- 16 қаң. 2022 00:00
- 216
Күлдегі күлше
Моңғолия мен Қытай шекарасын арлы-берлі жылқы айдаған қазақтар тоздырып тұрған сонау бір заманда мынадай бір оқиға болған екен. Хасен дейтін алдаспандай азаматты Моңғол үкіметі ұстамақ болып, күзеуде жалғыз үй отырған жерінде әскерлер жетіп келеді. Хасен аң аулап кеткен екен. Өзінің іздеуде екенін білетін ол кешке қарай үй жағына дүрбі тартса үйінің айналасында әскердің аттары тұрады. Содан анда-санда дүрбісін тартып қойып, керегежартасты жоталардың бір жақпарында жатады. Әскерлер Хасенді күн күтіп, түн күтіп, ақыры үйді көшірмек болады. үйді жығып астаң-кестеңін шығарып жүктерін түйеге артады.
Аң аулауға шыққанда артық оқ арқалап жүрмейді ғой, Хасеннің мылтығы қолында болғанымен оғы үйде қалған екен. Енді қайтпек?
Сол қашқан беті моңғол әскерлерінің қолына түспей, айлап далада қонып, ақыры Қытай асып аман қалған Хасен ақсақал кейін осы оқиғаны еске алып: «Келінім дегдар, текті жердің қызы еді, бірдеңе ғып оғымды қалдыратынын біліп едім, ойлаған жерімнен шықты. Көш кеткеннен кейін түн жамылып барып жерошақтың шетіне көмілген нан мен оқты алып қайта тауға шығып кеттім. Сол оқпен аң атып жеп, айшылық жол басып жүріп Алтайға өттім, жыл аттатып ауылға келдім. Менімен бірге ізделіп қуғынға түскендердің көбі атылып кетіпті. Су ішерім бар екен, аман қалдық қой...» деп әңгіме шертеді екен жарықтық.
«Сонша әскерге білдірмей оқ пен нанды жерошаққа қалай көмді екен» деген сауалға осы әңгімені мына бізге айтушы Зейнел ақсақал (әлі көзі тірі) былайша әңгімелеп еді:
«Қазақ пен моңғол бірге көшіп-қонған киіз туырлықты ел ғой, бір-бірінің салт-дәстүрін де жақсы біледі, сыйлайды. Бала күнімізде жайлау, күзеуден көшерде әжеміз қамыр илеп жерошақтағы қоламтаға тастап кететін. Кейін бір сұрағанымда, «Шешеміз осылай істейтін. Қазақтың дәстүрі ғой, қазақ тау-таудың қуысында отырған ел емес пе, «Осы жерде бір үй бар еді» деп талыққан бір жолаушы өзегін жалғауға бұрылса, құлазып жұртың жатса, ол бейшара қайтпек? Күлшені соған бола тастайды. Ондайда жолаушы ең алдымен жерошаққа барады. Күлге көмген ештеңе жоқ болса «көргенсіздің ауылы екен» деп күліңді шашып кетуі мүмкін. Қазақтың көшерде жерошаққа күлше көметінін моңғолдар да біледі емес пе, келіннің жерошақты айнлсоқтап жүргеніне аса назар салмаса керек. Хасеннің келіні күлше көмген болып жүріп оқты да бір шетіне қалдырған ғой...». Түсінікті болды. Тізесіне тізем тиіп, ет құлағыммен естіп отырмын. «Бұрынғылар үйіне келген қонақты қойып, жұртына келген жолаушының несібесін қалдырып кетіп отырған ғой» деп салалы саусағымен сақалын сауып қояды Зейнел ақсақал. Қазақ та бір жалпақ жатқан ел ғой, мұның басқаша айтылып, басқаша мағына беретін тұстары да болуы керек, бізге осылай жетті, осылай ұқтық.
Сан ғасыр тұмса табиғатпен күресіп, қыры-сырына қанығып, берекелі тіршілік, өнегелі өмірін жалғап, ұрпағына осыншама ұлан байтақ жерді қалдырып кеткен бабаларымыздан қалған осы екі істің арғы жағында «бөлінбеген енші» деген қазыналы қағидалар жатыр екен-ау!..
Шетелдік бір саяхатшы айтыпты деген: «Әлемнің барлық жерінде қазақ болса дүниені бір тиын жұмсамай тегін аралап шығуға болады екен» дейтін сөз де тегіннен тегін айтылмаса керек. Оның шыңырауында шымырлап осындай шындықтар жатыр.