- 28 қаз. 2022 00:00
- 193
Есірткісіз өмір ғажайып
Адам үшін ең қымбат ұғым – өмір. Адам баласы өзінің саналы ғұмырында осы өмірді бақытты өткізуге тырысады. Алдына мақсат қойып, асыл мұраттарының орындалуы үшін күресіп бағады. Өмірдің ғажайып сырларын ашып, махаббат әлемінің тұңғиығына үңіледі, ұрпағына мирас боларлық мәңгілік ғұмырды жалғастыруды көздейді. Егер өмір осыншалық қымбат болмаса, мұның бәрі бос әурешілік емес пе?
Өмір – әрқайсымыз үшін өте маңызды. Біз ержеткен сайын ақылды бола бастаймыз, бірақ бір нәрсені түсіне алмаймыз: өмірдің мәні неде? Неліктен біз дүниеге келеміз, өмір сүреміз? Мұның бәрі не үшін? Бұл қаншалықты маңызды және оны кім басқарады? Неліктен біз ең маңызды нәрселерді басқара алмаймыз? Менің ойымша, өмірдің мәні-одан ләззат алу. Мен бүгін, дәл қазір мына жарық әлемде өмір сүргеніме қуаныштымын. Күн сайын мен сәулесін шашқан нұрлы күнді, шегі жоқ көгілдір аспанды, қара түнді жарық қылған самсаған жұлдызды көремін… Мен ақылды адаммын, өмірдің бір-ақ рет берілетінін, сондықтан өмірді бағалау керектігін түсінемін. Менің қорқынышпен өмір сүргім келмейді, ата-анам бақытты болғанымды көргенін қалаймын. Достарымның мені темекі шеккенім немесе есірткі қабылдағаным үшін емес, жағымды қылықтарым үшін құрметтегенін қалаймын. Мен бақытты өмір сүретініме сенімдімін, өйткені мен өміріме қауіп төндіретін есірткіге «менің өмірімде саған орын жоқ!» деп айта аламын, өйткені мені қолдайтын қымбат адамдарым қасымда, өйткені мені бақытты ететін барлық мүмкіндік бар. Мен өз тағдырымды өзім жасаймын. Ешқандай есірткі біздің өмірімізді жарқын етпейтінін, ол тек мақсатыңа, арманыңа жетер жолды жабатынын анық түсінемін.
Тек өзімнің ғана емес, менің жанымдағы адамдардың да өмірі есірткіге тәуелді болғанын қаламаймын. Есірткінің адам өміріне зиянын мен секілді жасөспірімдер түсінсе екен, ата-бабам қасық қанын төгіп сыйлаған бейбіт заманның тек сәулелі жақтарын ғана қабылдаса екен деймін. Мейірім, махаббат, сенім секілді мәңгілік құндылықтарды ғана бойына сіңірсе екен деймін. Менің жұдырықтай жүрегім «есірткіге қарсылығымды» осыбір сөздер арқылы ғана білдіре алады.
Қорқыт бабамдай абыздың, Абылай хандай көреген көсемнің, Бауыржан атамдай батырдың ұрпағы – біздің есірткінің құлы болуға құқымыз жоқ! Мен болашағыма қорқынышсыз қарағым келеді, қорқынышсыз әлемде өмір сүргім келеді. Менің тілегім – бүгінгі ұрпақ ата- бабамыздан берілген ұлттық тәрбиеге қанығып өссе екен деп тілеймін. Өмір қандай ғажап!
Гүлім СЕРІКОВА
№277 мектеп-лицейі
Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы Байқоңыр қаласы