Бронх демікпесі: қыста аурудың асқынуынан қалай қорғануға болады
Бронх демікпесі — тыныс жолдарының ең жиі кездесетін ауруы. Созылмалы өкпе ауруы кез келген жаста болуы мүмкін. Демікпенің емі жоқ, бірақ бақылауға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде бронх демікпесі диагнозы қойылған 262 миллионға жуық науқас бар. Оның ішінде Қазақстан халқының 10%-ы демікпеге шалдыққан. 11 желтоқсан — Дүниежүзілік бронх демікпесіне қарсы күрес күні болды.
Бронх демікпесінің негізгі белгілері қандай? мен емі туралы көбірек білгіміз келеді. Негізгі белгілері қандай?
Бронх демікпесі — созылмалы өкпе ауруы. Кеудедегі бітелумен сипатталатын дерт. Тыныс алу жолдары тарылып, ісініп, дем алуды қиындатады және жөтелді қоздырады, дем шығарғанда ысқырық және ентігу пайда болады. Тұншығу ұстамасы негізінен түнде немесе таңғы сағат 5-6 шамасында болады. Сондай-ақ тыныс алу қысқарып, ауа жетіспеушілігі байқалады. Міне, демікпені осы белгілері арқылы әдеттегі жөтелден ажыратуға болады.
Дәрігерлер демікпе ауруын қалай анықтап, емдейді?
Жоғарыда айтылған белгілер науқаста алғаш рет байқалса, оны денсаулық жағдайына қарай ажыратады, яғни анамнезін есепке алады, аллергиялық анамнезге назар аударады. Содан кейін ауруды анықтау үшін зертханалық және аспаптық тексеру жүргізіледі. Спирографиялық процедура жүргізіледі, фармакологиялық сынақ бүгінде «бронх демікпесі» диагнозын қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өкпеге компьютерлік томография жасап, кеудені рентгенге түсіреді. Зертханалық тексеруге қанның жалпы анализі мен қақырықты талдау кіреді. Зертханалық тексерудің нәтижесі бойынша қандай да бір аллергеннің бар екеніне күдіктенсе, онда белгілі бір аллергендерге арнайы иммуноглобулин Е үшін талдау жасайды. Осы зерттеулердің барлығы нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді.
Емдеуге келетін болсақ, дәл диагноздан кейін негізгі терапия таңдалады. Бүгінде бұл — дәрілік ингаляторлар. Бронх демікпесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілетін аурулардың тізіміне енгізілген.
Демікпеден біржола жазылып кету мүмкін бе?
Демікпенің емі жоқ, себебі ол — жазылмайтын созылмалы ауру, бірақ оны бақылауға болады. Ол үшін аллергологтің барлық ұсыныстарын орындап, негізгі терапиялық дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдау керек.
Демікпе ауруы қалай жұғады?
Аурудың пайда болуының негізгі факторы — генетикалық бейімділік, яғни демікпе тұқым қуалайды. Ата-анасының біреуі демікпемен ауыратын баланың демікпеге шалдығу қаупі — 30%. Ал анасы мен әкесі де ауырса ықтималдығы — 70%. Ауру кез келген жаста пайда болуы мүмкін.
Демікпе қай кезде күшейеді?
Бронх демікпесімен ауыратын адамдар үшін күз-қыс мезгілі қиын болуы мүмкін. Кейбіреулер үшін аурудың қозу кезеңдері көктем мен жазда. Олар әртүрлі факторлардың әсерінен туындауы мүмкін.
Бұл ауру жиі кездесе ме?
Бронх демікпесі — кең таралған аурулардың бірі. Дүниежүзі бойынша 300 миллионға жуық адамға осы диагноз қойылған. Біздің елде ересектердің 5%-да және балалардың 10%-да кездеседі, яғни балалар жиі ауырады.
Демікпеден қалай қорғануға болады?
Бронх демікпесінің қаупін азайту үшін кейбір ережелерді қатаң сақтау керек. Суықтан және аллергия тудыратын нәрселерден аулақ болу, темекі шегуді тоқтату, диетаны сақтау, үй-жайларды таза ұстау және үнемі ылғалды тазалау жүргізу қажет. Сондай-ақ, мұндай диагнозы бар науқастарға дәрігер тағайындаған емді елеп, негізгі терапияны қабылдау қажет. Емдеу тұрақты болуы керек.
Бронх демікпесінен адам өлуі мүмкін бе?
Егер симптомдар ауыр болса және демікпемен ауыратын адамдарға дер кезінде көмек көрсетілмесе, ауру өлімге әкелуі мүмкін. Егер дәрігердің барлық ұсыныстарын орындаса, адам осы диагнозбен ұзақ өмір сүре алады.
Оқуға кеңес береміз:
Плеврит