tengrinews.kz
- 05 сәу. 2026 12:31
- 40
Атырауда полиция қызметкерлеріне топ болып қол жұмсаған жастар ұсталды
Атырау облысы Мақат ауданында бір топ жас жігіт қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қол жұмсады. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан белгілі болды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 3 сәуірде, жұма күні, шамамен сағат 22:00-де болған. Агрессивтілік танытқан азаматтар тобы полиция қызметкерлеріне күш қолданған. Салдарынан екі қызметкер зардап шеккен.
Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысқан барлық азаматтар анықталды және оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Қылмыстық іс қозғалды
«Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ведомство хабарламасында.
Полиция құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бағытталған кез келген заңсыз әрекеттерді заңның өрескел бұзушылығы екенін және заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.