегеніне жетті, тұлпардың жүрегі жарылып өлді.Сол сәтте өлген атқа жаны ашыса да, Желдібайдың бойында өзегін өртеген өкініш сезімі бола қойған жоқ. Банкирдің қолынан «Ланд-Круизердің» кілтін алған бойдажууға кіріседі. Ас та төк сол жүлденің тойында Қарағанды өңірінен келген бір жігіт:

— Жігіттер, Қарағанды облысында ұшқыр жүйрік бір ат бар. Жасы -бесте. Таза қанды ағылшын тұқымынан. Нағыз тұлпар. Бағасы да аса қымбат емес, — дейді.

Дүниенің бәрі өз уысында тұрғандай сезінген Желдібай үшін бір жерде жүйрік ат бар десе, бағасы соншама қымбат десе де, ол ұшып барып сатып алуға даяр еді. Көз алдына тағы да жеңіс, тағы да көл-көсір табыс елестеген Желдібай сол сәтте-ақ шешім қабылдайды. Әлгі бейтаныс жігітті ертіп алады. Су жаңа Джиппен түн ішінде Қарағандыға қарай бет түзейді. Рульде кавказ жігіті — Махмуд, жанында Желдібайдың өзі. Ал артқы орындықтарда қарағандылық бейтаныс жігіт пен ат маманы Спиридон отырады. Шат-шадыман қуаныштан желпінген көңіл ауа райының бұзылып тұрғанына да қаратпайды. Жаңа автокөлік теп-тегіс тас жолмен жүйткіп келеді. Артқы орындықтағылар қалғи бастайды. Желдібайдың көңілі алып-ұшып, жүйрік атты басқа біреу сатып алып кетпей тұрғанда тез жету үшін тағатытаусыла түседі.

Аспанда Ай да, жұлдыз да көрінбейді. Тұтас бұлт басқан. Тастай қараңғылықты жүйрік машинаның жарығы қақ тіліп келе жатты. Анда-санда найзағай жарқылы ғана түнгі қараңғылықты бір серпіп тастайды. Әуелгіде күннің күркірегені қатты естілмеген болатын. Бірақ бірден-бірге найзағайдың жарқылдағаны күшейіп, дауысы да қаттырақ шыға бастады. Балқаштан асып, Қарағанды қаласына екі жүз шақырымдай жер қалған шамада көзді ашып-жұмғаншаболмайды, аспан мен жердің арасын көз қарықтырар аппақ от жалғастырып, жүйткіп келе жатқан Джипке найзағай түседі.Кейін анықталғанындай, жай оты машинаның жүргізуші отырған жанындағы антеннасына түскен екен. Рульдегі Махмуд пен арттағы бейтаныс жігіт сол жерде қайтыс болады. Су жаңа машинаның түгі де қалмай, өртеніп кетеді. Желдібай және ат маманы тірі қалады. Бірақ екеуі де ауыр жарақат алып, сол жерден жедел Қарағанды ауруханасына жеткізіледі. Желдібай Қарағандыда алты ай жатып, емделеді, дегенмен мүгедек болып қалады. Содан соң Қорған қаласына барып, Илизаров емханасында емделеді.

Тағдырдың жазуы ма, әлде өмірде бола беретін сәйкестіктің бірі ме, кім білсін, әйтеуір сол түні Желдібайдың ауылдағы үйі мен ат шаптырым қорасы қоса өртенеді. Электр сымының тұйықталғандығынан болған деген болжам бар. Ол аттардыұстау үшін арнайы кең де келісті қылып қора салдырған ғой. Сол өртте оның жинаған барлық машиналары және жылқылары мен сиырлары түгел жанып кетеді. Әйелі мен бала-шағасы әрең қашып құтылған екен.Міне, екінші кездесуімізде мүлдем басқа адам болып келген Желдібай осындай оқиғаларды айна-қатесіз айтып берді. Дәулеті тасып тұрғанда адамның астамшыл болатынына да көзі жеткенін жасырмады.

Бізбен қоштасар сәтте Асыл жиреннің және бір қылығын еске алды:

— Құлын кезінен қолымда өсірген соң, Асыл жирен мені топ адамның ішінен де жазбайтанитын. Мен айналым ортасында шабандоз балаға «Шап-шап! Тоқтама! Айда-айда!» деп айқайлап тұрғанымда Асыл жирен бір қарап еді. Және соңында көмбе сызығынан өткен кезде тағы да бір қарады. Көзі шарасынан шығып кетердей екен. Содан соң қайран жануар«мен біттім» дегендей, омақаса құлады. Асыл жиреннің екі рет қарағаны әлі көз алдымнан кетпейді, — деді Желдібай…


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама