Нұрпейісов туралы бір ауыз сөз
Кеше ғана қан кешіп, қазаға сүрініп, сұрапыл соғыс тауқыметін бастан кешкен, жиырмадан жаңа асқан жігіт көңіл сене бермес кекселік танытып, болашақ романының алғашқы қара сүрлеулерін небары төрт-бес он екі бет оқушы дәптеріне «шимайлап» әкелгенін өзі жиі айтады. Өзі айтқасын сенесің. Сенбейін десең...
Асылында, талант табиғатының тылсым құпиясы, сиқыр сыры, бөгде көз былай тұрсын, сол талант иесінің өзіне де жауабын таптырмас жұмбақ болып қала беретін шығар. Кейде өнерге көңілдес келіншегіндей жеңіл-желпі қарайтын, «жазушы» деген атаққа ғана мәз боп жүретін желөкпе дөмбуаздар болмаса, нағыз таланттың ешбірі «мен осылай едім» деп кеуде соқпаған ғой. Өйткені өнер атаулы киелі кеселге жөргегінде жатқан қай уақытта «қағынғанын» ол қайдан білсін?! «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген кемеңгер Абайдың өзі де кім екенін білмей, оның жауабын келер ұрпаққа арқалатып, күні бүгінге дейін басымызды қатырып келе жатқаны бар емес пе? Соның өзіне «ұлысың», «данышпансың» дегеннен басқа қай сырын ашып қарық қылдың? Құдайға шүкір, алдымызда Абайды көтерген Әуезов биігі тұрғасын соған әлі малданып келеміз. Бұл сапарда Абай жайлы жаңа ой, соңғы пікірге зәрулігіміз бүгінде де байқалып отырған жоқ па?
Ал осы жетпістің желкесін қаси отырып, Әбдіжәміл Нұрпейісовке келгенде, неге екенін білмеймін, қай-қайдағы пенделік жынымның қозатыны бар. Қалай қозбасын? Бар білігі ауыл мектебінің ала-құла пәндерін шала-шарпы дәрісінен аспағаны бәрімізге аян. Қай тірліктің болса да, басты шарты «өмірлік тәжірибе» деген бар емес пе? Ол былай тұрсын, тәжірибе атаулы ұғымның өзінен бейхабар майдан даласындағы төрт жыл ішінде тым болмаса бойына шақ дені дұрыс шинель кимеген адамның «роман арқалап келдім» деп, әдебиет атаулы қасиетті ордаңның есігін қақпай кіріп, қаймықпай төріне ұмтылғанына қалай шыдарсың? Сорлатқанда төріме шинелін шешпей отырды-ау, шіркін! Иә, сүйтті. Енді қайттім деп ойлануға мұрша бермей, әуелі журналға, кейіннен жеке кітап болып шыққан «Курляндия» романына сиясы кеппей жатын, дау-дамайсыз Жамбыл атындағы республикалық әдеби жүлдені алып жүре берсін. Бұған не айтарсың?! Әрине, қара жер хабар бермесін, дәл осыған Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов кінәлі. Әйтпесе, бұрын бір әңгіме жазбай, тура романнан бастаған адамды соншама қолпаштап керегі не еді? Жасыратыны жоқ, біздің шалдарда да Құдай сүйер қылық шамалы болғаны ғой. Сол-ақ екен, қоңын көтеріп алған бұл оқуға кетсін. Кәдімгі Мәскеудегі әдебиет институты. Совет әдебиетінің айтулы тірі «классиктерін» сонда көрсін. Арғы-бергі өткен әдебиет алыптарының атын сонда естісін. Енді солай бет бұрсын. «Оқы, оқы, тағы да оқының» жолына кеш түссе де, кемел білім алсын. Сонда жүргенде-ақ аударма өнерінің сыр-сипатына мән беріп, ақыл айта бастасын. Қайдан білсін, бұл о бастан «құнықпа» адам екен. Білім дегенде де ес жоқ қой. Құмға жауған жаңбырдай сіңе беріпті, сіңе беріпті. Оны кейінгі кездері Достоевский, Толстой, Тургенев, тағы басқа орыс классиктері жайлы жасаған баяндамаларынан, жазған еңбектерінен байқадым. Қысқасы, Нұрпейісов әдебиет майданына бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетсін. Ұзын-ырғасы Мәскеуде оқып жүрген дәуірінде салынған «Қан мен тер» трилогиясы дүниеге келсін. Сол-ақ екен, бұл жас-кәрінің аузынан түспейтін болып алды. Бұл шығарманың тақырыбы бізге белгілі. Ұлы Октябрь революциясының қарсаңы, бұл өз бастыларымыз да, қашашыларымыз да талай шарлаған өлке. «Бұл не жақалың айтып қарық қыла қойды екен сонша? » — деп жата қалып үңілмеймін бе кітапқа? Байқаймын, аяқ алысы бұрынғылар сүрлеуінен басқаша. Соцреализмнен ауытқу бар ма, қалай? Бар болғанда қандай?! Енді жамбасқа келген шығарсың деймін ішімнен. Басқа шығармаларға тән ұлы революцияның жасампаздың рухын ә дегеннен түсініп, ұран салып, үдере ұмтылып жатқандар қайда? Жоқ. Тап тартысының қайшыласқан қарбаласы қайда? Жоқ. Кәдімгі мешеу даладағы бедеу өмір, меңіреу тірлік. Үміт пен үрей ортасындағы келешегі күңгірт, жадау жандар. Әлемнің алтыдан бірінің апшысын қуырып иектей келген жақсы қоғамдық құрылыс құдіреті мен әлеуметтік әупірім қайда, тағы да жоқ. Қайғысы да оңаша, қуанышы оңаша, ақ пен қараны жыға танымайтын сергелдең жандар. Бұлардың революция рухынан түлеудің орнына түңілуі бар. Қақаған қыстарда сырнай шалып, аспан айналған аптабында ән салып жүретін, қиындық атаулыдан қаймықпайтын «особый материалдардан» жасалған комиссар большевик революционер қайда? Ол жоқ. Жоқ дегенім жала болар. Бірақ бар болғаны құрысын, өз екі аяғын зорға алып жүрген Дьяков деген біреу. Оның көмекшісі болса әпербақан анархист, ауыздығымен алысқан бір есерсоқ. Ал енді Дьяков болса, бағзы айта бастаса болғаны өзінің көкжөтелімен алысып әбігер. Байқап отырсыз ба, бұл революция жасаушылардың о бастан дені сау емес дегені емей, немене? Мәселе қайда жатыр, ағайын. Көзі бар адамға автордың ықыласы Колчактар бастаған ақтар жағында екені бадырайып-ақ тұр. Авторға жадыны Дьяковтан гөрі Ресейге «жаны ашитын» әлгі жаулар. Бұған Құдай берді демей, не дейін? Осы тұста қимылдамағанда мен қай уақытта қайрат көрсетемін? Мақтаған жазушымыздың әуселесі осы деп анау ЦК-ға да, мынау ЦК-ға да кітап ішіндегі бас бұлтартпас дәлелдермен арыз атаулының домалағын да, собалағын да жазуымда мін жоқ еді, амал қанша? Әне-міне дегенше Мәскеудің орыс сыншылары «Қан мен терді» мақтай бастаған кезеңге киліктім. Көп ұзамай өз тілінде оқыған француз, немістер жалаулатып ала жөнелді. Басқаны қойшы, осы француздар бірдеңені түсіне ме деуші едім, бұлар да беттері бүлк етпейді. «Әуезовтен кейінгі үлкен жазушы осы Нұрпейісов» деп қарап тұр. Енді не айтасыз?! Бұған қайнамаған зығырданың қашан қайнайды? Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, «Қан мен тер» СССР сыйлығын тағы алып, мені жүйкелетіп бітсін. Құдайшылықтарыңды айтыңдаршы. Бұл не деген сұмдық? Қаншама еңбегім далаға кетті. Қазір, шынымды айтсам, әбден шаршадым. Өздерің ойлаңдаршы, осыны мақтап жүргендер менен ақымақ емес шығар деймін кейде ішімнен. Мына орыстарда ерекше адамдарға айтатын «көйлегімен туған» деген сөз бар. Меніңше, осы Нұрпейісов күпсіме болған ба деп қорқам. Әсіресе, мына Арал жөніндегі романын алыңыз. Бұнда табиғатты да, адамды да қоғамдық идеал аздырады деген сарын бар. Байқадыңыз ба, қалай-қалай сілтейді? Бағы заманнан бір-біріне тәуелді ошақтың үш бұтындай осы үш тіректің азуы әлемдік апатқа апаратын жол дегенді меңзеп отырған жоқ па? Заманға, қоғамға айтылған ауыр үкімдей әсер қалдыратын шығарма екендігін саңылауы бардың бәрі сезеді. Әттең, дүние-ай, ана заманда жазылса, өмірі жарық көрмей кететін шығарманың өзі осы! Өйткені бұл Ұлы революцияның 70 жыл өміріміздегі жемісін тәрк етіп, тірлігіміздің барлығын сергелдеңге санап отыр.
Ал енді кейінгі жылдары дүниежүзілік әдебиетке байланысты алқалы мәжілістерге Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қатыспағаны, биік мінберлерден сөйлемегені кемде-кем. Орталығы Лондон қаласындағы үздік әдебиет қайраткерлерінің ПЭН клубының президенті болып тағы да Нұрпейісовтің сайланғанын естігенде, қара жамылып қайғырған күндерімді сіздерге айтып неғылайын? Бәрібір қол ұшын бермейсіздер...
Қалай десек те, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің талант табиғаты бөлек жазушы екені ақиқат. Несі бөлек дегенді жіліктеп айтуға, талдап таратуға жететін мен қасқада білім бар ма? Ол жағын. творчество психологиясын терең білетін, бұл саладағы еңбектері әйгілі академик Зейнолла Қабдоловқа қарай ысыра салған жөн болар деп отырмын. Әзірше мен білетін Нұрпейісовтің екі қасиеті бар. Оның біріншісі өз шығармасына қатал сын көзімен қарайтын жазушыны өзім жер басқалы көргенім жоқ. Оған дәлел мойнында жиырма алты мың қарызы бар осы Нұрпейісов ертең шығайын деп жатқан «Қан мен тер» трилогиясын баспадан алып кетіп, бір жыл бойы қайта қарап, көк ала шимай қылғанын өз көзіммен көргенмін.
Екінші қасиеті, жұрттың айтуынша, Нұрпейісов өнерге қанша жомарт болғанымен, дастархан төңірегіндегі ішіп-жемге айтулы сараң. Бұл пікірге мен де қосылам. Оған дәлелім мынау, менің де Мәскеудегі шәкірт кезім. 1951 жылдың ақпан айында Әбекең аспирант әйелі, қазіргі ғылым докторы Ажармен бір бөлмелі пәтер жалдап, Пушкин алаңының маңындағы Коляймский деген көшеде тұрады екен. Тұңғыш қызы Айжан әлі бесікте. Ауылдағы ел-жұртты шулатып жатқан лауреат жазушы қандай екен деп танысуға барғанмын. Аман-саулықтан кейін «Курляндия» романын «Әдебиет және искусство» журналынан оқығанымды айтып, ара-арасында бір-екі мысқал мақтауды да қосып жіберіп отырдым. Әбекеңде не мақұлдау жоқ, не қарсылық жоқ, үнсіз отыр. Ал бүйірлеу бір кастрюльде, иісінен байқап отырмын, ет қайнап жатыр. Ол кезде оқушы сорлының қайбірі бүйірі шығып ас ішіп, шекесі терлеп шай ішіп жүретін еді? Ет піскенше әңгімемді бітірмей, ананы-мынаны бір сұраған боп, уақытты ұрлап ұзатып отырдым. Пиғылым белгілі. Ажар етті пісіріп, сорпаға вермишель салды. Өзі балаға сүт әкелуге кетті де, қазан тағдырын Әбекеңе тапсырды. Вермишельдің бір қайнаса пісетін әдеті емес пе? Әбекең газды сөндірді де: «Жарайды, бала, осындамыз ғой, хабарласып тұрамыз», — деді де қолын ұсынды. Мұндайда кете бер дегенді де түсінеді. Табақта буы бұрқырап, бір килоға жетер-жетпес ет қалды. Иманды аузым сылп етпей, пұшайман көзімнің қырын табаққа бір салдым да, шығып жүре бердім. Піскен астың күйігі жаман дегенді сонда түсіндім. Кім біледі, сараңдың та ұлы адамдардың бір қасиеті шығар. Бірақ рухани қазынамызды байытқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл кемшілігін елемеуге болады. Халқының мақтанышы, ұлы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеу баршамызға ортақ. Ендігі жерде Құдай тағала екінші жомарттықты бұған бермей-ақ қойсын. Өз басымның бұдан үмітім жоқ. Бірақ өнердегі жомарттығы өрши берсін демекпін. Өткендегі жасаған қияс-күншілдік қылығыма кешірім сұраймын. Қанша дегенмен пендеміз ғой, Әбеке!
1994