
- 29 қаң. 2020 00:00
- 308
Байларыңды шаққанша, бадам алып шағыңдар
Бір күні Қожа мен әйелі болмашы нәрсеге ұрысып қалады. Жанжал басы — палау болса керек. Әйелі палау басса, түбі күйіп кетіпті. Қожа мұрнын тыржитып, алдына келген тамақты иіскейді. Бәйбішесі бұған күйіп-пісіп, ашуланып, екеуі отасқан отыз жыл ішіндегі Қожаның жаза басқан жүрісін, қателіктерін жіпке тізе бастайды. Не керек, содан үш сағаттай сөйлейді.
Тамағы құрғап қырқылдап қалған ол Қожадан:
— Сен қалай шыдап, үн шығармай тыңдап отырсың? — деп сұрайды.
Сонда Қожа жай, байсалды түрде:
— Мен сенің барылдаған сөзіңді тыңдаған да жоқпын. Мен әлгі базарда бадам сатушылар не деп жар салса, жарасар еді деп соны ойлап отырмын. Қатын, сен қалай қарайсың, бадам сатушылар: «О, қатындар, қатындар, байларыңды шаққанша, бадам алып шағыңдар!» деп айғайласа, қатып кетпес пе еді? — депті.