Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Біздің ауылдың Наурызы

Біздің ауыл сонау Өр Алтай төрінде, нақтылап айтсақ, қазір­гі Қытай елінің Моңғолия­мен шекараласатын тұсында ор­наласқан. Мен ес білгеннен бері Наурыз тойлайды.

Мереке таян­ғанда ауылдың естияр балаларында қуанышпен бірге қорқыныш та болатын. Ол — қойдың кезегі дегендей топтан бөлініп қалар бір шаруаға ұрынып қалмау. Сол үшін мейрам болардан бір апта бұрын үл­кен­дер қандай іске жұм­саса да, қырқарын жинап қайта жіберген зырылдауық ойыншықтай зымырайтын едік. Әр үйде ауланы тазалау, қабырғаларды әктеу, үй маңындағы қоқысты өртеу, жиһаздарды реттеу, жас келін­дер мен қыздар келі-келсаппен көрші-қолаң, үлкен үйлердің бидайын түктеу, жент бұлағау, шүйірмек жасау, түрлі тамақ пісі­ру­лер кем дегенде 4-5 күн бұрын басталатын.

Мерекенің негізгі көркі — дас­тарқан. Өйткені, бұл мезгіл айран, сүт, қатық, қойдың уызы, сиырдың уызы, шұбат, ақ ірім­шік, қызыл ірім­шік, ке­бе­­же түбіндегі мәйек ірім­шік, ежі­гей құрт, сықпа, қарын құ­ры­­шын­­дағы күзгі сүт­­тің сары­м­айы, ұнға ораған соқта­лы қа­зы, майлы сүр жамбас де­­­ген­дер­­дің бәрі әр үйде сауда­сыз ба­зар аш­қандай самсап тұрады.

Мереке 22 наурыз күні таңертең басталады. Мереке­ні ең алдымен бастайтын — балалар. Онда қалыптасқан бір жайт, тақыр кедейдің таз баласы болсаң да, үстіңе жаңа бір­деңе ілесің. Аяқ киімің бе, шал­барың ба, жейдең бе, бас киімің бе, әйтеуір біреуі жар­қырап тұруы тиіс. Үстіңдегі бір киім­нің аса жарқырағаны — өз­ге ескі киімдерді бұрынғыдан бе­тер көнертіп көрсетіп, онан әрі бейшара ғып жіберетіні тағы бар ғой. Арқа-мойын арасында әне жеріңді қымқырып, міне жеріңді жымқырып, топ баланың дүбіріне елігіп шауып ала жөнелесің. Десе де, жарқ етіп шыға келгеніңе алғаш ке­зік­кен анау-мынау кісіден кіш­­кене қысылатының бар. Алай­да оның бәрі топ ішіне кір­ген­ше ғана. Топқа кіріп бойың үйрене бастаған соң, ұялғанның өзі ұят.
Жалпы, біздің ауылда үйге келген адам үй сыртынан ыс­қыру, есік алдына келіп дыбыс беру дегендер атымен жоқ. Иті қаппаса болғаны келген бет­те кіресің. Бұйымтайыңды ай­та­сың, шаруаң болмаса шай ішіп, кеңес соғып отырасың. Тек мереке күні ғана емес 365 күн солай. Әлі сол қалпында. Со­ны­мен біздің алғашқы қадам бай­ғазы сұраудан басталады. Көрші үйге жүгіріп бара­сың да босағасында тұра қа­лып өлең­детесің. Әлгі киі­міңе кө­рімдік сұрайсың. Былай деп:

Киімімді көріңіз,
Бар жақсыны төгіңіз.
Барар жерім әлі көп,
Байғазымды беріңіз!

Ол күні ауырып отырған­­дар болмаса, барлық адам ашық-жарқын болады. Әдет­те, қа­бақ­тары құрмадай құры­сып жүретін шалдардың өзі шұ­наң­дап балаларға тіл қата­ды. Өздері де сәнді киінеді. Кей­­­біреуі әдейі алақанын ше­к­е­сіне қойып, күн көзіне қа­ра­­ғандай сығырайып өне-бо­йы­­мызды өрлей-құлдай тү­гел тінтіп шығып: «Өйбай-өййй мынауың самырсындай сың­ғырлап тұр ғой а, қа­лай бай­қамағанбыз! Мә, жең­дер, мә, мә» деп уыс-уыс кәм­пит береді. Ала салып, жалт бе­ріп кері жөнелеміз. Ауыл балалары құрала келе 30-40-қа дейін топтасамыз. Әлгі бай­­­ғазы сұрау 5-6 үй көр­ші­­­ден ұзаған соң жарамай қа­л­а­ды. Бірімізден, біріміз дауы­­сы­­мызды асыра көтеріп «асса­­лау­м­а­­ғалейкумдеп» алға тартамыз.

Бірін-бірі құттықтап қыдыр­­ған адамдар. Біз ешкім айтып тапсырмаса да, 40 үйден кем айттамауды өзі­міз­ге міндет санап алғанбыз. Кей үйден көже ішеміз, кей үй­де кісілер толып отырады. Есік­тен жылтың ет­кен бізге жілік ұстатады. Кей­біреуі­мізге ортан жілік ойынды етімен тиеді. Біріміздің алақанымызға жүзің көрінетіндей сүрленген жамбастың мөлдір майынан жапырақ-жапырақ қып салады. Май жегенді мақтайды.

Сонымен бесін ауған шақта ауылдың сыртында ойын-думан басталады. Балуан салады, қол күрестіреді. Қыз қуу, көкпар дегендер қыс қы­сыл­май мал күйлі шыққан жыл­дарда болмаса көп бола бер­мейді. Мектеп оқушылары, мұ­ға­лімдер дайындаған ән-күй орын­далады. Елжіреген күн көзі­не арқа-жонын тосып ауыл адам­дары айнала отыра­ды. Өнер­лері бары ортаға шы­ғады. Ақ­са­қалдар жылдың жайын, тәубе, шүкірін айтады. Алла­дан елдің тыныштығын сұрап алақан жаяды.

Дала думаны тарқаған соң үл­кендер жағы бір бөлек, жас­­тар жағы бір бөлек топтасып мерекені үй-үйде жалғас­тырады. Ақсақалдар өнегелі әңгіме айтады. Жыр айтады. Жазу-сызу білмейтін Лұқпан деген ақсақал «Қыз Жібектің күймесі-ай, күймеге таққан түймесі-ай» деп бастап, одан да басқа талай жырды жатқа соға­тын. Қыз-жігіттер әртүрлі ойын­дар ұйымдастырып, ән айтып, би билейді. Екі араға кезек жү­гіріп табанымыздан тозып біз жүреміз. Әбден түн­ге қарай шар­шап, қара сан бо­лып, ішіміз үрген қарындай шең­берек атып үйге жетеміз. Күп­­ті болып ауда­ры­лып-төң­кері­ліп ауыратынымыз тағы бар.

Мереке үш күн бойы болады. Екінші, үшінші күндері үл­кен думан болмайды, тек туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаң­дар бірін-бірі қонаққа шақырып өздері тойлайды. Сөйтіп, күн мен түн теңелген Наурыз мере­ке­сінде қыр арқасын қыс қажа­ған қалың ел, арқа-мойнын кең­ге салып бір жырғап қалады.

Әр жылы Наурыз келген сайын біздің ойға ауылдың Наурызы оралады. Оны көрме­ге­лі міне, он жылдан асып бара­ды екен. Ол жақта Наурыз әлі де бұрынғыдай тойланады дейді. Бірақ, қазір ол ауылда баяғыдай шулап-шұрқырап жүретін балалар жоқ. Топ бала жоғалған! Жоқ!..

Үркердей үш-төртеуі ғана кө­зге шалынады… «Ассалау­ма­ға­лей­кум» — деп оң қолы­мен кеудесін басып екіленіп тұрып сәлем беретін қазақтың баяғыдағы мәрт балалары емес олар, кісі келе жатыр-ау деп қарап та қоймайды. Шүлдір-шүлдір етіп өзге тілде сөйлесіп бара жатады...
Тай-құлындай тебісіп, қозы-лақтай өрісіп, ауыл арасын қызыққа бөлеп, топ бала той­ламаған мереке, мереке болып па?!.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама