Дүркіреп жеткен жыр-нөсер
(Арқалы ақын Қалбай Әбдіраманов жайлы үзік сыр)
Ақиқатқа ең жақын адамдар — ақындар.
М.Ганди
"Қарақалпақстаннан бір ақын келіпті, жиын-тойларда аңқылдап өлең оқиды екен", — дегенді еститінмін. Поэзия өлемінде жұлдыз болып жарқыраған, жыр ақиығы Төлеген Айбергенов туып-өскен өлкеден небір жүйріктердің шығуы заңды ғой. Бір күні жұмысыма қараторы өңді, жігіт ағасы іздеп келді. Бұрыннан таныс-біліс адамша іші-бауырыма кіріп барады. "Мен Қалбай Әбдіраманов деген ағаңмын ғой. Ақынды ақын іздемесе бола ма? Мен өлгенде сендер болмасаңдар кім көмеді?" — дейді. Әп-сәтте сөзіміз жараса кетті. Бір сөзді бір сөз қуып, сыр-сұхбатымыз қыза түскенде: "Тыңдасаң өлең оқып жіберейін!", — дейді."Оқыңыз!", — деймін.
Жыр тиегін ағытып, өлеңді түйдектетеді. Сөйтіп, отырғанда жұмыс күнінің жартысы өте шығыпты. Араға күн салып ол тағы келді. Әңгіме әдеттегінше қайта өрбіді, Қалекең жырларын төгіп-төгіп жіберіп, тынышталып, қайта жадырайды. Бейне бір ніл аспан аяқ астынан бұлт құрсамаланып, қайта жадырағандай әсерге бөленесің.
Ертеңіне үйіне іздеп бардым. Бәз біреулерге сырт қарағанда көп сөзділеу, қожанасырлау көрінетін ақжүрек ақынның жан-дүниесіне үңілгендей болдым. Туған халқына деген сағынышы, кіршіксіз махаббаты баурап алды.
Жауқазын гүлдей бүр ашып,
Далада тудым өзім мен,
Ойнақтап өстім қыр асып,
Сонау бір жастық кезімнен.
Көрмедім жасып, жалтақтап,
Сындарға талай түстім де,
Шалқая бастым шалқақтап,
Кең дала сенің үстінде.
Ақырғы демім жеткенде,
Топырақ қылып төк мейлің,
Сонда да солмай көктемде,
Жапырақ болып көктеймін.
Осы бір жауқазын жырдан-ақ тума дарынның аяқ алысы білінбей ме?! Бұл ақынның отыз жеті жыл бұрын (10.09.65 ж.) "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған өлеңі. Қалекең ол кезде он сегіз-ақ жаста екен. Сол жылдардағы өлеңдерінің өзінен өршіл рух байқалып, азамматтық әуеннің лебі еседі.
1947 жылы Қарақалпақ елінің Бируни ауданында дүниеге келген Қалбай мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, "Қазақ әдебиеті" газеті мен республикалық "Әмудария" журналында балауса жырларымен көрінді. Оның 1965 жылы Алматыға оқуға түсуге барғанда ақиық ақын Төлеген Айбергеновпен кездесіп, дәмдес болуы, бір пәтерде тұруының өзі бөлек әңгіме.
1966 жылы "Балдырған" журналының бірінші санында ақынның "Қыс" атты өлеңі жарияланды:
Келіп жетті қыс тағы.
Күндер өтіп шуақты.
Қарлы боран тыстағы,
Қыс ашуы сияқты,
Тоңып қалар денеңіз,
Келді қыстың кезегі.
Күнге күйген денеміз.
Суыққа да төзеді.
Жұп-жұмыр осы екі шумақ қазақ мектептеріндегі бірінші сыныптың "Ана тілі" оқулығына еніп, 28 жыл бойы оқылып келеді.
"Қыс" атты кітапша шықты. Мұндағы Абай бастаған алты ақынның бірі — Қалбай Әбдіраманов.
Ақынның қарақалпақ тілінде жарық көрген "Жүректегі жазулар"(1977 жыл) атты жинағын оқып шықтым. Шағын кітапша салмақты көрінді. Алғашқы беттегі "Күміс қоңырау" өлеңінде өзі айтқандай ешкімге ұқсамайтын өз даусымен танылуды мақсат тұтады.
Ал, "Әке мейірімі" өлеңін оқығанда еріксіз езу тартасың. Оқиға былай өріледі. Шаруаға қолғабысын тигізіп жүрген Қалбайды әкесі: "Менің балам азамат болған екен", деп қайта-қайта мадақтап қояды. Онан сайын мақтау естігісі келген бала бақшадағы әлі піспеген көк түйнектерді жұлып алып жинап қояды. Мұндай "қызыл қырманды" көрген әке қатты ашуланып, айқайлап тұра ұмтылғанда бала қаша жөнеледі:
Мен зып бердім айдалаға лағып,
Мына сөзді естіді тек құлағым.
— Аяғыңа тікен кіріп кетпесін,
Абдырамай жазыққа қаш, шырағым,
Жинақтағы махаббат, достық, көңіл-күй лирикалары тартымды оқылады. Жүректі селт еткізер өршіл рухтан жаңылмайды.
Барлық нәрсе бермейді ғой біліне,
Мен ғашықпын өз тауымның гүліне.
Жыр жазғанда қандай тіл бар қанеки,
Жететұғын менің ана тіліме.
Әркімге ұлы ата жұрты, Отаны,
Басыңызға күн тумағай қапалы.
Көп тауларды менсінбеймін кейде мен,
Өз тауымды көтерсем деп жоғары.
Алғашқы жинағынан-ақ, жыр сүйер қауымға танылған Қалбай 1981 жылы қарақалпақ тілінде "Келешекке сапар" атты екінші жыр кітабын ұсынды.
Ақын болсам, сөздерім жетсе деймін,
Батыр болсам, жауыңды өкшелеймін,
Сен дегенде жойылып шекаралар,
Құлағыңа дауысым жетсе деймін.
— деп ағынан жарылады ақын. Немесе "Әке кетті өмірден" өлеңінде былай дейді.
Жеңіс келді, халықтың құты келді,
Мұңаяды кім аза тұтып енді.
Азаматтар өлген жоқ бостан-босқа
Бізге келген ажалды жұтып өлді.
Кітаптың алғы сөзінде айтылғандай ақынның лирикасы жігерлілігі, ой-өрісінің кеңдігімен тартымды. Отан, туған жер, адамгершілік, адамның бір-біріне деген мейір-шапағаты-негізгі тақырып.
Қалбай Әбдіраманов қарақалпақ жерінде кеңінен танылған үлкен ақын. Оның жырлары 1980 жылы Қазан қаласында шыққан "Арал толқындары" атты қарақалпақ поэзиясының антологиясынан, көптеген ұжымдық жинақтардан орын алды. Пушкин, Есенин, Исаковский, Твардовский сияқты поэзия алыптарын, бірқатар әзірбайжан, башқұрт, татар, қазақ ақындарын қарақалпақ тілінде сөйлетті. Өзбекстан және Қарақалпақстан халық жазушысы Жолмұрза Аймұрзаевтың мұнан жеті жыл бұрын беделді журналға берген сұхбатында: "Қалбай керемет ақын еді. Маған онсыз қазіргі поэзиямыз қаңырап босап қалғандай болып сезіледі", — деуі тектен емес. Бұл оның қазақтың Төлеген сынды жыр жампозын дәметкен топырақтан тағы бір талантты ақынның шыққанын айтқаны болса керек.
Қалбайдың айтуынша ол он сегіз жыл баспасөзге шығарма бермеген.
Ақын деген шабыт бұлағы,
Бөгей берсең тесіп шығады.
Түрткілеме өз балаңды сен,
Онда ақындар қайдан шығады?
Тек ақымақтар ішер суына
Кірлеп кеткен қолын сұғады.
Ақындарға тимең, адамдар!
— деп ақынның өзі жазғандай біреулер оның кіршіксіз адал жанын жаралап, жырына қол сұққан. Ондайды көтере алмаған мәрт ақын морт кеткен. Енді міне, бойындағы арқыраған жыр тасқыны арнасына сыймай атажұртына табан тіреп отыр. Қалбайдың шығармашылығын шағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Біз тек елім деп еңіреп келген арқалы ақын жайындағы үзік сырды көпке ұсындық. Оның:
Гүл болып шықты өлеңім.
Құлпырып тастың үстіне, — деп жазғанындай жырлары Маңғыстауға келген соң қайта жаңғырды. "Ақыны көп елдің рух-жігері асқақ болатыны хақ." Ендеше Қалбай Әбдіраманов сынды жыр жүйрігінің өлкемізге келуі-үлкен қуаныш. " Құдайдың бір есімі-халық, одан үлкен құдай жоқ", — деп Қалекең өзі айтқандай, оның еңбегін бағалайтын, бағамдайтын халқы бар. Дана халқымыз болат кездіктің қыл түбінде жатпайтындығын, ал шын асылды тот баспайтындығын айтып өткен. Ендеше, оның жырларының да көмескі тартып, мұқалмасы анық.