- 27 қаз. 2016 00:00
- 265
Ата-аналар талдықорғандық тәрбиешіні жұмысына қайтаруды талап етті
Талдықорғандағы № 42 балабақшаның ата-аналары тәрбиешіні жұмысына қайтарсын деп талап етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ата-аналар тәрбиеші Светлана Джексембаеваны тәжірибелі, 35 жылдан астам еңбек өтілі бар, балаларды өте жақсы тәрбиелейтін маман деп санайды.
«Біздің тәрбиешімізді негізсіз жұмыстан қуды. Тек бір адам ғана жасырын түрде арыз жазған. Соның негізінде жұмыстан шығарып жіберді. Ол ешкімге кітап-дәптер ал деп талап қойған жоқ», - деді ата-ананың бірі Олеся Кнорр.
Қазір ғана тәрбиешіні жұмысына қайтарсын деген ата-аналар Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанна Магданқызынан көмек сұрады.
«Біз бұл мәселені міндетті түрде анықтаймыз. Егер балабақша тобындағы 35 баланың 34-інің ата-анасы тәрбиеші жұмыстан кетпесін деп отырса, расымен де ойланатын жағдай», - деді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанна Магданқызы.
Қазір ата-аналар Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлованың атына өтініштерін жазып, тәрбиешінің мәселесіне немқұрайлы қарамауын өтінді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше ата-анадан 18 оқу-дәптерін сатып әкелуді талап еткені дәлелденген Талдықорғандағы № 42 балабақшаның тәрбиешісі қала әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаевтың жиналысынан кейін, қалалық білім бөлімінің бұйрығымен жұмыстан шығарылды. Ал балабақша меңгерушісіне сөгіс жарияланды. Сондай ақ жиында Мәрлен Көлбаев Мемлекеттік мекемелерде балаларды оқулықтармен қамту үшін қажетінше қаражат қарастырылған. Ал оқу-дәптерлерін алу-алмау ата-ананың өз еркінде. Бірақ, оны талап ету - жемқорлыққа жетелейді деп атап өткен болатын.