Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары
1. Сабақтың тақырыбы: Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары.
Бейнелеу өнері
2. Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Бейнелеу өнерінің түрлерімен және жанрларымен таныстыру. Бейнелеу өнері жанрларына арнап сурет салған суретшілердің шығармаларын талдап үйрену.
ә) Дамытушылық: Өнер шығармалары жайлы түсінігін кеңейту; жанрлар ерекшелігін ажырата білу қабілетін дамыту; өнерге қызығушылығын арттыру.
б) Тәрбиелік: Эстетикалық тәрбие беру; суретші шығармалары арқылы оқушыларды әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеу.
3. Сабақ типі: жаңа оқу материалын меңгерту.
4. Сабақ әдісі: «галереяға саяхат», сұрақ - жауап, түсіндіру.
Сабақтың түрі: ашық сабақ
5. Сабақ көрнекілігі: Суретші шығармалары, тест сұрақтары, картиналар, плакат, сөзжұмбақ «Галерея».
6. Сабақ барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушыларды сабаққа даярлау.
Сабаққа қажетті құрал - жабдықтарын түгендеп, жұмыс орнын ұйымдастыру.
2. Жаңа сабақ.
Сабақ тақырыбын баяндау.
Бейнелеу өнері дегеніміз – айналамыздағы өмір көріністерін жазықтықта әрі кеңістікте бейнелеу арқылы суреттейтін өнер түрі.
Бейнелеу өнері сан ғасырлық даму тарихына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Олар: живопись, графика, мүсін, сәулет өнері және сәндік - қолданбалы өнер.
Живопись – қағаз, тақтай, картон, кенеп бетіне әртүрлі бояулармен орындалатын шығарма.
Графика – қағаз, картон бетіне қарындаш, қаламұш, көмір, тушь арқылы орындалатын сурет.
Мүсін - әртүрлі материалдармен (тас, ағаш, металл, сазбалшық, ермексаз) дөңгелек көлемді кеңістікке сомдалған көркем шығарма.
Сәулет өнері – үйлер, ғимараттар, көшелерді жобалау және оны жасау өнері.
Сәндік - қолданбалы өнер – халық тұрмысында кеңінен қолданылатын көп салалы өнер. Әрбір халықтың шығармашылығымен байланысты өнер. Бұл өнер түріне қазақтың ұлттық қолөнері жатады.
Осы өнер түрлері ішінде айналамыздағы қоршаған дүниені шынайы, жанды етіп түрлі - түсті бояулармен суреттейтін өнер – живопись (кескіндеме) өнері. Живопись жайлы мынадай аңыз бар: «Бірде грек суретшісі Зевксис жүзім суретін салыпты да, бояуы кепсін деп терезе алдына қойыпты. Сөйтсе құстар суретті шын жүзім екен деп шұқи бастапты». Бұл аңыз живопись өнері бізді қоршаған табиғаттағы нәрселерді сол қалпында айнытпай жеткізе алатынынан хабар бергендей.
Живопись орындалу ерекшелігіне қарай бірнеше жанрға бөлінеді: натюрморт, пейзаж, портрет, маринистік жанр, анималистік жанр, тарихи жанр, батальдық жанр.
Живопись жанрларымен танысу үшін галереяға саяхат жасайық. Сөзжұмбақ шешу «Галерея».
Галерея – көркем шығармалар қоры жинақталған орын. Қазақстандық суретшілердің шығармалары, жалпы Қазақстан бейнелеу өнері туындылары жинақталған орын ең алғаш рет 1935 жылы Алматыда ашылды. Ол Қазақ Мемлекеттік көркемсурет галереясы деп аталды. 1976 жылы Қазақ қолөнер мұражайымен бірігіп, 1984 жылы оған Әбілхан Қастеев есімі берілді. Қазір Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік Бейнелеу өнері мұражайы деп аталды.
Балалар, біздің галереямызда живописьтің түрлі жанрындағы шығармалар жинақталыпты.
Алдын - ала берілген тапсырма бойынша оқушылар әр жанрға түсініктеме беріп, мұғалім толықтырады.
Натюрморт – жансыз заттар мен бұйымдарды үйлесімді етіп бейнеленген шығарма. «Натюрморт» - француз сөзі, аудармасы «өлі табиғат» дегенді білдіреді. Натюрморт алғаш рет 17 ғасырда Голландияда пайда болды.
Пейзаж – табиғат көріністері бейнеленген шығармалар. Пейзаж жанры әр алуан. Кейбір пейзаж шығармалары өмірде бар нақты көріністерді бейнелесе, кейбіреулері суретшінің ой - қиялынан туады.
Портрет – адамның бет пішіні бейнеленген көркем шығарма. Портрет жазушы суретшінің басты мақсаты – адамның сырт ажары ғана емес, ішкі жан дүниесін, рухани келбетін көрсете білу.
Тарихи жанр – белгілі бір оқиғалар мен тарихи кезеңдер бейнеленген көркем шығармалар.
Батальдық жанр – соғыс оқиғалары, Отан қорғау, жер қорғау көріністері бейнеленген көркем шығарма.
Маринистік жанр – теңіз, көл, мұхит сияқты табиғат көріністері бейнеленген шығармалар.
Анималистік жанр – жан - жануарларды бейнелеген көркем шығарма. Ол латынның «animal» (хайуанат) деген сөзінен шыққан.
Енді бүгінгі сабақта алған білімізді топтық сайыс арқылы бекітейік.
3. Сайыс
Оқушыларды 3 топқа бөлу.
1 топ – «Қызыл бояу» тобы
2 топ – «Сары бояу» тобы
3 топ – «Көк бояу» тобы
Сайыс бөлімдерімен таныстыру.
1. Халық суретшілері жайлы не білесің? (үйге берілген тапсырма)
2. Картина құрастыру. Үш топ берілген қиындыларды жапсырып, картина құрастырады.
3. Суретші шығармасын талда.
4. Тест сұрақтарына жауап беру.
1 топ
1. Жылы түстерді ата.
а) көк
ә) сары
б) күлгін

2. Иллюстрация дегеніміз -
а) ертегі мазмұнына арнап салынған сурет
ә) ойдан салынған сурет
б) түрлі нобай суреттер

3. Ә. Ысмайыловтың «Хантәңірі» шығармасы қай жанрға жатады?
а) натюрморт
ә) портрет
б) пейзаж

4. Маринистік жанр дегеніміз -
а) соғыс тақырыбындағы шығармалар
ә) теңіз, көл тақырыбындағы шығармалар
б) жансыз заттар бейнеленген шығармалар

5. Акварель бояуын немен езеді?
а) сумен
ә) тек ыстық сумен
б) арнайы ерітіндімен

2 топ
1. Суық түстерді ата.
а) қызыл
ә) қоңыр
б) көк

2. Түс шеңбері неше түстен тұрады?
а) 8
ә) 6
б) 4

3. Оқулықтағы Ж. Қайранбаевтың «Қыз келбеті» шығармасы қай жанрға жатады?
а) пейзаж
ә) портрет
б) тарихи жанр

4. Түрлі - түсті бояулармен салынған көркем шығарма қалай аталады?
а) графика
ә) сәулет өнері
б) живопись

5. Живопись сабағына қажетті басты бояу құралын ата?
а) гуашь
ә) акварель
б) тушь

3 топ
1. Негізгі түстерді ажырат.
а) күлгін, сары, жасыл
ә) қызыл, көк, сары
б) жасыл, қызыл, көк

2. «Композиция» сөзі нені білдіреді?
а) бейнелеу
ә) құрастыру
б) суретті бояу

3. Пейзаж қандай шығарма?
а) жануарлар бейнеленген сурет
ә) табиғат көрінісі бейнеленген сурет
б) адам келбеті бейнеленген шығарма

4. Саз балшық, тас, ағашпен жұмыс жасайтын шебер.
а) мүсінші
ә) суретші
б) сәулетші

5. «Амангелді сарбаздары» туындысының авторы кім?
а) Қ. Телжанов
ә) Ә. Қастеев
б) М. Кенбаев

Әрбір дұрыс жауаптарға ұпай – қарындаш беріледі. Қарындаш саны көп топ жеңіске жетеді. Оқушыларды бағалау.
4. Сабақты қорытындылау.
Біз бүгінгі сабақта бейнелеу өнерінің түрлері және жанрларымен таныстық. Түрлі жанрда жазылған суретші шығармалары қоршаған ортаны, табиғатты, дүниені танып - білуге, сұлулық пен әсемдікті көре, сезіне білуге ұмтылдырады. Бейнелеу өнері бізді сұлулық әлеміне жетелейді.
5. Үйге тапсырма.
Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары жайлы оқып келу.

Шалқар аудандық көркемсурет лицейі МКҚК - нің
композиция пәні мұғалімі
Торғаева Шаттықгүл Жесебайқызы

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама