img.inform.kz
- 18 мам. 2026 16:31
- 28
Атырауда отбасының қазасы: Прокурор қылмыстың мән-жайын баяндады
Атырау облысындағы Жангелді ауылында орын алған отбасылық қырғынға қатысты сот отырысында прокурор Мирас Бауыржанов қылмыстың мән-жайын толық баяндады. Бұл қылмысты жасады деген күдікпен Сұлтан Сәрсемәлиев сот алдында жауап беріп отыр.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокурордың айтуынша, Сәрсемәлиев 2025 жылдың наурыз айында Атыраудағы Мұнайшы ықшам ауданындағы үйінде әйелінің інісі Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген. Одан кейін марқұмның атынан ұялы қосымша арқылы 4 миллион теңге несие рәсімдеген. Бірнеше күн өткен соң, Наурыздың телефонымен WhatsApp арқылы Насип Өтешқалиевадан 350 мың теңге сұраған. Ақшаны такси қызметін атқаратын ер адам арқылы алдырған. Такси жүргізушісі терминал арқылы ақшаны Наурыз Мұқанғалиевтің нөміріне аударған.
Отбасылық жанжал және қос адамның өлімі
2025 жылдың қараша айында Сұлтан Сәрсемәлиев әйелі және екі қызымен бірге Қызылқоға ауданындағы Жангелді ауылына қонаққа барған. Сол кезде отбасы мүшелері арасында жанжал туындаған.
Күдікті үйдің ауласындағы қорада шаруамен айналысып жүрген Насип Өтешқалиеваны байқап, оны пышақтап өлтірген. Содан кейін өзінің қайын атасын жаралап, қораға көміп тастаған.
Сот процесі ашық түрде өтіп жатқаны айтылды. Істі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зәрема Хамидуллина қарап жатыр.
Күдіктіге бұған дейін ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-тармағының 1-тармағы («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша, сондай-ақ 188-бабы («Ұрлық») және 190-бабы («Алаяқтық») бойынша мал сату және банк карталарын ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұған дейін болған оқиғалар
Естеріңізге салсақ, 2025 жылдың соңында Жангелді ауылынан бүкіл отбасы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен болатын. Кейін, 2026 жылдың 6 қаңтарында Атырау облысында жоғалған отбасының екі мүшесінің – отбасы басшысы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Насип Өтешқалиеваның мәйіттері шаруашылық қорасынан табылған еді. Кейін олардың денелерінде пышақ жарақаты болғаны анықталды.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы мен тергеу барысында анықталған дәлелдемелерге сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында, ал қалған үшеуі – отбасы басшысы, оның әйелі және қызы қараша айында қайтыс болғаны белгілі болды.
2026 жылдың 9 қаңтарында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевтің іздестіріліп жатқаны ресми түрде хабарланды. Қайтыс болғандардың қыздары да күдікті ретінде танылды.
Ақпанның 24-і күні Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаны белгілі болды. Наурыз айында оларды Атырауға жеткізді.
Кейіннен полиция қызметкерлері Сұлтан Сәрсемәлиевті қайын атасы мен енесі өлтірілген үйге алып келді. Сол жерде ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берді.
Сотталушыға ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-тармағының 1-тармағы – «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, оған марқұмдардың малдарын сату және банк карталарын пайдаланумен байланысты ұрлық және алаяқтық туралы баптар да тағылды.
Атырау облыстық прокуратурасы болса, Ақбаян Мұқанғалиеваның өз отбасы мүшелерінің өліміне қатысы жоқ екенін хабарлады. Облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.
Сондай-ақ, Алматыда Ақбаян Мұқанғалиеваға психиатриялық сараптама жүргізілгені белгілі болды.