Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады

Ел тұрғындары жүргізуші куәліктерін мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, кез-келген уақытта электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыра алады.

«Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін келетін азаматтардың саны күрт өскендігі белгілі болды. Осы ретте, көлік жүргізушілері үйде отырып-ақ, кез-келген уақытта электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыра алатынын естеріңізге саламыз. Бұл әдіс ұзын-сонар кезекте тұру мәжбүрлігінен құтқарып қана қоймай, уақытты үнемдеуге де мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Ондағы мәлімет бойынша, жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына кіріп, электрондық өтінішті толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. Жеке кабинетке құжаттың дайын болғандығы туралы хабарлама келген соң (мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда хабарлама SMS түрінде келеді) мамандандырылған ХҚО-ға барып, дайын ЖК алып кетуге болады.

Бөлімге барғанда, ауыстыратын ЖК, жеке басыңызды куәландыратын құжатты, өтініш пен баж салығын төлеу туралы электрондық чекті ұсыну қажет. Айта кетсек, жүргізуші куәлігінің баж салығы бұрынғыдай 1,25 АЕК, яғни 3 006,25 теңгені құрайды.

Егер ЖК мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.

«Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін биыл жыл басынан бері 1,6 мың адам пайдаланған», - дейді баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда мамандандырылған ХҚО – Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай, Ақтөбе және Шымкент қалаларында, сондай-ақ екі мамандандырылған ХҚКО секторы Алматыда және Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында және т.б. өңірлерде жұмыс істейді.Бүгінде Қазақстанның ма­ман­дандырылған ха­лық­қа қызмет көрсету орталықтарында 161780 жүр­гі­зуші куәлігі беріліп, 592346 автокөлік тіркеліпті. Ал, еліміздегі ең алғашқы мамандандырылған ХҚО 2012 жылдың желтоқсан айында Қарағанды қаласында пилоттық режимде іске қосылған болатын.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама