Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ауыл мектептері қала мектептерінен 2 жылға артта қалып қойған - Е.Сағадиев

Ауыл мектептері қала мектептерінен 2 жылға артта қалып қойған. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Алматыда өткен Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Ғылым және бизнес» халқаралық форумы барысында айтты.

Министрдің айтуынша, білім беру жүйесіне енгізілгелі отырған жаңа бағдарлама ауыл мен қала мектептерінің арасындағы артта қалушылықты қысқартуға бағытталған.

«Біздің басты міндетіміз - қала мен ауыл мектебінің арасындағы артта қалушылықты жою. Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері арасында ауыл мектебі қала мектебінен функционалды сауаттылық бойынша 8 сыныпқа қарай 1 жылға кеш қалған болса, Қазақстан мектептері екі жылға кеш қалып қойған. Бүгін осы мақсатта алдымызда үлкен міндет тұр. ЭЫДҰ елдері ауыл мектебінің мазмұнын 1980 жылдары жаңғырта бастады. 1990 жылдары реформа толық жүзеге асырылды. 1997 жылы олар білім беру сапасын анықтау жүйесін енгізді. Аталған бағдарламаға 70 елдің білім беру жүйесі қатысты», - деді министр.

Ерлан Сағадиев жаңа білім беру мазмұнына Қазақстан мектептері биыл 1 қыркүйектен көше бастайтынын жеткізді.

Бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектебінде апробациядан өткен. Биыл жазда 73 мың оқытушы қайта оқытылып, жаңа жүйеге 350 мың оқытушы мен 3 млн оқушы қатысады.

«Бағдарлама бөлке нан емес, оны бір жерін кесіп алып тастауға болмайды. Бұл үлкен ғылым. Бала бастауыш кластардан функционалды сауаттылық негіздерін меңгеруі тиіс. Негізгі мақсат - ауыл мен қала мектебінің деңгейін теңестіру. Биыл 1 сынып оқушылары 1 маусымға дейін оқиды. Бұл өз кезегінде 5 күндік білім беру жүйесіне көшуді білдіреді. Келер жылы аталған бағдарламаға 2,5,7 сыныптар көшеді. 9 сыныптар да көшуі ықтимал», - деді министр.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама