- 13 нау. 2019 00:00
- 264
Біржан мен Балуан Шолақтың кездесуі
Атақты Балуан Шолақтың баласы Құдайберген Шолақов Біржан мен өз әкесі туралы (1964 ж.) мынадай әңгіме айтты:
— Сырқаттанып жатыр деп естіп әкем әдейі барған соң, Біржан разы болып көңілденіп, масайрай бастапты. Әкем сол елде қасына Біржанды ертіп қыдырып тоғыз күн жүріпті. Ауырды-шалықты деген Біржан бір сыр білдірмей, кезегі келген жерде өлең айтып, ән де салыпты.
Әкеме қайтарда:
— Әй, қарағым Шолақ-ай, келгенің өте жақсы болды-ау. Шіркін-ай, жұрттың бәрі сендей болмады-ау!— деп разы болып аттандырып қала беріпті.
Бұлар аттанып кетіп бір жерге қонып отырғанда, артынан шапқын келіпті «Біржан қайта сырқаттанды, сізді шақыра жіберді»— деп.
Әкем: «Алдымда барайын деген жұмысым бар еді, екі-үш күннен кейін барам»,— деп қайырыпты.
Біржанның сырқаты содан меңдей ауырлай беріпті, оны әкем сырттан есітіп, меңдеп кеткен сырқат қой, енді болмас деп, қайыра оралмапты.