- 05 нау. 2024 04:35
- 349
Бейуақтың бейбақ бұлбұлы
Шыңжаң қазақ жазба əдебиетінің негізін салған Таңжарық Жолдыұлының есімі бұрын негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында мейлінше белгілі болса, бүгінгі күні оның мəйекті де мағыналы əдеби мұрасынан күллі Алаш жұртшылығы хабардар. Қытайда туып, сол жақта дүниеден өткен ардақты ақынның біраз шығармасы ыждаһатымен ынтызары бөлек жандардың арқасында сонау кеңестік кезеңде - ақ шекара аттап, бергі бетке жетіп үлгерген - ді. Қырағы көздердің сүргі - сұрпынан сығымдала өтіп барып, күйеу баласы – танымал жазушы Бұқара Тышқанбаевтың құрастыруымен 1974 жылы «Армантау» атты жинағы баспа жүзін көрді. Ұлт мүддесіне адал ұстаз ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев жəне Əсілхан Оспанұлының жетекшілігімен оның поэзиялық мұрасы жөнінде сол уақыттағы студенттер, болашақ белгілі зерттеушілер Тілеужан Сақалов пен Əлімғазы Дəулетхан – бірі Алматыда, бірі Шымкентте диплом жұмысын қорғады. Бірақ кандидаттық зерттеу жазуға талпыныстарының жолына тосқауыл қойылды. Сазгер ақынның «Амандасу» əні Дəнеш Рақышевтің орындауында таспаға басылып, ел ішіне тарады. Сөйтіп, құрсауы қатты қоғамның тыйымдарына қарамастан, Таңжарықтың тағдыр - талайы мен туындылары жұртшылықтың аузына ілікті, көкірегіне қонақтады. Тәуелсіздік тұсында таңжарықтанудың тыңнан тынысы ашылды. Осы орайда оның құнарлы қазынасын түгендеу мен танытуға күллі ғұмырын сарп еткен жазушы Оразанбай Егеубаевтың еңбегі ересен. Ақынның өмірін жəне өнерпаздығын зерттеушілер мен зерделеушілердің қатары қалыңдап келеді. Таңжарық жəдігерлігін талдап жүр - гендердің ішінде Серік Негимов, Амантай Кəкен, Дүкен Мəсімханұлы, Тұрлыбек Мəмесейітов, Бауыржан Омарұлы, т. б. білікті оқымыстыларымыз бар. Қазір ақынға туған топырағында ескерткіш қойылған, ол туралы телефильм түсірілген жəне роман жарық көрген, шығармалары дүркін - дүркін кітап болып басылған. Мерейтойлары өткізілді. Ел байтағы – Астана қаласында атына көше берілді. Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Шыңжаңдағы əдебиеттің жарық жұлдызы – Таңжарық Жолдыұлы шығармалары туған əдебиетіміздің төрінен лайықты орын тапты». Бұл – ұлтының, ұрпағының болашағына жанжігерін жұмсаған асыл азаматтың тарих күресінінде қалмағандығының белгісі.
Академик Зейнолла Қабдолов бейнелі түрде «бейуақтың бейбақ бұлбұлы» деп сипаттаған ақын Таңжарық Жолдыұлының өмірі заманалық талас пен тартыс, арпалыс пен ауыртпалық ызғырығының өтінде өтсе, өлеңдері соған сəйкес өжеттікпен, өрлікпен суарылды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш арыстарымен мұраттас қаламгер жырларының сексен пайызының Гоминдаң қапасханаларында жазылуы – елім деп еңіреген ердің тағдырдан көрген теперіші.
Ақынның соңына қалдырған шығармашылық мұрасы бай. О. Егеубаевтың мəліметіне иек артсақ, 129 лирикалық өлеңі мен толғауы, 7 өлең - романы, 5 қиссасы, 6 айтысы, 11 əні белгілі екен. Зерттеушілер алдындағы ендігі міндет – осыларды əр қырынан талдап - таразылап, ерекшеліктерін екшеу жəне əдебиеттану ғылымының тұрақты айналымына қосу.
Қорыта айтқанда, биыл туғанына 118 жыл толып отырған Алаш арысы Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен өнерпаздығы тарихта мәңгі қалмақ.
Галпай Ұлжан Әсенқызы,
Филология және әлем тілдері факультетінің 1 - курс студенті
Ф. Қозыбақова, ғылыми жетекшісі
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры