Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Дос іздеген бота

Ерте, ерте, ертеде боталы түйе болыпты. Ол өзінің жібек жүнді сүйкімді баласына мейірімділікті, адалдықты үйретіпті. Мөлдір көзді бота өте ақылды болып өседі.

Бір күні анасы:

— Боташым, мен саған жақсы достан басқасының бәрін бердім. Енді тура өзің сияқты дос тап. Доссыз өмір қиын, әрі қызық емес, — дейді.
Бота өзіне ұқсайтын жалт-жұлт еткен жүні бар, жағымды үні бар дос іздеп шығады.

Жайылып жүрген құлынды көріп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп бота боздайды.

— Иһ - һ - һі, кел, екеуміз дос болайық, — деп құлын кісінейді.

— Жоқ, сен сияқты дос емес, — дейді бота күлімдеп.

— Мүмкін бұзау болар, — деп құлын ботаны шығарып салады.

Бота бұзауға келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп бота боздайды.

— Мө - ө - ө, кел, екеуміз дос болайық — деп бұзау мөңірейді.

— Жоқ, сен сияқты дос емес, — дейді бота.

— Мүмкін қозы болар, — деп бұзау ботаны шығарып салады.

Бота қозыға келеді:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды.

— Мә - ә - ә, кел, екеуміз дос болайық — деп қозы маңырайды.

— Жоқ сен сияқты дос емес — дейді бота күлімдеп.

— Мүмкін күшік болар, — деп қозы ботаны шығарып салады.

Бота күшікке келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды.

— Әуп - әуп, кел, екеуміз дос болайық — деп күшік үреді.

— Жоқ сен сияқты дос емес — дейді бота күлімдеп.

— Мүмкін мысық болар, — деп күшік ботаны шығарып салады.

Бота мысыққа келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды.

— Мияу - мияу, кел, екеуміз дос болайық — деп мысық мияулайды.

— Жоқ, сен сияқты дос емес — дейді бота күлімдеп.

— Мүмкін әтеш болар, — деп мысық ботаны шығарып салады.

Бота әтешке келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды.

— Ку - ка - ре - ку! Кел екеуміз дос болайық — деп әтеш айғайлайды.

— Жоқ, сен сияқты дос емес — дейді бота күлімдеп.

— Мүмкін қарға болар, — деп әтеш ботаны шығарып салады.

Бота қарғаға келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды.

— Қа - а - рр, қа - а - рр, екеуміз дос болайық — деп қарға қарқылдайды,

— Жоқ, сен сияқты дос емес — дейді бота күлімдеп.

— Мүмкін бақа болар, — деп қарға ботаны шығарып салады.

Бота бақаға келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды. 

— Бақ - бақ, кел, екеуміз дос болайық — деп бақа бақылдайды. 

— Жоқ, сен сияқты дос емес — дейді бота күлімдеп. 

— Мүмкін ара болар, — деп бақа ботаны шығарып салады.

Бота араға келіп:

— Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, — деп боздайды.

—З - з - з - зз, кел, екеуміз дос болайық — деп ара ызылдап қуа жөнеледі. Бота арадан зорға қашып құтылады. Басы салбырап, ерні салпиып бота өз анасына келеді.

Анасы: — Дос таптың ба, ботам? — деп сұрайды.

— Жоқ, анашым, сенбесеңіз көктегі күннен сұраңыз. Тура мен сияқты ешкім жоқ екен, — дейді.

Анасы жымиып:

— Өзің сияқты дегенім, адалдығыңды айтқаным, боташым. Досты жан тазалығымен таңдау керек, — дейді. Бота қуанып, адал достары: құлынды, бұзауды, қозыны, күшікті, мысықты, әтешті, қарғаны, бақаны ертіп келіпті. Ал, араны сабырсыздығы үшін қоспаған екен дейді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама