Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Фаризаға арнау

ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНДЕ
ФАРИЗА АПАМА

(Кездесу кешінен кейінгі ой)

Жезқазған кеші, мезгіл болатын екінді,
Сахна төрі көгілдір аспан секілді.
Жастықтың жыры төгіліп сырлы сезіммен,
шуағын шашты не түрлі.
Найзағай сынды жарқылдап семсер – жырларың,
тұманы айықпас дүниені, апа, нұрладың.
Биліктілерге тік қарап тұрып тура айттың
Заманымыздың мұң-зарын.
Сенің жырларың жаны жүдеген әркімге ем,
Сол жырларменен айырдым өмір парқын мен.
Бұза алмасаң да әділетсіздіктің шынжырын,
мәртебең, апа, биік болып тұр халқыңмен.
Ешбір жан Сізді ойлай алмайды жасық деп,
Жете алмай жүрген сіз жеткен шыңға асық көп.
Не бір мықтылар алдыңа тура келгенде,
сөз таппай қалар сасып тек.
Байлықтар емес ұрпаққа өлмес ой-мұра,
Жарқылдай берші жүрген жеріңді той қыла!
Қазмойын аттай тұлғаңды көріп сүйсініп,
Қуанышымды сыйғыза алмадым қойныма!
Өрлей бер, апа, мойыма, ешбір мойыма,
Жиылған жұртты көрдің ғой мынау тойыңа!
Ақ жүрегінен адал ниетін білдірген,
жамиғатыңды алғайсың әркез ойыңа!

Жезқазған. Шілде, 2002 жыл. Гүлназ ҮНДІБАЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

ӨЛЕҢ

(Ақын Фариза Оңғарсыноваға)

Жауһар жыры паш еткен елге есімін,
Бір ару бар басында жыр көшінің:
Сұлулыққа жаны іңкәр, жүрегі ізгі,
Ақын-ғұмыр тербеткен жыр бесігін.
Өлең-жігіт тілегін өрнектеген,
дари ма екен ақындық жөргекпенен?
Жыр кітабын жастанып жатушы едім,
Бір ғажабы әлі де шөлдеп келем.
Шырақ жағып толғаған жыр бұлағын,
Өр өлеңнен мұң көрсем тұнжырадым.
Қуат алдым, бәрінен биік қойдым,
Отты жырдан төгілген тіл құнарын.
Елі сүйген ақынды асау үнді,
Танытқан-ды Төлеген жас ауылды.
Аққу-арман менде де болмас еді,
Том-том жырдан берсе әкем жасауымды.
Өлең-айдын, Күні-алау, Айы нұрлы,
Мен де келіп түсірдім қайығымды.
Оң ба алған бағытым, теріс пе әлде -
Жол сілтеші, жыр-апа қайырымды!

Айжан АБДУЛЛАЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА ШЫҢҒЫСТАУДЫ АРАЛАҒАНДА

Фариза апа!
Сағынышын сар даланың түйдіңіз бе?
Аруақтарға басыңызды идіңіз бе?
Сізге арнау жазу да қиын, жүдә,
Жыр тұсауым әлде бүгін қиылды ма?
Ұлылыққа тағзым-жыр орнатып
Бүгінгі күн бақытым боп бұйырды ма?
Біз болашақ ғасырдың жанындамыз.
Халқыңызға көрінесіз жалынды абыз.
Тарбағатай тауының бір тал гүлі
Жыр арнады, апатай, қабылдаңыз!?
Тіршіліктің жаралып құралына,
көңіл-көнбей сан қатпар сынағына,
Шыңғыстауға шарықтап кеп қалдыңыз,
Мініп жырдың Ай мандай пырағына.
Алдыңызға жиналды халық тәмам,
Тыңдауға Сізді ешбірі жалықпаған.
Қасиетті жырыңызды төгіңізші
Алатаудың ақ бұлтындай қалықтаған!
Сияға тоғытқанда қаламұшты,
Көз жіберіп Бөріліге қараңызшы.
Мұхтар ағам тойына үлпілдетіп,
Жырыңызды - үкі етіп қадаңызшы!
Фариза-жыр
Керемет болып арман,
Хан тәңірі өлеңнің өрін алған.
Сөреде емес киелі томдарыңыз
Жүректердің төрінен орын алған.
Тағдыры оған әркез қарсыласып,
Салдырса да қаталдықтың қаһарлы әнін,
Ақ үміт пен қарсы алған атар таңын,
Әзиз қызын аялап елі бүгін,
атайды «Халқым сүйген қаһарманым!»
Намысы оның атойлап бой кернеген,
Пенделік қоқысына ойы ермеген.
Таңғажайып тылсымы махаббат пен
ләззаттың алауына жол бермеген.
Деген ол, жырдай мөлдір баққа барам!
Жағымпаз, жасандыны жақтамаған.
Махаббатын жасырып отауына
Қыздың пәк символынан аттамаған.
Қалт жібермей жырыңызды іздеп едім,
Жаныңыздың нұрына жүзген едім.
Осы өмірде бар болса екі жақсы,
біріншісі екеудің Сіз дер едім!
Құрықтап жалғандықтың барымтасын,
Шыншылдықпен қайтарған қарымтасын.
Мыңмен жалғыз алысқан ұлы Абайдың
қастерлейік Фариза атты,
миллионмен алысқан қарындасын!
Қарттықтың ауылына асықпаңыз,
Қара өлеңнің өзенін тасытсаңыз.
Па шіркіңді-ай, десін жұрт,
Фариза апа,
Қауым қыздар өзіңізге иек артқан,
қыз-қауымның жігерін жасытпаңыз!
Мұқағали аға айтқан Фаризажан,
Семейдің топырағына басты қадам.
Жыры теңіз, қағаз - қайық, қаламы - ескек
елім деп жырыменен жас бұлаған.
Өлеңімді
Бәз біреулер білмесін, білсін мейлі,
түсінбесін, түсінсін, күлсін мейлі,
поэзия - шаңырағында уық болып,
Фариза апам есен-сау жүрсін деймін.
М. Төлебаев атындағы саз колледжі
ақындар мектебінің шәкірті.

Семей қаласы. Шілде 1997 ж. Әсемгүл БОСҚЫНБАЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

АҚЫНДЫҚТЫҢ АТЫРАУЫ ФАРИЗА АПАМА

Қосылғаным осы еді көшке менің,
Ессіз сүйген Өлеңді ес көремін.
Нұрыңызды жүргенмен сырттай сезіп,
Жырыңызды жастанып өскен едім...
Шаттық мынау қойса егер шақырмай түк,
Арызданбас Аллаға ақын қайтіп...
Дүбірімді жер жұтып кетпесін деп,
Алдыңызға кеп тұрмын датымды айтып...
Поэзия - жүрегім, пірім еді,
Бағы бар жан бағаға ілінеді.
Жырларыңыз баптаған бір сәйгүлік
Жыр - бәйгеде қалайша сүрінеді?..
Дүбір таяп мәреге келді бүгін,
Қалар ма екен шаң басып мөлдір үнім...
Мұқағали мұң шақса кеше Сізге,
Шағымданып мен тұрмын енді бүгін...
Толқынында тірліктің толғанамын,
Шынайы жыр өмірлік болған әнім.
Оңда, құдай, келіп ем Оңтүстіктен,
Көрсем бе деп әпкемнің оң қабағын...

Шымкент. 22 қараша, 1996 ж. Қазыбек ИСАҰЛЫ

*** *** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА АПА ӨЛЕҢІМЕН СЫРЛАСУ

Аңсағандай бір көңілім көкті,
Бір нәзік сәуле жүзімді өпті.
Сәулелі сезім жанымды тербеп,
Жүрегіме әкеп жақұт жыр төкті...
Жырыңды сенің оқығанда, апа!
Көктегі күндей шуағын төккен,
Көңілім менің - мәңгілік көктем!
Жүрегімді арбап, сыбырлағандай,
Сиқырлы сазды бір дауыс өктем...
Сырыңды сенің ұққанда, апа!
Көзіме мөлдір тамшы ілінеді,
Сенімім күйреп, бақ сүрінеді.
Көкіректі кернеп қайғының бұлты,
Қақ айрыла кеуде күрсінеді...
Мұңыңды сенің ұққанда, апа!
Жастықтың жалын жайқалып бағы,
Атқандай күліп бақыттың таңы.
Аяулы аппақ арманым болып,
Жанымды менің тербейді тағы...
Жырыңды сенің оқығанда, апа!
Жырыңды сенің оқығанда, апа!

Атырау қаласы. 1996 ж. Айнагүл КЕМАЛИЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА АРНАУ

Өмір-өзен тұрады ағыстардан,
Өмір-бәйге тұрады жарыстардан.
Өмір-көкпар, додада арқалы ақын
Фариза жүр, кезі жоқ қалыс қалған.
Өмір қызық жеңіліс-жеңісімен,
Өмір қызық мәуелі жемісімен.
Басқа ақынды білмеймін, ал Фариза
Табылып жүр әрдайым ел ішінен.
Санаулы-ақ жыл даламда таң атқалы,
(Көптің бірі емес пе ек санаттағы?!)
Жоғын жоқтап Фариза әз халқының
Шырылдап жүр тәңірім жаратқалы.
Бас бұрғызбас тіршілік сан-салалы,
Тағат таппас жаныңның сән-самалы.
Шойын жолдың ұлағат ұл-қыздары –
Нан-тұзымен Фариін қарсы алады.
Орындалып қазақтың аңсағаны,
Өтіп жатыр бағымда ән сабағы.
Болат жолдың танымал тарландары
Ақжайықтың аққуын қарсы алады –
Қарсы алады, әлемге жар салады!

Қызылорда. 27 тамыз, 1996 ж. Төлеген ЖЫЛКЕЛДИЕВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗАҒА

Түн жалғыз, мен де жалғыз, шам да жалғыз,
Өткенге, кеткенге де таңданармыз.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өзің ең Мұқаң аға жырлаған қыз.
Дос таппай дала ұлы дал болыпты,
Пәниден бізде солай алданармыз.
Іні ем, Мұқаңа да, өзіңе де,
Шықпаған тауым жоқ ед, бармаған құз.
Ағаның сол өлеңі, ойымды өртеп,
Кетуге біз де ертең қамданармыз.
Ақынның жаны бөлек, мұңы бірге,
Жүрекке жүйке болып жалғанармыз.
Ақын боп кетпесек те өздеріңдей,
Ұзын арқау, әйтеуір, сонда бармыз.
Бір үйден бір шам көрсең, мен деп ойла,
Отырған інім ғой деп, таңда жалғыз.
Сыр айтар қыз да таппай отырмын мен,
Бәлкім, біз көз жұмғанша сандалармыз.
Архивке сіздер барсаң амал қанша,
Тізімге ілсе ақын деп, сонда бармыз.
Түбінде Фариза апа, Фариза қыз,
Ағаң мен інің құсап қалма жалғыз...
Фариза, Фаризажан, білесің бе,
Жаралған жан екенмін күресуге.
Мұқаңның аруағы үшін арпалысам
Мені ешкім, лақтыра алмас күресінге.
Фариза, Фаризажан, білесің бе,
Пенде боп жаралған соң, күлесің де.
Шын ақынды өксіткен өр көкірек,
Мен тұрмын мықтылармен тіресуге.
Құлазымай кеудемді, жайласа мұң,
Ақымақты өмірге сай жасадым,
Шерлі кеткен, шерменде шын ақынның,
Аруағы үшін қашанда шайқасамын,
Фариза, Фаризажан, білесің бе!?

Талдықорған. 1995 ж. Жанкелді ЗАМАНБЕКОВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

СІЗГЕ

Қыздарға жыр жазатын анасың сен,
Өлшенбес сыры терең данасың сен.
«Қазақтың Фаризасы» деген атпен
төсінде тарих-таудың қаласың сен.
Қазақтың ар-намысы біз емес пе,
Қашаннан халық көркі қыз емес пе?
Ендеше сол қыздарға үлгі берер
шыңдағы шынар тұлға сіз емес пе?
Халықтың киесі ғой ақын деген,
Өр мінез, нәзік сезім, батыл дер ем,
Кейде мұң, кейде шаттық - жырларыңыз
Қыздардың жүрегіне жақын неден?
Кейде мұң, кейде найза - жанарыңыз,
Жүзіңіз - жапқан сынды даланы күз.
Басқаға ұқсамайды күлкіңіз де,
Әрине, бере алмаймыз бағаны біз...
Тазарып Сізден ұшқан нұрдан жаным,
тал бойым бір суынып, бір жанғаным...
жасқанып, жақсы көріп өзіңізді
Апатай, Сізге осы жырды арнадым.
Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің

11-в сынып оқушысы. Атырау қаласы. 1995 ж. Назгүл ШАПИХОВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА, СЕН ЖҰЛДЫЗСЫҢ

Фариза, сен жұлдызсың
аспандағы,
Пенде боп қара жерді бассаң-дағы.
Шампан боп тығындарды
атсаң-дағы,
Сел болып Алатаудан
ассаң-дағы,
Жұлдыз боп қаласың Сен
аспандағы!

Қостанай. 14 қазан 1994 ж. Манаш ҚОЗЫБАЕВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

ӨНЕРІҢМЕН ЖҮРСІҢ, АПА, ЖАР САЛЫП

Өнеріңмен жүрсің, апа, жар салып,
Қиындықтар кездессе де қаншалық.
Жолыққанда әр күніміз той болып,
Жүрейікші өзіңізді қарсы алып.
Бала болып ойнамаған шығарсыз,
Бал күлкіңді соғыс бұзды сұм арсыз.
Бар бейнетті бір басынан өткерген,
Бүгінде Сіз шыңға біткен шынарсыз.
Ұсынайын жауқазын бұл жырымды,
ерек жансың сөзі – найза, нұры – үлгі.
Сенше сүйсін, сүйген болса барлық қыз
Қасиетті тілім менен дінімді.
Тіршіліктің қажытқанда бұрқағы,
сенің жырың жүректерді жылтады.
Саған тартсын тазалығы, түрімен
мұсылманның, Мұхаммедтің ұрпағы.
Асау жырың теңіз сынды бұрқаған,
сені көріп көңілімде шырқады ән.
Біз тілейміз көрек болсын халқыңа
жүрегіңмен сен демдеген жыр-тағам!

Бетпаққара ауылы, Торғай облысы. 13 наурыз 1992 ж. Еренғайып ӘБДІХАЛЫҚҚОЖА

*** *** *** *** *** *** *** ***

НАРЫННАН ШЫҚҚАН НАРТАЙЛАҚ

Аруана-жырың Алатау жақтан ағылған,
Ақшулан шашың жаратылғандай сағымнан.
Асау жырыңмен алысып көптен келесің,
Атбегідейін жаңылмас ешбір бабынан.
Кеншідейсің сен қайламен көмір қопарған,
Ақпа жырларың тоқтамай саулар жотамнан.
Жұмыстан шаршап, тұрмыстан қажып кеткенде,
Сенің ыстық жыр-жалыныңнан от алғам.
Балалығыңды қайыра алмайсың айқайлап,
Жастығың қалды артыңда сонау жайсаң шақ.
Құмда туып, шыңда өскен, қымбат шынарым,
Аман жүр әркез, Нарыннан шыққан Нартайлақ!

Балықшы ауданы. 1992 ж. Нұрмұқан ҚАДІРҰЛЫ

*** *** *** *** *** *** *** ***

Құрметті Фариза!

Айтамыз «Құтты болсын» жасыңызға
Қарт Каспий,
Қиыршық құм, тасымыз да.
Біздерден жүрсеңіз де қанша шалғай
тұрамыз сезіп Сізді қасымызда.
Кеудеміз тілектерге толып ізгі
аламыз ілтипатпен қолыңызды.
Өлеңнің өрнегімен барасыз Сіз
әсемдеп жүріп өткен жолыңызды.
Күмәні,
күдігі бар шақтар бұғып,
қараймыз сол жолға біз мақтан қылып.
«Атырау ақиығы ұшар!» — деген
ақталды ел сенімі,
ақталды үміт.
Бүгін де ізбасар көп еліңізде
жүр енді солар Сізден сенім іздеп.
Жолдаймыз Маңғыстаудан құттықтауды
«Қияға құлаш ұра беріңіз!» - деп.

«Коммунистік жол» газетінің журналистері.
Шевченко қаласы. 1979 ж.

*** *** *** *** *** *** *** ***

Ардақты Фариза!

Сізді газет бетінен, теледидардан көрген сайын бір хат жолдасам деп ойлап жүр едім. Соның сәті бүгін түскен тәрізді. «Маңғыстау монологтарын» оқып таныстым. Әртүрлі сырлар бар екен. Әсіресе «Қашағанның монологы». Терең ойшыл адам екеніңізді аңғартады.

Арасында күйініштері де бар:
«Бас сүйер болмаса да бір туғаным,
Сенемін аялайтын жұртым барын.
Қаншама құлшынғанмен, күңкілдердің
шылбырын жетпей әсте қырқуға әлім,
шаршады шырылдаумен бұл қу жаным».
Тамаша!
Талай дарын басынан өткізген қасірет қой…
Сөз маржанын төгілткен жалғыз қызын
ант атқандар күңкілмен жасқап жүзін…
Қарағым, қарындасым, жасқанбағын!
Тайсалмай шарықтасын аспанға әнің!
Үрген ит керуенге құр шәуілдер,
Күйбеңге құл болмайды асқан дарын.
Ант атқандар күңкілін айта берсін,
солардан жоғары бол, асқақ жаным!..

Қарағанды. 28 шілде, 1982 ж. Евней БУКЕТОВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

ДҮЛЕЙ АҚЫНҒА

Жұрт аузында сіз жайлы аңыз-дастан,
қатал жан жоқ оларша Сізден асқан.
Кәдімгідей қаймығып, сондықтан ба...
кабинеттің есігін сескене ашқам.
Күлімсіреп, қарсы алып, қолды қысып
қуанышқа кеудем де толып, ысып...
Бір-бірінен әлі әзір сыр үзбеген,
жыр іздеген жанарлар жолығысып...
Тіл қатқансыз Сіз маған жайлап қана:
«Тірлік істе, жайыңды ойлап, бала!
Коллектив жас, бәрі де жақсы жандар,
ортамызда жүрерсің, жайнап дара!»
Содан бері бірер ай, апта өтті,
күндер, түндер алмасып қаптап өтті.
Қызметтес жандармен қалжыңдасып,
тіл табысар, сырласар шақ та жетті.
Тұмауратып жүрсем де, жұмысыма,
кіріскенмін көңілсіз сұрым сына.
Байыппенен бас шайқап, маған кенет,
зер салғансыз «пысылдап» тұрысыма.
Әркез сол күн есімде болар ерек:
«Ана жақта немене бар ма, дерек?
Неге ауыра бересең, қалқам, бізге
ауырмайтын, өлмейтін адам керек!
Жұмыс уақыты біткен жоқ, әлі бар уақыт.
"Қыңсыламай үйге қайт, дәрігер шақырт!"
- Деп салдыңыз кенеттен қатуланып,
қазір ішер «волакардин» беріп жатып.
Құдіретіңізге сол кезде-ақ бас игенмін,
бірер сағат өткен жоқ ас үйдемін.
Ыстық-ыстық қайнатып сүт ішпекпін,
жапырағымен жайқалған жас изеннің.
Таңдайымнан кетпейтін дәмі, демі,
сол бір сәттер жанымның әні ме еді?!
«Пионердің» берген сол тәрбиесі
тік құлатпай келеді әлі мені!

Алматы. Желтоқсан, 1983 ж. Гүлзәкира ӘБДІЛДАЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

СЕЗІМ ШЫРПУЫ (Фариза Оңғарсыноваға)

Сағыныштың сазындай сағымданып,
жырларыңнан шарпиды жалын қарып.
Жүрегімді жандырып жіберердей,
Мұңын сілкіп көңілдің, шаңын қағып.
Алмас қылыш секілді жарқыл-отты,
алаулаған сезімің шарпып өтті.
Кесапатты қаймықпай талқандайсың,
көзіңе де ілмейсің парқы жоқты.
Кім біледі... Өмірдің соқпағында,
пәк көңілмен алаңдап тоқтадың ба?
Кеудеңдегі көгершін аласұрар,
қайғы-мұңды серпіген шақтарыңда.
Неткен асқақ шалқыған отты жыр ең!
Арманың да асқақтап кетті, білем.
Өлең сені танытты бар әлемге,
өйткені өзің космос-көктің үні ең.
Талай түндер, білемін, көз ілмедің,
тағат таппай таусылды-ау төзімдерің...
Жырларыңда жатыр ғой өзіңдей боп,
Шартарапқа шарқ ұрған кезім менің!
Жас жүрегің түнекте оттай жарық
өлмес өлең жолына кетті айналып.
Күлкісі мен көз жасы тіршіліктің
жырларыңда өрілді шоқтай қарып.
Қыз біткенге өзіңсің айна тұлға
Өр мінезің, өзгеше айбатың да!
Жаси қалсам тылсымды тіршілікте,
қуат құйды жырларың қайратыма!
Маусым, 1984 ж. Мария МЕРЕШЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

Ардақты Фариза!

«Дауа» атты кітабыңызды оқып шықтым. Ақындық талантыңызға бас иемін. Осынау ғажайып туындыңызды таңданбай, тебіренбей оқып шығу мүмкін болмады. Мен ақын емеспін. Өзімді ақынмын деуге хақым да жоқ сияқты. Себебі, мен қырықтың қырын асып, елудің еңісін еңсерген шағымда ақын болуым қиын екендігі басқадан бұрын дәл Сізге аян.

Сіздің жүрекпен жазылған жырларыңызды оқи отырып көңілімнің шарықтап, шабыттанғаны соншалықты, өзімнің Сізге деген сезімім мен құрметімді поэзия тілімен жеткізуді жөн көрдім.

«ДАУАНЫ» ОҚЫҒАНДА
І
Ғажайып таңның рауаны, -
оқыған кезде, - «Дауаны».
Жадырар жаның жыр кернеп
жұтқандай жұпар ауаны.
ІІ
Сыр-сандығы,
қыз жаны — қазынасы,
Кемеңгердің «Дауада» назы, жасы.
Жерін, елін,
халқының тілін сүйген
ғажап жанның бұл бізге базынасы.
Сөзін ұрмас папкалы қарындының,
танытасың дүбірін дарындының.
Айқара ашып қақпасын мәңгіліктің
орын алар нақ төрден жалын-жырың.
Қарыштай бер, қазақтың Фаризасы,
бәрі риза халқыңның кәрі-жасы.
Поэзия атанған бір әлемнің
өзің дер ем данышпан падишасы.

Ақтөбе. 1985 ж. Жалаңтөс ЖАЙПАРҰЛЫ

*** *** *** *** *** *** *** ***

ЧЫГЫШТЫН ЧОЛПОН ЖЫЛДЫЗЫ

Абай, Жамбул, Мүхтар өскен торларда,
Аска жоктур басшы булут челбеген?!
Алматыда — аймагы кең казакта,
Адам жоктур доско кулач кербеген?!
Сан жұлдызға сапар тартып ордогон,
Сары-Арканын гүлдарұнон тербеген.
Саамал жуттуу, сапырылган булактуң
Жылгаларын жыл айлантып корбогон.
«Тологандай» топ жарашкан күйоого,
«Қыз Жибектей» қыз узарып бербеген.
Курмангазы, Бибигүлдей булбулду
тыңдаш учүн таңда аттанып келбеген.
арманымды, арылдып.
Ал, биздердей окурманын Жерде-кең,
Арзысын деп, ыр көгүнда термеген.
Фаризадай акын кыздуу боорлам
тагзим этем талантка бай элге мен!

Фрунзе қаласы. 19 шілде 1985 ж. Жеңилдик АРАЛБАЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

ТҰЛҒАҢЫЗ ЕЛЕСТЕТТІ КҮН ЖАРЫҒЫН

Тұлғаңыз елестетті Күн жарығын.
Болған жоқ сіздей ақын жырда бұрын.
Ақыл, ой, сезім, дарын – бәрі Сізде,
табиғат аямапты мырзалығын.
Шындықтың перзентісіз – ұғынды жұрт.
Қала алмас ешкім Сізден сырын бұғып.
Жырыңмен, жанарыңмен тазартасың,
кір шалған жүректерді жуындырып.
Жүзіңді, ақын Апа, келед көргім,
Өзіңе көңілімді құлай бөлдім.
Сымбатты өр бейнеңе басымды иіп,
Келеді, қабыл алсаң, сәлем бергім!
Мені де сілкіндіріп отты лебің,
Сіз бар деп бұл дүниеде көк тіредім.
Көлденең көк аттының оқтарынан,
тіл-көзден аман болғай деп тіледім.

Ақпан, 1986 ж. Бақытгүл НҰРМАХАНОВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

Фариза ақын

Өмірге ендің дауыл боп кенет қиырдан,
сілтідей тынды даусыңды естіп дүйім жан.
Қалғандай болам асып бір биік асудан
оқыған кезде жырыңды сенің құйылған.
Жырларың сенің аққулар жүзген нұрлы айдын,
жағада тұрып орамалымды бұлғаймын.
Сусыным қанып сусылдап ұшар қаздаймын,
сіздің жырларсыз шөліркеп қалатындаймын...

Алматы облысы. 17 қазан, 1988 ж. Майгүл САЛЫҚБАЕВА, оқушы

*** *** *** *** *** *** *** ***

ОҚЫҒАНДА ӨЛЕҢІН АҚЫН ЖАННЫҢ

Оқығанда өлеңін ақын жанның,
шындыққа мен ентелеп жақын бардым.
Қуаныш пен қайғысын паш ететін,
сүйем жырын ақиық ақындардың.
Адамдық «дәнін» сепкен көкірекке,
жолатпайтын әрқашан өтірікке.
Көзге - сәуле, жүрекке - нұр құятын,
Өлең - сарай, күн - күмбез сыр жиятын.
Ондай жүрек мен таптым адамзаттан,
жанымызға жылылық отын жаққан.
Ондай жүрек жұбатып жылағанды,
жақсыларды жаныңа жақындатқан.
Таныс бүгін бір адам бәрімізге,
жас балаға, ержеткен кәрімізге.
От жалындай өлеңі Фариза ақын
сән қосады салтанат – сәнімізге.
Қуат құйып жырымен ғашық жанға,
аққу-ақын сырларын жасырған ба?!
- Фариза, Фариза - деп ұл менен қыз,
ұрандайды алдағы ғасырларға.

Алматы облысы.1988 ж. Несіпкүл ТҰРЛЫҚОЖАЕВА, оқушы

*** *** *** *** *** *** *** ***

АҚЫН БЕЙНЕСІ

Қазақта сендей болса барлық ақын:
Дүниені дүрліктіріп таң қылатын,
ту етіп туған елдің ар-мұратын,
арнаған сұлулығын, бар қуатын.
Дауылдай екпінімен нар жығатын,
жаныңа жай түсіріп, жандыратын.
Жырымен бар дүниеге ғашық етіп,
сүйгізіп және есіңнен тандыратын.
Тек қана адалдықты тақ қылатын,
жанынан жылағанның таптыратын.
Айналған отты шардай маңайына
жолатпай бықсықтарды лақтыратын.
Дертіне байлық, билік алдырмаған,
жақпаса көңіліне, ханды «ұрмаған».
Жек көріп, жақсы көріп, кездескенін
әйтеуір жайбарақат қалдырмаған.
Шалдықпай, шалынса да шаңға басы,
(ғұмыры — болашақта, алда — жасы)
бар қызы қазағының Құртқа болып,
Қобыланды болса дейді бар баласы.
Рахатты айырбастап мұңға, азапқа
келесің, ендеше, апа, жырла, жатпа!
Жазықсыз күйгендерге сенен басқа
араша болар жан жоқ бұл қазақта.
Фариза, Фариза апа, алау ақын,
Өзіңде құпия бір күш бар-ау, ақын?!
Шарқ ұрып Намыс-шыңға қол бастайсың
жалы-жел мініп жырдың жарау атын.
Сау болса туған елің — ақ босағаң,
сол ғана — махаббат та, бақ та саған.
Қазақтың Айы оңынан туар еді-ау,
даламның бар жігіті тартса саған!

Жамбыл қаласы, 1989 ж. Тоқтарбек ЕСЕНҚҰЛОВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

АҚЫННЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ

Елудің ерттеп міндің арғымағын,
жастыққа тимей жүріп жар құлағың.
Табысты еңбек етіп елің үшін,
демейсің қажыдым бір, қалжырадым.
Өнердің алдың асқар биіктерін,
халқыңа сөз маржанын жиып бердің.
Фариза, құтты болсын туған күнің,
әрқашан құрметтейді сүйікті елің.
Ұмытпай сені сүйер ауыл барын,
ел, жер деп жыр арнадың, дауылдадың.
Есен-сау жүрсе екен деп биіктерде
тілейді ұлытаулық бауырларың.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚОВ. Жезқазған. 25 желтоқсан, 1989 ж.

*** *** *** *** *** *** *** ***

МАҚТАНЫШЫ ҰЛТЫМНЫҢ – ФАРИЗАСЫҢ

Мақтанышы ұлтымның - Фаризасың,
Жайма шуақ мінезің жазирасың.
Өлең сөзден еш жерде жаңылмайсың,
дүлдүлдей-ақ, Фариза, арындайсың.
Асқақтық пен мұң есіп өлеңіңнен,
даңқың кетті жайылып өнеріңмен.
Өлеңіңнен сусындап жалпы халық,
талантыңды киелі көре білген.
Кейде мұңды өлеңің мұңайтады,
мұңайма деп халқыңыз сыр айтады.
Фаризажан, тасқының арта берсін,
бұл тілекті біз айтпай, кім айтады?!

Қаңтар, 1990 ж. Тоғабай БЕГАЛИЕВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

АҚЫНҒА АРНАУ

Қанаттымын, халқыммен іргелімін,
қай кезде де қуаныш, бірге мұңым.
Жаттап өстім «Мазасыз шағыңызды»,
жаттап өстім «Бозбала күнделігін».
Ана тілдің қаймағын қалқып ішкен,
Апа, сенің дәл бүгін даңқың үстем.
Тілегім де тартады
саған қарай,
Жүрегім де әлемдік тартылыспен.
Әр адамның өзіндік бар әлемі,
әсем жырың-еліңнің дара кені.
Қалай айтам демейсің,
тірі болса,
Абай атаң арқаңнан қағар еді.
Өмір - күрес, деп жүрміз, өмір - егес,
өр күшпенен алынар тегі белес.
Мұқағали марқұмның жігіт таппай,
мұңын Сізге шағуы тегін емес.
Өтті Сара ақтарып нелер зарды,
Өнердегі тауыпсың кемел заңды.
Меңдекеш те асылдың сынығы ғой,
мейірімін біліпті төгер жанды.
Жүректердің серпесің шымылдығын,
жырың-мәңгі, ендеше ғұмырлы үнің.
Сағынышын кеудеге жиып келген,
сол бәйгеге қосылмақ інің бүгін.
Көп жайларды жиюшы ем миығыма,
келіп тұрған көңілдің күйі мына.
Шаттығымды шалқыған Ұлыс күні
шапан қылып жабамын иығыңа.
Сан байлықтың қойнауы - нулы жерім,
сөзбен салам даламның нұрлы зерін.
Үміт - өлең сәукеле, ендеше, апа,
Үкі тағып басыңа кигіземін.
Алып келер көңілге әр таң үміт,
апамызға танытып марқа қылық,
мөлдіреген бұлақтай шумақтарды,
мойыныңа тағамын алқа қылып.
Дұрыс болса несіне қысыламын,
дарынымның өзіме күші мәлім.
Гүл кестелі, бұлқыныс бір кештегі,
Жыр-дестені байрақ қып ұсынамын.
Тура сөздің түбі бар, қосыламын,
түзу жолға түскен жоқ көшім әлі.
Риза бол жырыма, Фариза апа,
риза бол - ініңнің осы бары.

Атырау облысы, 1988. Бүркіт БАЗАРБАЕВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

ЗАМАНЫНЫҢ КУӘ БОЛЫП ҒҰРПЫНА

Заманының куә болып ғұрпына,
өзін асқақ ұстап жүрген бір тұлға.
Азаматтық жүрегі бар ақаусыз
пенделіктің көне бермес ырқына.
Қар жатады шыңның шырқау басында,
ұқсастық бар Фаризаның шашында.
Келе жатқан дүниеге тік қарап,
тартыс-талқы алқымдаған ғасырда.
Табиғатын қайсарлыққа жүр егеп,
жыр-шыбықпен бықсығанды дүрелеп.
Тазалықтан, заңғарлықтан жаралған
жырларыңыз әлем ғой ол бір ерек!
Жағымпазды маңайына жуытпай,
үркектерді тізгіндейтін құрықтай.
Асау жаның ырық бермес жүгенге,
әттең кейбір меңіреулер жүр ұқпай.
Түтінімен төңірегін ыстайтын,
зұлымдыққа бойы бұғып қыстайтын,
пенделерге қарсы тұлға - Фариза,
адамдықтың туын биік ұстайтын.
Биік ұшар еркін жайып қанатын,
кемел ойы дана және дара тым.
Дүлей жырдың маза бермес дүбірі
сан жүректің қоңырауын қағатын.
Нәзік денең мықтылығын сақтасын!
Жырың ашар ғасырлардың қақпасын!
Толастамас өзіңе ұқсас мінезді
туған далаң жырға сусап жатпасын!
Елу деген ерлік жасы еңселі,
адамдықтың безбенделер өлшемі.
Ақтілеулі сіңілілердің атынан
құттықтаймын, Ақын апа, мен сені!

Маңғыстау, 1989 ж. Айсырға КИІКБАЕВА

*** *** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНҚЫЗЫНА

Үшбу хат арқалаған қыран жүгін...
Зынданға даусың жетті, шынар гүлім!
Тас керең сарайлар да өр үніңнен,
асылы, бір селк еткен шығар бүгін.
Қыш бөлме, темір төсек мұңайтады,
Боларын білмеді ағаң бұлай хәлі,
Барында терең ойлы қарындасым,
Жоқтаушың жоқ деп маған кім айтады?!
Арынды Заман атты селге түстім,
Қапыда қанат сынып, жерге түстім.
Сезбеп ем, ойламап ем - бүгін білдім
адалдық, мықтылығын Жерде Күштің.
Қолдадым жас-кәріні сағы сынған,
Еліме ақ көңілмен ағытылғам.
Халқымның шомылдым да сеніміне,
Таймадым өжеттікпен бағытымнан.
Өзгенің қаңқу сөзін сөз демедім,
Мақсатын жеке бастың көздемедім.
Айналдым ақылыңнан, Фаризажан,
Жүйткіткен жолсыздармен сөз дөненін.
Отырмын шідерлеулі, жылым-қайғым,
Қыл шылбыр жанға батып, шырылдаймын.
Жалғыз-ақ сүйенішім ел аруағы,
өткен бе өмір-аттан жығылмай кім...
Жетті ғой жүрек сөзің мына маған,
Қалайша тебіренбесін бұған ағаң.
Айтыпсың бөрік киген жекеңдерді,
сүйемес құлағанды құламаған.
Қазақта қарындастың орны бөлек,
Ағаңа Өлең-хатың болды қорек.
Лайық аялауға әз қыздардың,
кей бөрік кес-кестейді жолды бөгеп.
Сарғайдым, сауалым көп жанымда шын,
Ел-жұртты мекеніңді сағынғасын,
Үзгендей болдың маған темір торды,
аман бол, жігер-жүрек қарындасым!

Бішкек. 1991 ж. Асанбай АСҚАРОВ

*** *** *** *** *** *** *** ***

Фариза

Жандардың ақын болып жаратылған,
Ішінде ерен сенің дара тұлғаң.
Нәр алып жырларыңнан күннен-күнге
көз тарта көріктеніп баратыр маң.
Сен десе жаңғырыға жар басынан,
Жатады жан тербетер жалғасып ән.
Тасиды, сенен жарқын жыр тыңдаса
Атырау асып кетіп арнасынан.
Көріндің өрімнен де, төрімнен де,
Шұбаған сайрап даңғыл жол іргеңде.
Жырларың туған жерді аймалайды,
Жайықтың толқынымен өрілгенде.
Көріндің шаршы топта оң қанаттан,
Жүректер жыр оқы деп қолқалатқан.
Жыр-өнер келді сенде кемеліне
теңіздің мұнайындай фонтан атқан.
Сенде бар сүтпен біткен нар қасиет,
Жүрердей халқың әркез арқа сүйеп:
Су болса — ең мөлдірі, зәмзәмі деп,
Тау болса — еңселі зор жартасы деп.
Құйылған сендік сезім жылы арнадан,
Енген жан иіріміңнен шыға алмаған.
Жігіттен биік қойып қыз басыңды
Мұң шағып Мұқағали жыр арнаған.
Тамсантып, таңдантуға жаһан бетін,
Сенсіз жыр, сенсіз салған мақам жетім.
Сен тағы қуантуға қандастарды
қыз болып қайта туған Махамбетім!
Таппаған таңдағанын тапшы өрістен,
Жұртының бақ пен сорын қақ бөліскен.
Мінезі - ер, жаны - шуақ, ары - таза,
Жаралған қоңырқай боп ақ періштем.
Ерекше өзгелерден жазар үлгің,
Екпіні сенде өміршең ғажап үннің.
Әрқашан төбесіне көтеретін
өзіңсің жыр-жалауы қазағымның!

Алматы. Қараша, 1992. Марат Ысқақ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама