Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Жарыс күнгі жаңалық

Екі көріністі шағын қойылым

Қатысушылар:

10-11 жасар оқушы балалар

Бірінші топ: №107 мектептің оқушылары – Арман, Мақсат, Мұрат

Екінші топ: №52 мектептің оқушылары – Есен, Хасен, Үсен

Қыдыр ата – ақ сақалды, аса таяқты қарт

Төрешілер

Жүргізуші

Көпшілік жанкүйер қауым – оқушы балалар

Оқиға қазақ мектептерінің бірінде өтеді.

Бірінші көрініс

Жаз. Көк майсалы алаң. Шымылдық ашылғанда үш ұл жерде опыр-топыр болып, әлденеге таласып жатады.

Арман(бәрінен бұрын орнынан көтеріле, қоржынды иығынасалып). Айттым ғой, тапқан тапқандікі! Таласпаңдар!

Мақсат. Жоқ, сенікі әділдік емес. Бірінші көрген мен ғой.

Мұрат. Екеуіңнен де бұрын мен жеттім...

Арман. Бірінші ие болған – мен! Сондықтан қоржын менікі.

Мақсат. Тоқтаңдаршы шуламай. Үшеуміз де бірдей көрдік.

Мұрат. Иә, демек, олжа үшеумізге – ортақ.

Арман. Ортағы қалай сонда, бір қоржынды үшке бөлмексің бе?

Осы кезде сахнаға Қыдыр ата шығады.

Қыдыр ата. Әй, балалар, бұл не дау? Неге келісе алмай, қызыл кеңірдек болып жатырсыңдар?..

Балалар(жарыса). Ассалаумағалейкум, ата! (Қос қолдарын ұсынады.)

Қыдыр ата. Уағалейкүмәссалам, балалар! Таудай азамат бо-лыңдар! Өркендерің өссін!

Мақсат. Айтқаныңыз келсін, ата! Рақмет!

Мұрат(таңдана). Бірақ сізді риза етердей біз ештеңе тындыра қойған жоқпыз ғой, ата?!.

Арман. Иә-ә?..

Қыдыр ата. Сәлем бердіңдер ғой. Ассалаумағалейкум деген – Алланың нұры жаусын деген ізгі тілек. Ал мен сендерге Алланың нұры өздеріңе екі есе жаусын деп жауап қайтарып, батамды бердім.

Арман. Қандай керемет сөз, ә!

Мұрат. Иә-ә, мағынасын білмейтін сөздеріміз көп қой, біздің.

Қыдыр ата. Ал енді сәлемдесіп болсақ, жаңағы таласымызға келейік. Ол не дау, өзі?..

Мақсат. Ол...

Арман (Мақсатты ту сыртынан түртіп, сыбырлай). Айтпа!

Мұрат. Ол мына қоржынның дауы, ата.

Қыдыр ата. Иә, бұл не қоржын?!.

Мақсат. Үшеуміз келе жатып тауып алдық. Бірінші көрген мен едім. Бірақ мына желаяқ Мұрат бәрімізден бұрын жетті.

Мұрат. Ал бәрімізден күші мығым мына Арман бірінші болып ие болды.

Мақсат. Соған келісе алмай... Төрелігін айтыңызшы, ата, әділінде қоржын қайсымыздікі?

Қыдыр ата(Мақсатқа). Сен бірінші көрдің. (Мұратқа) Сен бірінші болып жеттің. Ал сен (Арманға) бірінші ие болдың, ә? Қызық екен! Бір қарағанда үшеуіңдікі де жөн сияқты.

Арман. Сонда не істеуіміз керек?!

Мақсат. Теңдей бөліп аламыз!

Мұрат. Иә, олжа үшеумізге ортақ.

Қыдыр ата(ойланған болып). Осы сендер асығыссыңдар, ә?.. Жарысқа кетіп барасыңдар ғой.

Арман. Иә, ата, стадионға, мектепаралық жарысқа кетіп барамыз.

Қыдыр ата. Сонда неден жарыспақсыңдар?

Мақсат. Арман – қол күрестірудің шебері. Мұрат жүгіруден алдына жан салмайды.

Мұрат. Ал мына Мақсат балаңыз футбол ойнайды.

Қыдыр ата. Жөн, жөн, балалар...

Мақсат(сағатына қарап). Жарыс басталуға он бес-ақ минут қалды! Асықпасақ болмайды.

Қыдыр ата. Ендеше, сендер жолдарыңнан қалмай жүре беріңдер. Қоржын осында, менде қалсын. Сендер жарыстан қайтқанша мен ойланып-толғанып, қазылығын шешіп қоярмын.

Мұрат. Жарайды, ата! Сізге сенеміз. Әділдігін айтсаңыз болды.

Арман. Жақсы, ата, келістік!

Мақсат. Ал онда, ата, бізге жеңіс тілеп, ақ батаңызды беріп жіберіңіз.

Бәрі жүрелеп отыра кетеді.

Қыдыр ата (алақанын жайып).

Уа, Құдайым оңдасын,
Қызыр баба қолдасын!
Сулы болсын құдығың,
Құлынды болсын құрығың.
Аламан бәйге, жарыста
Жеңіс болсын тұғырың!
Ұландарым жарыскер,
Оралыңдар табыспен!
Әумин! (бетін сипайды.)

Балалар да беттерін сипап, орындарынан тұрған күйі асығыс жүгіре шығып кетеді. Олар көрінбей кетісімен сахнаға солар құралпас тағы үш-төрт бала шығады. Олар да асығыс.

Алдарында тұрған қоржынды да, қартты да қаға-маға өте береді.

Қыдыр ата. Әй, балалар, қай баласыңдар? Мына қоржын сен-дердікі емес пе?..

Хасен (артына бұрылып, тоқтайын деген досы Есенді жеңінентартып). Нең бар алжыған қайыршы шалда?! Кеттік!

Есен. Қоржын дей ме?..

Хасен. Диуананың қоржынында не бар деп ең? Оданша жарыс-ты ойласаңшы. Қалай, бүгін Арманды тізе бүктіре аласың ба?

Үсен. Әй, бүгін бір көкесін көрістірші өзінің!

Есен. Айтсаң, болды ғой! Сол да сөз бе екен...

Бәрі даурығысып кете барады.

Қыдыр ата(олардың соңдарынан жақтырмай қарай тұрып). Бөс! Бөс! Көрерміз әуселеңді. (Қоржынын иығына салып, шығып кетеді.)

Екінші көрініс

Қызылды-жасылды жалауларға толы жарыс алаңы.

Ортада жеңіл киінген спортшылар. Оларды айнала қоршаған жанкүйерлер. Шымылдық ашылғанда (немесе жарық жанғанда) әр жерде екі-екіден жұптаса қол күрестіріп отырған спортшы балалар көрінеді. Олардың әрқайсыларының жанындағы төрешілер жеңімпаздарды анықтап, қағазға әлденелерді белгілеп жүреді. Дәл орта тұста қарсыласымен қол күрестіріп отырған Арманды көреміз.

Жанкүйерлер. Арман! Арман! Бас, бас!

– Ой, жарайсың! Ой, азамат!

– Бәрекелде!

Төр жақтан «Жасасын №107 мектеп!» деген лозунг көтеріледі.

Төреші(Арманның қолын жоғары көтеріп). Бұл сайыста №107-мектептің спортшысы Арман Байжанұлы тағы да таза жеңіске жетті!

Жанкүйерлер қошеметі.

– Жаса, Арман!

– Жарайсың!

– Міне, жігіт!

Төреші. Осылайша, қарсыластарының бәрін шақ келтірмей жеңген нөмірі 107-мектептің төртінші сынып оқушысы Арман Байжанұлы ақтық кездесуге жолдама алды. Бұл шешуші сайыс-тағы оның ендігі қарсыласы – елу екінші мектептің спортшысы Есен Досанұлы болмақ.

Осы сәт микрофоннан жарыс комментаторының дауысы естіледі.

Жүргізуші. Құрметті жарысқа қатысушы спортшылар мен жан-күйерлер, бұл екі жеңімпаз сәл тынығып, ақтық сайысқа дайын-дық жасап алғанша, біз сіздермен желаяқтар жарысын тамаша-лайық. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл аламан жарыс та мәреге жетуге жақын. Желаяқтарымыз соңғы айналымды да орталап қалғанын көріп тұрсыздар. Ал әзірге қарсыластарынан оқ бойы оқшауланып, алға шыққан желаяқтарымыз – екеу. Олар – №107-ші және 52-ші мектептің желаяқтары Мұрат Айтжанұлы мен Хасен Асанұлы. Әзірге екеуі қатар келе жатыр. Міне, олар жарыс жолының шешуші кезеңіне шықты! Алда – мәре.

Арман. Мұ-рат! Мұ-рат! Сал барыңды!

Мақсат. Бас! Бас қамшыны!

Үсен. Ха-сен! Қалма, қалма! Намысты жіберме!

Есен. Уәде қайда?!. Ышқын! Ышқынсаңшы-ей!..

Арман. Оп, бәре-кел-де-е! Жаса!

Мақсат. Тағы, тағы! Екпіндет! Міне, жарайсың!

Жарыс алаңы «Мұрат! Мұрат!» деп ұрандаған жанкүйерлер үніне толып кетеді.

Жүргізуші. Міне, Мұрат Айтжанұлы суырылып алға шықты! Жеңіс жақын. Мәреге елу, қырық, жиырма, он бес метрдей-ақ қалды. Бәре-кел-де!!!

Осы сәт жанкүйерлер алдынан оқтай зулап желаяқ спортшы

Мұрат Айтжанұлы өте береді. Оның соңын ала екінші, үшінші, төртінші спортшы өтіп жатады. Жарыс алаңы у-шуға толы.

Жанкүйерлер. Мұ-рат! Мұ-рат! Мұ-рат!

Жүргізуші. Сонымен, үш шақырымдық аламан бәйгеде №107 орта мектептің 4-сынып оқушысы Мұратжан Айтжанұлы жалғыз дара келіп, чемпиондық тұғырға көтерілді. Құттықтаймыз!

Төреші (ортаға шығып). Ал енді қол күресінен ақтық кез-десуімізді бастаймыз. Ортаға Арман Байжанұлы мен оның қарсы-ласы – Есен Досанұлы шақырылады!

Екі спортшы ортаға шығып, үстел басына жайғасады.

Төреші олардың жарыс ережесіне сай дұрыс отыруын тексеріп шыққан соң, сайыстың басталғаны жөнінде белгі береді.

Төреші. Бір, екі, үш! Жекпе-жек басталды.

Мақсат. Арман, дес берме! Бірден тұқыртып ал!

Мұрат. Иә, аруақ! Күш атасын танымас!

Жанкүйерлер үні.

– Ар-ман-ан! Ар-ма-ан!

– Е-се-ен! Е-се-ен! Бас! Тарт!

– Өй, мынауың көже ішпеген неме ғой!..

Комментатор. Ақтық сайысқа түсіп отырған Арман да, Есен де оңай-оспақ спортшы емес. Әрқайсысы бұған дейін өткізген үш жекпе-жекте де қарсыластарын тізе бүктірген мықтылар. Ендеше, бірін-бірі ала қоюы да оңай бола қоймас.

Мақсат(арқалана). Е, міне, аз-за-мат! Тарт! Әкет!

Жанкүйерлер. Ар-ман! Ар-ман! Ар-ман!

Қарсыласының қасарысқан қолын жайлап өзіне қарай қайыра бастаған Арман достарының ұранды үнімен арқаланып, сол күйінде шалқайта апарып, үстел үстіне бір-ақ басады.

Мұрат (секіре түсіп). Аз-за-мат! Жарайсың!

Мақсат. У-ра-а! Міне, жігіт!

Төреші(Арманның қолын көтеріп). Ақтық сайыс жеңімпазы – Арман Байжанұлы! №107 мектеп!

Жанкүйерлер. У-ра-а! Жарайсыңдар, жігіттер!

Жүргізуші. Сонымен, Арман Байжанұлы қол күрестіруден бас-тауыш сыныптар арасында өткен дәстүрлі мектепаралық жарыс-тың чемпионы атанды! Жарыс қорытындысы бойынша жаңа ғана осы мектептің тағы бір оқушысы Мақсат Мақашұлы ең көп доп соққан мерген футболшы болып танылды.

Мұрат(жанындағы Мақсаттың қолын алып). Жарайсың, сұрмергенім! Жүр енді, Арманды барып құттықтайық.

Екеуі жұптаса Арманның жанына келеді.

Мақсат (әндете). Арман, Ар-ма-ан,

Топты жарған.
Кеппе Есен,
Тырапай асып,
Жолда қалған.

Әкел қолды! Қатырдың! Жарайсың!

Мұрат(Арманның қолын қысып). Ерледің!

Мақсат. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, таңертеңгі олжамызды жақсы ырымға жорып едім. Дөп келді! Үшеуміздің де жолымыз болды.

Арман. Айтпа! Ақсақалдың ақ батасы оң болып, айтқаны келді! (Мақсатқа) Бата сұрау қайдан ойыңа келе қалды?

Мақсат. Атам бар ғой. «Атасы бардың – батасы бар».

Жүргізуші. Қадірменді спортшылар мен жанкүйер қауым, енді жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне кезек береміз.

Төреші. Спортсүйер жұртшылық! Сіздерге жақсы жаңалық хабар жеткізгелі тұрмын. Біздің бүгінгі жарысымыздың өзге-лерден ерекшелігі сол, ортамызға Қыдыр атамыз келіп тұр. Және ол кісі жайдан-жай келмей, бүгінгі жарыстың Бас жүлдесін, яғни Гран-приін өзі тағайындап ала келіпті. Міне!

Осы сәт ортаға иығында қоржыны бар, аса таяқты Қыдыр ата шығады.

Арман(аузы ашыла). Қы-дыр ата?!!

Мақсат(таңырқай). Иә дәп өзі! Бағанағы біздің атамыз!

Мұрат. Қоржынды қара! Біздің қоржын ғой?!.

Арман. Міне, қызық!..

Қыдыр ата(қоржынынан спорттық аяқ киімін алып). Мынау – желаяқ балам, Мұрат, саған! Кел, келе ғой. (Қоржынынан теңбілдоп алып) Мынау – шабуылшы сұрмерген, Мақсат балам, саған! (Табысетеді. Қоржынынан қос гантель алып) Мынау – білекті балам, Арман саған! (Сыйлықтарын әрқайсысының қолдарына тапсырады).

Төреші. Бұл жеңімпаздардың үшеуі де жалпы командалық есепте бірінші орынды иемденген №107 орта мектептің шәкірттері.

Жанкүйерлер. Ура-а-а! Жасасын 107-мектеп!

Қыдыр ата(қасында тұрған үшеуіне қарап). Міне, балақандар, олжаларыңды осылай бөлу әділ көрінді. Оған өздерің тер төгіп, еңбек еттіңдер. Бұл – нағыз әділ жеңіс!

Арман. Рақмет, ата!

Мақсат. Құдай тілеуіңізді берсін, ата! Өте әділ шешім!

Мұрат. Разымыз, ата!

Қыдыр ата. Ал мына киелі де берекелі қоржын – жеңімпаз мек-тептеріңе тарту. Оның қабырғасынан береке-бірлік пен жемісті жеңістер арылмағай! Әумин! (Бетін сипап, қоржынды Арманға тапсырады.)

Арман. Рақмет! Айтқаныңыз келсін!

Мақсат. Сіздің тапқырлығыңызға рақмет, ата!

Мұрат. Бүгін өзі жақсылық пен жаңалыққа толы жеңісті күн болды.

Мақсат. Иә... Мұсылманша сәлемдесудің мән-мағынасын біл-дік. Қыдыр ата... (бұрыла беріп, жанында тұрған Қыдыр атаны таппай, аңтарылып қалады. Жан-жағына алақтап, іздей) ...сізбен таныстық... дейін десем... Ізім-ғайым! Ой, тәубә-ай!.. (Ол кісі бұл кезде қаумаласқан көпшіліктің арасын тасалана, сахнадан шығып кеткен-ді.)

Қолдарында жоғары көтерген «Жасасын №107 орта мектептің спортшылары!» деген ұраны бар топ бала Арман, Мұрат, Мақ-саттарды ортаға алып, жапа-тармағай құттықтасып жатады. Сахнаны асқақ музыка әуені кернейді. Қолдарында жоғары көтере бұлғаған жалаушалары мен гүл шоқтары бар көпшілік музыка ырғағымен «толқын» жасай тербетіліп, авансценаға қарай жылжып келе жатады...

Ән.

Алға, достар,
Қыран құстай самға,
Жарыс отын лаулатыңдар,
Жеңістерге бастар
Асулары асқар
Шақырады алда сындар...

Шымылдық

Соңы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама