Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Дрондар Қазпошта жұмысын жеңілдетіп жатыр

Өздігінен ұшатын аппараттар еліміздің шалғай аймақтарына сәлемдемелер таратып, пошта қызметін жеңілдетуге көмектесіп жатыр. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Махаббат Сеитова digitalkz.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Біздің бағыттарымыздың бірі — логистикалық инфрақұрылымды модернизациялау. Осы ретте,  Қазақстанда дрондар іске қосылды. Ол шамамен 8 килограмм жүкті көтере алады. Оның арқасында ауылдағы ағайынға тауарларын жеткізіп бере аламыз. Әдетте онымен газет-журналдар мен сәлемдемелер тасымалдануда. Осылайша автомобиль жолдары нашар аймақтарға өздігінен ұшатын аппараттар тауарларды жеткізіп беріп, пошта қызметін жеңілдетуге өз үлесін қосуда», — деді М. Сеитова.

Ал, Маңғыстау облысы болса ұшқышсыз аппаратқа мұқтаж емес екен. Қазіргі таңда сәлемдемелер мен тауарлар автокөлік арқылы тасымалдануда.

«Облыста дрон қосылған жоқ. Себебі, Маңғыстау облысындағы жол-көлік трассасы жақсы. Сол себептен автокөліктер арқылы жолданады. Ал, егер қиындықтар туындайтын болса дрондарды іске қосуымыз мүмкін», — деді ол.

Оның айтуынша, постаматтар мен жөнелтім супермаркеттерінің ашылуы  өз кезегінде уақыт үнемдеуге жәрдемдесіп жатыр.

«Қазіргі таңда «Қазпошта» жөнелтімдерді супермаркеттер немесе постаматтар арқылы жеткізеді. Кез келген тұтынушы өзінің тауары туралы ақпаратты смс арқылы немесе сайтымыздан көре алады. Сонымен қатар, затын алуға келген әрбір тұрғын кем дегенде 2-3 минут уақытын жұмсайды. Ал, бұрын 20-30 минут кететін. Неге десеңіз, ол кезде Қазпошта бөлімшесіне тікелей келіп алатын», — деп атап өтті филиал директоры.

Сондай-ақ, ол цифрлық технологиялардың тұрғындарға жайлылық пен сапалы қызметті ұсынатынын баса айтты.

«Цифрландырудағы басты мақсат — тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту. Біз өз қызметіміздің тұрғындарға жайлы болғанын қалаймыз, ол үшін бізге цифрлық технологиялар көмектеседі», — деп түйіндеді «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры.

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында Қазпоштаға біршама өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, оның ақпараттық порталы арқылы көптеген қызметтерді алуға болады. Атап айтсақ, электронды конверт, басылымға онлайн жазылу, QR-код арқылы газеттерді жеткізуді бақылау қызметтері көрсетіледі. Бұған қоса, электрондық пошта қызметі дамып келеді. Ол бойынша кез келген мекенжайға электрондық хатты жолдауға болады. Ал, тауарды ауылдық елді мекендерге жылдам әрі оңай жеткізудегі мәселелер дрон арқылы шешілуде.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама