Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ахаңның бастауыш білім жайлы ойлары

Қай заман болсын оқудың маңызы зор. Себебі адам білім мен ғылымның арқасында жетістікке жетеді. Ұлт зиялыларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу жайлы» мақаласында «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ» деп оқудың маңызын тағы еске салды. XX ғасырда ұлт ұстазының публицистикасында оқу жайлы, соның ішінде бастауыш білім жайлы бірнеше мақалалары жарыққа шықты.   

Ахаңның «Қазақ» газетінде редактор болғаны мәлім. Газеттің басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Мәселен, «Қазақша оқу жайлы» мақаласында оқудың мән-жайы мен маңызы жайлы жазылған. Сонымен қатар, XX ғасырдың бастауыш білім беру саласындағы бала оқытуға арналған жосықтың әлі жасауға келмейтіндігі баяндалады. Өйткені халық арасында әліппе енді жасалып, дін жайында, есеп оқытатын, жағрафия мен тарихтан хабар беретін кітаптар әлі шыққан жоқ еді. Ахметтің өзі «Сондықтан программа деген сөз әзір ертерек. Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс» деп бағыт-бағдар береді. Ең алдымен ұлт ұстазы баланы оқытпастан бұрын бірнеше жұмыстардың шешімін табу керектігін жазды. Бала оқытатын мұғалім әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек. Одан кейін баланың табиғатына көңіл бөліп, ішкі сезіміне үңілуі қажет. Бұл тұрғыда Ахметтің көтерген мәселесі қазіргі заманмен ұштасып отыр. «Мектептің жаны - мұғалім» демекші ұстаз шәкірттен білімді, әрі жан дүниесін түсіне алуы маңызды. Тіпті бүгінде баламен сөйлесе алмайтын мамандардың педагогика саласына келуі жиелеп барады. Педагогтарды даярлау кезінде психология пәнін оқыту бекер емес.

Ахаң бастауыш білім саласына көңіл бөлу керектігін алға тартты. Қазіргі кезде бастауыш білім беру салаларында олқылықтар жетерлік. Бастауыштан дұрыс білім алмаған бала жоғары сыныпқа келгенде білімді меңгере алмайтыны анық. Себебі білімнің бәрі баланың жастайынан қалыптасады. Оқу құралдардың жағдайы да бүгінде көңіл көншітпейді. ҚР Білім және ғылым министірі Асхат Аймағамбетов «Тіпті 3-4 сыныпардың тақырытары күрделі. Сабақты бекіту, қайталау уақыты болуы керек. Егер бала бағдарламаны меңгере алмай қиналса, оның оқуға деген қызығушылығы мен ынтасы жоғалады» деп бастауыш білім саласындағы оқулық пен оқу бағдарламасын қайта қарау керектігін айтты.

Ахаң «мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болу тиісті» дейді. Мұғалімді де даярлау мәселесі бұл мақалады қозғалған. Себебі балаға керек тәлім-тәрбиені мұғалім береді. Кезінде қазақтың көзін ашып, тәуелсіздік рухын көтерген «Қазақ» газетімен үндес «Садақ» журналының «Мұғалімдік туралы» мақаласында Ж. Тілепбергенов мұғалімдерді дайындайтын курстар ашу керектігін жазады. Бұдан Ахметтің көтерген мәселесі өзге де азаматардың қолдағанын және сол заманда мұғалімдерді даярлау мәселесі керек болғанын аңғарамыз. Қазіргі таңда да мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жүргізу қолға алынды.

Ахаң мақалада сол кездегі мұғалімдердің кемшіліктерін батыл жазды. Олардың қателігі – баланы әріпті танымастан бұрын дыбыспен оқытпауы. Білім саласында 2016 жылға дейін болған әліппенің алғашқы беттерінде әріптерден емес, суреттерден басталуы бекер емес. Себебі бала ең алдымен сөйлеу арқылы, дыбыстау арқылы әріптерді таниды. Кейін жаңартылған білім беруге көшкен кезде әліппенің орнына жаңа «Сауат ашу» кітабы қолданылды. Бұл оқулық 1-сынып оқушылардың меңгеруіне ауыр болды. Себебі оқулықтағы нұсқаулықтар тым көп. Оны әріп білмейтін бала қайтіп оқысын? Қуанышымызға орай, 2021-2022 оқу жылында Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесімен дайындалған әліппемен оқушылар мектеп табалдырығын аттады.

Білім беру саласында ұлт ұстазының ойлары бүгінде өзектілігін жоймай, әдістемесі педагогикада қолданылуда. Елдің болашағы білімді жастардың қолында екенін сөзсіз. Сол білімді жастарымыз жастайынан дұрыс алуы керек. Ахаң мақалада: «...әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» деген екен.

Олжас ПАВЛИК, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің  1-курс студенті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама