Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қайнағаның қамшысы

Асыл әжем Данаштың рухына арнаймын

Сексендегі қатып қалған қурайдай кемпірдің жатса-тұрса қақылдап айта беретін бір сөзі бар: «Жалғызымның алдында ал, Құдай!». Бес-алты күміс тиын қадаған шолпысы, қураған шөпке ұқсап шолтиып қалған бұрымдарына жабысып ап, өлімсірей сылдырайды. Салақұлаш тоқпақтай бұрымдары бар кезде шолпының сыңғыры өзгеше еді. Аяғына жұқа бөз шұлғауын орап, мәсісін киді, сыртынан калошын сұғып, шапанын бүркеніп,құмғанын алып шығып кетті. Шапанын сүйретіп келе жатып сүрінді… «А, Құдай, жалғызымның алдында ала көр!». Дәрет алып болған соң, дауыстап кітап оқып отырған қызталақ немересінің қасына жантайды. Аяқ-қолы шілмиген сегіз- тоғыз жасар қыз мұрны біздиіп кемпірдің аузынан түсіп қалғандай. «Осы қарағым оқымысты болады-ау. Дұре-ес, ала қағазды айналдыра бер,айналдыра бер, сонда қор болмайсың»,— деп қызталақтың ашқылтым айран иісі шығатын бұрымдарынан құшырлана иіскеді.

— Туу, қойшы, әже, қытығым келеді. Әже, әже… әңгіме айтшы деймін.

— Баяғы ашаршылық жылы…

— Туух, әже-ай, тағы да ашаршылық туралы ма? Жалығып кеттім…
Буалдыр естелік кемпірді ғарыш кемесіндей зымырап өткен ғасырға алып ұша жөнелді Қараңғылық айналаға албастыдай төніп, аспан күміс түймелердей жыпырлаған жұлдыздарын қадап тастапты…

***

…Төбенің басынан бұрқ етіп ақбұйра шаң көрінді. Қараша үйдің қасында сирақ үйтіп, шешелеріне көмектесіп отырған 13-14 жасар қыздар шолпылары сыбдырласып,үрпиіп шошып кетті.

— Шеше-ау! Апекеау! Шаң! Шаң!

Жерошақтағы қайнаған құртты ожаумен сақұл-сұқыр араластырып отырған әйел кимешектен құлағын шығарып, бажылдаған қыздарға қарап, зекіп жіберді:

— Жау шапқандай не болды шулап, қаншықтар! Қанеки шаң?

— Әне, әне! — Қыздар торғын орамалдай қалқып ауаға сіңіп бара жатқан селдір шаңды көрсетті. Аттылар екпінін баяулатты.

— Е, мынау қара таздың аулынан. Жаман байдың балалары. Сирақтарыңды үйте бер! — Кимешегі шұбалып, күңкілдеген әйел құрттың түбін қара қырғышпен сақыр-сақұр қыра берді. Ауыздағымен алысқан аттылар үзеңгілері сыңғырлап қастарынан жанай өте берді. Жаман байдың ұлдары қыршындай жас, көрікті жігіттер еді. Алдында атын омыраулатып кетіп бара жатқан, ақ шапанды, қойдың терісінен тіккен жалбыраған ақ сеңсең бөріктісі үлкен қара көздерін қанжардай жарқ еткізіп ошақ қасында отырған қыздарға қадады. Сирақ үйтіп отырған бала қыздар ұялып, бұға түсті. Тек шетте отырған көмірдей қара бұрымдарын ұп-ұсақ таспалап қырық тарам қып өріп тастаған, ақ көйлекті қыз қаймықпай жүзіне тура қарады. Адайдың қыздары бұрымдарын осылай өретін. « Мына қыздың көзінің өткірін-ай!». Алдында кетіп бара жатқан, тақиялы інісін, қамшымен жон арқадан түртіп қалды.

— Ана қызды қара! Сұлу болайын деп тұр… Бұйырса, қатынды осы адайлардан алатын болдың! Бауыры ағасының нұсқаған жағына бұрылып қарап, қою қастарын жазып, күліп жіберді.

— Ақ көке-ау,cенің дегеніңді екі етіп көрдім бе?

— Істікті қалай ұстап отырғанын көрдің бе? Ана шыбыш қыздардай болбыр емес. Қолы мығым-ақ, еті тірі. Бойы сандал ағаштай тіп-тік екен. Мен адам танысам сүйегі нағыз асыл. Біздің тұқымға лайық екен. — Інісіне осылай деп артына бұрылып тағы бір мәрте қарағанда манағы қыздың өткір қара көздерімен жанары ұшырасып қалды.

Сирақ үйтіп отырып, сол кезде абдал таздың келіні боламын деп ойлап па? Адайдың құрық түспеген, аспанға шапшыған ақшабдар асауындай тентек, ерке қыздың басына тырп еткізбестей ноқта түсті. Қалыңмалы төленді. Аспанға секіріп-секіріп, тулап-тулап алып,басына қызыл шаршының орнына ақ жаулық тақты. Он беске қараған шағы еді.

Жаман өрісі отарға толған қойлы бай еді. Бұл да бар жердің қызы. Жасауына қосқан бір мүліктей қылып қызын жатқа ұзатып, қайтарда түйесіне мінерде, шешесі аңырады-ай кеп… Сол шешесін, төркінін сағынып, өрмек тоқып отырып жылайтын. Дүние-ай, құрыққа ілінген асау қыз жуасыды. Қаракөз, қара қасты қосағына күн өткен сайын емешесі құритынды шығарды. Шаңырақтан көрінетін күміс түймедей жыпырлаған жұлдыздарды санап жатып, күйеуінің келуін сарылып күтетін. Тоқал енелері «Бәлекейді қарай көр! Бой-басына қарамай бай не теңі екен мұның!» деп сыртынан ернін шығарып күлетін. Бәлекейдің бойы өсіп, бұғанасы қатып сұлу келіншекке айналды. Жаман шалдың тұқымын көбейтті. Он төрт бала тауыпты Әр баласын босанған сайын, ұзындығы алты кез ақ шытпен белін орай, ішін шандып байлайтын. Үзіліп кеткелі тұрған құмырсқа белді айнала май басып кетпесін,қыз мүсінім бұзылмасын дегендегісі…. Кейін қартайғанда да марқұм өзіне қарама-қайшы қып жарата салғандай, былқылдаған тоқаштай топ-толық сары келінінің бітіміне тыжырына қарап отыратын. Келіні де өзі сияқты жатыры жайлы, кең құрсақ, кең балақ,бала тапқыш боп шықты. Әр немересі туған сайын қақсайтын : «Беліңді мына ақ шытпен таңып ал», — деп, сары тоқаштай толық келіні тыңдамайтын. Содан жалғыз келінімен дүрдараз. Данай кемпір өле-өлгенше «Он алты бала тусам да, сары қарын болып көрмедім, белім қылдырықтай» деп керім мақтанып өтті.

Аласапыран басталды. Баяғы жаугершілік заманнан да жаман болды. Әуелі о дүниелік болған қайынатасынан қалған мыңғырған қойды қызылдар жоқ қылды. Ауылын ақтар шапты. Ашаршылықтан бұрын, Тобанияздың көтерілісінен соң адайларды қыра бастады. Мың үйді апарып бір түнде, бала-шағасымен қоса қырып, тірідей көмді. Қазинесі кең Құдай-ай! Қатын-баланы қойдай шұбыртып апарып… бір түнде. Обалдары қайда? Шыңғырған үндері әлі құлағында. «Мың үй шабылған» дейтін жерде мың шақты адайдың отбасын жоқ қылыпты дейді. Беті сұр топырақпен жабылып, сүйектері саудырап көміліп қалды ғой. Бір тұтас әулеттен қайнағасы мен бұлардың отауы ғана шошайып қалды. Ашаршылық басталды.

Қайнағасы бір түнде екі үйлі жанды жинап ап, тас-түйін шешімін айтты. Көшеміз! Апыл-ғұпыл киіз үйді жығып, жүктерін теңдеп, бет ауған жақтарына безе жөнелді. Бағыты-Ақтөбе. Абысыны он баласын, бұл он бір баласын жетектейтінін жетектеп, арқасына таңуға келетінін таңып алды. Аңырап жөнелді. Баяғыда жас келін боп босағаны енді ғана аттаған кезде бір күпірлік жасағаны бар-ды: малы көп байдың жалшы, малайларымен қосылып бір бел жазып отырмайтын. Соңғы жұлдыз сөнгеннен бастап, секердей тәтті ұйқыны қимай, көзін тырнап ашып, күл шығарып, тезек теріп, ошақты жағады. Қосақтап қой сауады, ешкі сауады… Күннің астында күнсіп отырып өрмек тоқиды…Оншақты әйел қамысқа орап киіз басады. Тезек теріп, қи ояды. Солай етегіне сүрініп жүргенде, шуы құрғамай, баланы шұбыртып туа берген қайдан оңай болсын?! Сонда «Құдай-ау, сен де итше шұбыртып бере бердің-ау!» деп назаланған. Сол пиғылынан жазды ма екен? Қайбір жетіскенен айтты дейсің, жаны күйінгесін айтқан еді. Жас еді, ессіз еді. Мына зауал соның зауалы ма? Жолай шиеттей баланың көбі қырылып қалды. Қайнағасының балалары да қырылды. Тары егетін Ойылға өлімші боп шұбырып, өлігін сүйретіп жеткенде… рулас ағайын өз битін өзі жеп әрең отыр екен.

Сол кезде он беске келіп қалған Бурахан деген баласы болды. «Құлыным-ай, соқталдай боп өсіп еді-ау! Екі бетінен қаны тамып тұратын. Сол Бурахан бір емес, екі үйді асырады. Мал тапқыш еді-ау құлыным!». Біреудің көзінің құрты түсті-ау! Тірі болғанда…бір жерден шығатын еді -ау. Оһ, қайтейін!

Аштық пен індет Жаман байдың тұқымын тұздай құртуға айналды. Күйеуі Шәбден мен бүкіл баласын ажал жалмады. Қайнағасы Ахметтің әйелі Жамал өліп, оның бір жапырақ Түйме деген қызы ғана тірі қалды. Кешегі бәйтеректей тамыры тарбия тарам-тарам жайқалған, мыңғырған қойлы байдан қалған зурият — осылар ғана… Жамап- жасқап қойған қараша лашық үйде өзі, жеркепеде қайнағасы тұрады. Қайнағасы елудің бел ортасынан асса да аса қайратты. Бір өгізді жегіп ап тары егеді, шөп шабады. Кішкентай қызы Түйме мен мұны — інісінің келінін аштан өлтірмесі анық еді.

Бір күні қараптан-қарап жүрегі түскір әлденені сезгендей өрекпіді де жүрді. Қайбір жүрек дейтін жүрек қалды дейсің! Ертесіне күн керегеден шаңыраққа жетеқабыл көтерілген шақта үйге бір топ кісі келді. Қайнағалары мен қайнылары, абысындары үн- түнсіз кіріп келеді. Ішінде алыстағы Жем бойынан келген ақсақ қайнаға да бар. Есік алдында тізезін бүгіп, майысып сәлем салды. Сүрініп — қабынып самаурынға шоқ салып кеп, төр жаққа қарай алмай, бір қырын, жүрелей отырды. Жаманат хабар айтатын дейтіндей…байы мен балалары әлдеқашан опат болған. Тұл жесір. Атасының басы, несін айтады, шұнақ Құдай-ау!

— Келін шырағым, Шәбден қарағымның отауын тап-таза қып ұстап отыр екенсің, — деп төрде малдас құрып отырған алыстан келген қайнағасы сөз бастады да көзіне құйылып кеп қалған жасты көрсетпей, шаңыраққа қарады, — Ризамыз. Жаманның артында қалған мынау, — деп төменірек отырған Ахметті көрсетті, — мына қызталақ баладан басқа еш тұқым жоқ. Жәкем қандай еді-ау! Енді ата жолы, ежелден салт-дәстүріміз бойынша…

— Құдай-ау, не демек, мына ақшұнақ шал? — жүрегі аузына тығылды. Сулы көз абысындары жаулықтарының ұшын көздеріне апарып қалыпты.

— …Бабамыздың салты,баяғыдан келе жатқан ақ жолымен мына Ахмет екеуің екі жарты, бір бүтін болыңдар. Екеуің қосылыңдар! Соны айтайын деп келдік. Үлкендердің шешімі бұл.

— Дұрыс, дұрыс, қосылыңдар! Қосылыңдар, айналайындар!

— Ағаке-ау…Бұларың не? — жас келіншек көмек сұрағандай жан-жағына қарады.

— Тәйт, — деп төрде отырған қара сеңсең бөрікті шал үшкір сақалы қайқайып, қолындағы дойыр сапты қамшысымен тулақты шаңын шығара сарт еткізіп ұрды. Үшкір сақал қайнағадан осы өлердей қорқатын. Мінезі сотқар. Боқтампаз. Сол үшкір сақал: — Ауыздарыңа насыбай толтырып алдыңдар ма? Мәністі білмейтін кісіге ұғындырар болар. Өй, жетесіздер…,— деп ақырды. Бұдан соң жаулығын қарқарадай зор абысын орнынан бір ырғалып қойып сөз бастады:

— Келін қарағым, мына керімбала деген жігіттің төресі ғой, кез-келген үйдің оң жақтағы отырған қызы өзі тіленіп келгендей ғой қайныма. Қазір қыз айттыра қоятын жағдайымыз бар ма біз сорлының? Біреудің жап-жас қызын зорлықпен қосты деп керімбаланы абақтыға қаматтырар! «Жығылғанға жұдырық» боп одан әрмен сорлаймыз. Қайбір жетісіп отырмыз?! Қайбір жетіскеннен келіп отырмыз. Әмеңгерлерің көп қой сенің де басқа,,— деп тілді кемпір жағалай отырғандарға қарады. — Бірақ бәрінің басы бос емес. Бір қайныңа таңдап тисең, қанеки?! Өйтсең қайныңды екі әйел алдың деп соттайды. Итжеккенге айдайды да жібереді. Адайдың асау болғанмен ақылды қызы едің. Елге ақылды тентек атанып едің Ағакемнің оты біржола күл болып өшпесін десең көнесің. Туларсың, бірақ көнерсің.

— Е, көнбегенде қайда барады ?! Ағакемнің артында тұяқ қалмай, қараша үйі құлағалы тұр. Көнгенде қандай…Қазір мына молда бала неке суын ішкізе қояды. Ойбай-ау, бірің ай, бірің күндей боп шыға келерсіңдер.

Қонақтар дәм ауыз тиіп шығып кеткен соң, басына шапанын жамылып, үйден шығып жүре берді…Қараса, қолына отын буатын ала арқанды ұстай кетіпті. Бет алды жүріп келеді…Есім ауысқан шығар деп ойлаған. «Құдай-ау, үлпершектей он төрт баламды алғанда сауын айтпап едім, бауыр етімдей болған байымды жалмағанда да үндемеп едім. Құдай-ау, Құдай! Мұның не? Қайнағаңмен қосыл дейді. Қойнына жат дейді. Масқара-ай! Сұмдық! Қасқа-ау, менен басқа осы тазда ұрғашы құрып қалды ма?» Айдалада дауыс етіп, ойбайлап, жылап келеді. Сөйтіп төбе басындағы бейітке жетті ентігіп. Бураханының бейітін тауып алды, жарықтық әкесі екеуі бірге жатыр томпиып. Жолшыбай қолын, білегін бұта жырып, тырнап тастапты. Қаны шығып тұр. Қанын етегіне сүртіп, көзінен сорғалаған сорасын жаулығының ұшымен сүртіп, әй, бір аңырады дейсің. Ішіндегі шерін әбден тарқатты-ай кеп.. Ашаршылықта өлген он төрт баласын жеке-жеке атап шықты. Жылап отырып, бір шеттегі абысынының бейітіне көзі түсіп кетті. Жүрегі шым ете қалды. «Домалақ абысыныма да дұға оқымаппын ғой. Жарықтық керім ақкөңіл еді! Айтпақшы, Домалақ абысын, сенің күйеуіңе байға тиейін деп жатырмын». Тағы да жылады. Тағдырға қара қазандай өкпесін айтты. Абысыны екеуі шүйіркелесіп, сырласатын. Біздің қайнағаны сүйетін еді ғой. Бетім-ау, не деп кеттім? Енді менің күйеуім ғой…» Қайнағасымен бүгін түнде қосылатыны есіне түскенде аза бойы қаза болып, тітіркеніп кетеді. Тағы да иығы селкілдеп кемсеңдей бастайды. Осылай отыра берер ме еді. Бір кезде бір қара құс тап қасына қалбаңдап келіп қонды. Шошып кетті. «Қасқа, мынасы несі?» Ақырын орнынан тұрды. Жылай-жылай қабағы ісініп,домбығып кеткен. Ішкі сарайы босап, тұла бойы жеңілейіп қалыпты. Етегін қаққыштап, жалғыз аяқ сүрлеуге түсті. Бір-екі бел асқан соң, ауылдан түтін көрінгенде, қарадай қысылып, ұяла бастады. «Қой, бір құшақ отын ала барайын. Мынаның есі ауысты деп жұрт әңгіме қылар-дағы».

Отынын есік алдына әдейі дүрс еткізіп тастады. Жеркепенің есігі ашық. «Түймеш қарағымның да қарны ашып қалды ма екен? Таңертеңгі сауым пісірілмеп еді. Мә, қайнаға бар екен ғой…Қайнағасы несі? Ой-е-бай, ол қызды тәңертең абысындар «біздің үйде бола тұрсын. Жалғыз өзі ішқұса болатын болды» деп алып кетіп еді ғой жырпылдап.. Есім ауысар-ау осы менің».

Күн батысқа қарай зымырап барады. Жеркепе жаққа жеккөре қарады. Ана көрдей қараңғы жеркепенің ішінде жатқан түкті бет қайнағасымен бүгін түнде қойындасатыны еске түскенде денесі қалтырайды. Ызадан қып-қызыл боп кетеді. Кеңшілігі көп Құдай-ау, осы кісінің жүзіне өмірі тіктеп бір қарамапты. «Қарсы келгенде екі бүктетіліп, сәлем салып бүкеңдей берсем немді көрейін!». Тек баяғыда қыз кезінде ең алғаш көргенде…. Ондай көзі үлкен кісіні бұрын-соңды білген емес.

«Мені тентек дейді, адайдың қызы дейді. Пшту, ерегескенде еліме кетіп қалайын ба? Бірақ қайда барамын? Маңдайымды сүйейтін кім қалды? Аштықта баудай қырылды ғой. Қайтып келген қыз шиден тысқары деген», — деп мырс ете қалды. Өзін өзі аяп, мүсіркей күлді. Кенет тұла бойына бір күш құйылғандай, қайраттанып ширап сала берді. Осылай отырып-отырып, аяқастынан өр мінезіне салып, арқасы ұстағандай көтеріліп кететіні бар. «Мен сендерге тентектің не екенін көрсетейін!». Үйдің іргесінде тұрған шылапшынды әкеп даңғыр еткізіп, лашықтың ортасына қойды. Шоққа бір шелек суды қайнатып, лыпасын түгел шешіп, жұпар иіс сабынды көпіртіп шомыла бастады. Иіссабын мен жып-жылы су денесіндегі күн мен шаңның, мұң мен наланың, бетіндегі кеуіп қалған жастың ізін дым қалдырмай шайып жатты, шайып жатты. Шомылып болған соң, сынық айнаның алдына келіп, бойлай тұра қалды. Қараторының әдемісі еді! Сұлулардың аздап менмен болатыны бар. Аққу мойнына тіп-тік иығы жарасып тұр. Құдай тағаланың өзі мүсінін асықпай сомдағандай: құмырсқа бел мен үлкен қос анарына ұрлана қарады да үстіне сандықта жатқан біркиер сары атлас көйлегін киді. Тірсегіне түсетін қап-қара шашты тарқатып жазды, тісі сынық мүйіз тарақпен асықпай-саспай тарады, көлдің шетіндегі аққудай асықпай-саспай сыланды. Шашы тарқатылған күйі басына бөртпе шәліні жауып, жеркепеге келді. » Тірі ме өзі?».

— Менің үйімді жығарсыз. Ертең сіздің жеркепеге көшемін — Осылай күңк ете қалғанда, жылап-жылап, домбығып кеткен көзін қараңғы үйдің төбесіне қадап жатқан қайнағасы ақырын күлді.
Ешкім үн қатпағасын, тұрып- тұрып, үйіне қайтып келіп, екі кісіге төсек салды. Бір жастық пен бір көрпе, бір жамылғы. Тарс жамылып жатып қалды. Төбеде лашықтың жыртығынан шибарқыт кәжекейге қадаған алқа, тиын, түймелер сияқты жұлдыздар жылтырайды. Баяғыда келін боп түскенде жорыққа кеткен күйеуін сарыла күтіп, өстіп, жұлдыз санайтын. Денесі тоңази бастады. Есіктен тықыр білінбейді. Ел тегіс ұйқыда, иттерге дейін тым-тырс. «Келмейін деп жатыр ма? Шешімін өзгертер тәңертең. Абысындары күлер артын ашып, бұл қарбашаны біздің керімбала да менсінбеген деп». Намыс буды. Талығып, көзі енді ілініп, кірпіктері айқаса бергенде …бұрымын темірдей қарулы қол ақырын сипады. Тәніне тәтті діріл тарады. Қайнағасы шамды үрлеп өшірді.

***

Бір жылдан соң өмірге бір жапырақ қара шақалақ ұл келді. Екеудің жаны соның үстінде. Үш жасқа толарда шешекпен ауырды. Мойындарына бұршақ салып, көздерінің жастарын төгіп, Аллаға жалбарынумен болды. Бала аман қалды. Бұлардың сорына қарай өзі де қолды аяққа тұрмайтын, қоян аяғын жеген зәнталақ неме бір! Бір күні қарақұрт шағып алды. Әкесі жалма-жан емін жасап, жанын алып қалды-ау. Бір күні үйілген маядан құлап, есінен танып қалды… Қара жер хабар бермесін, қайнатасы тура осы жалғыз сияқты мазасыз болған еді.

Қарап отырмай отағасымен қалжыңдасатынды шығарды. Кейде өрлігіне де салып, екпіндетіп кететіні бар.

— Мынаны көрдің бе? — дейді ондайда шалы күмістелген сегіз өрме қамшыны нұсқап. Қойлы байдан қалған бар байлық — сол ғана. Құдай сақтасын, басынан қамшы кетпейтін қатындар да көп қой осы ауылда. Ана Бәтіш көктемде көш кезінде желігіп, бозбала мен қыздардың әнін тыңдаймын деп байқамай көрші ауылдың көшіне еріп кете беріпті, жазған, орта жолға келгенде есін жиып қараса, басқа ауыл… Күйеуі қамшының астына алғанда, байғұс тапқан амалы ғой: жасауына келген сары інгеннің бұтына тығылып аман қалыпты.

— Біздің үйдің кісісі-ау, несібеңнен құр қалайын деп отырған жоқпысың осы?! Аузының салымы жоқ адам болады дейді.
Отағасы мырс ете қап, тағы да ала көзімен күміс қамшыны нұсқады. «Жоныңнан таспа тілермін» дегені. Бірақ көзі аймалайды. Құдай берейін десе қиын ба, жеті жылдан соң,Ахмет алпыстан асқанда жалғыз ұлдың артынан бір қыз келді дүниеге.

***

«Жалғызымның алдында ала көр!» — қурайдай қатып қалған қара кемпірдің күні-түні қақсайтыны осы сөз. «Жалғызымның алдында ал тек!». Құдай тілегін берді. Сексен сегізге қараған шағында қылтамақ боп бір ай ғана ауырды. Төсек тартып жатқанда, баяғы аштықтан өлген балаларын есіне алды. Бураханын да. Көз жұмар алдында …киіз үйдің есігі ашылғандай болды да аржағынан бір керемет аппақ нұр саулап қоя берді. Сол аппақ сәуленің арасынан, Құдай-ау, біреу шақырғандай болды. Ахмет отағасы шығар деп қолын көлегейлеп, назарын жәймен салған, марқұм осыдан жиырма бес жыл бұрын өмірден өткен еді. Жоқ, түстеп, анықтап қараса отағасы емес: баяғы алғашқы жұбайы Шәбден. Сол баяғыдай қап-қара қасы қиылып, күлімдей қарайды. Жүзі нұрлы кісі еді-ау. Ау, кейінгі отағасы қайда? Жүрегі дүрсілдеп, жалма жан іздей бастаған. Анадай жерде тұр екен, ақ шапаны төгіліп, ақ сеңсең бөркі қараторы сұлу жүзіне жарасып…Ұмсына түсті де кенет тоқтай қалды, қасында ақкөңіл абысыны — Жамал байғұс, жарбиып байына жабысып алыпты. Тарыны тығып қойып, балаларына беріп, өзі аштықтан кеуіп өліп кеткен, Жамал жарықтық. Абысынның қасына жерлегенде отағасын аздап қызғанып еді. Өмірлік қосағын жаңылмай тапқан екен де. Енді ешқашан оған «ерім» деп еркелей алмайтынын, тек «қайнаға» деп қарайтынын да түсінді… Бір шетте шешесі тұр аңырап, баяғыда ұзатылған қызын-мұны қимай, бақырып жылап, оған жұрт күліп, түйеге әрең мінгізіп еді. Анашым-ау, шешетайым-ау! Міне, келдім қасыңа… Ал өзі баяғы он жетідегі кезіндегідей жап-жас екен дейді. Үстінде қос етек көйлек, көк кәжекей, қолында қос-қос білезік… Алдында самаладай аппақ нұр…Тоғыз тозақтан өткенде алдында хұрдың осы нұры күткен екен-ау. Енді аялдайтын не қалды?

…Қара кемпірдің кірпігі қыбырлады. Қасында қоршап отырғандар не айтқысы келді дегендей бетіне үңілді. Жалғыз ұлының қолынан бір сипап, мұрны біздиіп өзінен аумай қалған, жанындай жақсы көретін қос бұрымды немересіне бір қарап үзіліп жүре берді. Төсектің жанында жалғыз ұлдан туған төрт ұл мен алты қыз, өз келіні, жалғыз қызынан туған он жиені, күйеу баласы, толып жатқан шүпірлеген немерелері мен шөберелері егіліп жылап отырды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама