- 23 ақп. 2022 00:00
- 183
Ертегі
Қонды тағы даланың төріне түн, кымтап қара торғынмен өңі-бетін. Жұлдызды аспан көнерген киіз үйдей үзігінен моншақтар көрінетін.
Түбі келер жүйріктей иесіне, ана сүті құндақтың киесі ме - бала шағым әйтеуір әр сәтімен оралатын болып жүр жиі есіме.
Бәрі де ыстық бұл күнде маған мына: қызуымнан кеудесі нәр алды ма - құс төсекте анашым қойнына алып жыр айтумен самайы ағарды ма?..
Бастағанда ертегі, жырын анам, көз алдыма келетін үлы ғалам. Алты қанат ақбоз үй қоңырайып, түндік, туырлықтары да ыдыраған.
Кеш түсуін күтуші ем алмай тыным, естілгенше қиялды жалғайтын үн. Анам айтар ғажайып әлемге еніп көз ұйқыға кеткенше шарлайтынмын.
Бала қиял баурады, жебеді әрі, ертегіден басталды неге бәрі?.. Сол ғажайып әлемнін ой мен қырын шарлап тауыса алмастан келем әлі.
1979