Дүлдүл-бұлбұл
Бұл бір мамыражай орман еді. Жан-жануарлар мен құс біткен күнделікті өз тіршіліктерімен айналысып, бейбіт өмір сүретін. Таң алдында бұлбұлдар сайрап, ормандағы тіршілік атаулыны тәтті ұйқыдан оятады. Өздеріне таныс әрі сондай ыстық бұлбұл үнінен оянған жан жануарлар мен өсімдік біткен масайрап, бір-біріне бас иісіп, «қайырлы таң» айтысып, шат-шадыман болады. Әрбір жаңа күнді қарсы алу — олар үшін зор қуаныш. Сол себепті қарт Орман да өз бұлбұлдарын жақсы білетін. Оларды тіпті дауыстарынан-ақ айыра алушы еді.
«Міне, бұл — ұйқысы сергек біздің Әуез ғой. Қандай керемет үн, жан дүниеңді бірден баурап, ұйқыңды шайдай ашып жібереді әп-сәтте, — деп риза болады күн сайын ұйқыдан көңілді оянатын Орман ата. — Әне, оның әуезді әнін Наз әріптесі іліп әкетті. Наз десе, Наз, күллі әлемді еркелете әлдилеп, шаттыққа бөлей жөнелді. Оның үнінде не жоқ дейсің: бұлақтың назға толы сылдыраған күлкісі де, самал желмен тербелген жапырақтың сыбыр-күбірі де, ең аяғы Күн шуағының райхан гүлін «үп» деп, үлбірете өпкеніне дейін — бәрі бар». Наздан кейінгі кезек — Саздікі. Оның сазды әнімен шабыттанған тіршілік иелері бірден іс-қимылға көшіп, үйреншікті тірліктеріне кіріседі.
Орман ата бүгін де күндегі әдет бойынша Әуез бұлбұлдың әсем әнімен оянған. Керіліп-созыла, айналасына мейірлене көз тастап қойып, әдемі үнге елти бергені сол еді, әлдеқандай бір дөкір дауыс жан ләззатын быт-шыт қылғаны.
— Сен кімсің? Менің әнімді неге қайталайсың?!. — деп тепсінеді.
— Бұлбұлмын, Әуез деген. Ән… әлімсақтан өзімдікі.
— Бұлбұл — мына менмін! Және жай ғана бұлбұл емес, Дүлдүл-Бұлбұлмын. Әлі күнге дейін естімеп пе едің ондайды?!. Бұл орманда ән салуға менің ғана құқым бар.
Орман ата таң-тамаша. «Мұнысы кім тағы?!. Бұлбұлдарда мұндай қылық, яғни бақталастық деген атымен болмаушы еді ғой?..» деген оймен Әуез бұлбұл мекен ететін мәжнүн тал шоғыры жаққа зер салды.
Е-е, бұл таяуда ғана пайда болған әне бір құс қой. «Бұлбұлмын» дейді. Жаратылысы жұмбақтау бұл құс жайлы Сауысқан жеткізген мәліметке қарағанда, түбінде бір шикілік бар. «Қанша жерден бұлбұл болуға тырысқанымен, бәрібір тегі басқа екендігі сыр беріп қалады», — деген еді-ау.
Сөйткенше болмай қанаты сусылдап орман хабаршысы — Сауысқанның өзі де жетті:
— Айттым емес пе, Ореке, түбі шикі деп. Міне, әсем әнді бүлдірді. Әнді ғана емес, күллі тіршілігіміздің шырқын бұзды. Бұл не сұмдық! Масқара!..
Орман ойланып қалды. Расында, бұл бұлбұлсымақтың орталарына қосылғанына көп болмаған. Жақын маңдағы тоғайлардың бірінен ауып келіпті. Орманда жер жетеді ғой, жүре берсін деген. Ол да тез жерсініп кеткен сияқты. Айналасындағы Тоты құстар әнін тыңдап, риза болысып, жер-көкке сыйғызбай мақтап та жүруші еді. Сол мадақ сөздердің желі болса керек, ол кейінгі кездері өз мүйісінен ұзаңқырап шығып, еркінси бастапты дегенді де Орман атаға осы Сауысқан жеткізген. Бұл орманда барлығына еркіндік берілген. Кім қалай қыдырады, қалай жүріп-тұрады — бәрі өз еркінде. Тек өзгелерге қиянат, кесір-кесепатын тигізбесе болғаны. Бұлбұлсымақ та сол мүмкіндік иелерінің бірі.
Алдымен жайлап, айналасындағыларды елітіп, өз жағына шығарып алған соң, «неге енді аумағымды кеңейтіп, атағымды шығарып, біртін-біртін көпшілікке танылу шеңберімді ұлғайта түспеске» деген ой келген оған. Сөйтіп, бірер жылда жарты орманды, одан кейін тұтастай бүткіл тоғай біткенді билеп-төстеп алса, тақиясына тар келер ме? Көздегені тек осы еді. «Іздегенге — сұраған». Көп кешікпей айналасындағылардың қолпашымен оның аты да өзгерді. Енді ол жай бұлбұл емес, «Дүлдүл-бұлбұл» атанды. Обалы не керек, бұл істе оған Көкек анасының көмегі көп тиді.
Бұрынғы Бұлбұл анасын ұмытқалы қашан. Өзінен көрсін. «Олай етпе, былай болмайды. Біздің текте ондай жоқ. Мұны сен қайдан таптың?» деген сияқты ескертулері көбейіп бара жатқан соң, осы Көкек анасының ақылымен бір түнде осы жаққа қашып кеткен. Шынтуайтында, Бұлбұл анасы мұны қатты қинайтын. Даусын жаттықтырып, үнін мың құбылта шырқауды үйретуі бұл үшін қияметтің ісімен тең еді. Қатты шаршайтын. Тамағы бітіп, қиқылдап-шиқылдап қалғанша азаптай жүріп, ол анасы мұны көп нәрсеге баулыды. «Жетті. Енді оның көмегінсіз де күн көре аласың!» деген Көкек көкесінің кеңесімен осылайша жаңа өмірін бастап кеткен-ді. Әзірге жаман емес. Бәрі де өздері кесіп-пішкендей рет-ретімен келе жатыр. Айтпақшы, қазіргі анасын бұл Көкек емес, Көке деп атайды қазір. Мына жақтағыларға сыр алдырмас үшін, әрине. Әйтпесе, анау тіміскіленіп қалған Сауысқан деген жансыздары бір жерден ши шығарып жүруі мүмкін. «Сақтықта қорлық жоқ». Айнала толы бірін-бірі аңдыған бақталастар. Бәрі — бұлбұл. Түрлеріне қарамай бәрі Орман аталарының сүйкімдісі мен сүйіктісі болып алған.
Осылайша күн өткен сайын ширығып жүрген «Дүлдүлді» кеше кешкісін Жарғанат пен Жапалақ бастаған бір топ сүйермендері төбесін көкке жеткізе мақтай отырып, қайрай түскен.
— Біздегі әуен жағын өзің қолға алатын уақыт жетті! — деді күжірейген Күшіген.
— Айтпа! Әуез деген кім сенің қасыңда?! «Соқыр көргенінен жазбас» деп, Орман ата қайдан білсін, — деп оны Жапалақ қостап берді.
— Иә, көпшілік дұрыс айтады. Ертеңнен бастап, Әуездің орны — сенікі. Біз көп болып, қауым болып, солай шештік, — деп пәтуаласқан-ды.
Міне, бүгін таң елең-алаңнан келіп, Әуез бұлбұлға қыр көрсетуі соның буы еді.
Әліптің артын баққан Орман ата әзірге іштен тынуда. Ойы — өзгелердің де пікірін тыңдап, безбендеу. Асығыстық жасамау.
Осы сәт келесі бір тұстан құйқылжи жөнелген Наз бұлбұлдың үні ызақор «Дүлдүлдің» сөзін бөліп кеткен. Ашуға мінген ол Әуезді жайына қалдырып, енді солай қарай далбақтай ұшсын. Орман біткенді баурап, ұйыта бастаған оның үні де ішін өртеп барады.
— Әй, сен кімсің?!. — деді оған жетер-жетпестен даусы булыға шығып.
— Мен — Назбын. Ал өзің кім боласың? Кел таныс болайық, — деді әсем әнін орта тұстан бұзған бұған таңдана қараған ол.
— Мен — «Дүлдүл-Бұлбұлмын!» Бір орманда тұрып естімеп пе едің?.. — деуі сол екен, айналасы шиқылдаған, қиқылдаған күлкіге толып кетті.
— Хи-хи-хи, ха-ха-ха… Мына сен бе Бұлбұл, Дүлдүл?!. — Сықылықтай күліп, шиқылдап, іштерін басқан тиіндер дәл төбесінен төне түсіп, орманды жаңғырықтыруда.
— Қане, бұлбұлша сайрашы! Тыңдап көрейік.
Әлгінде асығып жүріп, Көкек көкесі тауып берген жасанды көмекейін ұясында қалдырып кетіпті. Қап, енді қайтті?! Тәуекелге бел бууға тура келді. Бірақ қанша күшенгенмен ештеңе шығара алмағанын өзі де сезіп тұр. Тағы да күлкіге қалды. Шиқ-шиқ, қарқ-қарқ...
— Әсем әннің шырқын бұзғанша, өз жөніңді таппайсың ба, байғұсым? — деп, қанаты сусылдаған қырғи да жетті бір жақтан. Түрі сондай сұсты. Ұрлығы ашылған бұлбұлсымақ зәре-құты қалмай, тұра қашты.
— Шық-шық, бұл орманнан шық-шық! — деп шықылықтаған сауысқандар да тұс-тұстан анталап, қалар емес. Жасыл желек біткен: «Судыр-судыр, Судыр Ахмет», — деп жарыса мазақ қылуда. Сасқалақтаған бұлбұлсымақ өзі жайлаған үйреншікті мүйісіне асыққан. Өкінішке орай, мұндағы жақтастарының бәрі жым-жылас. Бірде-бірінің қарасы көрінбейді. Ұясына келсе, жасанды көмекейі де жоқ. Ізім-ғайым. Масқара! Кеше өзін жер-көкке сыйғызбай мақтаған Жапалақтың орнында қабағы қатулы Қаршыға отыр.
— «Есің барда еліңді тап» деген. Қараңды батыр бұл арадан! Жаныңның барында, тез! — деп шаңқ етті.
Есі шығып, ебі қашқан бұлбұлсымақ баяғы келген жағын тұспалдап қаша жөнелді. Оны орман сыртында күтіп тұрған Көкек анасы: «Қап! Әттеген-ай, Бұлбұл болуға аз-ақ қалғанда, мына бір қырсықтың шалуын қарашы!..» — деп, өз жоспарының күл-талқан болғанына қатты өкінулі еді.
Көп кешікпей орман іші Саз бұлбұлдың әдемі әнінің әуеніне елітіп, күнделікті мамыражай тірлігіне көшті. Өз тұрғындарының ауызбіршілігіне дән риза болған Орман ата да бұлбұл әуезімен мүлгіп сала берген.
Тек Сауысқан ғана балапанын даңқты әнші қылуды көздеумен жұмыртқасын Бұлбұлдың ұясына салып, соған өсірткен Көкектің ұрлығы әшкере болғандығын жалпақ жұртқа жариялай, сүйінші сұрап шапқылаудан жалығар емес. «Ұрлық түбі — қорлық», «Әлін білмеген — әлек» деген мақалдар осыдан қалса керек.