Соңғы ханның құпиясы
Абылайдың көп ұлдарының ішінде қалмақ қызынан туған Қасым басқа балаларына қарағанда қаһарлы, уытты, көкжал туса керек. Халық оны «қан шеңгелдеп туған Қасым» деп атаған. Абылай қайтыс болып орнына үлкен ұлы Уәли хан болды. Арқа-басы кең, қазақшылығы мол Уәлидің тұсында Орта жүз қазақтарының жеріне орыстар қоныс тебе бастады. Мұны ұнатпаған Қасым ағасы Уәлиге әкесі Абылайдың жолын берік ұстауды ескертеді. Қасым: «Әкеміз Абылай елін, мекендеген жерін орыс, қытай, қалмақтан қорғауда басын қатерге тігіп, бар өмірін сарп етіп еді. Ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ кең далада қос тепкен көшпелі қазақтардың басын қосып, ынтымақ бірлігі зор, жауына намысын жібермейтін іргелі ел етіп, сыртқы шетелге танытып еді. Пышақты бос ұстаған қолын кестірер болмасын», — дейді.
Уәли інісінің сабақты сөзіне құлақ аспады. Жансыздары арқылы Қасымның қарсы ниетін білген Ресей патшалығы отрядтарын жіберіп, Қасым ауылын шауып, тыныштық бермейді. Сондықтан Қасым Көкшетаудан қоныс аударып, көшуге бел байлайды.
Иә, ол кезде Абылай қайтыс болса да, отыз ұлдың еншісі бөлінбеген еді. Қасым төрт түлік малдың тең жартысын жігіттеріне айдатады. Отыз ұлдың бірі қайтыс болып, әйелі Ажар сұлу жесір қалады. Оны Уәли әмеңгер ретінде баурына басады. Сол Ажар Қасымға ілесіп бірге көшеді. Қасым балаларымен бір түнде ағасы Уәлидің үйіне келеді. Ай жарық, киіз үй түрулі, керегенің көгенінен кеудесі жарқырап жатыр екен. Қасымның ойы: «мал-жанды рұқсатсыз алып барамын, бір ауыз ескертейін, жандығын салып үстемдік көрсетсе, көңілін қалдырып, өз көңілімді суытып кетейін» деп. Ол:
— Уәли аға, малдың жарымын айдап Қаратауға көшіп барамын, Ажар «көптің бірі болып шаңырақ түйеге мінгенімше, ортақтан оңаша бұзауым артық» деп, ол да бізбен ілесіп кетіп барады, бұған не дейсіз? — дейді. Қасымның бір беткей мінезін жақсы білетін Уәли:
— Әй, Қасымжан-ай! Алсаң өз малыңды алыпсың, алсаң өз жесіріңді алыпсың, соның несін маған айтып тұрсың? — депті. Ол ағасының аталы сөзіне әбден риза болып, ілгері жүріп кетеді. Қасым болса Орта жүздің арғын, керей, уақтың бірнеше мың үйін соңына ертіп, Қаратаудың теріскей өңіріндегі Шу, Созақ бойына қоныс тебеді. Сол кезде бұл жердегі қазақтарды қоқандықтар сүліктей сорып, билеп тұр еді. Абылайдың қайтыс болып, қазақ үш жүзге бөлініп, «бөлінгенді бөрі жейді» болып тұрғанда олар Қасымның келуінен қатты қауіптенді. Өйткені Абылайдың көзі ханның өзі келді деп, енді қазақтардың ұжымдасып, бас көтеретіне көздері анық жетті.
Қасымды қоқандықтар Түркістанда құрметті қонақ ретінде жылы ниетпен шақырып, жылы ниетпен қабылдап, артынша опасыздықпен өлтірді. Батырдың екі баласы Есенкелді, Саржанды қоқан ханы Мәдем: «Орысқа қарсы бас көтереміз, ақыл-кеңеске келіңдер?» — деп, Тәшкентке алдап шақырады. «Түбі бөрінің тұқымы бөрілігін істемей қоймайды» деп, бір топ қолмен қолға түсіреді. Мұндай жауыздықты сезіп қалған Ағыбай Саржанның баласы Ержанды алып қашып құтылады.
Қасымның естияр қызы Бопай мен інісі Кенесары билікті қолға алады. Қоқандықтар салықтың түрін көбейтіп, бас көтерері жоқ қазақтарды қысымға ала берді. Қоқанның қазақ арасындағы сенімді әрі сыйлы адамы қоңыраттан шыққан Құрымбай датқа деген болатын. Сол кезде олар алым-салық жинауды осы датқа арқылы жүргізетін-ді.
Бірде Бопай інісі Кенесары екеуі Құрымбай датқамен кеңесіп, ақылдасады. Өйткені кейінгі кездері қоқан бектері салық жинауды бірі-бір, екісі-екі келіп жиілетіп жіберді. Сондықтан қазақ рубасыларын жинап, қоқан бектерімен жүзбе-жүз кездесіп кеңессек. Әрқайсысы бір келіп қоқаңдай бермей, алым-салықты тек ру басылары алатындай етейік. Сіз қоқан бектерін шақырып келуге барасыз. Қазақ ру басыларының кеңесі болмақ. Мені сіздерді арнайы шақыруға жіберді деңіз.
Бұлар Құрымбай датқаны қарашаның хан жолына қарай тарту-таралғысын беріп, жолға шығарып салады. Сөйтіп, Бопай інісі Кенесары екеуі Шудың бойында өзіне қарасты ауылын қондырады. Бектер түсетін бес-алты үйді әкеліп, бір-біріне құрастырып жалғап, төрінен есік шығарып, оған матамен перде іледі. Түпкі үйді әдейі жарға асылта тігеді. Қоқан бектерінің қорғаушы, күзетшілері түсетін үйлерге ішіне жасырын қару асынған жігіттерін күтуші етіп дайындайды. Бұл құпия сырды апасы Бопай мен інісі Кенесары екеуінен басқа оның ең сенімді жігіттері ғана біледі.
Құрымбай датқаға сенімі мол қоқан жағы шақыруды құп алады. Сөйтіп, бектер іле-шала күзетші нөкерлерімен бері қарай сапар шегеді. Астыртын хабарлап отырған Кенесары бектер түсетін түпкі үйге қарулы адамдарды даяшылыққа қояды. Бопай, ру басылары қоқан қонақтарының алдынан шығып қарсы алады. Ауыл күзетшілері құпия тірліктен еш хабары жоқ, абыр-сабыр қазан көтеріп, ас дайындатып жатады. Қоқандықтар қазақтардың ығы-жығы дайындық ықыластарын көріп, көңілдері көтеріліп, аттарынан түсіп, үйге кіре бастайды. Бектерді бір-біріне қоспай әңгімеге салып, үйді-үйге кіргізіп, түпкі үйге жеткенінің үнін шығармай қойдай бауыздап, жасыра береді. Олар жайбарақат отырған күзетшілерді де жайғап салады. Сол кезде Құрымбай датқа:
— Бопай ханыша, бұларды мұнда алдап алып келген мен кінәлі болдым, мені де өлтір, — деп отыра кетеді. Сонда Бопай ханым:
— Датқам, бұларды сізге айтсам, сіз бармас едіңіз, — дейді оған. — Сіз бармасаңыз, қоқан бектері өздері мұнда келмес еді. Сондықтан сіздің жағдайыңызды да ойладым, амал жоқ, әкем мен әкемнің жанындағылардың кегін алу сіздің бір басыңыздың борышы болды. Датқам, бізбен бірге Арқаға көшіп жүріңіз.
Ал Құрымбай болса, жан сауғалап, ел жұртын, ата қонысын тастап көшуді намыс санады. Қазақ «мал жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» демей ме! Құрымбай күйіктен үйінде жатып, көп ұзамай дүние салды.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр