- 25 қаң. 2019 00:00
- 307
Бірегей білім ордасы
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген екен қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Ел тәуелсіздік алғалы мемлекетімізде дарынды жастарға үлкен мүмкіндіктер жолы ашылды. Көптеген жоғары оқу орындары білімді жастардан білікті мамандар даярлап, ел мүддесі үшін қызмет етуде. Соның бірі және бірегейі еліміздегі ең үздік университеттер қатарынан көрініп келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.
1934 жылы іргетасы қаланған білім ордасында 16 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми- зерттеу институттары жүйелі түрде қызмет атқаруда. Елімізде заңгерлер дайындауда көш бастап тұрған заң факультетінің Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасы да аталмыш тізімде көш бастап келеді. Азаматтық құқық, еңбек құқығы және азаматтық іс жүргізу деп аталған қос кафедраны біріктіру негізінде құрылған аталмыш кафедрада аттары әйгілі болған М.А. Ваксберг, Г.В.Степаненко, А.И.Беспалова, Ю.Г.Басин, М.К.Сулейменов, Б.Б.Базарбаев, А.Г.Диденко сынды тұлғалар шәкірт тәрбиеледі. Ал қазіргі таңда 31 адам, яғни алты профессор, ғылым докторлары, 12 ғылым кандидаттары студенттерді білім нәрімен сусыдатып келеді.
Үздік факультеттің азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасы белсенді жастарға арнап әлеуметтік-тәрбиелік маңызы бар іс-шараларды да жиі өткізеді. Атап айтар болсақ, «Айналаңды нұрландыр» жоба шегінде «Нұрлы Жол» Президент жолдауының аясында №18 жатақханада өткен «Әлеуметтік құқықтық саясат» ашық дәрісі, ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап жобасы аясында өткізілген «Мұзбалақ ақын Мұқағалидың таңдаулы шығармалары» шарасы, Н.Гогольдің «Мертвые души» еңбегін талдау бойынша, сонымен «Абай шығармашылығы және заманауи жастар» атты тақырыптармен өткен іс-шаралар жастардың рухани кемелденуіне үлкен септігін тигізді десек артық айтқанымыз болмас. Яғни ұжымдағы ұстаздар қауымы тек білікті ғана емес, жан-жақты танымы кең маман дайындау жолында қызмет атқарып келеді.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. «Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады» деп дана халқымыз да бекер айтпаса керек. Бұл тұрғыда кафедра оқытушыларының жеткен жетістіктері олардың білім көрсеткіштерін анықтайтын құрал деуге болады. Атап айтар болсақ кафедра қызметкері Абикенов А.А «Құрмет» , Алдашев.С «Чернобыль қаһарманы» ордендерімен марапатталса, Тыныбекова. С адвокатура саласының дамуына қосқан үлесі үшін де арнайы марапатқа ие болды. Ал Джанбаев М.А «Медиацияның жалпы курсы», «Медиатор-тренер даярлау курсы» сынды сертификаттарға білім беру курстары негізінде қол жеткізді.
Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу еңбек құқығы кафедрасының басты миссиясы – заманауи жоғары білімді мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге қауқарлы еліміздің үздіксіз дамуына септігін тигізетін маман даярлау болып табылады.
Г. А. Худайбердина
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті
азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,
еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы